Руханият 2019-02-07 (0) (4579)

СЕН БҰЛ ДҮНИЕДЕ МҮЛДЕ ЖОҚ ЕДІҢ...

СЕН БҰЛ ДҮНИЕДЕ МҮЛДЕ ЖОҚ ЕДІҢ...

 

Иә, сені айтамын. Мүлде жоқ едің ғой? Туылатыныңды да Құдайдан басқа ешкім білмейтін еді. Алла саған соны Құранда ескертіп:
 

«Адам баласы әуелде Біздің оны жаратқанымызды есіне алмай ма? Ол ешнәрсе болмаған еді», - деді. («Мәриям» сүресі, 67-аят)

БІРІНШІ:

Әкеңнің белінде су болдың. Кейін аналық жасушаға енген 250 млн. ұрықтың ішінен жалғыз өзің бөлініп қалдың: 

«Әрі Ол адамның (Адам атаның) жаратылысын лайдан бастады, кейін оның ұрпағын әлсіз судың тамшысынан жасады» («Сәжде» сүресі, 7-8-аяттар)

ОДАН КЕЙІН:

Анаңның құрсағында жалғыз жасуша болып жаттың. Тұз түйіріндей титтей кезіңде шамасыз, шарасыз, қорғауға мұқтаж халде едің. Аз уақыттан кейін жарылып, екі жасушаға айналдың. Тағы екіден бөлініп, төртеу, сегіз, он алты... Осылайша көбейе бердің. Содан кейін ғана бір кесек етке айналдың. Бірте-бірте бір бейнеге келдің. Сөйтіп қолың, аяғың, көзің жетіле бастады. Алғашқы жасуша кезіңнен 100 млрд. есе үлкейдің, 6 млрд. есе ауыр тарттың: 

«Адам баласы өз бетімен қараусыз, бос қалдырыламын деп ойлай ма?! Ол төгілген мәниден (ұрық сұйығынан) бір тамшы емес пе еді?! Кейін ол ұйыған қан болды. Сөйтіп оны жаратып (тұла бойын үйлестіріп) теңестірді. Әрі одан екі жыныс: ер және әйел жасады» («Қийама» сүресі, 36-39-аяттар)

АЛ ҚАЗІР АЙНАҒА ҚАРАШЫ! КІМДІ КӨРІП ТҰРСЫҢ?

Айнаға қарашы, қарақаттай жылтыраған екі көзің бар. Тамақ ішетін аузың, дем алатын мұрның, көзіңді түрлі шаң-тозаңдардан қорғайтын кірпіктерің, екі көзіңе сәйкес қасың бар. Абай айтқандай, «егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтіп ләззат алар едік? Мұрын иіс білмесе, дүниеде болған жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтық қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білмесе, дүниеде не қатты, не тәтті, не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік?» 

Алла Құранда: «Ақиқатында, адамды көркем бейнеде жараттық», - дейді. («Тин» сүресі, 4-аят)

БІР КЕЗДЕРІ СЕН...

Бір кездері сен бұғанасы қатпаған сәби болдың, бірақ олай қалып қойған жоқсың, арада біраз уақыт өткен соң жалындаған жастық шаққа жеттің. Сол секілді бір күні қартаясың, қауқарың кетеді. Әлсіз қалпы қалып қоясың: 

«Алла, Ол сондай, сендерді әлсізден жаратты, содан кейін әлсіздіктен кейін қуат берді, одан кейін күш-қуаттан соң әлсіздік беріп, сақал-шашқа ақ түсіреді. Ол Өзі қалаған нәрсесін жаратады. Ол – әл-Алим (бәрін Білуші), әл-Қадир (барлық нәрсені Жасай алушы)». («Рум» сүресі, 54-аят)

САНАП КӨРЕСІҢ БЕ?

Осы аралықтың әрбір миллисекундында саған қамқор болған, бір күнде 48 мың рет ішке-сыртқа дем шығаруыңды, жүрегіңнің тәулігіне 100 мың рет соғуын қадағалаған, ризық берген, махаббатына шомылдырған бір Құдірет бар. Ол – Алла! 

«Әрі сендердегі кез келген (барлық) игілік – Алладан», («Нахл» сүресі, 53-аят), «Менің мейірімім барлық нәрсені қамтиды» («Аъраф» сүресі, 156-аят), «Ол сендерге сұрағандарыңның барлығын берді. Алланың игіліктерін санайтын болсаңдар, оның есебіне жете алмайсыңдар. Негізінде, адам баласы тым әділетсіз, тым шүкірсіз (Алланың берген игіліктеріне алғыс білдірмейді» («Ибраһим» сүресі, 34-аят).

Бір тамшы әлсіз судан – қабірдегі жансыз тәнге дейінгі өмір осы, достым! Бар болғаны екі парақ. Ал енді өзің айтшы, кім махаббатқа лайық, кім құлшылыққа лайық, кім қорқынышқа лайық, кім сенің ойыңның, жүрегіңнің, тіліңнің Иесі болуға лайық?! Ойлан.

Мен сенің әлі де құлшылыққа деген құлшынысың жоқ екеніне сенбеймін, сенгім келмейді...

 

4579 рет оқылды