2017-04-17 (0) (7642)

КЕШІРІММЕН КЕЛГЕН ТЕГІН САДАҚА

КЕШІРІММЕН КЕЛГЕН ТЕГІН САДАҚА

 

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының барлығына садақа жинатады. Кімде не бар, ортаға жинасын деп бұйырады. Әр адам қолында бар дүниесін ортаға салып, бөлісті. Бірі түйесін беріп жатыр, бірі киімін беріп жатыр, енді бірі азық-түлігін беріп жатты. Алайда, анадай жерде Ульба ибн Зайд деген Мәдиналық бір сахабаның көңілі құлазып, шетте тұрады. Барлығы садақаларын ортаға салып жатқанда ол үнсіз қарап тұрады. Қатты қиналады. Өйткені, оның беретін ешнәрсесі жоқ еді. Үнсіз күйінде үйіне қарай аяндайды. Кеш қараяды, түнгі намазын оқуға оянды. Намазда отырып, Алладан былай деп дұға тілейді: «Я, Раббым, сенің Пайғамбарың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әркімнен садақа жинатқан кезде мен ұялып, бір шетте қала беремін. Қатты қиналамын. Тәніммен қызмет етейін десем, сен білесің ғой, Раббым, менің тәнім шаршаған, қауқарсыз бір қарт кісімін. Тіпті, үстімде ауыстырып киетін екінші киімім де жоқ екенің білесің. Кедеймін, пақырмын. Я, Раббым, мен садақа жиналған кезде сахабалардың алдында қатты ұяламын. Беретін түгім жоқ, мені кешіре гөр. Мен Сенен өзіме түкте сұрамаймын. Сенің бергендеріңе шүкір етемін. Я, Алла Тағала,  біреу мені жамандаса, мен туралы ғайбат айтса, біреу менің хақымды жесе, біреу мен туралы жаман ойлаған болса, мен солардың барлығын, барлық мұсылмандарды кешірдім. Менің берер садақам жоқ екенін жақсы білесің. Я, Алла Тағалам,менің осы ісімді, бүкіл адамдарға жасаған кешірімімді садақа ретінде қабыл ете гөр! Мені кешіре гөр!» деп жылайды. Таңертең намазға жиналған кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)бір сахабасын шақырып алып: «Кеше намысын, көңілін Алла Тағала үшін беріп, бүкіл мұсылмандарды кешірген бір ісі бар жан бар екен арамызда. Дауыстап шақыршы, ол кім екенін білейік» дейді. Жамағат намаз аяқталған уақытта, әлгі кісі: «Кеше кім Алланың разылығы үшін түнгі намазға тұрып, бүкіл мұсылмандарды кешіріп, дұға еткен сахаба кім?» деп сұрайды. Қалың топтың ішінен алға шыққан Ульба ибн Зайд Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жанына келіп: «Уа, Расулулла, сол кісі мен едім», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)оған: «Алла Тағала сенің садақаңды қабыл етті» деп жауап береді.

/Имам Байһақи, «Шуғабул Иман», 6/2752/

 

P/S: Иә, сахаба Ульба ибн Зайд садақа үшін ешнәрсе жасамады. Бар болғаны түнде оянды, тәтті ұйқысын қиды. Алла Тағаладан ниеттеніп, дұға сұрады. Қиналғанын дұға сұрау арқылы білдірді. Адамдардың бәрін кешіре білді. Ал Алла оған сұрағанын берді. Дүниесі жоқ сахабаның берген тегін садақасы сізге де үлгі болады деген ниеттеміз.  

7642 рет оқылды