19:50 | Хадис уақыты
19:50 | Хадис уақыты
Сұхбат 2019-10-18 (0) (13280)

Кәмшат БЕКЖІГІТОВА: "Жалқаулықтан арылудың төрт-ақ техникасы бар"

Кәмшат БЕКЖІГІТОВА:

 

PS: Ерте келіп, сұхбаттасуға келіскен жерімде күтіп отырмын. Алдын-ала дайындап алған сұрақтарыма қарап ішімнен "Халыққа пайдасы тиер, жақсы бір сұхбат болса екен"деп қоям. Бір уақытта күлімсіреп, "кешігіп қалған жоқпын ба?" - деп Кәмшат апай да келді. Қазақта "Түсі игіден түңілме" деген бар ғой, "Сәлеметсіз бе Кәмшат апай, қалыңыз қалай? Кешіккен жоқсыз, өзім ерте келіп алдым. Қайта сізбен жүздесудің сәті түскеніне қуанып отырмын" - деп, ойымдағының бәрін жайып салдым. Ол кісі де ыңғайланып отырып жатып, "Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Әрине, өз басымнан өткен оқиғалармен ұштастырып, мүмкіндігім жеткенше жауап беремін. Қазір кез келген жерге сұхбат беруден де қорқатын болдық, бәрін бұрмалап жібереді, "Асыл арнаға" сенеміз ғой, мен де өте қуаныштымын! ",- деді күлімсіреген қалпы. "Ұрыста тұрыс жоқ". Сенімді ақтау керек. Сөйтіп "Бисмиллә" деп әңгімемізді бастап кеттік.

 

"Төрт-бес жыл бұрынғы өмірімді ешкімнің басына тілемеген болар едім"

Асыл арна: Бүгінде адамдар арасында мәселені ауыр қабылдау, уайым-қайғыға тез берілу көптеп кездесіп жатыр. Психолог әрі коуч маман ретінде бұл мәселенің алдын алу және одан шығу жолдарын айтсаңыз.

Кәмшат Бекжігітова: – Сұрағыңызға жауап бермес бұрын мынадай мәселенің басын ашып алсақ. Бүгінде, "Әрине, айту оңай", "Өздеріңде бәрі болғасын ақыл айтуға шеберсіңдер", "Менің жағдайымды кешіп көріңдер" - деген пікірлер жиі айтылып жатады. Иә, бұл сөздермен мен толықтай келісемін. Теория мен іс-тәжірибенің сәйкессіздігі көп жағдайда көрініс табады. Сол себепті әңгімеміздің негізгі мысалдарын өз басымнан өткізген жағдайлармен ұштастырсам...

Асыл арна:Әрине, Кәмшат апай, тіпті керемет! Сонда сіздің де уайым-қайғыға салынған кезіңіз болды ма?

Кәмшат Бекжігітова: – Иә, осыдан төрт-бес жыл бұрынғы өмірімді ешкімнің басына тілемеген болар едім. Қалтамда бір тиын ақша да, айналысатын кәсібім де жоқ. Кішкентай емізулі және мектепке баратын екі балама  ертең нанды қалай тауып беремін деп ойлайтынмын. Сөйте тұра алға қарай талпынбайтынмын, кітап оқымайтынмын, түске дейін ұйықтайтынмын, туыстарымның, отбасымның, жақындарымның маған жаны ашып айтқан ақылдарына мән бермей, "Мені түсінбейсіңдер", "Ақымақ санап тұрсыңдар" - деп, өздерін жазғырып, басыма түскен қиындықтан шығатын жолды емес, оған кінәлі адамды іздейтінмін. Өмірім осылай жүріп-ақ өтіп кететіндей құр уайымға салынып, жанымды жегідей жедім. Тек намазымда дұғамды тастамай, тілей бердім, тілей бердім...

Қиындық келген кездегі соққы кімге болса да ауыр тиері сөзсіз. Маған ештеңе қызық емес болғаны соншалық, адамдармен де араласудан қалдым. Тек арасында жеңгеммен ғана сөйлесетінмін. Бір күні ол "whatsapp" желісінен маған "Полюби себя" деген кітаптың суретін жіберді. Ойлаңызшы, алты ай бойы сыртқа да шықпағам, автобусқа да ақшам жоқ, жаяу кітап сататын дүкен іздеп кеттім. 7-8 аялдамадай жүріп, тауып алдым. Ішіне кіріп, кітапты қолыма алып, бағасын сұрадым. Мен үшін әжептеуір - 1800 тг екен. Сатушы "Не алмайсың, не қоймайсың" - деп, ұрсып берсе қайтем деген қорқынышым да жоқ емес. Амалсыз үйге кітапсыз қайттым. Осылай екі апта бойы сол дүкенге жаяу келіп-кетіп жүрдім. Алла Тағаланың құдіретінде шек жоқ қой, бәрі бітті дегенде күтпеген сыйымен қуантады. Бір күні тағы үйден шығайын деп жатқанымда ағам келді. Шәй ішіп, жағдайымызды сұрап, кетерінде өз әдетінше бізге ақша тастап кетті. Сол кезде балаларыммен тойып тамақ ішемін деп емес, кітап алатын болдым деп қатты қуандым. Білімнің бір тәтті дәмін татсаң, одан айырылуың қиын екен. Сөйтіп психология ғылымына қалай кіріп кеткенімді өзім де білмей қалдым.

Қазір ойлап қарасам, басыма түскен сол қиындықтар болмағанда, бүгінгі жетістігімнің ешбірі болмас па еді. Демек, қиындық - өмірдің бір бөлшегі. Оны шешіп, түп тамырымен құртпасаң, қайда барып тығылсаң да тауып алады. Оған сабыр ете білсең, нәтижеге жетесің. Ал құр уайымға салынсаң, өзіңді құртасың. Шынында да, қиындықпен бірге жеңілдік, мүмкіндік, жаңа леп бар екен. Тек, сәл еңбек етуді қажет етеді. Аллаға шүкір, мен жата берудің дұрыс емес екенін дер кезінде түсіндім. Оқыдым, іздендім, ойландым, ой түйдім, тәжірибе жинадым, кітап жазып, жемісін енді көріп жатырмын. Бұл мен бәрін меңгеріп алдым, кереметпін, басымда қиындық жоқ деген сөз емес. Қолым қалт ете қалса, ізденуді жалғастырамын, өткен өмірімді есіме түсіріп, өзімді орныма қоямын, ал қандай қиындық келсе де, "Алла Тағалам, Өзіңе мың да бір шүкір! Осы қиындықтан құтқарып, жаңа мүмкіндікке  жол аша көр"- деп дұға етемін.

 

"БОЛМАЙДЫ, МҮМКІН ЕМЕС..." деген шектеумен өмір сүріп жүр"

Асыл арна:Сіз айтқан қиындықтан қорқып, іс бастаудан жүрексінетін жандар бар. Бұл мәселе жөнінде қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 

Кәмшат Бекжігітова: – Бүгінгі таңда біз осы қорқу сезімінің ауқымын көлемді етіп жібердік. Ал соның салдарынан алға қарай жылжуға, жаңа іс бастауға, үйренген ортадан шығуға, білім ізденуге жүрексінетін дәрменсіз күйге түскенбіз. Осыған орай, мына мысал ойыма келіп отыр. Хайуанаттар бағынан үлкен пілді бәріміз көрген болармыз. Ал оның алыптығына қарамастан аяғын жіп-жіңішке жіппен байлап қояды. Егер піл жіп жететін жерден бір қадам артық қозғалса, үзіліп кететіні көрініп-ақ тұр. Бірақ артық қадам жасамайды, сол үйреншікті аймақтан шықпайды екен...

Асыл арна:Қызық, мұның сыры неде екен?

Кәмшат Бекжігітова: – Сізге қызық болғандай, осыны байқаған адам да піл күтушісінен сұраған ғой, ол: "Біз бұл пілді туылғаннан бастап осы жіппен байлаймыз. Әлсіз кезінде онсыз да үзе алмайтын еді, ал қазір қанша алып болғанына қарамастан жіпті үзуге де әрекет жасамайды. Өйткені ол жіпті үзе алмаймын, әлім келмейді, босап кете алмаймын деген оймен қалған",- деп жауап беріпті.

Кейбір адамдар да тура солай. Бала күнгі көрген, естіген, білгені және санасына қалыптастырған мәселесімен өмір сүруде. Қандайда бір іс бастамақ түгілі, үйренген жерден бір қадам сыртқа шықпайды. Айтатын сөздері де, ойы да, жүретін жолы да, араласатын адамдары да, жұмысы да, киімі де, табысы да, барлығы бір қалыпты. Яғни, бала күнгі қалыптасқан мәселе бойынша "БОЛМАЙДЫ, МҮМКІН ЕМЕС..." деген шектеумен өмір сүріп жүр. Мен осы пілдің оқиғасын естігеннен бастап барлығын бұздым. Ондай шектеулерді, қорқыныш қамалын сіз де бұзыңыз. Әрине бұл жамандық жаса, шектен шығып, жаман жолға түсіп кет деген сөз емес...

 

"Мен білетін төрт-ақ техника бар "

Асыл арна: - Қорқынышпен қатар, адам үшін жалқаулық та оңай жау емес. Сіз оны қалай жеңесіз?

Кәмшат Бекжігітова: - Қарап отырсам, бәріміз жалқаумыз. Мүмкіндік болса, "Жата қалсам, ұйықтай салсам, қыдырып жүре берсем, шаруаны ертеңге ысыра берсем" - деп, тәннің қалауына еріп кетуіміз оп-оңай. Бұл ретте жалқаулықты бірден жеңетін оңай техника немесе оған қарсы дәрі-дәрмек ойлап табылған жоқ. Дегенмен онымен күресудің амалдары бар. Жатсаң - отыр, отырсаң - тұр, тұрсаң - жүр. Әйтеуір бір әрекет жаса. Өйткені адам ештеңе істемей, қозғалысы баяулаған сайын, бойындағы энергиясы да азая бастайды. "Жатқанға жан жуымас" дейді ғой қазақта. Бүгін жүрмесең, ертең жүгіруіңе тура келетіні сияқты, жалқаулығың себепті жасай алмай қалған бір ісің алдыңнан екі есе ауыр болып шығады.

Біз көбіне баюдың, бақытты болудың, жалқаулықты жеңудің, қарыздан құтылудың саусағымызды қимылдатпайтын, тез әрі оңай жолдарын меңгергіміз келеді. Жоғарыдағы және басқа да сұрақтардың төңірегінде хаттар да көп.  Осы орайда айта кетсем, мен білетін төрт-ақ техника бар:

1) Алдыңа мақсат қой.

2) Сол жолда тынбай еңбек ет.

3) Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, төзімділік таныт.

4) Уақытыңды дұрыс пайдалана біл.

Егер сіздің өміріңізде осы ереже үрдіске айналса, сұрағыңыздың жауабы міндетті түрде табылады. "Жалқаулықты жеңгім келеді",- деп, бірақ еш амал-әрекет жасамай, қол қусырып жүрген болсаңыз, нәтижеге де жете алмайсыз.

Сұрағыңызға тұздық ретінде айта кетейін, мені де нәпсім алдамайды емес. "Кәмшат, онсыз да тынбай жұмыс істеп жатырсың ғой", "Ертеңге қалдыра салсаң да саған ешкім ренжімейді", "Сені бәрі жақсы көреді" - деп сендіруге тырысады. Сол кезде бұрынғы бақытсыздығыма басқаны кінәлайтын бейшара, ізденіссіз, білімсіз, еш әрекетсіз жүрген кездерімді есіме түсіремін де, бірден есімді жиып алып, алға қарай қадам басамын. Қайта айта кетсем, бұл өзіме ғана беретін мотивациям.

 

" Ақыры ажырасуға дейін алып келетін ерлі-зайыптылардың жиі жіберетін қателіктері... "

Асыл арна:Камшат ханым, сіз психолог маман болғандықтан отбасында туындайтын мәселелер жайлы сұрақтар жиі қойылатыны белгілі. Осы орайда, ерлі-зайыптылар арасындағы құрмет пен сыйластықты сақтап қалу қалай жүзеге асатынын айта кетсеңіз?

Кәмшат Бекжігітова: – Шынымен де, осы мәселе бойынша көп сұрақ қойылатыны рас. Маған мейлі ер, мейлі әйел адам жазсын, әуелі мәселесін тыңдаймын, сосын болған жайды талдай отырып, өзін өзгертуі керек тұстарын көрсетіп беремін. Себебі адам өзін өзгерту арқылы ғана табысқа жете алады. Дегенмен көп нәрсе әйел адамға байланысты. "Ерін сыйлаған әйел есікте қалмайды" деген сөз бар ғой қазақта, сен иіле сал, сен "қайдасың, қайда жүрсің?" деп емес, "жағдайыңды білейін деп едім" деп хабарласа сал, жұмысынан келгенде есікті аша салып ас үйге жүгіріп кетпей, күтіп алып, жағдайын біліп, күнін қалай өткізгенін сұрай сал. Мұның барлығы қарапайым болып көрінгенімен, ерлі-зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілікті арттырудың басты себебі бола алады. Ақыры ажырасуға дейін алып келетін, отбасылық өмірде ерлі-зайыптылар жиі жіберетін қателіктер де біз мән бермейтін жерден басталады.

Көп әйелдер "Күйеуім басқа әйелге кетіп қалады", - деп шағымданады.  Осы мәселеге байланысты курсқа қатысатын әйелдер арасында статистика жүргізіп, отбасындағы сүйіспеншілікті сақтап қалу үшін әйелдер тарапынан жасалуы тиіс амалдарды сұрақ етіп бердім.  Өкінішке орай, 90 пайызы еш әрекет жасамайтын болып шықты. Міне, мәселе қайда жатыр. "Әйелдік энергия" деген болады. Оны белгілі бір мөлшерде күйеуіңізге, балаларыңызға, жақындарыңызға беруіңіз керек. Ал сізден ол энергия келмесе, ер адам оны басқадан іздей бастайды. Сол себепті әйел адам алдыға шығып алмай, үнемі өзін дамытып, ерін жігерлендіріп отыруы керек.

Асыл арна:Бүгінде үш бала тәрбиелеп отырған анасыз. Зерек әрі алғыр бала тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін әңгімелей отырсаңыз?

Кәмшат Бекжігітова: – Иә, ата-ана болғасын балаңды уайымдамай тұрмайсың ғой. Биыл кіші қызым да мектепке барды. Оның қызықтары өз алдына (күлді).

Асыл арна:Алла тіл-көзден сақтасын! Инстаграмдағы парақшаңыздан көріп мен де бір күліп алдым.

Кәмшат Бекжігітова: – Әмин, айтқаныңыз келсін! Жалпы балаларды зерттей келе байқағаным – баланың өзіне тән қабілетін дамыту керек. Сонда нәтижеге жетесіз.

"Бала туып отырғандағы депрессияңыз" ойыншық болып қалады"

Асыл арна:Арнамыздың әйелдерге арналған "Маңызды мәселе" бағдарламасында "Ақпараттық радиация" туралы айтқан құнды мәліметтеріңізді құлағым шалған еді. Алып-қосарыңыз бар ма?

Кәмшат Бекжігітова: – "Ақпараттық радиацияның" өзім байқап жүрген тағы бір тұсын айтайын. Қазір не көп, әлеуметтік желілерде, ютубта тегін, өте пайдалы ақпарат көп. Одан қала берсе білім ал, оқы, ізден, сабақтарға қатысып, тренингтерге бар дейміз. Осы пайдалы ақпараттың көптігі адамға қаншалықты зиян екенін білесіз бе? Егерде ақпаратты өте көп тыңдап, бірақ өзіңіз өмірде қолданбайтын болсаңыз, ақпараттық депрессияға шалдығасыз. Ол депрессияның қасында үйде отырған келіншектер жиі айтатын "бала туып отырғандағы депрессияңыз" ойыншық болып қалады. Мұндай күйзелістің алғашқы белгісі, П.Раков айтқандай "Я умный, но живу как дурак" кейіпін киіп алғаныңызды өзіңіз де байқамайсыз. Яғни, бәрін білесің, бірақ бітіріп жатқан түгің жоқ. Титтей болсын, іс бітіріп жүрген адамға аузын аштырмай ақыл айта беретін дертке шалдығасың. Түк білмейтін сияқты, үндемей қасыңда жүрген адамның жетістігін естисің. Ал сен бәрін білесің, бірақ өмірің ойдағыдай емес...

Мұндайға шалдықпайтын жалғыз жол, ол ақпаратты тыңда, ақпаратты алаламай, керегін ал, керек емесін сол жерде тастап кет! Ең бастысы, алғаныңды сол 72 сағатта пайдалан, күнделікті өміріңде қолдан. Нәтижесін ісіңмен көрсет. Сол кезде сен үндемесең де, ісіңе қарап, іздеп жүріп тыңдайтындар көбейеді. Мәселе көп білгенде емес. Шын мәнінде, бір ғана кино, бір ғана видеоролик, болмаса бір ғана кітап, тіпті кейде бір-ақ ауыз сөз сенің өміріңді өзгертіп жіберуі мүмкін. Құпия  -  оқығанды тоқи білуде.

Асыл арна:Сіз өзіңді өзгерт деп жиі айтасыз. Адам өзін өзгертуі үшін неден бастауы керек? Қандай кеңес бересіз?  

Кәмшат Бекжігітова: – "Адам тірі тұрғанда, өзгеріс тоқтамайды...",- деген бар. Жалпы өзгеріс десе, күрделі ойлап, бірден қорқынышқа жол береді екенбіз.  Ал, шындығында, өте аз ғана нәрсені өзгертіп, көпке қол жеткізуге болады екен. Басында айтқанымдай, бұрын "зона комфортадан" шықпайтынның нағыз өзі едім.  Ал оның мені тек қана өшіретінін білгенде, "Не өзгертемін? Қалай? Неден бастаймын?" - деген сұрақтарға жауап іздедім. Содан мен өміріме мынадай өзгерістер енгіздім:

1) Жұмыссызбын деп баламмен бірге 10-11-ге дейін ұйықтауды тоқтатып, таңғы 6-да оянуды;

2) Телевизор, ток-шоу, сериалды тоқтатып, ютубтан пайдалы видео көруді;

3) Көрші келіншектермен жиі кездесіп, бос әңгіме айтудың орнына, күн сайын кітап оқуды;

4) Қала ішінде көлік, такси, автобустың орнына жаяу жүруді;

5) Өткенді ойлап, өкініп, елді кіналаудың орнына, осы сәттен ләззат алуды;

6) Тағы да басқа түк пайдасы жоқ болып көрінетін қарапайым жүріс-тұрысымды, сөйлеуімді, ойымды, күн тәртібімді қадағалауды.

Тегін, тек әркім өзі ғана жасай алатын осындай қарапайым дүниенің артында өзіңді жаңа қырыңыздан көретін үлкен жетістік бар. Ал бұл - сізге біреудің миллион доллар бергенінен әлдеқайда артық. Бұған дәлел, менің бүгінгі күнім.

Асыл арна:Көп рахмет, Кәмшат ханым, пайдалы сұхбат болды деп ойлаймын.

Кәмшат Бекжігітова: – Пайдам тисе қуанамын ғой...

Әңгімелескен: Үміт ҚОНЫСБЕК

asylarna.kz


 

 

13280 рет оқылды