13:40 | Құран уақыты
Дәстүр 2014-12-10 (0) (8919)

ҰЛТТЫҢ ТАҒДЫРЫ – ҰЛДЫҢ ҚОЛЫНДА

ҰЛТТЫҢ ТАҒДЫРЫ – ҰЛДЫҢ ҚОЛЫНДА

Айта-айта жауыр болды ғой демессіз. Бұл өзі бір қаншалықты жауыр болса да, айтуға да, жеткізуге де соншалықты ауыр тақырып. Бүгінде әлеуметтік желі кез келген адамның айнымас серігіне, өмірінің бір бөлігіне айналғаны жасырын емес. Ғаламтор арқылы ізгілікті, имандылықты насихаттап жүргендер, я болмаса табыс көзіне айналдырып, қоғамға пайдасын тигізіп жатқандар өз алдына. Біздің айтпағымыз олардың жайы емес. Біздің айтпағымыз – көзін тырмалап аша салып лайкын санайтын, телефонының алдыңғы камерасына маза бермей күні бойы мың рет қарайтындардың жайы.

Сонымен, бүгін кез келген желіге кіріп қалсаңыз да бетіне әдемі қыздың суретін салған «әдемі» қыздардың бейнесінен көзіңіз сүрінеді. Осындайда еріксіз еске:

                              Қазақтың, айналайын, әйелдері-ай,

                              Айна емес, жүрегіне қарап өскен, -

деп жырлаған Жұбан ағамыздың шумақтары оралады.

         Көпке топырақ шашып, біреуді кемсітіп, кінәлаудан аулақпын. Бірақ, алысқа бармай-ақ, өз жақындарымның арасында да осы мәселенің өзекті өртердей өкінішті болып тұрғанын жасыра алмаймын.

         Қыз – бүкіл бір әулеттің, қала берді бүкіл ұлттың ар-намысы, байлығы. Қыз – өріс. «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды». Сол үшін де апаларымыз қызы түзге шықса да артынан ере шығатын. Әкелеріміз де қораның сылтауымен қақырынып-жөткірініп сыртта жүретін. Қызын еркелететін, бірақ еркінсітпейтін. Ал бүгінгі таңдағы қыздардың желіге емін-еркін сурет қойып, бір-бірімен жарыса «атақты» боп жатқандары, оған үйіндегі әкелері мен ағаларының қызғанбақ түгілі қосыла лайк басып, қошемет көрсетіп отырғандары – аса бір қуана қоярлық жай емес.

         Әрине, «Тәрбие – тал бесіктен», бала тәрбиесі анасының мойнында ғой дерсіз. Бірақ қыз баласы ретінде мына бір шындықты мойындаймын. Анаңның ақылынан да, апаңның айғайынан да асып түсетін бір дүние бар. Ол – әкенің, ер адамның «мысы». Керек жерінде дүңк еткізетін ер адамның мінезі, сөзі кез келген қызды ойландырмай, толғандырмай қоймайтыны кәміл. Оның үстіне, қасиетті Құранда да: «Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан болған тозақ отынан сақтаңдар»(«Тахрим» сүресі, 6-аят), - деп, ең алдымен отағасына, ер адамға жауапкершілік жүктеледі емес пе?  Ал Бұхари мен Муслимде келтірілген сахих хадистегі: «Барлықтарың бақташысыңдар және әркім өз қарамағындағылары үшін жауап береді...», - деп келетін жолдар ше? Иә, қалай дегенмен де, ақпараттар ағыны көз ілеспес өте қарқынды жылдамдықпен дамып, күн сайын құбылған мына қоғамда «...Сонан соң маған Тозақ көрсетілді, сонда оның тұрғындарының көбі әйелдер екенін көрдім» (Бұхари, Муслим), - деп келетін хадисті үнемі қаперде ұстап, соған сай амал ету керек-ақ. Қалай болғанда да «Адам ол өледі мен десе, ұяттан айырылған сағатта», - деп жырлаған Жұбан Молдағалиев, «Ұят – беттің пердесі», - деп термелеткен Майлықожа ақын ұят, ар жайында бекерден бекер сөз қозғамағаны анық.

Ақылгөйсіп, көсемсіп кетті-ау демессіздер, ағалар, тек өзге елдің даңғаза мәдениетіне құнығып жүріп, тұнығымызды лайлап алмасақ екен. «Еккенің тікен болса, орарың балауса болмас», - деген. Қарындастарыңыз ретінде сіздерге айтар наз, салар қолқам сол: Абайдың «Бойы – бұлғаң, сөзі - жылмаң» кейіпкерлерін мына қоғамнан бірге аластайықшы!

 

 

         Зерде Қадырбекқызы

8919 рет оқылды