13:40 | Құран уақыты
Бизнес 2017-04-12 (0) (11783)

ҚАРАЖАТСЫЗ КӘСІП БАСТАУДЫҢ ТӨРТ ТӘСІЛІ

ҚАРАЖАТСЫЗ КӘСІП БАСТАУДЫҢ ТӨРТ ТӘСІЛІ

ҚАРАЖАТСЫЗ КӘСІП БАСТАУДЫҢ ТӨРТ ТӘСІЛІ

 

Оңай әрі азғантай қаражатпен бизнес бастағыңыз келе ме? Ендеше қаражатсыз кәсіп бастаудың мынадай тәсілдерін қолдану арқылы сіз де өз мақсатыңызға оңай қол жеткізіңіз.

 

Өз-өзіңізді дұрыс бағалай біліңіз!

(хоббиіңізді кәсіпке айналдырыңыз)

 

Не нәрсеге бейімсіз, қандай қабілетіңіз бар. Сол қасиеттеріңізді жетілдіріп, басқа әлсіздіктеріңізге қарсы қойыңыз. Кішкентай жетістігіңіз болса да қуанып үйреніңіз.«Бұдан да жақсы болуға болушы еді...» дегендей ойлардан аулақ болыңыз. Елдің ғана емес, сіздің өзіңізді өзіңіз бағалай білгеніңіз де маңызды. Киім тоқу, қолөнер бұйымдарын жасау, тәттілер әзірлеу деген секілді елден ерек хоббиіңіз болса, оған арнайы уақыт бөліңіз. Мәселен, сіздің қолыңыздан дәмді торт немесе түрлі тәттілер жасау келетін болар. Тартынып қалмаңыз. Жасаңыз. Өз қалауыңызға бірнешеуін жасап шығыңыз. Өзгеге ұқсамай, жаңа кәсіптегі өз жолыңызды осылай таба біліңіз. Сосын сол жасаған торттарыңызды қайырымдылық іс-шараларында немесе адамдар көп орналасқан аудандағы дүкендерге апарып ақшаға айналдырыңыз. Шағын бизнес бастауым керек еді деп жүрген қаншама адамды кездестіреміз. Міне, шағын бизнес осындайдан бастау алады. Бұған сіз қыруар қаржы құйып, шашылмайсыз. Немесе сіз шаш сәндеуге, шаш қиюға бейім болсаңыз, мархаббат! Бұл да өзіндік ерекшелігіңіз. Яғни, қолыңыздан келетін істі кәсіп көзіне айналдыра біліңіз. Бізге көбіне тәуекел етуге бейімділік жетіспей жатады. Қандай іс жасасаңыз да, ең алдымен Аллаға тәуекел етуді әдетіңізге айналдырыңыз. Құрандағы: «...Ал кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші...» («Талақ» сүресі, 3-аят) деген осы аят сіздің ісіңіздің алға жылжуына үлкен себепкер болады деген ойдамыз. Ертеңгі күнді ғана ойлап тоқтамаңыз. Келешекті де ойлаңыз. «Бүкіл әлемге не бере алам» деген оймен өмір сүріңіз.Сіз кішкентайдан бастаңыз, үлкен мақсатты армандаңыз. Қарапайым бір-екі істен бастасаңыз, күрделісіне де жетесіз. Теңіздің де тамшыдан құралатыны сияқты, үлкен жобалар ұсақ нәрселерден бастау алатынын ұмытпаңыз.

 

Сіздің демалысыңыз – жұмысыңыз болсын!

(сүйікті ісіңізбен ғана айналысыңыз)

 

Өз кәсібіңізді жақсы көрсеңіз, орындалмайтын мақсат жоқ. Өзін толықтай жұмысқа арнаған адам ақшаны да жақсы табады. Табандылық пен тұрақтылық көрсету үшін өз кәсібіңізді жаныңыздай жақсы көріңіз. Сіз бұл ісіңізбен кез келген орында, кез келген жағдайда, түрлі көңіл-күйде шұғылдана аласыз. Сізге жұмыс барысы аса қиын болмайды және ісіңізді тындыруға көп уақыт жұмсамайсыз. Ешкімнің артық әңгімесі әсер етпейді. Сіздің ісіңізге қызығатын адамдарға тегін кеңес беріп, тәжірибеңізді бөлісесіз. Өйткені, сіз өзіңіз мұны оңай үйренгенсіз. Сізге оны жұртқа үйрету де оңай. Сіздің демалысыңыз – жұмысыңыз, жұмысыңыз – демалысыңыз болсын.«Жақсы жұмыс жасау үшін бір ғана жол бар, сол жұмысты жақсы көру» – дейді Джобс. Иә, Стив Джобстың көздегені ақша емес еді. «Зиратта бай адам болуың маңызды емес. Ұйықтар алдында бүгін бір ғажап жасадым деу – міне, бұл бақыт!» деді ол.Сосын сіз үшін жалақы бірінші орында болмауы керек. Егер сіздің жұмысыңыз басыңыздан асып жатса, оны тез-ақ бітіріп тастай аласыз. Сүйікті жұмысыңызбен айналысып жүріп жетістікке де жете аласыз. Әр адамның өмірде өзіндік мақсаты, өзіндік кәсібі бар. Сіз сүйікті ісіңізбен ғана айналысыңыз. Өзіңізге шын керектіні табыңыз. Өмірде ұлылық жасаудың бір ғана жолы бар, ол – жасаған нәрсеңізді жақсы көру.

 

Алланың көмегіне ие болу үшін Оған адал болыңыз!

(бай болуды бірден армандамаңыз)

 

Жер бетінде байлықты сүймейтін адам жоқ шығар. Кім де болсын барын салып, бай болуға ұмтылады. Кейбіреулері қолын қусырып, табысты бола алмайтындықтарын мойындайды. Барша адамның арманы болған байлық адамдарды таңдап, талғап қонатын бақ құсы сияқты жүздің, тіпті мыңның біріне ғана бұйыратын игілік сияқты. Көп адамның проблемасы ақшаға, қаражатқа келіп тіреліп жатады. Байлық жақсы, бай болу, сол байлыққа иелік ету одан да жақсы. Ал шын мәнінде ақша табу – ең оңай шаруа. Егер сіз сүйікті ісіңізбен айналыссаңыз, сізге ақша өздігінен келе береді. Қалай дейсіз ғой?! Мәселен, үйден бәліш не тоқаш пісіріп, сатыңыз, ол да ақша. Тек сізді жалқаулық басып, ерінбеуіңіз керек. Жалқаулықты тастап, өз қабілетіңізді іске асырсаңыз ғана ақша табудың жолдары ашыла бастайды. Ал сіз ақша туралы ойға байланып қалсаңыз, онда ол мәселе өмір бойы шешімін таппауы мүмкін. Иә ақшаның қадірін біліп, құрметтеу керек шығар, бірақ ақшаны жақсы көрмеу керек. Ешбір адам өзінің болашағын болжай алмайды. Жасаған қадамының сәттілік әкелетіндігіне жүз пайыз сенімді де бола алмайды. Бірақ, ол барлық нәрсеге қауқарсыз болса да, оның Раббысы барлық нәрсені Жасай алушы.  Тек Оның көмегіне қаншалықты лайықсыз? Өзіңіздің тарапыңыздан тиісті болған нәрселерді жасадыңыз ба? Осы екі мәселені шешу керек адам, ол – сіз. Алланың көмегіне ие болу үшін Оған адал болыңыз. Оған тәуекел ету үшін қолыңнан келген барлық мүмкіндікті жасаңыз.

 

Алла әрекетіңізге сай берекет береді!

(сұраныспен санасыңыз)

 

«Ісім өнсін десең, ретін тап» деп хәкім Абайдың сөзімен айтсақ, амалын жасасаңыз, іздегеніңіз алдыңыздан тілемей-ақ табылғалы тұр. Жетістікке жету үшін «пәлен жоқ, түген жоқ», «анау болғанда, мынау болмағанда» деп сылтау айту бекерлік. Толық, әдемі, ақылды өмір сүру үшін бізде керектінің бәрі бар. Тек «іздеу» деген бағдарламаны іске қосып, табысқа жетудің жолын айқындау қажет. Нені іздеу керек? Халықтың сұранысымен де санасыңыз. Сіз тұтынушыдан «не қалайсыз» деп сұрай алмайсыз, сіз оның сұрағанын дайын еткенше олар басқасын қалап кетуі мүмкін. Халықтың сұранысы нені қалайды? Адамдар көбірек не нәрсеге мұқтаж? Міне, осы сауалдарға жауап тапсаңыз, әрекет жасасаңыз, сіз сөзсіз табысқа қол жеткізесіз. Мысалы, қазір көбіне қолдан жасалған кез келген бұйым болсын, тұтынуға болатын кез келген зат ерекше «сәнге» айналып келеді.Себебі, оның төрінде «қолдан жасалған» деген табиғи этикет бар. Мәселен, қыз-келіншектерге қолдан жасалған әшекей бұйымдар, былғарыдан тігілген қол сөмкелер, әмияндар мен сәнді аяқ киімдер көбірек қызықты тақырып. Немесе ұлттық құндылықтарымызды бейнелейтін киімдер тігіп шығарыңыз.Осылай табысты адамға қажетті амалдарды атқарыңыз, пікір қалыптастырыңыз, көзқарасыңызды өзгертіңіз. Алла Тағала әрекетіңізге сай берекет береді.

 

«Егер сенде ақша аз болса, кәсіп жаса. Егер мүлдем ақша жоқ болса – дереу жаса! Дәл қазір!» Бұл әлемдегі ең атақты бай адамдардың бірі –Джон Рокфеллердің өмірлік тәжірибесінен түйген сөзі болатын. Мына қарапайым төрт тәсіл арқылы сіз де өз кәсібіңізді ашып, Алланың ризығына бөленіңіз. Және оны дәл қазірден бастаңыз!

 

 

11783 рет оқылды