Патриоттық 2019-06-25 (0) (6194)

АСАБАНЫҢ 7 ӘДЕБІ

АСАБАНЫҢ 7 ӘДЕБІ

 

Асаба болу деген тек сөзге шешен болумен шектелмейді. Тойдың тізгінін алып, сөз бастау – дүйім жұртты өзіңе қарату, бір әулеттің абыройын арқалап, жауапкершілігін сезіну деген сөз.

Кезінде Досбол шешеннен «Қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба, әлде сөз бастау қиын ба?» деп сұрағанда, шешен: «қол бастау қиын емес, көк найзалы ерің болса, жол бастау қиын емес, соңыңнан ерген елің болса. Бәрінен де сөз бастау қиын - тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң келеке қылады» деген екен.

Сол секілді асаба да - жалғыз өзі бірнеше адамның қызметін атқаратын тойдағы ең маңызды әрі жауапкершілігі зор тұлға.

Ол – идеолог

Ол – ұстаз

Ол – тойдың үйлестірушісі

Ол – тойдағы пікір қалыптастырушы.

Ендеше, ел алдында сөз бастап, халықтың жанашырына, еркесіне айналып жүрген жауапты тұлғалардың ескеруі тиіс кейбір әдептерін санамалай кетуді жөн көрдік. Құрметті, асаба! Екі елді жарастырып, олардың

тату өмірге қадам басуына сеп болып жүрген тұлға ретінде мына кеңестерді ескере жүріңіз:

 

1. АЛЛАНЫҢ РАЗЫЛЫҒЫН ОЙЛАҢЫЗ

«Тек ақша алсам болды» деп емес, «ақшаны да алайын, оған қоса елге пайдалы нәрсе айтып, жақсылықтың таралуына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да үлес қосайын» деп ниеттеніңіз. «Тәрбиелік мәні бар кештердің жүргізушісі болайын», «дұрыс сөз айтылсын», «қоғамда жақсылықтың көбейіп, жамандықтың азаюына өз үлесімді қосайын», «бас қосулардың тағылымды болып өтуіне сәл де болса ат салысайын» деген секілді ниет болса, амалыңыз да сол ниетке қарай жемісін беретіні кәміл.

 

2. ҮЛКЕНДЕРГЕ ҚҰРМЕТПЕН, КІШІЛЕРГЕ ІЗЕТПЕН ҚАРАҢЫЗ

Той тізгінін ұстаған кей тамадалардың күлдірем деп бүлдіріп, елді күлкіге қарық қыламын деп, қарттардан сөз естіп қалып жататынын жиі байқаймыз.  Сондықтан әзілдің де өз орыны болатынын, жасы келген адамдарды елдің алдында масқаралаудың әдепсіз көрініс екенін естен шығармаңыз. Орынсыз сөйлеп, қариялардың көңілдеріне келмеуге тырысу, оларды мазақ етпеу – сіздің ой өреңіздің биіктігінің, тектілігіңіздің көрінісі.

Иә, кейде жұртты қыран-топан күлкіге қарық қылып, сөзіңіз өтіп жатуы мүмкін. Алайда, үлкендерді келеке ету ары қарай сізге ешқандай абырой әпермейді.

 

3. ЕЛДІ КҮЛДІРЕМ ДЕП ӨТІРІК АЙТПАҢЫЗ

Әзілдеп болса да өтірік айтпайтын адам Жәннаттың шетінен болса да, орын алады. Пайғамбарымыз  ﷺ  әзілдеп болса да, өтірік айтпаған. Шындықты айтып та қағысты қалжың айтуға, жұртты күлдіруге болады. Бұл тамаданың өз тапқырлығына, білім, тәжірибесіне  байланысты. Сондықтан өтірікті суша сапырып, ойдан қиюластырғаннан гөрі шындыққа жақын болыңыз. Сол кезде ғана сөзіңіздің нәрі, жүзіңіздің әрі (ұяты) сақталып, сөзіңіздің салмағы болады.

 

4. ОТЫРЫСТЫҢ, ЖИЫННЫҢ ДЕҢГЕЙІН АНЫҚТАП АЛЫҢЫЗ

Тойдың егесімен алдын-ала ақылдасып, келетін адамдардың жас ерекшеліктерін, деңгейін анықтау өте маңызды рөл атқарады. Ауылдың адамдары ма, әлде қаланың адамдары ма, қандай қызметтегі, қай ортадағы адамдар екеніне мән беру, сөзіңізді соған сай өлшеп қолдану – кештің берекелі өтуіне себеп болады. Қонақтардың  ой өресі жетпейтін немесе керісінше оларды қызықтырмайтын тақырыптарды, жеңіл дүниелерді айтып, оларды мезі қылып алмауды ойлауыңыз керек.

 

5. ЖАҚСЫ ДҮНИЕЛЕРДІ КӨП АЙТЫҢЫЗ

Жақсылықтың насихаты көбейген сайын, жамандық (негатив) өзінен-өзі ысырылып қала береді. Жақсылықты айта беру арқылы елді ізгілікке жетелейсіз, құлағын үйретесіз, оны елдің жүрегіне орнықтырасыз. Жамандықты жамандай беру арқылы елдің одан алыс болуына, жиренуіне, жақсылыққа ұмтылуына сеп боласыз. Мысалы, жақсылық дегеніміз – ата-ананы құрметтеу, Отанды сүю, имандылық, т.б. Ал жамандық дегеніміз – араққұмарлық, зинақорлық, ажырасу, т.б. Елге тәрбиелік мәні бар тұшымды сөз айту, кеш арқылы бір адамның болсын санасына ізгілікті сіңіріп қалу – сіздің ең басты мақсатыңыз болуы керек.

 

6. АРАҚ ҚОЙЫЛАТЫН ТОЙЛАРДАН, ДАСТАРХАНДАРДАН АЛЫС БОЛЫҢЫЗ

Себебі, қанша «ақша керек болып тұр» деп өз-өзіңізді ақтасаңыз да, арағы бар ортада, арамдық араласқан табыста береке болмайды. Айналдырған 4-5 сағатта теріңізді бір бұрқ еткізіп, нәтижесінде мол несібеге белшеңізден батып, олжалы қайтуыңыз мүмкін, бірақ мұндай жағдайдағы сөзіңіз егесін таппайды, Алланың алғысы жаумайтын, тілектер қабыл болмайтын, Алланың ашуы түскен ортаға келгеніңіз сізге абырой әпермейді. Арақ жүрген жерде періштенің болмайтынын, періште болмаған соң ол жерде әлбетте азғырушы шайтанның болатынын ескергеніңіз дұрыс.

 

7. ТОЙДЫҢ ЕГЕСІНЕН, ТІЛЕК АЙТУҒА ШЫҚҚАН АДАМДАРДАН, ҚҰДАЛАРДАН ҚОСЫМША АҚЫ, СЫЙ-СИЯПАТ КҮТПЕҢІЗ

«Құдалар жомарт шығар, қалталарыңыздан асабаға атып жіберіңіздер», «ағамыз маған да бірдеңе ұстататын шығар» деп әзілдеп ақша табу, біреудің қолына жалтақтау, қонақтың қалтасын қағу – адамның сыйын кетіретін, құрметін қашыратын дүние. Сондықтан мұндай арзан істен бойыңызды барынша аулақ ұстаңыз.

Міне, бұл асабалар ескеруі тиіс әдептердің тек бір парасы ғана. Ал сіз той тізгінін ұстап жүрген ағаларымызға қандай ұсыныс, тілек айтар едіңіз? Төменге өз пікіріңізді жаза отырыңыз.

6194 рет оқылды