2017-05-17 (0) (15699)

Оразаны жеңіл өткізуге он кеңес

Оразаны жеңіл өткізуге он кеңес

Иә, әне-міне дегенше биылғы Рамазан да келіп қалды. Жылдағыдан өзгешелігі сол, биылғы ораза тұтар уақытымыз мамыр мен маусым айларына дөп келіп тұр. Бұл бірінші рет ораза ұстауға ниеттеніп жүрген кейбір бауырларымыздың көкейіне “ми қайнаған ыстықта қалай ауыз бекітемін?” деген сияқты өзіне сенімсіздік, күдік-күмән ұялатуы мүмкін. Олай болса, осы оразаны қалай жеңіл өткізуге болады?

1. Оразаның алғашқы 3-4- күні ғана шамалы ауырлау тигенімен, адам ағзалары аштыққа үйреніп кетеді де, кейінгі күндері жеңіл өтеді. Ең бастысы ораза тұтқан адам әуелі ниетін туралауы керек. Алла разылығын шын ниетімен көздеген адамға азаннан кешке дейінгі ашығудың көп қиындығы жоқ.  Егер, шынайы ықыласпен Алла разылығын көздеген болса, Алла өз жеңілдігін беріп қояды. Себебі, ниет – құлшылықтардың негізгі факторы.  Ниетті туралау үшін ораза тұтқандарға АллаТағаланың Ақыреттегі беретін сыйы жайлы кітаптарды көбірек оқу керек.

2. Рамазанның артықшылығын түсініп, сауаптарынан үміттену. Рамазан –  Құран түскен қасиетті ай. Бұл айда ораза ұстағандарға сансыз сауап сыйланып, дұға-тілектері қабыл болатын айы.  Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Шынында, Алла Тағаланың алдында сондай адамдар бар: Алла оларды рамазанның әрбір күндізі мен түнінде Оттан босатады. Және шынында, әрбір мұсылман рамазанның түнінде де, күндізінде де өзінің дұғасына жауап алып отырады» (әл-Баззар. Сахих хадис. «Сахих ат-Тарғиб» 1002).

3. Рамазан құлшылық айы болғандықтан, басқа еш нәрсеге алаңдамау керек. Сол үшін жаздық кезекті еңбек демалысын осы Рамазан айына туралап алуға тырысу және жаз мезгілі құрылыс жұмыстары, т.б. жұмыстардың қызатын кезі болғандықтан, ондай жұмыстарды алдын-ала істеп немесе кейінге қалдырып қойған жөн. Себебі, “ақыреттік істерге көбірек көңіл бөлген адамға Алла өзі бұл дүниелік істеріне жеңілдігін жасап қояды” дейді ғалымдар.

4. Рамазанға жақындаған сайын азық-түліктің бағасы қымбаттап кететіндіктен, оның үстіне биылғы ораза жаздың ыстығына дөп келгендіктен, аптапта базар араламаудың қамын қылып, керек-жарақты оразадан бұрын, яғни, қазірден бастап алдын-ала алған дұрыс.

5. Асқазаны ауыратын немесе денсаулығында басқа да ақауы бар адамдар алдын-ала емделіп алғаны абзал.

6. Сәресін ішуді жіберіп алмауға барын салу. Себебі, сәресін ішпеген адам, оразасын онан ары жалғастыруға мәжбүр болады. Ал, мұндай жағдай ораза ұстаушыға ауыр тиері анық.  Ол үшін күндіз уақыт тауып тынығып алған және шұғыл жұмыстарды түске дейін бітіргені жөн.

7. Қатты ыстықта салқын су құйынып, денені салқындатып алу.  Пайғамбарымыздың (Оған Алла Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алла Елшісі (оған Алла Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын) шыжыған ыстықтан құтылу мақсатымен басына су құятын», - деп айтылған.  (Әбу Дәуд 2365, Ахмад 4/63)   

8. Алдын ала, яғни, Шағбан айынан бастап нәпіл ораза ұстау –  оразаны жеңілдететін амалдардың бірі. Айша анамыздан жеткен хадисте: «Алла Елшісінің Шағбандағыдай көп ораза тұтқанын көрген емеспін»,– дейді. Сондай-ақ, ораза кіргеннен кейін де, Құранды көп оқып, дін-насихат уағыздарын тыңдап, мүмкіндігінше мешітте болып, құлшылық амалдарын көбірек жасау, тарауих намазын жіберіп алмауға тырысу.

9. Рамазан айындағы игі істердің сыйы еселенетінін ескеріп, сауаптарды құр кетірмеу үшін мұқтаж адамдарға қайырымдылықты көбірек жасау керек. Нәпіл (қосымша) құлшылықтар адамның иманын көтереді. Ал, иманы көтерілген адам барлық қиындықтарға төзіп, оразасы жеңіл өтеді. Қолда барын дін үшін  жұмсауға құлшынады.  

10.Сапардағы адамдардың, жүкті әйелдердің және басқа да үзірлі адамдардың ораза ұстамауына рұқсат етілген. Алайда, ондай адамдар мүмкіндігінше жеңілдіктерді пайдалана отырып, ораза ұстаса сауапқа кенелетіні күмәнсіз.

Алла Тағала былай деді: «Ал біреу науқас, не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын» ("Бақара" сүресі,185- аят).

Ибн ‘Умардан Пайғамбардың  (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Ақиқатында, Алла Тағала Өзінің тыйымдарының бұзылуын жек көретініндей, тура сол сияқты Өзінің түсірген жеңілдіктерінің қабылданғанын да жақсы көреді». Ахмад 2/108, Ибн Хиббан 2742, әл-Қада’и 1078. Хафиз әл-Мунзири

Міне, осындай ізгі амалдардың барлығы адамға рухани күш-жігер беріп, оразаны жеңіл өткізуге жетелейді.

Алла Тағала біздің құлшылықтарымызды жеңілдетіп, қияметте сауап таразымызды ауырлатсын!

15699 рет оқылды