20:50 | Бабалар сөзі-өсиет
20:50 | Бабалар сөзі-өсиет
Руханият 2019-08-20 (0) (21144)

ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРУ ҮШІН АҚШАНЫ ҚАЛАЙ ЖИНАУ КЕРЕК?

ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРУ ҮШІН АҚШАНЫ ҚАЛАЙ ЖИНАУ КЕРЕК?

 

         Қазір бүкіл әлемнің аэропорттары жүздері күнге күйген, көкейлері сөзбен айтып жеткізе алмайтын қуанышқа толы, таңдайларынан мөп-мөлдір, тап-таза зәм-зәмнің дәмі кетпеген және жүректері сондай тыныштық тапқан мыңдаған бақытты мұсылмандарға толған.

         Жылда біз өзіміздің туыстарымызды, достарымызды, жұмыстастарымызды өмірлеріндегі ең ұлы сапарға - Меккеге, қажылыққа шығарып саламыз. Олардың жүздеріндегі үлкен үміт пен қуанышты көргенде бірге қуанысып, көңіліміз алып ұшып, өзіміз бара алмасақ та, дұғаларымызды парақтарға ретімен жазып беріп, "Менікін оқуды ұмытып кетпеңіз" - деп, тапсырып, қайта оралғанда қабыл болған дұғамызды арқалап келетіндей жолдарын асыға күтеміз. Ал өз-өзімізді: "Ештеңе етпейді, Алла қаласа, мен де сол жерге келесі жылы барармын" - деп жұбатып қоямыз. Бірақ, жыл сайын олар АНДА, ал біз МҰНДА. Өзімізді алдап қайтеміз, бір уақыт шындықтың бетіне тура қарап көрейікші. Біз Меккені өз көзімізбен көріп, Қағбаға қол тигізіп, Арафатта дұға тілеуді  шынымен қалап, соған әрекет жасап жүрміз бе?! Қолымызды қимылдатпасақ, алма піскенмен, аузымызға келіп түсе салмайтынын да өте жақсы білеміз ғой...

         Қажылықты тек миллионерлер немесе тек  танымал адамдар ғана жасасын деген сөз емес, бұл сапарға "МЕН АЛЛА РАЗЫЛЫҒЫ ҮШІН ЖАСАЙМЫН", - деген кез келген пенденің баруына мүмкіндігі бар. Сол себепті бүгін біз қолыңызда бар қаражатты дұрыс үнемдеу арқылы Қажылыққа ақша жинау жолдарын көрсетуді жөн санадық. Айтпақшы, мақаламызды бастамас бұрын "ҚАЖЫЛЫҚ" деп аталатын жеке жинақ сандықша бастап қоюыңызға кеңес береміз. Ендеше іске сәт!

ТАМАҚ

         Адам баласының ең әлсіз тұсының бірі тамақ екені жасырын емес. Асқазанымыз бір белгі берсе болғаны, асханаға жүгіріп кетеміз. Тіпті өзімізге демалыс берсек те, асқазанымызды аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат жұмысқа жегіп қоямыз.  Әзіл болса да, шындық осы.

Иә, бір қарағанда тамаққа кеткен шығын орынды екені даусыз. Бірақ бізге шамадан тыс тәттілер жеп, үйге суши-пицца алдырудың, кафеде түскі ас ішіп, үйде сәл ғана қата бастаған нанды тастаудың, қонақ келгенде аста-төк түрлі тағамдар дайындап немесе тоңазытқышта тұрған дайын тамақтың үстіне тағы бір ас түрін дайындаудың не қажеті бар?!

Жо-жоқ, біз сізге ашығыңыз не тамақ ішпеңіз, сатып алмаңыз деп жатқан жоқпыз, сәл ғана жалқаулықтан арылып, шектен тыс ысырап етпеудің жолын қарастырайық деп жатырмыз. Нанбасаңыз, отбасыңыздың тек бір ай ішінде жалпы тамаққа ғана (қарапайым сағыздан бастап, кафелерден тамақтанғаныңызға дейін) қанша қаражат жұмсағанын есептеп көріңіз. Айтпақшы, нәтижесін бізбен бөлісуді ұмытпаңыз!  Қасиетті Құран Кәрімде: «....Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырапқа жол бермеңдер! Расында Алла Тағала ысырап қылушыларды жақсы көрмейді» - деген («Ағраф» сүресі, 31-аят).  

         КЕРЕК КЕҢЕС: Бір ай бойы кафеге барудан бас тартып, жұмысқа өзіңізбен бірге үйде жасалған, дәмді түскі ас алып баруды әдетке айналдырыңыз, себебі ешқандай дәмхананың тамағы үйде жасалғандай дәмді болмайды, солай емес пе? Отбасы мүшелерімен бір айлық ас мәзірін ойластырайық, барлық керек заттардың тізімін жазып, бір айдың азық-түлігін алдын ала алып қойып, 30 күнде дүкенге тек нан мен сүт алу үшін ғана барамыз деп келісім жасайық.

         Балаларыңызды өсімдік майына толы печенье, кәмпиттермен емес, үйде піскен тәттілермен, маусымдық жеміс-жидектермен қуантыңыз. Мұндай тәсіл арқылы сіз бір оқпен екі қоянды ата аласыз, біріншісі - денсаулығыңызды сақтайсыз, екіншісі - өмірдегі басты мақсатыңыз үшін ақша үнемдей аласыз.

Сондай-ақ, аяғыңыз сізді жайлы креслода отырып, кофе ішуге алып бара жатқан кезде бар ерік-жігеріңізді жинап, сол жаққа жаратқыңыз келген ақшаны "ҚАЖЫЛЫҚ" деген жинақ сандықшаңызға салып қойыңыз! Бұл бір ғана мысал, әрине. Сіздің қобдишаңызда кемі 500 теңге пайда болды деген үміттеміз...

ДЕМАЛЫС, ОЙЫН-САУЫҚ

         Егер қажылыққа барамын деп нақты мақсат қойған болсаңыз, онда сізге үнемдеуге тура келетін шығынның тағы бір бөлігі, бұл - ойын-сауық. Әр демалыс сайын киноға, ойын-сауық орталықтарына, аттракцион парктеріне жұмсалатын қомақты қаражатты бірден "ҚАЖЫЛЫҚ" жинақ сандықшасына салып қойыңыз. Бірақ "мен бұл сандықшадан алып қоямын" деп қорықсаңыз, аманатқа берік, сіздің Қажылыққа барғаныңызды қалайтын, ең сенімді адамның қолына тапсырғаныңыз дұрыс. Айтпақшы, "сонда жақындарыммен бірге демалысты қалай өткіземін?" - десеңіз, мақаланы ары қарай оқыңыз...

                   Әрине, отбасымен демалуға, өз бала-шағаңызды қуантуға ақша құртқыңыз-ақ келіп тұрады, біз одан түбегейлі бас тартыңыз демейміз. Тек, балаларыңызды қомақты қаражат кететін ойын-сауық орталығына алып барудың орнына, олармен бірге табиғат аясына серуендеуге шықсаңыз, доп ойнасаңыз, қазанға қуырдақ жасап жесеңіз ше? Әлде, бұлай уақыт өткізуге балаларыңыздың көңілі толмайды деп ойлайсыз ба?

         Бұл жерде міндетті түрде атап өтетін тағы бір жайт - мерекелер. Аниматорларға, қымбат сыйлықтарға, өнер туындыларына ұқсайтын торттарға, ешкім дәм татпайтын керемет мерекелік тағамдарға шығындалудағы мақсат не? Инстаграмдағы парақшамызды әрлеп, әсерлі етіп көрсету үшін бе? Әлде керемет ұйыған отбасы екенімізді ел-жұрт көріп, неше түрлі пікірлер қалдырулары үшін бе? Мойындайықшы, біздің мақтанды сүйетініміз өтірік емес қой. Ол - жәй ғана "понт". Өкініштісі, әр мейрам сайын осындай болмашы, қымбат заттарға ақша құрту арқылы біз Мекке мен Мәдина қалаларын көретін күнді өзімізден алыстатып жатқандаймыз.

КИІМ, КОСМЕТИКА, ҮЙГЕ ҚАЖЕТТІ ҰСАҚ-ТҮЙЕК

         Бұл сіздің жиырмасыншы орамалыңыз - "бірақ, мен бұл әдемі күлгіндеу түсті орамалдың жанынан жай өтіп кете алмадым";

Өз жалақыңыздың жартысындай болатын белдемше - "менің балаларым ең сапалы киімде болу керек";

Онсыз да толып кеткен шифоньеріңізге сыймайтын сөмке - "қалайша мен өзіме ұсақ-түйек алуға ақша бөле алмаймын?"

⠀       Иә, әйел адамдарды "сауда-саттықты жүргізуші күш" - деп атаған екен. Дүкендердегі жаппай сатылымдар, барлық мүмкін болатын жеңілдіктер, жалған "тиімді" ұсыныстар, маркетигтік қақпандар - осы әйел адамдар үшін ойлап табылған дүниелер. Нәтижесінде, шкафтарымыз жылдар бойы киілмейтін киімдерге, үйдегі сөрелеріміз өте сирек қолданылатын, тіпті кейбіреулері мүлдем қолданылмайтын банкаларға, тюбиктерге, кеселерге, көрпе-жастықтарға толып тұрады.

         Егере, өз арманыңыз - қажылыққа барудың орындалғанын қаласаңыз, сізге минималист болған жөн. Ойланып қараңызшы, сізді қоршап тұрған әрбір затқа белгілі бір мөлшерде қаражат жұмсалған. Осы шай ішетін ыдыс-аяқ жабдығы, жаңа перделер, қолға арналған крем шынымен де дәл қазір сізге аса қажет пе? Әлде олар сатып алғаннан кейін басқа да ұсақ-түйектер сияқты бастапқы орнынан жылжымай тұра ма? Гардеробыңызды жаңартпас бұрын, өз-өзіңізге  сұрақ қойып, оғанбүкпесіз, сылтаусыз, барынша шынайы жауап беріңіз: сізде шынымен де мүлдем киерге киім жоқ па?

Жәй ғана үйге эергия үнемдейтін лампалар (эконом лампы) орнатып, жарықты ысырап етпей, уақытылы өшіріп жүрудің өзі, далаға кетіп жатқан ақшаңызды қайтарады. Ең бастысы теңге тиыннан құралатынын естен шығармаңыз!

ГЛОБАЛЬДЫ САТЫП АЛУЛАР

         "Ооооо, мұндай мүмкіндік қайтіп келмесі анық. Біреуден қарызға алып болса да мен бұл сотканы (не жаңа жиһазды) сатып алуым керек" - деп, бір жеңілдіктің шетін көрсек, өзімізді байлап қойса да тоқта та алмаймыз. Қажылыққа жолдаманың жарты сомасындай болатын теледидар, тура осындай бағадағы ас үй немесе жатын бөлме жиһазы. Біз бұндай техника мен жиһаз үшін ойланбастан ақша құрта аламыз да, ал Меккеге жолдаманың бағасы бірнеше мың теңгеге жоғарылап кетсе, қынжылыс білдіреміз. Айтпақшы, дүкендерде жасалатын бірнеше пайыздық жеңілдіктер тек бүгін ғана ұйымдастырылып жатқан жоқ және соңғысы да емес. Алла нәсіп етсе, Қажылықтан келгеннен кейін одан да жақсысына кез болатындығыңызға сөз бере аламыз.  

         Егер шынымен жақын арада қажылыққа барғыңыз келсе, онда сізге қонақ бөлмеге жаңа диван сатып алудан, жуынатын бөлмеге жөндеу жұмыстарын жүргізуден уақытша бас тарту керек болады. Осындай жайттарға барынша  дайын болып, ақылға салып, өзіңіздің ұлы мақсатыңыздың орындалуына бір қадам жақындай түсіңіз!

         Сіз қажылыққа жинап жүрген ақшаңызды толықтыру үшін өз Айфоныңызды сата аласыз ба? Ихрам киімін кию үшін қымбат автокөліктен бас тартып, шығыны аз, өзі арзан көлікке ауыса аласыз ба? Егер осы сұрақтардың жауабы оң болса, онда Жаратушымыз сіз қасиетті мекеннен келгеннен кейін де сізді осы өмірдің игілігінен тыйып қоймайтынына сенімді болыңыз!

         Ал егер, жоғарыдағы сұрақтарға жауап берер кезде жүрегіңізде сенімсіздік басым болатын болса, онда сізге тез арада өз-өзіңізбен жұмыс жасау қажет. Есіңізде болсын, Қажылық - ол әрбір мұсылман үшін, қолынан келген жағдайда орындалуы міндетті парыз, және біз оны өзімізді ақтайтын түрлі себептерді іздемей орындауымыз керек.

21144 рет оқылды