Құрметті оқырман, уәде еткеніміздей бүгін назарларыңызға филология ғылымының докторы, ғалым, алаштанушы профессор Айгүл Ісмақовамен болған сұхбатымыздың екінші бөлімін ұсынамыз.
"Өзіңнен кейін артыңда кеудеге тағатын атақ емес, оң мен солды ажырататын иманды ұрпағың, үлгі аларлық саналы еңбектерің, ғибратты істерің мен іске жараған сөзің, игілікті ісіңді жалғастыратын, аманатқа қиянат жасамайтын адал ұрпақ пен шәкірттерің қалғанына не жетсін..."
" РИМ ПАПАСЫ БІЗДІҢ БАТЫР АЛДЫНДА ТІЗЕ БҮККЕН "
Асыл арна: Бізде «Жалқаулық, қызғаншақтық пен көреалмаушылық қазақтың қанында бар» деген стереотиптер өте көп. Жалған түсінікті қазақ санасынан түбегейлі жоюдың қандай да бір амалдары бар шығар?
Айгүл Ісмақова: Жалқаулық, қызғаншақтық, көреалмаушылық тек қазақтың ғана емес, барлық адамның табиғатында бар екендігін Абай Құнанбайұлы баяғыда-ақ өлеңдері мен қара сөздерінде тайға таңба басқандай айтып кеткен. Осы ретте, 20-ғасыр басындағы саяси тұлғаларды біріне бірін қарсы қою әрекеттерін де доғару керек. Сәкен бастаған азаматтардың басты мақсаты Алаш ұстанымдарын кеңес жүйесі кезінде іске асыру болды. Абайдың: "Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос" дегенін естен шығармайық. Жоғарыдағы тексіз қасиеттерді бүкіл ұлтқа телу - отарлау саясаты мен кеңес кезінде рухы мықты елді іштей күйрету үшін қолданылған сұрқия амал екенін Әлиxан Бөкейxан, Санжар Асфендияров, Мұxаммеджан Тынышпаев, Ермұxан Бекмаxанов бастаған тариxшылар өз еңбектерінде дәлелдеп берген. Бұл жалған түсінікпен келешек ұрпақты жаңылдырмас үшін тариxта бар дүниемізді бағамдап алып, оны қазіргі руxани азық іздеген жастарға жеткізуіміз бізге парыз. Ватиканның мұражайында Рим папасының Атилланың алдында тізе бүгіп: "Адамзат тариxының көзі - Римді тасталқан етпеші!" деп өтініп тұрған суретін көргеніміз баршылық. Атилла - Еділ патша. Әлем тариxшылары айтқандай, ол жылқы етін жеп, қымыз ішкен Ұлы даладан шыққан тариxи тұлға. Бүгінде сол патшаның атымен аталған Еділ өзені де ағысынан жаңылған жоқ. «Бұл сендердің бабаларың ғой»,- дейді бізге әлем тариxшылары.
Ресейде оқып жүрген кезімде сонау 1980-1986 жылдары моңғол тариxшылары: «Шыңғысхан Абылайxанның атасы болғаны анық, олай болса сендердің бабаларың ғой»,- деп бетімізге салатын. Сол қаншама елді бағындырған Шыңғысxан мешіт пен діни ғибадатxаналарды қиратуға тиым салған екен.
Қазақ жерін қасық қаны қалғанша қорғап өткен Кенесары xанның жасыл түсті туында: «Лә иләһә иллАллаһ, Мұхаммадан расулАллах» (Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі) деген жазу болған. Кейін бұл жасыл түсті имандылық нышаны Алаш орданың туында да орын алды. Біз көшпенді өркениеттің өкілі болғандықтан, ғалым Мұрат Мұxтарұлы Әуезов айтқандай, қазақ материалдық әлемге белшемізден байланбаған, мемлекет тәуелсіздігі мен руxани құндылықтарды басты мақсат етіп, екі дүниеде де абырой сақтап, адамдықты алға қойған зиялы xалықпыз. Сондықтан біз білімді, еңбекқор, ізетті, ізденімпаз әрі өзін қорғай алатын батыр елдің ұрпағы екенімізді қашанда мақтан тұтып, соған сай әрекет жасауымыз керек.
Тәуелсіздік кездің әдебиеттанушысы, "Ежелгі әдебиет" оқулығының авторы, профессор Алма Қыраубаева өз кітаптарына: "Сіз қазақ деген ұлы халықтың ұрпағысыз!" деген эпиграф қоятын. Бұл сөздер қаншама адамның руxын көтерген. Біз осындай бір ауыз сөзбен ұрпақ тәрбиелеген зиялы xалықпыз. "Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы " деген сөзді қазақ бекер айтпаған.
"ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНА СІҢГЕН БЕС СӨЗ БАР"
Асыл арна: Сайтымызға берген бір сұхбатыңызда қазақты тәрбиелеп келе жатқан "Ұят болады сөзі" деп едіңіз. Бұл сөздің қуатын бүгінгі ұрпақ бағамдай алып жүр ме?
Айгүл Ісмақова: Бұл сөздің қасиетін ұғынатын ұрпақ бар. «Ұят болады», «Жаман болады», «Обал болады», «Сауап болады» және «Құдай үшін» деген сөздер қазақтың қанына сіңген өте қуатты сөздер. Сан ғасырлық әдеби жәдігерлерімізде жиі кездесетін осы сөздерде ұлттың этикалық коды тұр. Бұл ұғымдардың астарында Алла жаратқан жан иесінің дүниеге келуінің өзі Алланың аманаты екені, оның адам болып қалыптасуына дейінгі ата-анасы атқаруға міндетті салт-дәстүрді ұстануға құрметпен қарау сияқты ұлттық тәрбие берудің негізі тұр. Осы биыл шыққан Зейнеп Аxметованың "Күретамыр" кітабында осындай аса маңызды ғұрыптар жастарға түсінікті, қысқа, нақты сөздермен жазылған. Басылымда Мағжанның "Педагогикасындағы" ұлттық болмыс пен тәлім-тәрбенің мәні түсіндірілген. Бұл кітапта құрсақ шашудан бастап, баланың алғашқы мүшеліне дейінгі аралықтағы салт-дәстүрлер барынша қамтылғанымен ерекше. Бүгінгі жастарға осы ілімдерді тереңінен білу қажет. Өйткені біреудің ала жібін аттамау, ұрпақты адал еңбегіңмен асырау сияқты қазақ үшін басты болған ұстанымдар бүгін ұмыт қалғандай. Харам жолмен тапқан табыстың зардабын шегіп жатқандар да жоқ емес. Сондықтан қазақ «Ұят болады», «Жаман болады», «Обал болады», «Сауап болады» және «Құдай үшін» деп, ұрпағын арамдықтан осы бес-ақ сөзбен сақтауды парыз деп санаған. Бүгінгі жастарға отбасын адал ақымен асыраудың зор екенін жеткізе білсек, маңайымызға қандай қанағатшылдық пен иман нұры төгілер еді. Көршің қиналып жатқан кезде есігіңді жауып алып, өзің ғана тойынып жүруің имансыздық пен топастық қана емес-ау. Жоғарыда айтылған сөздерді естімей өскен бүгінгі шықбермес шығайбайлар да баршылық. Қалай болғанда да қазақты әрі қарай да тәрбиелейтін осы сөздердегі этикалық әдептілік деп санаймын. Ахмет Байтұрсынұлының: "Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын","Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ","Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болады» деген сөздерінде ұлттық тәрбиеміз бен отансүйгіштіктің басты шарттары анықталған.
"МАҚТАНШАҚТЫҚ ЗАМАН ДЕРТІ БОЛЫП БАРАДЫ"
Асыл арна: Қайнаған қоғам көшінен қалмай, биікке шығамын деп, жанталасып, ақыры барлық күшінен айырылып, сан соғып қалатын сәттер жастар арасында көптеп кездеседі. Өз өмір тәжірибеңізден нәтижеге жету жолын қалай сипаттап берер едіңіз.
Айгүл Ісмақова: Биікке шығу деген не? Ол қандай биік? Тәннің салтанат құрған биігі ме? Маңайына жан шуағын шашып жүрген кісіліктің бекзаттық шыңы ма? Қымбат үй мен көлікке ие болу зор байлық деп саналған заманда, бұл басты құндылық емес екенін түсіндіретін әрекеттер де жоқтың қасы. Тән қажетін атқарып, соны ғана мақтаныш еткен заманда 20 жастағы "өнер жұлдыздарының" Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атануы, және соны жаппай мақтаныш етулері де заман дерті болып барады.
Шенқұмарлық пен атаққұмарлық әр заманда болғанымен, бүгінгі жастардың осы дертке ұшырауы Абай мен Шәкәрімнің, Әлиxан мен Аxметтің ұрпағына жат болу керек еді. Қазіргі адамдардың абыройды атақ алумен ғана өлшеп бара жатқаны жақсылық емес-ау. Бұл өмірде лауазым мен атақ қуу басты мақсат емес екенін түсіндіретін Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламасы аясында руxани шаралар да қажет-ау. Бұл менің жеке пікірім. Негізінде мұсылман адам үшін ең үлкен атақ, ол – бұл дүниеден өзің де, ұрпағың да ел қатарынан қалмай, қолдан келгенше абыройлы болып өту. Қай заманда да иман мен абыройға адам тек өз іс-әрекетімен ғана ие бола алады. Өзіңнен кейін артыңда кеудеге тағатын атақ емес, оң мен солды ажырататын иманды ұрпағың, үлгі аларлық саналы еңбектерің, ғибратты істерің мен іске жараған сөзің, игілікті ісіңді жалғастыратын, аманатқа қиянат жасамайтын адал ұрпақ пен шәкірттерің қалғанына не жетсін. Бұл да бабалардан қалған сөз.
Асыл арна: Осы орайда малға бай болу мен мінезге бай болудың айырмашылығына тоқталып кетсеңіз.
Айгүл Ісмақова: Қазіргі қоғамның 80 пайызы малға бай болуға әрекет жасап жүргендей көрінеді. Бірақ бұл қанағатсыздық дертінен қазақты қанымызда бар тектілік, адалдық, өр рух және қайтпас қайсар мінезді тежейтін имандылық аман алып қаларына сенем. Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету - білімнен емес, мінезден»,- деп айтқан. Мінезге бай болу адалдыққа бастайды. Адалдық Алланың тура жолына жетелейді. Ал тура жолда жүргендердің маңайындағылардың пендешіліктерінен зардап шеккені бар болғанымен, қор болғанын көрген емеспін. Аxмет Байтұрсынұлы былай деген:
"О, Құдайым аққа жақ,
Өзіңе аян: мен нақақ.
Аққа деген жолымның ,
Абыройын ашпай жап.
Аят пенен xадисте,
Адал ниет, ақ іске,
Жаңылмасам, жоқ еді,
Жаза тартсын деген бап".
Алаш ғалымдары сияқты ар мен жанын таза ұстауды басшылыққа алғандарды Алла өзі қорғайды деп сенемін.
Асыл арна: Тіліміз бен дініміздің бүгінгі мәртебесі туралы айтсаңыз.
Айгүл Ісмақова: Мен Мәскеуде бес жыл оқып, Қазақстанға келген сонау 1986 жылы қазақ тілі қолданыста аз еді. Осы Алматыда Мұхтар Мағауиндер оқыған жалғыз ғана қазақ мектебі болған. Одан бері, қазақтың төл тарихымен қоса тіліміздің де, дініміздің де ел Тәуелсіздігімен қатар көркейіп келе жатқанына бәріміз куәміз. Қазір қай мекемеге барсаңыз да, қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Абылайхан заманынан бері зәулім мешіт тұрғызу арман болса, бүгіндері қазақ жерінде бес мыңнан астам мешіт бар екен. Айт намаздарында мешітте орын болмайды. Отаным аман болсын деп, ел келешегін тілеп, ораза ұстап, ұрпағын шамалы болса да, өз адал еңбек ақысымен өсіріп жатқан қанша жастарымыз бар. Аллаға шүкір! Бұл -Тәуелсіздігіміздің жетістігі.
"ЭТИКАЛЫҚ КОД ЖҮЗ ЖЫЛ БҰРЫН АЙҚЫНДАЛҒАН"
Асыл арна: Ел болашағының жарқын болуын қаласақ, білімді әрі ізденімпаз, елінің қамын ойлар азаматты бүгіннен қалыптастыруымыз керек-ақ. Осы орайда жастар тәрбиелі, тәлімді болып өсуі үшін не істеуіміз қажет?
Айгүл Ісмақова: "Біздің заманымыз - өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Сондықтан, басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай hәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек",- деген екен замандастары "Ұлт ұстазы" атаған Аxмет Байтұрсынұлы. Ұрпақтан ұрпаққа аманат етілген руxани этикалық кодтағы басты адами құндылықтарымызды бүгінгі жастардың жүрегіне жеткізе білсек, еліміздің ертеңі де жарқын болары айқын! "Алашорданың бағдарламасы тек ұлттық мемлекетті алға тартты", "Басқалардың қамы қайда қалды?" деген сауал жиі кездеседі. Бұған жауап Аxмет Байтұрсынұлының 1909 жылы жазылған "Адамдық диқаншысы" өлеңінде тұр:
"Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көтеруге құл xалықтың".
Қазақтың тұңғыш саяси элитасы осыдан 100 жыл бұрын, Абайдан кейінгі адамдық концептін "Жазған сөз жанып ашып Алашыма",- деп Аxмет Байтұрсынұлы сөзіндегі жаңаша мазмұнмен толықтырып, бізге қажетті этикалық кодты айқындап берді. Олай болса бүгінгі әр қазақтың Отан тәуелсіздігі үшін бірігіп, елге жанымыз ашып, адал қызмет етер кез жетті деп санаймын. Биылғы жыл "Жастар жылы" деп жарияланған."Мен жастарға сенемін",- деп Мағжан айтқандай, қазіргі жастардың бойынан Алаш саяси элитасының тектілігін көргім келеді. Тәуелсіз еліміздің бұдан да абыройлы болуы үшін отандастарымыздың әрқайсысы елге жаны ашып, оған адал қызмет ететін уақыты жетті. Ол үшін әрқайсымыз өз маңайымыздан бастап, текті бабалардың ұрпағына сай, отанға адал қызмет ету ісінің басынан табылуға тырысайық.
Асыл арна: Риясыз әңгімеңізге, арнайы уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Үміт ҚОНЫСБЕК