2017-09-23 (0) (4628)

ОЛ 20 ЖАСЫНДА ҒАЛЫМ АТАНДЫ

ОЛ 20 ЖАСЫНДА ҒАЛЫМ АТАНДЫ

Астроном, математик, географ, геолог, философ, филолог, тарихшы және этнограф, дәрігер және ақын… Сіз таңғалатын шығарсыз, бірақ осыншама ғылымды еркін меңгерген адам бар. Ол – Орта Азияның мақтанышы Әбурайхан Бируни. Иесінің  артына өшпестей із қалдырған бір емес бірнеше ғылым иесінің мол мұрасы мен ерен еңбектері  сізді қызықтырмай қоймасы анық.

1.      Бируни жиырма жасында көрнекті ғалым болып қалыптасып, өз бетімен ғылыми кітаптар жаза бастайды. Бируни еңбектерінің дені астрономияға арналған, ғалым бұл салада 45 кітап жазған.

2.      «Астрономияның негізгі қағидаларын талдау кітабы» – ғалымның ірі еңбектерінің бірі. Кітап мынадай 4 бөлімнен құралған: астрономия, астрология, геометрия, арифметика.

3.      Бируни әлемдегі заттардың біріне бірінің тартылуы туралы мәселемен шұғылданған. Ал, бүкіләлемдік тартылыс заңын ағылшын ғалымы Ньютон Бируниден алты-жеті ғасырдан соң тапқан.

4.      Бируни тригонометрияны пайдаланып, география ғылымын дамытады. Ол Жердің түрі шар сияқты екендігін ғылыми жолмен дәлелдеген.

5.      Бұдан әрі Бируни Жер бетінің ауданын және Жер шарының көлемін есептеп шығарады. Есептеудің бұл жолы—триангуляция әдісін Еуропада XVII ғасырда Голландия математигі Снеллиус тапқан.

6.      Ғалым «Масғұт таблицалары» атты еңбегінде Айдың, Меркурийдің, Шолпанның, Күннің, Марстың, Есекқырғанның (орысша – Юпитер), Са-турнның  Жерден қашықтықтарын көрсетіп, Ай мен Күннің тұтылу себептерін түсіндірген.

7.      «Масғұт таблицаларында» келтірілген схемалық картада Азияны, Африканы және Еуропаны көрсеткен (Америка, Австралия, Антарктида бертін ашылған болатын). Ол кезде Қытайдан Испанияға, Үнді мұхитынан Мұзды мұхитқа дейінгі жерлерді түгел сызып бейнелеген карта болған емес. Тіпті, Үндістанның қай жақта екенін батыс еуропалықтардың XVI ғасырға шейін білмей келгені мәлім.

8.      Бируни тіл біліміне де елеулі үлес қосқан. Ғалымның пікірінше тілдерді «жақсы тіл», «жаман тіл» деп бөлуге болмайды, тілдердің бірінен бірінің артықшылығы жоқ. Сондықтан ұлттардың да бірінен бірінің артықшылығы жоқ, адам баласының бәрі бірдей.

9.      Бируни халық жырларын қатты қадірлеген, өзі де өлеңдер жазған. Оның шығармаларында 200 ақынның өлеңдерінен үзінділер келтірілген.

10.    Бируни еңбектерінің шыңы—«Ескерткіштер» мен «Үндістан».

11.    Өмірінің соңғы жылдарында Бируни ботаника және медицина мәселелерімен де шұғылданған. Өсімдіктер тіршілігін зерттеген.

Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген мақал бар. Бируни—сондай, мың жыл өткеніне қарамастан, ғылыми еңбектері өшпеген, есімі халық аузында сақталып келе жатқан данышпан ғалым, асыл азамат.

 

Бирунидің жер дамуын ғылым жолымен баяндауы.

 

Теңіз құрлыққа көшіп, құрлық теңізге айналып отырады, —дейді Бируни. — Егер ауысу адамзаттан бұрын болса, оны жұрт білмейді. Адам баласы өмір сүрген кезде болса, ұзақ уақыт өткендіктен ұмытылады. Солардың бірі – Араб шөлі.Ол бұрын теңіз болған, кейін құрып шөлге айналған. Құдық қазғанда шығатын қалдықтар бұл пікірді әбден дәлелдейді. Теңіздің мұндай іздері біздің жерімізде де бар. Джурджан Хорезм аралығындағы құмды шөлден құдық қазғанда ішінде балықтың қанаты көрініп тұратын әр түрлі жылтырауық тастар шығады. Олар ертеде шөлдің орнында көлдің немесе теңіздің болғандығының өлі куәлары. Теңіз суалғанда оның орнында көл қалған. («Тахдид нахаят»)

4628 рет оқылды