Бизнес 2014-12-10 (0) (15965)

ЕҢ ЖАҚСЫ МАМАНДЫҚ!

ЕҢ ЖАҚСЫ МАМАНДЫҚ!

Ел-жұрт күн суытып, қыстың лебі есе басталғалы алдағы уақытта тоңып қалмаудың амалын жасауға кірісіп жатыр ғой. Мен де үйдегі пешті ауыстырмақ үшін шебердің көмегіне жүгіндім. Құрал-сайманын сайлап алған кісі дәл уақытында келді. Қарады, өлшеді, қажетті заттардың тізімін жасап берді. Бірге базарға барып, керек-жарақты сатып алдық. Ертеңгі күні көмекшісімен бірге келіп, іске кірісті. Екі күннің ішінде барлығын жайғап, бабына келтіріп жасап шықты. Бір қарағанда ісінде мін жоқ сияқты. Артық сөзі де, қимылы да байқалмайды, тіпті, түскі асын өзімен алып келеді. Зәредей зиянсыз маман.

Соңғы күні алдын-ала келіскен баға бойынша қолына 25 мың теңге ұстаттым, салмақты қалпымен жөніне кете барды. Екі күннен кейін келіп, пештің жұмыс істеуін тексеріп шықты.

Осыдан кейін бұрынғы көзқарастарыма салқын тиіп, біраз ойландым.

Біз балаларымыздың заңгер, экономист, дәрігер, бизнесмен, әнші, журналист, дипломат, актер т.б болғандығын армандаймыз, жаны қаламаса да өзімізге ұнайтын маман болуын талап етеміз. Олардың мамандығымен мақтанғымыз келеді. Костюм-шалбар киіп, орындықта отырғанын, мемлекеттік мекемеде қызмет еткенін көруді аңсаймыз.

Бір мамандықты кекетіп, екіншісін мұқатуды мақсат тұтпаймын. Айтпағым, негізінде, ең жақсы мамандық – қоғамның, адамның қажеттіліктерін өтейтін, өзінің нанын адал тауып, отбасын асырайтын, мемлекеттің өрлеуіне, адамдардың жақсы өмір сүруіне тамшыдай үлес қосатын мамандық екен. Ал ең жақсы маман – өз кәсібін жан-жүрегімен жақсы көретін және соны шамасы жеткенше кемеліне келтіріп орындаушы. Адам икемі бар, жаны қалайтын мамандықты таңдағанда қоғамға пайдалы нәрсе жасай алады.

Білімі мен біліктілігі төмен, тапсырылған жұмысты тисінше орындай алмайтын қайсыбір қызметкерге қарағанда бұзылғаныңды бұлжытпай айтып, қисынын тауып, қайта жөндеп беретін сантехник өзгелердің ризашылығына көп бөленіп жатады.

Сенің жақсы маман екенің қолыңдағы дипломыңа немесе көп тіл білетіндігіңде емес, кәсібіңді дұрыс меңгеріп, тәжірибеде қаншалықты жүзеге асыра алғандығыңда жатыр!

Сондықтан, кім өз кәсібін бабына келтіріп орындай алатын болса, шүкірін айтып, кеудесін көтеріп жүрсін. Өйткені, ол – Алланың жақсы көретін құлдарынан. Хадисте: «Алла Тағала біреулерің амал (жұмыс, еңбек) жасап, соны кемел орындағандарыңды жақсы көреді» («Сахихул Жәмиғ»), «Адамдардың ең жақсысы – басқаларға ең көп пайда тигізетіні» делінген (Табарани).

Аңсар Әли

15965 рет оқылды