12:20 | Хадис уақыты
12:30 | Ем болсын
12:35 | Сүбелі сөз
2017-07-24 (0) (5483)

Женишься в мае - всю жизнь будешь маяться?

Женишься в мае - всю жизнь будешь маяться?

 

Қазақ – «жиғаным тойда шашылсын», «той десе қу бас домалайды» деп бүкіл өмірін тойға арнаған халық. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той деген секілді тойлардың тізімі бірінен кейін бірі ұзарып кете береді. Алайда, той жасаудың да өзіндік әдептері мен кейбір ерекшеліктері бар екенін естен шығармағанымыз абзал.  

Қазір көп адамдардың арасында тойды белгілі бір күнге сәйкестендіру, 08.08.2008, 07.07.17 деген секілді күндерде той жасау дағдыға, сәнге айналды. Тіпті, дәл осы күні бос мейрамхана таппағандар тойды келесі жылға қалдырып жатады. Алайда,  отбасының бақыты мен беріктігі, жанұядағы татулық ешқандай цифрлар мен сандарға, күндерге тәуелді емес екенін білгеніміз жөн. Адамның ырысын арттырып, өміріне береке беретін, оған бала, бақыт, қуаныш сыйлап, шаңырағын шаттыққа толтыратын - жалғыз Алла. Алланың Мейірімін ешкім де, ешқандай күш те шектей алмайды. Бұл туралы Алла Тағала Құрандағы «Юнус» сүресінің 107-аятында: "Егер Алла саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Алладан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір жақсылық қаласа, онда Оның кеңшілігін тойтарушы жоқ. Ол оны құлдарынан қалаған кісіге береді. Ол - өте Жарылқаушы, ерекше Мейірімді" - деп анық айтқан. Ендеше, пендеге келетін қандай да бір пайда да, зиян да бір Алланың қалауымен ғана болатынына сенгеніміз жөн.

Осы тұста айта кетерлік тағы бір жайт, «Женишься в мае - всю жизнь будешь маяться» деген  түсінік қазақтардың арасында да кеңінен тарап кетті.  Көп отбасы «мамырда той жасауға болмайды, бұл бақытсыздық әкеледі, жастар ажырасып кетеді» деген жалған түсінікпен тойларын шілде, тамыз айларына қарай ысырып жатады. Ал шындап келгенде бұл сөздің құпиясы тым қарапайым еді. Көне орыс тілінен аударғанда «май» сөзі «қайғы, уайым, қасірет» деген мағыналарды білдірсе керек. Ал осы сөзбен түбірлес «маета» – «әуре-сарсаң», «дүрбелең» деген мағыналарды беретіндіктен, олар бұл айда бас қосуды құп көрмейді екен.  Енді айтыңызшы, орыстардың біреу ойлап тапқан жай ғана сөзінің біздің тағдырымызға не қатысы бар? Әрине, ешқандай қатысы жоқ.

Негізі, белгілі бір айда үйленуді жаман ырымға балау Исламнан бұрын көне арабтардың арасында да болған екен. Көне арабтар Шәууал айын жамандыққа ырымдап, бұл айда ерлі-зайыптылардың бас қосуы дұрыс неке болмайды деген соқыр сенімде болған. Олардың Шәууәлді жаман ырымға балаған себебі - есте жоқ ескі замандардың бірінде үйленгісі келген жастардың бірнеше жұбы дәл осы Шәууәл айында қатерлі оба ауруына шалдыққан деген аңыз айтылады. Сондықтан да олар сол тағдырдың қайталануынан қорқып, Шәууәл айында үйленбеу керек деп санаған. Шәууәлда үйлену қажет болса, аспанға көгершін ұшырып, соның ұшуына қарай әрекет еткен. Арнайы ұшырылған құс оңға не алға қарай бағыт алса, олар мұны жақсылыққа балап, Шәууәлда үйлене беретін. Ал егер әлгі құс ұшқан бетте сол жаққа не кейін қарай бағыт алса, олар мұны жаман ырымға балап, үйленуді тоқтататын болған. Алайда адамдардың тағдыры құстың немесе уақыттың емес, Алла Тағаланың қолында екені анық. Сондықтан Ислам келісімен аталмыш сенімдер өзінен-өзі ұмытыла бастаған.  

Пайғамбарымызға () елшілік міндеті жүктеле салысымен Алла Елшісі ()  «Шәууәлда үйленуге болмайды» деген негізсіз тиымның тамырына түбегейлі балта шапты. Ол осы айда Айша анамызға үйленді. Бұхаридің "Сахихында" Айша анамыз (р.а.) бұл жайлы: "Алла Елшісі (ﷺ)  маған Шәууәлда үйленді және менімен Шәууәлда шаңырақ көтерді. Алла Елшісінің  (ﷺ) қай әйелі оның алдында маған қарағанда сүйіктірек болып еді?!" - деп мақтанған. Яғни Ислам діні мұндай жалған сенімдердің күшін жойып, Алланың Мейірімін ешкімнің де шектей алмайтындығын халыққа түсіндірген. Демек, бақыт пен береке, өмірдің мәнді де сәнді де өтуі – ешқандай санға, күнге, уақытқа тәуелді емес. Алланың мейіріміне, рақымына тәуелді. Олай болса, қай күні жасасақ та, тәлім мен тағылымға толы, қазақи қалпымызды, имани салтымызды паш етер адал тойларымыз көп болсын!

 

5483 рет оқылды