23:20 | Жас қари
23:45 | Парламент тынысы
Отбасы 2014-12-10 (0) (12835)

Жас жанұяның жарғысы

Жас жанұяның жарғысы

Расында, үйлену, ер мен әйел арасындағы сүйіспеншілік пен мейірім – Алла Тағаланың мұғжизалары мен нығметтеріне жатады. Тіпті, Құранда неке «ауыр, қатаң серт» деп те аталған. Өйткені, отбасы –Раббысының разылығына ұмтылған жанның аялауға тиіс асылы, құлшына атқаратын құлшылығы. Отбасы – бір университетке салмақ болатындай ұғым. Оның ішінде күйеудің, әйелдің хақысы сынды деканат, бала тәрбиесі, туған-туыспен қарым-қатынас, қаржы табу т.б. факультеттері, аспаздық, ата-енемен тіл табысу, жарың үшін сұлулану секілді мамандықтар, «Отбасы қиындықтарынан қалай шығу керек?, «Күйеуіме сөзімді қалай өткізе аламын?», «Әйелімнің жүрегін қалай жаулаймын?», «Кешірімді бола білу үшін не істеу керек?» сынды зерттеуді күтіп тұрған «ғылымдар» бар.

 «Алла жаратқан дүниенің тұтқасы – еркекте, кілті – әйелде, қызығы – балада, сыры – данада» деген қанатты сөздің реті де осы тұсқа келіп тұрғандай... Десе де, бүгінде айтылып жүрген «әттең-айлардың» бірі – осындай қастерлі ұғымның арзан, салмақсыз, жауапкершіліксіз қарауға болатын дүниеге айналып кетуі. Жәннатта бірге боламыз деп үйленген жастардың отауы баянды емес. Неге? Адамзаттың ұстазы мұсылманның жұбайлық өмірдің шынайы жемісін көруіне себеп болатын шариғат үкімдерін айтып кеткен жоқ па еді? Ешкімге қол шошайтып тұрып, «кінә киімін» кигізе алмаймыз. «Ең үлкен жеңісім екеуіңді ажырастыру» деп анталап тұрған шайтан, жастық, тәжірибесіздік, отбасы туралы түсініктің жоқтығы аяқтан шалуда. Шайтан «сен жас екенсің» деп ешкімді аямайды. Жүректің түбіне отырып, жұмысын белсенді атқарады.

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» дегендей, бұрын соңды отбасын құрып көрмеген адам мұның байыбына қалай барсын?

Мұсылмандар – бір бүтін дене. Олардың біреуі ауырса, басқалардың да мазасы қашады. Әрі отау берік болмаған қоғам, үмбет өспейді, өшеді. Осы жағдайларды ескере келе, ерлі-зайыптылық өмірдің бірнеше жылдарын артқа тастап, үлгілі күйеу бала, мақтан тұтар әке болып отырған азаматтардың ақыл-кеңесіне құлақ түре отырып, жаңадан шаңырақ көтерген жастарға мынадай шағын әдіснама ұсынуды жөн көрдік. Игілігіңізге жаратарсыз, жас жанұя!

1.Жас отбасы мүшелері үйленген сәттен бастап, өздерінің панасын, қорғанын, сақтаушысын Алла деп танысын. Бір-біріне деген махаббат пен мейірімнің баянды болуын әр намазда дұғасына қоссын. Жүректерге Алланың ғана үкімі жүреді. Ерлі-зайыптылар Аллаға жақындаған сайын бір-біріне жақындайды. Демек, отбасы беріктігінің кілті – Алламен қарым-қатынасты күшейтуде, құлшылықты атқаруда. Ешбір еркек өзінің даналығы, білімі, сымбаттылығы, байлығы, мінезінің арқасында отбасын ұстап тұра алмайды. Араға махаббат пен мейірімді орнататын – Алла Тағала ғана. Сондықтан да, ең алдымен істі Аллаға тапсырып, әрдайым мына дұғаны оқу керек: «Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың (Өзіңе бойсұнып, жазадан қорқып, сақтанғандардың) алды ете гөр!». («Фұрқан» сүресі, 74-аят).

2.Жаратылысының бақытты болу жолын бәрінен артық білетін Жаратушы мен Оның елшісі бұйырған кез келген амалда береке, игілік бар. Мәселен, сүннетте үйленген жігіт қалыңдықты ең алғаш көргенде шөлін басу үшін сүт беру рәсімі бар. Сондай-ақ, неке түні екеуі жалғыз қалғанда жігіт қалыңдықтың басына қолын қойып: «Алланың атымен!» деп айтады да, мына дұғаны оқиды: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сіздерден біреулеріңіз үйленсе немесе қызметші алса былай десін: «Я, Алла! Расында, мен Өзіңнен оның игілігін,оны не үшін жаратқан болсаң соның игілігін сұраймын және оның кесірінен Өзіңе сыйынамын» («Аллааһуммә иннии әс-әлукә хайраһәә уә хайра мәә жәбәлтәһәә ъаләйһи уә әъуузу бикә мин шәрриһәә уә шәрри мәә жәбәлтәһәә ъаләйһ». Содан кейін екеуі бірге екі рәкәт намаз оқиды. Сондай-ақ, жыныстық қатынасқа түсерде айтылатын дұғаны да естен шығармау керек.

3.Ақ некені қидырып, бір-біріне «ауыр серт» берген ер мен әйел ең алғашқы күні-ақ, бір-бірінің ұнататын және ұнатпайтын нәрселеріне қанық болуы керек. Мейлі, ол әрекет болсын, мейлі ол жейтін тағам, мейлі иіс, киім, мінез болсын... Осылайша ақ отауды кірлетпестен, бақытты өмір сүреміз деген ерлі-зайыпты бір-біріне ұнайтын нәрселерді ғана жасап, ұнатпайтындарынан тыйылуға тырысып бағады. Ренжіскен жағдайда, дереу жақсы көретін істерін жасауға асығасыз... Мәселен, әйел әдеміленді, иістенді, үйін тазалап, тамағын әзірлеп күйеуін күтіп отыр. Күйеуі келді. Бәрі тамаша, бірақ жары өзі ұнатпайтын тамағын дайындап қойыпты. Оны толықтай қуанта аласыз ба? Мінеки, осындай бір-біріне ұнайтын нәрселерді білмегендіктен шайтанға оп-оңай есік ашып қоюларыңыз әбден мүмкін.

4.«Ұлы сөздің ұяты жоқ» дегендей, үлкен қателіктерге ұрынбас үшін әрі сезімдеріңіздің суып кетуінің алдын алу үшін төсек қатынасындағы мәселерді ақылдасу керек. Ізденгіңіз келсе, шариғат мұны назардан тыс қалдырмаған.

5.Әркім өзінің хақысына берік болса, отбасылық өмірде үлкен жетістікке жетуге болады. Яғни, өзгеніңкін талап етпес бұрын, өзіңнің хақыңды кемеліне жеткізіп орындауды әдетке айналдырған абзал. Ұрыстың басым бөлігі осы нәрседен шығады. Яғни, еркек: «Неге сен мынаны жасамадың? Бұл сенің міндетің ғой» десе, әйел: «Өзіңдікін жөндеп ал, сен неге бұлай етпейсің?» деген айыптаулардың соңы жақсылыққа алып бармауы да мүмкін.

6. Шағын ауылдардың бірінде екі отбасы көрші тұрыпты. Бірінің тұрмысы, татулығы кісі сүйсінерлік болса, екіншісі, берекесіз, нашар отбасы екен. Күн сайын ұрыс-керістен көз ашпайтын ерлі-зайыптылар қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын шаңырақтың құпиясын білмекке бекінеді. Ұят болса да аңдымақ болады.

Үйдің отағасы жұмыстан оралып, аяқ киімін қағып, шапанын жинай бергенде байқаусызда босағадағы сүт құйылған құмыраға тиіп кетеді. Сол мезетте ыдыс сынып, сүт төгіліп қалады. Сынған ыдыстың дауысын естіген әйел үйінен жүгіріп шығып:

     Қап, отағасы-ай, кешіріңізші мені. Өзіңіз күні бойы бала-шағаның қамы үшін еңбек етіп, жұмыстан шаршап келгенде көңіл-күйіңіз бұзылды-ау. Мен де ақымақпын, осы ыдысты дұрыстау жерге қойсам болады ғой, -деп өбектейді. Сонда еркек:

     Жо-жоқ, сенің не кінәң бар? Өзің кешке дейін үй шаруасынан шаршап, балалармен әлек болып жүрсің ғой. Өзімнің тиянақсыздығым ғой. Қорбаң-қорбаң етіп жүрмесем нетті? Мен кінәлімін,-дей бергенде әйел:

     Жоқ, жоқ, сіз еш жазығыңыз жоқ,-деп таласа кетеді. Осылай екеуі кінәні бөлісіп, бастары соғысып жүріп ыдыстың сынығын жинап алады.

Бұл көріністі көрген көрші ерлі-зайыптылар сандарын соғып, «міне, мәселенің мәні қайда жатыр?» дескен екен.

Мұндай мінез отбасында, қоғамда, енемен, бала-шағамен, әріптестермен қарым-қатынаста ауадай қажет. Кінәласпау, кішірейе білу – отбасын сақтап қалатын ең үлкен негіз. Кім ақылды болса, сол жеңіледі, кім ақылды болса, сол сабыр сақтайды...


7.«Отбасын сақтаудың ең үлкен қағидасы - кінәласпау. Ер адам бұлттай ауыр мінезді болғанымен, ашуының тарқауы жылдам. Әйелінің шыққан күндей шырайын сезінсе, нөсерлеткен жаңбырдай жақсылығын жасай бастайды. Еркектің еркек екенін сезініп, еркелей білсең, есті еркек ентелей бермейді. Ал әйел адамның табиғаты шырмауық гүлге ұқсайды. Шырмауық гүл жерде жатса жайылып жапырақ жайғанмен, көркейіп көзге түсе қоймайды. Ал сүйеніп өсетін тіреу табылса, бірден бой түзеп, құлпырып шыға келеді. Қауызынан гүл ашып, жақындасаң жұпары аңқиды. Әйел адам да дәл солай, арқа сүйейтін ардақты күйеуі болса, соған бағынып, соның тілеуін тілей жүріп қана Алланың мейіріміне шомылады» (М. Тазабек).

8.Ғұсылдың жағдайын жасауда, ғұсылға ұқыптылық танытуда – береке бар. Ер мен әйел қосылғаннан кейін міндетті түрде ғұсыл алады. Сондай-ақ, хадисте ғұсылы жоқ адамның үйіне періштенің кірмейтіндігі немесе ғұсыл құйынып ұйықтаған адамның қойнына періштелердің кіріп ұйықтайтындығы айтылған.

9.Енені зерттеу. Әйел Алланың разылығын ерінің разылығы арқылы табады, ал, ерінің разылығына жетудің көпірі – енесімен дұрыс қарым-қатынас. Ене – тәрбие мектебі. Енемен құрбы болуға тырысыңыз. Оған сыйлық беруді әдетке айналдырыңыз. Бүгінгі қоғам келіндерінің көпшілігінің басты проблемасы – енесін зерттемеуінде болып отыр десек артық айтқандық емес.

10.Мұхамедия үмбетінің ең абзал тұлғалары болған Фатима анамыз бен Әлидің (ол екеуіне Алла разы болсын) шаңырағында да кішігірім ұрыс болып, Әлидің үйінде емес, мешітте ұйықтағаны туралы оқиға хадисте айтылады. Ал қазақта «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген әдемі сөз бар. Отбасы болған соң оттың шығуы заңды. Сахабалардың үйінде осындай келіспеушіліктердің болуы олардың салихалылығына кедергі болған жоқ. Және ондай құбылыстардың біздің үйімізде болмай қалуы мүмкін бе? Яғни, жас жанұя кейбір түсініспеушіліктердің ажырасуға себеп емес екендігін ұғынғанда ғана бақытты өмір сүре алмақ.Ұрыстың шеті шыққанда көзіңе шыбынның қанатын көлегейлегенде артта тұрған үлкен тауды көре алмай қалатының секілді, әйеліңнің не күйеуіңнің артында тұрған таудай жақсылықтарды байқай алмай қаласың. Ал егер, сабырға келіп, зерделесе, өзінің әйелінен (не күйеуінен) артық жанды таппайтындығына көзі жетеді. Себебі, ұрыс-керіс әрбір отбасында болады. 

11.Кешірім – отбасын сақтап қалатын негізгі қасиеттердің бірі әрі тақуалыққа ең жақын амал. Жігіт пен қыз Пайғамбар мен оның сахабалары туралы баяндалғандай көркем отбасын құрмаққа ниеттенді. Әсіресе, сезімтал келетін қыз баласы өте көп нәрсені жоспарлайды, армандайды, ері үшін таңғаларлық әрекеттер жасауды ойға алады. Некелерін қиды. Арада аз уақыт өткеннен кейін күйеуі (не әйелі) ол ойлағандай адам болып шықпады. Ұрыс-керістер, келіспеушіліктер орын ала бастады. Сабыр етуге тырысып бақты. Әлі де қалағанындай болмай жатыр. Оның жаны ауырады, содан кейін өкіне бастайды, үшінші, көңілі қалады. Ол үшін ешнәрсе жасағысы келмейді. «Неге мен істеу керекпін?», «Неге ол жасамады?». Осындай «негеден» басталатын сұрақтарға көміледі. Бәріне қол сілтей салуға бекінеді. Ажырасу деген ауылдың шетін көре бастайды.
Осы тұста ақылға келсе, өзінің ниетінің қаншалықты дәрежеде екендігін байқайды. Мұндайда адам бірінші орынға Алланы қою арқылы тығырықтан шығады. Яғни, мұсылман алдымен Алланы жақсы көреді, ал жарын – Алла разылығы үшін жақсы көреді. Амалдарын, ұмтылысын Алла разылығы үшін жасағанда ұтылмас еді.

Екінші жағынан, адам өзінің әйелінің (не күйеуінің) өзі секілді кемшіліктері бар адам екендігін естен шығарып алады. Тіптен, өзінің кемшілігі одан да көп болуы мүмкін. Жер бетінде кемшіліксіз адам болмаса, кемел, мінсіз қарым-қатынасты іздеуіміз тағы бекершілік болып шықпай ма? Ал көп кемшілікке көз жұмып, кешіріммен өткізе білген адам ар жағындағы талай жақсылығына куә болады...

Жас жанұя, күнделікті тәжірибеде қолданылып жүрген және оң нәтижесін берген бұл кеңестерді орындамас бұрын барлық істің Иесі, Қозғаушысы болған Алладан көмек сұраңыз. Атқарып болғаннан кейін, нәтижесін тағы да Аллаға тапсырыңыз, тәуекел етіңіз! Өйткені, баянды әрі бақытты  өмір Алланың ғана қалауымен болмақ... Ал біз өз тарапымыздан «Жарыңызға Жәннатқа жету жолында жақсы жолдас болыңыз!» деген тілек айтпақпыз...

12835 рет оқылды