Руханият 2019-09-03 (0) (6330)

БІР ЖЫЛДЫҚ КҮНӘҢІЗДІҢ ӨТЕУІ БОЛАТЫН КҮН!

БІР ЖЫЛДЫҚ КҮНӘҢІЗДІҢ ӨТЕУІ БОЛАТЫН КҮН!

БІР ЖЫЛДЫҚ КҮНӘҢІЗДІҢ ӨТЕУІ БОЛАТЫН КҮН! 

(Мұхаррам айының ерекшелігі)

Мұсылман күнтізбесі (Һижра) бойынша Мұхаррам айы жылдың бірінші айы. Жаратушы Раббымыз "Тәубә" сүресінің 36-аятында: "Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі ай. Бұлардан төртеуі қасиетті айлар. Міне осы - берік дін. Ендеше, бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер! ...Алланың тақуалармен бірге екенін біліңдер!"-деген.

         Әйгілі тәпсірші ғалым әл-Қуртуби харам айлары жайлы айтылған осы аятты: "Алла Тағала харам айларын ерекше құлшылықпен өткізуді және ол айларда зұлымдыққа жол  бермеуді бұйырған" - деп тәпсірлейді.

         Ал Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болса, бұл жөнінде: «Заман - Алла аспандар мен жерді жаратқан күндегідей қалпына қайта айналып келді. Бір жылда он екі ай бар. Оның төртеуі қасиетті. Үшеуі бірінен соң бірі келеді: Зул-қағда, Зул-хижжа және Мұхаррам, ал төртіншісі—Жумадә мен Шағбан арасында келетін Ражәб айы»,—деген.

Осы төрт айдың ішіндегі Мұхаррам айына аяқ бастық. Ал Мұxаррам айы несімен  ерекше?       

МҰХАРРАМ АЛЛАНЫҢ АЙЫ!

         Әбу Зәррдан (р.ғ.) жеткен хадисте ол былай деген: "Мен: "Уа, Алланың елшісі, түннің қай мезгілі хайырлы және айлардың қайсысы абзал?" - деп сұрадым. Ол: "Түннің ортасы хайырлы, алайлардың сендер Мұхаррам деп атап жүрген Алланың айы абзал" - деп жауапберді". (Тәзкиратул-Хуффаз)

         Белгілі ғұлама  Хасан Басри және өзге ғалымдар: "Харам айларының ішіндегі ең абзалы - Алланың айы-Мұхаррам " - деген пікір айтқан. Кейінгі ғалымдар да осы ұстанымды дұрыс деп тапқан. Мәселен, Ибн Жәрир: "Алла Тағаланың әрбір һижра жылын харам айымен бастап, соңын харамайымен аяқтауында  үлкен мән жатыр. Айлардың ішінде Алла үшін Рамазаннан кейінгі ең қадірлісі- Мұхаррам айы" - деген.

         Муслимнің "Сахих" жинағында Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте:"Оразаның Рамазаннан кейінгі абзалы - Алланың айы -Мұхаррам, ал намаздың парыздардан кейінгі абзалы - түнгі намаз" - деп айтылған .

 

МҰХАРРАМ АЙЫНДА ҚАСИЕТТІ БІР КҮН БАР

         Ол күні ұлы оқиға болған. Алла тағала Мұса пайғамбар мен оның қауымын құтқарып, Перғаун әскерін теңіз түбіне батырды. Міне, сол оқиғадан кейін, Мұхаррам айындағы осы бір күнге ерекше мән беріледі. Шариғатымызда ол күн "Ашура күні" деген атпен белгілі. 

Бірде мұсылмандар Ибн Аббасқа (р.ғ.) келіп, одан Ашура оразасы жайлы айтып беруін өтінеді. Ол: «Қашан Мухаррам айы туғанын көрсеңдер, есептеп, тоғызыншы күні таңертең ораза ұстаңдар», – дейді. Олар: «Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәл осылай тұтатын ба еді ?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Иә», – деп жауап береді.

 

АШУРА КҮНІНІҢ ОРАЗАСЫ

         Айшадан (р.ғ.) жеткен хадисте ол: «Құрайыштар Исламға дейін Ашура күні ораза тұтатын және ол күні Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза тұтатын еді. Мәдинаға келгеннен соң да Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол күні ораза тұтты және ораза тұтуды бұйырды. Ал Рамазан парыз етілген соң, ашура күнін міндеттемеді, қалаған кісі тұтатын, ал қаламаған кісі тұтпайтын»,—деген.

         Мұхаррам айының оныншы күнін яғни Ашура күнін оразамен өткізу сауапты іске жатады. Бұхари мен Муслимнің "сахих" жинақтарында Ибн Аббастан (р.ғ.) мынадай дерек келтіріледі: Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударып келгенде, Мәдиналық яһудилердің Мұхаррам айындағы Ашура күні ораза тұтып жүргенін көреді. Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олардан: «Сендер ораза тұтып жүрген бұл қандай күн?» –деп сұрайды. Олар: «Бұл – ұлы күн, онда Алла Мұса мен оның қауымын құтқарып, перғауын мен оның қауымын суға батырған. Мұса бұл күні шүкіршілік ретінде ораза тұтқан, сондықтан біз де бұл күні ораза тұтамыз», – деп жауап береді. Сонда Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге қарағанда Мұсаға біз көбірек құқылымыз әрі оған біз көбірек лайықпыз», – деді. Сөйтіп Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы күні ораза тұтып,мұсылмандарға да осы күні ораза тұтуды бұйырады.

         Ғұлама Ибн Хажар Ашура күнінің артықшылығына тоқталып:"Рамазаннан өзге күндері ораза тұтқысы келген кісі үшін Мұхаррам айындағы Ашура оразасы ең сауапты құлшылық болады", - деп айтқан.

АШУРА ОРАЗАСЫН ТҰТУДЫҢ ӘДЕПТЕРІ

         Айшадан (р.ғ.) жеткен хадисте ол былай деген: «Рамазан парыз болмай тұрып (адамдар) Ашурада ораза тұтатын еді және сол күні Қағбаға (жаңа) жабу жабылатын. Ал Алла Рамазанды парыз еткен кезде Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім онда (яғни Ашура күні) ораза тұтуды қаласа, ораза тұтсын, ал кім оны тоқтатқысы келсе,тоқтатсын»,—деді». (Бұхари)

         Муслимнің "сахих" жинағында Ашура күні ораза тұту бір жылдық қателіктерді жуады деп айтылса, ал қажылық кезінде Арафат күнгі ораза екі жылдық күнәға кәффарат болады делінген. Білім иелерінің түсіндіруінше, Ашура оразасы Мұса пайғамбарға қатысты, ал Арафат күнгі ораза Мұхаммед пайғамбарға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  қатысты. Сондықтан, әр құлшылықтың өзіндік орыны болғанымен, Арафат күнінде ораза тұту Ашура оразасынан гөрі абзал болып есептеледі.

Мұхаррамның 10-ы  күні яғни Ашура күні тек бір күн ораза тұту дұрыс па?

         Оразаны Мұхаррамның 10-шы күні ғана тұтып қоймаған абзал. Олай ету құлшылықта өзге дін өкілдеріне ұқсау болып табылады. Сондықтан, оразаны 9-шы және 10-шы күндерде қатар тұтқан жөн. Ал 11-ші күнді қосып тұту "ықтият оразасы" деп аталады. Қатарынан үш күн бойы ораза тұту да сауапты іске жатады.

         Рубәйиғ есімді сахаба әйелден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  Мұхаррамның оныншы, яғни ашура күні таңертең ансарлардың ауылдарына шабарман жіберіп: «Таңертең кім ораза тұтпаған болса, күннің қалған бөлігінде ораза ұстап, аяғына дейін жеткізсін, ал кім таңертең ораза ұстаған болса, ары қарай тұта берсін» деп хабар таратады. Міне, содан бері мұсылмандар үшін Ашура күні ораза тұту сауабы мол мұстахаб амал болып есептеледі. Сондай –ақ, Мұхаррам айындағы құлшылық тек ораза тұтумен ғана шектелмейді. Бұл айды Алла қасиетті еткендіктен зұлымдық атаулының барлығынан аулақ болып, керісінше Алланың разылығына жетелер қандай да бір ғибадат түрлерін мейлінше көбірек орындауымыз тиіс.

6330 рет оқылды