Сұхбат 2019-10-04 (0) (6147)

Тимур БЕКТҰР: "ҚАЗАҚСТАН "You Tube" ҚАРАУДАН ӘЛЕМДЕ ҮШІНШІ ОРЫН АЛАДЫ"

Тимур БЕКТҰР:

 

Еліміздегі бірден-бір IT маманы, timur academy офлайн-онлайн оқыту орталығының негізін қалаушы Тимур Бектұрмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сұхбатымызда бүгінгі интернет мәдениеті, ондағы хайп пен рейтинг, блогер болу, пайдалы парақшалар мен сайттар және ағылшын тілін үйренудің әдіс-тәсілдері төңірегінде әңгімелескен едік.

"Хайп, рейтинг жасау әдісін қолданбай қоюға да болмайды"

 Асыл арна: – Қазіргі және бір жөнсіз үдеріс – не нәрсені де рейтингке байлап қою. Телехабарлардың рейтингі төмен болса, қанша әлеуметтік мәні зор болса да, оңай жаба салатын болдық. Рейтингі төмен сайттар мен газеттер өз-өзінен уақыт көшінен қалып жатыр. Ал рейтинг жинау үшін қитұрқылыққа барудың әдістері тіпті көп. Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасады?

Тимур Бектұр: Өздеріңізге мәлім болғандай, қазір бір тәулік уақыт ешкімге жетпейді. Себебі біздің миымызға келіп жатқан ақпараттың саны өте көп. Кейбірін қорытып та үлгермейміз. Осы орайда көптеген медиа-ресурстар, интернет сайттар немесе әлеуметтік желідегі парақшалар сол хайп тақырыптарды көтеріп, көрермен жинау кезінде, алаяқтық демесек те, түрлі амал-шарғыларға барып жүр. Оны жаңа медиа тілінде "Clickbait" деп атайды. Оған "Жаға ұстатты", "Масқара болды", "Елдің ашу-ызасын тудырды" - деген секілді бір тақырыпты ортаға тастай салу, сіз айтқандай неше түрлі рейтинг көрсеткіштерге жету үшін аш-жалаңаш немесе өзге де әдептен тыс бейсауат әңгімелерді қозғау, т.б. жатады. Ал сондағы бар мақсаттары - сайттың немесе қандай да бір ресурстың оқылым санын арттыру ғана.

Бұндай хайпқа бару немесе рейтингке жұмыс істеу, жалпы барлық халық аузындағы әңгімеге бағыт алу қазір тоқтамайды-ау! Себебі бұл үрдіс бізге батыстан келіп жатыр. Оларда бұрын сар жағал басылымдар (газет-журналдар) болса, қазір оны "Clickbait" сайттары деп атайды. Яғни оқырмандарының трафигін өзіне тарту үшін осындай амалға барады.

Бұл әдісті мүлдем қолданбай қоюға да болмайды. Егер сіз бір медиа-ресурсты жүргізіп жүрген болсаңыз, трафиктің тапшылығын сезінген болар едіңіз. Сондықтан кейде рұқсат берілген жағдайларда, жақсы бір позитив әңгімелер төңірегінде "Clickbait" жасауға, хайпқа  немесе рейтинг көтеретін тақырыптарды қозғауға болатын шығар. Бірақ бұл "Алтын шыққан жерді белден қаз" - дегендей, бір тақырыпты қайталай беруге, асыра сілтеп айтуға болады деген сөз емес. Біз осы тұста қателесіп жүрміз.

 

 

Асыл арна: – Жастар қазір жақсы контентті қайдан алуы керек? Немесе қандай сайттарды оқисыз, қандай сайттардың аяқ алысын бақылап отырасыз?

Тимур Бектұр: – Бұл өте жақсы сұрақ. Жай ғана мысал, сенсеңіздер де сол, сенбесеңіздер де сол, ресми мәлімет бойынша, сіз бен біз мекен еткен бұл Қазақстан "You Tube" қараудан әлемде 3-ші орын алады екен. Жаңа айтқанымыздай, бір тәуліктегі 24 сағат шектеулі-ақ. Оның 6 сағаты ұйқыға, бірнеше сағаты тамақтануға, қалғандары мойнымыздағы міндеттерді атқаруға, жол жүруге, жұмыс жасауға  жұмсалғаннан кейін жаңа ақпараттарды қабылдауға, өзімізді дамытуға өте аз уақыт қалып жатады. Ал кей жағдайда осы қысқа ғана күнді жалған жаңалықтардың соңынан еріп кетіп-ақ құр өткізіп аламыз. Жаңалық - секунд сайын болып жатқан нәрсе. Сіздің жаңа ғана арнайы уақытыңыз бен энергияңызды бөліп оқыған жаңалығыңыз 5 минуттан кейін-ақ өз күшін жойып не түбегейлі өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан ең бірінші үйренуіміз қажет нәрсе  ол - фокус. Бұл - бүкіл әлемдік проблемаға айналып бара жатқан назардың шашырап кету мәселесі.  Ал назарды  фокуста ұстап, энергияңызды босқа кетірмеу үшін, ұстанған бағытыңыздың қандай екенін анықтап алуыңыз қажет. Өзіңіздің мамандығыңызға, болашақта кім болғыңыз келетіндігіне, жұмыс істеу мен қаражат табу қабілетіңізге және қандай да бір бойыңыздағы функционалды міндетіңізге сәйкес келетін пайдалы ақпараттарды ғана іздеп оқуға кеңес беремін. Өзім де осы тәсілді іс-тәжірибе жүзінде іске асырып жүргендіктен бөлісіп отырмын. Ақпаратты көбіне өзіме қызықты болған тақырып аясында және шетелдік сайттардан аламын.

1) "Cuara" деген сұрақ-жауап сайты бар. Мұнда өте пайдалы, маңызды, ғылыми, өзекті мәселелер қаралады.

2) "Medium" блог порталы өте пайдалы материалдар шығарып тұрады.

3) "Twitter" желісінен тың ақпарат көздерін қарастыруға болады.

Ал әлеуметтік желілерде ұзақ сақталған, көп оқылған, көлемді материалдарды оқығанды жақсы көремін.

 

 

"Блогер болу оңай шаруа емес"

Асыл арна: – Бізде Алладан келетін сауап үшін емес, керісінше, «сауап болды, дұрыс жазалау керек» деп блогерлік – бұл сөз еркіндігі дегенді алға тартып, жеке адамның ар-намысына тиіп, еркін жазып жүргендер көп. Блогердің оқырман алдындағы мәдениеті қандай болуы керек?

Тимур Бектұр: – Иә, бұл соңғы кезде өте көп айтылып жүрген өзекті мәселелердің бірі. Интернет тұтынушыларының саны артқан сайын ол арқылы шығатын дау-дамайдың көп екенін де, тез арада ушығатынын да көріп жүрміз. Жай ғана интернет белсенділерінің жалпылама аудитория саны кейде он бес, жиырма, отыз мыңға, егер ол инстаграмда отыратын болса, жүз елу, екі жүз мыңға таяп жығылады. Сондықтан "блогер" деп аталатын әлеуметтік желі белсенділері ақпарат таратпас бұрын әрбір сөзін саралап, мың рет өлшеп, бір рет кессе дейміз. Олардың ақпар өлшемі мейлінше бейтарап, ел ішінде іріткі тудырмайтындай болғаны абзал. Ең бастысы, қаншама халықтың,  болмағанда өз аудиториясы алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс. Мысалы, фейсбук желісінде түрлі тақырыптар бойынша әртүрлі даулы мәселелер туындап жүр. Әрине, өз ойыңды жазуға ешкім шектеу қоймасы анық. Дегенмен сіздің ойыңыз біреуге негатив, екіншісіне  агрессив әрекетке апаратын ой салуы мүмкін ғой?!

Асыл арна: – Сайттардағы, әлеуметтік желілердегі адрессіз сынға көзқарасыңыз қалай?

Тимур Бектұр: – Адресі жоқ сын-пікірлерді қос қолдап қолдаймын. Жекелеген адамның атын атап, түсін түстеп, көзін шұқып, "Сен олай жасадың, бұлай жасадың" деп сынағанды көп мақұлдай бермеймін. Ол өте ауыр тиеді. Көп жағдайда мұның соңы сын пікірден алшақтап, екі адам арасындағы араздыққа ұласып кетіп жатады. Тіпті қоғамдағы, әлеуметтік желідегі жалпы тенденцияға айналып бара жатқан бұрыс әрекеттер мен құбылыстарды жалпылама сипаттап айтқан дұрыс деп ойлаймын.

 

"Балаларда екі ұшты таным қалыптасып келе жатыр..."

 

 

Асыл арна: – Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан: «Мектеп - оқытады. Ал бала - сіздікі» деп жазған пайымды ойыңызды көзім шалып еді. Мәнісін ашып берсеңіз.

Тимур Бектұр: – Жақсы сұрақ бұл. Бүгінде "Менің балам мектепке барып бұзылып кетті", "Мүлдем сабақ оқытпайды", "Мектепте тәрбие жоқ", "Дұрыс бағыт-бағдар бермейді",- деген сыни пікірлерді жиі естиміз. Иә, біздің білім жүйемізде, мектеп бағдарламамызда аздаған олқылықтар болуы мүмкін. Кейде жекелеген мұғалімдер тарапынан да шикіліктер кетіп жатады. Бірақ бұл жоғарыдағы тағылған айыптардың жауабы бола алмайды. Неге дейсіз бе?! Өйткені қазіргі таңда интернет сайттардан, әлеуметтік желілерден болсын, тура айтқанда, баласын мектепке лақтыра салатын ата-аналардың қатары көп екендігін байқап жүрміз. Сонда олар өз бойынан шыққан баланы біреудің мойнына арта салып, "Мен ештеңе білмеймін. Тәрбиелеп беріңдер!" - дегісі келе ме?! Дұрыс, ата-ананың бір күнге бітпес шаруасы онсыз да шашетектен. Бірақ бала - сіздікі.

Бұрындары біз бесіктен беліміз шыққанша "Балдырғанды", бастауыш сыныптарда "Ұланды", ал жоғарғы сыныпта "Ақжелкенді" оқитын едік. Сөйтіп ақпаратты қабылдауымыз кезең-кезеңімен жүзеге асатын. Ал біз қазір, бағанадан бері айтып жатқандай, ақпараттар ағымында өмір сүріп жүргендіктен балаларымызда екіұшты таным қалыптасып келе жатыр. Яғни өзіне қажетті ақпаратпен қоса, бізге тиісті мәліметтерді бірге алады. Өйткені балалар 2 жасынан бастап "You Tube" желісінде отырады, сондай-ақ өсе келе интернет, газет-журнал, кітаптан болсын, ересек адамға қандай мәлімет беріліп жатқан болса, олардың миы да сол ақпартты қамтып сіңіріп жатыр. Мектеп жасындағы немесе жасөспірім балалардың осындай ақпаратты ересек адамдармен тең қабылдауы олардың санасына, тәрбиесі мен тәртібіне, психикасына кері әсер беретіні белгілі. Сондықтан да бұл әр ата-ана өз баласына өзі жауап беруі қажет деген ойдан туған сөз еді.

 

Асыл арна: – Танымал және пайдалы деген сөз бар. Айырмашылығын айтып берсеңіз.

Тимур Бектұр: – Танымалдылықтың бәрі пайдалы емес және пайдалының барлығы танымал емес. Жоғарыда рейтинг жөнінде сұрақ қойған едіңіз, қазір осы рейтинг деген нәрсе біздің ұғымда қалыптасқан пайдалы және танымалдылық дегенді бұзып тұр. Себебі көп адамдар рейтинг қуалаған сайттар мен түрлі парақшалардың жетегінде кетіп, танымал болған адамдарға, ақпараттарға, ресурстарға көптеп  кіріп, дұрыс не бұрыс деп бағамдамай жатып, соларға ұқсағысы, тірлігін қайталағысы келеді. Сондықтан, амал жоқ, біз танымалдылықты қазір "танымал" және "жәй танымал" деп екіге бөліп қарастырсақ болады. Яғни бірі елге еңбегі сіңіп, қабілет-қарымын жұрт бағалайтын шын танымал адам болса, екіншісі рейтинг қуу арқылы түрлі айла-шарғылардың есебінен танымал болған адамдар, ақпарат көздері, сайттар. Бірақ екінші топқа жататындардың танымалдығынан түк пайда жоқ.

 

 

Асыл арна: – Оқуға қандай кітаптарды ұсынар едіңіз?

Тимур Бектұр: – Кез келген нәрсе талғамға қарай таңдалғаны дұрыс. Кей адамдар әдеби кітаптарды, кейбірі бизнес, өзін-өзі дамыту жайлы еңбектерді, ал басқалары шетелдік туындыларды сүйіп оқуы мүмкін.

Жеке өзіме келсем, Абайдың қара сөздері ұнайды. Оның мынадай себебі де бар. Соңғы уақыттарда орыс, ағылшын  тілдеріндегі мотивациялық, бизнес және тұлғалық дамуға көмегін тигізетін шығармаларды өте көп оқыдым. Алайда, қаншама шетел кітаптарынан іздегенімді айналып келіп Абайдың қара сөздерінен табатыныма көзім анық жетті. "Нағыз қазақ қандай? Оның ізгілікке негізделген тұлғасы қалай қалыптасады?" - деген сұрақтардың жауабын Құнанбайдың баласынан артық жеткізген ешкім жоқ деп есептеймін.

Шетел әдебиетінен Брайан Трейси деп аталатын бизнес тренердің кітабын ұсынамын. Бұл кісінің еңбектерінжақсы көретін жерім, себеп-салдарымен бірге өте түсінікті, анық жеткізеді. Мысалға жеке тұлғаның дамуы, отбасылық мәселе, маман болу, ақша табу жағынан болсын, "Осындай әдісті пайдалансаңыз, мынадай нәтижеге жетесіз" - деп, шешу жолдарымен бірге қысқа да нұсқа қылып жеткізеді. Осы стиль маған қатты ұнады.

Ал әдеби тізімге келер болсақ, ең сүйікті жазушыларымның бірі - Бердібек Соқпақбаев. Ол кісінің еңбектерінен "Балалық шаққа саяхатты",  "Өлгендер қайтып келмейдіні" оқуға ұсынар едім.

 

"Интернет белсендісі болғысы келген жастарға..."

Асыл арна: IT сарапшысы ретінде еліміздегі осы мамандыққа деген сұра­ныс қандай деңгейде және бұл сала­ны игеруге деген қазақ жастарының қызығушылығы қандай?

Тимур Бектұр: – Қазіргі таңда интернет белсендісі немесе блогерлік жаңа медианың маманы болуға жастар тарапынан қызығушылық өте жоғары. Сондықтан бұл мәселені бір жақты ғана қарау дұрыс емес.

Кей жастарда уақытша қызығушылық болуы мүмкін. Әр адамның бұл өмірде атқаруға тиісті өз функциясы болады. Бір адамға дәрігер, біреуге етікші, басқасына әдебиетші болған дұрыс болуы мүмкін. Бірақ Құдай берген қабілетін ұмытып, "Елдің алдында жүргім келеді", "Интернетте белсенді боламын", "Осы салада көп қаражат табамын" - деп, өзіне жасанды мақсат, басқа жол таңдап, уақытын зая кетіріп жүргендер бар. Осы тұрғыда өмірлік мақсатын таңдаған кезде жалпы жастарға сергек болуды ұсынамын.

Ал үнемі интернетте белсенді болып, пост жасап, мамандығының қыр-сырын  жұртқа таныстыру арқылы өзін-өзі қандай да бір компанияға ұсынып, жарнама жасап, қаражат көзіне айналдырып жүргендер де бар.

 

 

Асыл арна: – Бір сұхбатыңызда «Үш тілде білім беру ешқандай да мәселе емес, ол бүгінгі күннің талабы» депсіз. Өзіңіз ағылшын тілінде еркін сөйлейсіз. Тіл үйренуде қолданған тиімді тәсіліңізді айта отырсаңыз?

Тимур Бектұр: – Тіл үйренуде  ең алдымен әркім өзіне тиімді тәсілді анықтап алған жөн. Өйткені ақпарат  қабылдауда біреу кинестетик (жазу арқылы қабылдау), екіншісі визуал (көру арқылы), ал кейбірі аудиял (тыңдау арқылы) болып бөлінеді. Мысалы, сіз ағылшын тіліндегі фильмдерді қарап-ақ өте жылдам үйреніп алуыңыз мүмкін.

Ал менің тіл үйренудегі әдісім сөздік жаттау мен аударма жасау болды. Күніне 20 сөзді оңай жаттап отырдым. Ол миға да қатты салмақ түсірмейді екен. Яғни сіз де күніне 20 сөзден жаттап отырсаңыз, 100 күнде 2000 сөз біледі екенсіз.

 

Асыл арна: – "Қазақ ақылды, кемеңгер, дана" деп  жатамыз. Дәл қазір біз өзімізден қандай үлгі алуымыз керек?

Тимур Бектұр: – Иә, сіз айтқандай қазақтың қанында асыл қасиеттер көп-ақ. Айталық, сөзге тоқтау, істің байыбына бару, қас-қабақпен тәрбиелеу, т.б. Осы ұлы ұстанымдардан көз жазып қалмасақ екен.

Асыл арна: – Риясыз әңгімеңізге, арнайы уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Әңгімелескен:

Үміт ҚОНЫСБЕК

 

 

6147 рет оқылды