«...Ұлт болып қаламыз ба?» деген сұрақ маңызды
Тәуелсіздік күніне орай ғаламтор бетінде алуан түрлі роликтер пайда болды. Сол бейнесюжеттердің қатарында «Асыл арна» телеарнасы дайындаған Тұңғыш Президент күніне және Тәуелсіздік мерекесіне арналған бейнеролик әлеуметтік желіде, интернет порталда кең таралды. Тіпті Ақорданың ресми аккаунты да өз парақшасында жариялады. Шағын туындының көрермен тарапынан ыстық ықыласқа ие болуының сыры неде? «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабековпен өткен сұхбатымыз осы сұрақтан басталды.
Мұхамеджан Тазабек: Біз – Тәуелсіздікке елде отырып қол жеткіздік. Ал шеттегі қандастардың Тәуелсіздік қадірін сезінген қуанышы, тіпті бөлек болды. Бауырларымыздың сол сезімін елдегі ағайынға жеткізгім келді. Егемендіктің алғашқы күндеріндегі көңілмен көрермендерімізді қайта бір қауыштырсақ деген де ой болды. Бір апта ішінде алпыс мыңнан астам адам тамашалапты. Рас, бірнеше беделді сайт жоғары бағалап, таратуға атсалысты. Біраз адамның көзіне жас үйірілгенін де естідік. Ал Ақорда парақшасының бөлісуі – титтей де болса еңбегіміздің еленгені деп білемін.
Жас қазақ: Тәуелсіздіктің қадірі деп қалдыңыз ғой. Кез келген ел азаматының Тәуелсіздікті сақтаудағы міндеті қандай?
Мұхамеджан Тазабек: Мысалы, әр ата-ана отбасында береке орнатуы қажет. Әке – ұл-қызының тек ішіп-жемі емес, ішіндегі сырына да алаңдаса игі. Ұл-қызының іші-сыртын анық көріп отырған ата-ана ғана Отанының іші-сыртын қызғанатын перзент тәрбиелей алады. Әйтпесе, шекараға бағынбайтын ықпалды елдердің «ақпараттық сызы» табанымыздан өтіп, тайқы маңдайымызды солқылдатып тұр. Алыс-жақын елдер жүрегі мен санасын қорғай алмағандықтан, даласы мен қаласын аман алып қала алмай отырғанын көзіміз көріп отыр. Екшелмеген ақпарат, ескермеген апат көп. Өкпесін «шындық айтумен» тарқатып, батырлығын өтпелі кезеңде өз билігіне сес көрсетумен дәлелдегісі келетіндерге не деуге болады? Етің тірі боп еңбектену мен екіленіп елді қоздыруды шатастырып алғандар бар. Тірлігін қомсынбай, өз ісінің майталманына айналғысы келгеннен гөрі, «атының шаппағанын таныстан, құсының алмағанын қамыстан» көргісі келетін кінәмшіл де жоқ емес. Комменттен оқығанын нақты білімдей көріп, асxанадағы әңгіме әсерінен өзін білікті мамандай сезінетін пендені білгіш санаймыз. Керісінше, өзіне қатысы жоқ тірліктен қашып, тиісті шаруасын дөңгелетіп жүрген адамды намыссыз, еті өліп кеткен ессіздей көреміз. Жарылған ерін жалай бергеннен, қотыр қаси бергеннен жазылмайды. Жемісті болу үшін – сабыр, жету үшін – уақыт, жеңіс үшін – ауызбіршілік керек.
Жас қазақ: Жастармен жиі кездесетініңізді білеміз. Олар сізге қандай сұрақ қояды? Не қызықтырады, не мазалайды?
Мұхамеджан Тазабек: «Елу жылда ел жаңа» десек, біз елу жылдың бел ортасына енді келдік. Жаңарып, жолға түскен жоқпыз, бірақ сол жолдағы жолаушымыз. Бір жүйеден жаңа жүйеге өтіп жатқан елдің ұлттық идеологиясы аршыған қайыңдай жұп-жұмыр, сыққан құрттай доп-домалақ бола қоюы қиын ғой. Өтпелі кезеңнің идеологиясы да өзгеріп отырады екен. Жастар оқу-білім, мамандық, жар таңдау секілді мәселені білгісі келеді. Суицид, жат ағым, құмар ойыны, есірткі секілді пәлекетке ұрынбау жолын сұрайды. Иә, ғылыми технологияда тәжірибе алмасу, сауаттылық тұрғысында көп жетістікке қол жеткіздік. Бірақ қарапайым адамгершілік тұрғысынан артқа шегініп барамыз. Біреуін ғана айтайын – қарт адамды қазына деп емес, қалжыраған биологиялық ағза ретінде қарай бастағандаймыз. Өткен кезеңде қалай еді? Қартайған сайын қадірі артып, немерелері таласып, береке деп сезініп, ортада отыруын қалайтын еді ғой.
Жас қазақ: Қазір тіпті олай болмай қалды демексіз бе?
Мұхамеджан Тазабек: Бәріміз түгел қазынамыздың қадірін білмейтін жағдайға жеттік демеймін, әрине. Дегенмен, елімізде қарттар үйінің көп болуы біраз нәрседен хабар берсе керек. Бірақ мәселенің мәнін өзімізден іздеп, ішімізді тексеріп көрдік пе? Жұрт жиі жазатын «әдемі қартаюға» өзіміз қазір қаншалықты алғышарт жасап жүрміз? Жасында өз жүгін өзі көтермеген, қырықтан асқанда да қылжақтап, елуінде де ерлей алмаған адам алпысқа аяқ артқанда кенеттен ақылы дария, көңілі кеніш, дана қартқа айналып кете салмайды ғой. Дастарқан басында бас мүжіп, бата беретін қария көп. Бірақ ажырасқалы жатқан екі жасқа ақыл айтып тоқтатарлық ақсақал кем. Той бастап, беташар сөз сөйлейтін үлкен көп. Бірақ елді бастап, айтқанын тыңдататын үлгілі аз. Сериал көру үшін теледидар пультін ұстаған апа көп. Бірақ тәрбие кілтін ұстап отырған әже аз. Расында, жастық шағын өкінбестей өткізген жан – қартайған сайын тұлғалана береді екен. Яғни «отызында орда бұзған жігіт, қырықта қамал алады». Елуде ел ағасына айналады. Алпыста ақсақалдық абыройға еге болып, берісі – әулетінің, арысы – алаштың абызына айналады. Жас кезінде жүйелі білім алып, дүйім ел қамындағы азаматтармен үзеңгілес болған, көпті көрген, оны лайықты қорытқан адам жасы ұлғайғанда айналасындағылар айырылғысы келмейтін аяулы адам болады. Сондықтан да жастармен кездескен сайын жастық кезеңді өкінбестей өткізу туралы айтамыз.
Жас қазақ: Жастығыңды өкінбей өткізу дегеніңізді қалай ұғынсақ болады?
Мұхамеджан Тазабек: Жас кезін дұрыс пайдаланбаған адам бір қателескенде жүз шатасудың есігін ашуы мүмкін. Жастық, кейін еске алғанда, махаббат, түнгі отырыс, кешкі серуен, шалқыған ән, сылқылдаған шарап, сырғыған уақыт бейнесінде қалмау керек. Өкінішке қарай, қазіргі әдеби шығарма мен заманауи ән жас шағыңды өкінбей өткізу дегенді махаббатқа малынып, қолың жеткен қыздан құр қалмай, жібі түзу жігіттің бәрін түгендеу тәрізді түсіндіретіндей. Жастарға керек ұлттық иммунитет біздің ұлттық дәстүрімізде, тарихи санамызда, бабалар мен аналар қалдырған шерге толы шежіремізде жатыр. Ол – иманмен басталып, инабатты тірлікпен аяқталатын өнегелі өмір.
Жас қазақ: Таяуда Ұлыбританияға барып, қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханмен бірге «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан ізденушілермен кездестіңіздер. Ондағы жастар ел алдындағы жауапкершілікті қаншалықты сезінеді?
Мұхамеджан Тазабек: Сапарға кеткен адамның артынан сыбағаңды алып іздеп бару – халқымыздың дәстүрі. Скайп, смартфонмен сәт сайын сөйлесіп отырмыз дегеннің өзінде, артыңнан тірі адам іздеп келіп, рухани байланыс орнату – көрегенділіктің белгісі. Біз қазір киім, тамақтан гөрі руxани нәрге мұқтажбыз. Ата-бабамыз ішпегенді ішіп, кимегенді киіп жүрміз. Біз қазір мейірімге, бір-бірімізді іздеуге мұқтажбыз. Телефон, интернеттің дамуымен сағыныш деген сезімді ұмыта бастадық. Осы сапардың мағынасы – жырақта жүрген жастарымызға артында сағынып күтіп отырған ел бар екендігін сезіндіру еді. Тұңғыш Президент күні мен егемендігіміздің 24 жылдығына орай тұңғыш рет қоғам қайраткері, жырау, аяулы ағамыз Бекболат Тілеуханмен Ұлыбританияның алып үш шаһары – Лондон, Манчестер, Ньюкасл қалаларында «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жүздеген жастармен үш-төрт кездесу-кеш ұйымдастырылды. Негізі, әрине, жастардың қалап шақырғаны – Бекболат аға. Бірақ жырау – серіксіз, ел ағасы – нөкерсіз жүрмейді ғой. Сондықтан, ағамызға үзеңгілес болып мен еріп бардым.
«Елбасымыздың салиқалы саясаты» десең, «жағымпазсың» дейтіндер шықты ғой. Ұлыбританиялықтар мыңдаған жылдарға созылған ізденіс нәтижесінде қол жеткізген ғылым-білім бұлағына қазақ жастарының емін-еркін барып бас қоюын, айтыңызшы, Президентіміздің көрегендігі емей немене? Дамыған елдің озық білімін сіңірген жастар ертең-ақ елге қайтып, туған жұртының түтіні түзу шығуына білек сыбана кіріспей ме?
«Бізде білім, қаржы, іздейтін ел, жастық жігер бар. Бірақ демеу болатын сөз, шабыт ашатын түрткі, арқаңнан қағатын алақан жетпей тұрады» деді бір «болашақтық» сұрақ арасында. Іздегенге – сұраған. Алты мың шақырым артқа тастап барғандағы басты жетістігіміз – «болашақтықтардың» білім алып, жұртқа қайтып, ел көсегесін көгертуге деген талпынысын оята түскендей әсерде қайттық.
Жас қазақ: Алдыңғы сұхбатыңызда отбасы құндылығына ерекше тоқталдыңыз. Аңғаруымызша, «Асыл арнаның» концепциясы да осы бағытқа өзгерген сыңайлы. Не үшін?
Мұхамеджан Тазабек: Неге отбасы мәселесіне маңыз бердік? Дін – адамның табиғи адамдығына оралуын насихаттайтын құндылық. Жалпы жұртқа жол көрсеткен дананың да іргетасы мықты отбасында қаланған. Біз кейде түйткілдің себебімен емес, салдарымен күресеміз. Мысалы, Еуропада табиғи апат мәселе ретінде көтерілсе, тосқауыл қою, алдын алу амалын жүргізеді. Бірақ табиғи апат адамдардың күнәсі, ниеті себепті болатынын да мүлдем қарастырмайды. Бабаларымыз «пәни дүниеде бақытты боламын десең, пейіліңді түзе» деген. Ал отбасындағы тәрбиені түзеу – мемлекеттегі болуы мүмкін барлық мәселенің алдын алу деген сөз. Мәселен, қазір қабырғамызды қайыстырып тұрған – жемқорлық. Қаржысыз шаруа бітіре алмау, таныс-тамырға сүйену...
Жас қазақ: Мұның да шешу жолы отбасыдағы тәрбиеде жатыр ғой сонда?
Мұхамеджан Тазабек: Әрине! Егер сәби бойына әділдік пен шындықты сіңірген болсақ, ол қоғамға араласқан кезде аяқ астынан алаяқ, ояна салып жемқор боп кетпейді ғой. Қарапайым мысал, біреу телефон соқса «мені үйде жоқ деп айта салшы» деп өтірікке үйретеміз. Немесе «қонақ қолыңа ешнәрсе ұстатпады ма?» деп дәметіп тұруға бейімдейміз. Біз көп жағдайда балаларымыздың киімі, ойыншық, мамандық, білім таңдауына араласамыз да, ең маңызды нәрсені естен шығарады екенбіз. Ол – жар таңдау мәселесі.
Жас қазақ: Жастардың жар таңдауына да үлкендер араласу керек дейсіз ғой...
Мұхамеджан Тазабек: Бұл – нағыз үлкендер араласатын жер. Өйткені, тәжірибесі мол. Қазір ата-ананың араласуы «балаларымыз бірер жылдан бері жүреді екен. Той мәселесін не істейміз?» деген жерден басталады. Ерте бастан құдаласатын жанды іздеу – ескіліктің жұрнағы секілді көреміз. Қыз баланың қылығы көрініп бойжете, ұл бала ержете бастаған кезден-ақ жар таңдау мәселесін ойлануымыз керек. Бұл – сүймеген адамына сүйретіп беріп жіберу емес. Көңілі сүйіп кететіндей азаматын таңдап беру, текті, саналы, жан дүниесі мен мал дүниесі сәйкес адамдардың арасынан қарастыру. Кеңестік әдебиетті парақтасақ, мәжбүрлікпен шалға ұзатылған қыздардың тағдыры көп айтылады. Мұндай оқиға кездескен шығар, бірақ кеңестік идеология машинасы көрсеткендей көп емес еді. Малға сатылып, жылап кеткен қыздардың тағдырын оқи берген соң, перзентімізді өзіміз таңдап үйлендіру дәстүрінен де ажырап қалдық.
Бала-шағасының көйлегі көк, тамағы тоқ екеніне мәз, бірақ рухани аш екенін уайымдамайтын ата-ана бар. Баласы баспаналы болғанына қуанады, бірақ Құдайдың панасында ма? Ұлының мал тауып жүргеніне риза, бірақ дос тауып жүр ме? Қазір тарих таразысында «қазақ бай мемлекет бола ма?» деген емес, «қазақ ұлт болып қала ма?» деген мәселе тұр. Ал ұлт болып қалуымыз үшін ертеңгі ізіміз, жалғасымыз, мемлекетіміздің қожайыны болатын ұрпақты бесіктен тәрбиелеуіміз керек. Осының бәрі «Асыл арнаның» тарқатып айтар тақырыбы.