23:20 | Жас қари
23:45 | Сырласайық
2017-07-13 (0) (9648)

ЖАРЫҢНЫҢ МІНЕЗІ ЖАМАН БОЛСА...

ЖАРЫҢНЫҢ МІНЕЗІ ЖАМАН БОЛСА...

 

       Ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қалған сөз бар: «Ең жақсы еркек – әйеліне жақсы қарым-қатынас жасаған еркек» дейді. Кешегі алтын құрсақ аналарымыз күйеуінің аяулы алақанында отырып, алып балаларды дүниеге алып келген. Өкінішке орай, бүгінде әйелдің нәзік жанды екенін пайдалана отырып «әйелімді қабағыммен басқарамын» дейтін азаматтар жоқ емес. Отбасында ыдыс-аяқтың сылдырлайтын күндер де туып тұрады, сондай уақытта, әйел – Алланың сізге берген аманаты екенін естен шығармаңыз.  Әйелдің ең бірінші ұстазы – өзіңіз, ол – сізге қарап бой түзейді. Кез келген ата-ана қыздарын жүз пайыз керемет қыз етіп тәрбиелеп беруі мүмкін бірақ, жүз пайыз керемет келіншек етіп тәрбиелеп бермейді, ол өзіңізге байланысты. Қыз – гүл сияқты, кез келген гүлді жылыжайдан толық ашылып бітпеген күйінде жұлып аламыз. Үйге әкеліп, әдемілеп терезенің тұсына қойып, суға салар болсақ, ол әрімен қарай одан да әдемілене түсіп, толықтай ашылады, қыз да сол сияқты. Үйіңізге келін болып түскен күннен бастап, мейіріңізді төгіп, мәпелеп, аялап, жөн көрсетіп, тәрбиеге салып, келісті бәйбіше, көркем келіншек етіп алу ер азаматтың мойынындағы міндеттерінің бірі.   

      Бір кісі өзі жайында: «Әйеліммен қырық жыл ғұмыр кешірдім. Оның көңілі көтеріңкі, жайдары жүзін тіпті бір күн де көрмедім. Оған үйленген алғашқы күннен-ақ өз халімнің жақсы болмайтынын ұқтым. Алайда, ол туыс ағайынның қызы болғандықтан, оның әрбір теріс ісіне, нашар мінез-құлқына сабыр еттім. Ол сабырымды ақыретім үшін жақсылық, сауапты іске баладым. Сол себептен болар, Алла маған жүріс-тұрысы түзу, игі ұл-қыздар сыйлады. Ал, әйелімнің мінезі үшін оған көңілімнің болмауы менің білім жолына түсіп, ғылыммен айналысуыма себеп болды. Соның арқасында көптеген ғылыми кітаптар жазып қалдырдым. Сол кітаптардың адамдар пайдаланатын білімнен болып, ақыретім үшін тоқтаусыз сауап әкелетін жария садақа (кісі қайтыс болғаннан соң да тоқтаусыз жалғаса беретін садақа түрі) болуын қалаймын. Әйеліме деген көңілімнің сууы айналамдағы халықпен етене араласып, жұртшылыққа пайдалы істер атқаруыма жол ашты. Ал, басқа әйелге үйленгенімде, мұншама кітап жазып, игі істер атқаруға мүмкіндігім болмас па еді, бәлкім...?» - дейді.

    Егер әйеліңіздің мінезі жаман болуына қарамастан, ол үшін дұға етіп, Раббымыздан жұбайыңызды жақсылыққа, ынсапқа бағыттайтын жол сұраңыз. Жанұяның шырқының бұзылуынан, балаларды үйсіз, әкесіз не анасыз етуден сақтаныңыз. Қазақта сөз бар ғой, « Әйеліңді патшайымдай сыйласаң, патшадай өмір сүресің» деген.   

 

 

9648 рет оқылды