20:50 | Бабалар сөзі-өсиет
20:50 | Бабалар сөзі-өсиет
2017-09-20 (0) (8125)

АЛГЕБРАНЫҢ АТАСЫ

АЛГЕБРАНЫҢ АТАСЫ

Тарихтың тереңiне көз салсақ, ғылым дамуының көш басында мұсылман ғалымдардың тұрғанын байқар едiк. Қазiргi ғылымның асқар-асқар жетiстiктерi солардың еңбектерiнен бастау алған десек, еш қателеспеймiз. Біз бұл аптада ғылымға айтарлықтай үлес қосқан мұсылман ғалымдары туралы сөз етпекпіз.

Қазiргi математика жүректен тараған қан тамырларындай тармақталып, сан алуан салаларға бөлiнедi. Сол саланың күре тамырларының бірі – алгебра.

Алгебраның тарихы мың жылдан аз-ақ асады, бiрақ бұл - бай және даңқты тарих, халық мақтан ететiн тарих. Алгебраның атасы— Орта Азияның ұлы ғалымы Әбу-Абдолла Мұхаммед ибн Мұса әлХорезми.  Мұхаммед Хорезмидің ғылым саласына қосқан үлесі орасан зор. Осының айғағы ретiнде оқырмандарымызды атақты мұсылман ғұламасының өмiрiмен және қызметiмен таныстыруды мақсат етiп отырмыз.

1)      Хорезми аспан денелерiн зерттеп, зерттеулердiң нәтижесiн «Астрономиялық таблицалар» атты әйгiлi еңбегiнде жариялаған.  Бұл кiтап Ньютон мен Герршельге дейiн астрономияның Еуропадағы негiзгi құралы болып келдi.

2.      Хорезми жер меридианының ұзындығын анықтау жұмыстарын  басқарды. Бұл үшiн Тадмор мен әр-Раққа қалаларының аралығы өлшендi. Меридианның бiр градусқа келетiн доғасы 111815 метр болып шықты. Қазiргi өлшеулер бойынша бұл доға - 110938 метр. Сонда дәлсiздiк бiр проценттен кем.

3.      Хорезми—ұлы географ. Оның «Китаб сурәт әл-ард» («Жер бедерi жайындағы кiтабы») араб географиясының негiзгi арқауы болды. Арабтардың географиялық түсiнiктерi алғаш рет Құранда келтiрiлген болатын. Ондай мағлұматтар әйгiлi грек ғалымы Клавдий Птолемейдiң еңбектерiнде де кездеседi. Птолемейден Хорезмиге дейiнгi мың жыл iшiнде географияда бiр талай жаңа ұғымдар пайда болды, жаңа жерлер табылды. Хорезми жаңа мәлiметтердi өз географиясына батыл енгiздi. Бұл iс ұлы ғалымның ғылыми ерлiгi болып саналады.

4.      Бiр деректер бойынша 70 географ Хорезмидiң басшылығымен үлкен атлас жасаған. Бiрақ ол сақталмаған.

5.      Хорезм тарихтан, этнографиядан, медицинадан, күнтізбелерден, күн сағаттарының теориясынан да кiтаптар жазған. Олардың көпшiлiгi бiздiң дәуiрiмiзге жетпеген, күнтізбе жайындағы кiтабы бертiн табылған, ол 1940 жылы араб тiлiнде «Истихрадж тарах әл-яхуд» деген атпен Үндiстанның Хайдарабат қаласында басылып шыққан.

6.      Хорезмидiң даңқын дүние жүзiне жайған, есiмiн тарихта мәңгi қалдырған еңбектерi—математикалық шығармалары. Бұлардан бiзге жеткенi екi кiтап: «Үндiлер есебi бойынша қосу мен азайту кiтабы» және «Әлджәбир мен уәлмуқабәла есебi жөнiндегi қысқаша кiтап». Бiрiншiсiнде арифметика, екiншiсiнде алгебра баяндалған.

Аталған еңбегінде Хорезми теңдеудi шығару үшiн екi ереже ұсынады: бiрi—«әл-джәбир», екiншiсi—«уәлмүқабәла».

 

Хорезмше теңдеудiң табиғи түрiнде шегерiлетiн мүшелер болмай, тек кiлең қосылатын мүшелер болуы керек. Шегерiлетiн мүшелер бар теңдеу «мерт болған» теңдеу деп есептеледi. «Әл-джәбир» теңдеудi негiзгi түрiне келтiредi, сондықтан оны теңдеудiң табиғи қалпына келтiру амалы дейдi. Бұған қарсы бағытта орындалатындықтан, «уәл-мүкәбәланы» қарсы қою амалы дейдi.

8125 рет оқылды