2017-03-10 (0) (7394)

ӘКЕСІНЕ ПЫШАҚ КЕЗЕНГЕН ПЕРЗЕНТ

ӘКЕСІНЕ ПЫШАҚ КЕЗЕНГЕН ПЕРЗЕНТ

 

Естіген кезде жағамды ұстадым. Жаным түршікті. Жақын бір туысымыздың баласы әкесіне пышақ ала жүгіріпті... Ертесі үйіне бардым. Еркін есік алдында жүр екен. Көзінің алды ісіңкі. Жағы ішіне кіріп, азып кетіпті.

- Ассалаумағалейкүм! Қал қалай, Ереке?

- Уағалайкүмәссәләм! Шүкір.

- Иә, не жағдай?

- Жағдай сол: үйде ешкім жоқ. Кішкене екі ұлымнан басқасының бәрі кетіп қалыпты... Сол жынды балаға ұқсап сенделіп жүрмін...

- Неден басталды өзі?

- Әй, сол баяғы қу дүние!.. Мына көршінің машинасын жасап болып, үйге кіргем, шай ішіп, жылынып алайын деп. «Неге түскі асқа шақырмады?» деген ызалы оймен кірсем, тамақ жасалмапты. Мінезім шапшаң сорлы емеспін бе? Жарылып кеттім. Дүрсе қоя бердім жеңгеңе. «Май жоқ, сол үшін жасамадым» - дейді бәтшағар. «Оу, дүкеннен неғып әкелмейсің онда?» десем, «Ақша бітіп қалған» дейді. «Оу, 2-3 күн бұрын ғана беріп ем ғой» десем, «Жоғалтып алғам» дейді! «Оу, онда неғып айтпайсың?» десем, «Қорықтым» дейді. «Оу, мен адам жемеймін ғой! Жасырмасаңшы мұндай нәрсені! Ана жолы да өстіп жасырам деп, арты ұрыс-керіс болып еді ғой! Сол кезде де айтып ем ғой, «Айналайын, Кәмилә, бір-бірімізден ешнәрсені жасырмайықшы! Ары кетсе, ұрысам да қоям. Алдым боран болғанмен, артымда зіл жоқ адаммын ғой! Не болса да анығын, расын айт, ұрыспаймын!» деп едім, бетін басып жылап қалғаны! «Шындығын айт» деп тұрғаным: алдында, бұл байғұс бауырмал ғой, ана кредит алған сіңлісінің артын жабам деп, ақшамызды соған беріп жіберіп, тағы да «жоғалтып алдым» деген. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам емес пе? Кейін білініп қалып, бір шу болған.

- Содан?

- Содан тағы алдап тұр ма деп зығырданым қайнап тұрса, сол арада келесі бөлмеден балам шыға келмесі бар ма! Көзі шатынап кетіпті! «Қойсаңызшы, әке! Қанды ішіп болдыңыздар ғой!» дейді өзінше! «Ей, ақылсынбай бар ары! Шалжиып жатып-жатып алып, енді келіп маған дікеңдемекшімісің! Құрт көзіңді!» деп оған да бас салдым. (Менің далада тырбаңдап жатқанымды біле тұра ұйықтап жатқанына жыным келіп, бір жағынан «оятып алайын түйсіксіз немені» деп ойлап кіргем) Сөйтсем, «Өзің құры!» демесі бар ма тұңғышымның! Қаным басыма шықты! «Не оттап тұрсың, ей, а?! Жоғал жүгір, таяқ жемей тұрғаныңда!» деп ақырып қалдым. «Өзің жоғал! Мамамның қанын ішіп біттің ғой!» дейді! Қанын ішіне тартып сұрланып алған! «Ой, мамаңның сенің..! Жоғал көзіме көрінбей! Ой, әкеңнің!» деп, «бетін қайтарайын» деген оймен қарманып, жанымда тұрған кішкене орындықты жұлып алып ұмтылдым. Қашу қайда! Сөреде тұрған пышақты ала салып маған оқталғаны! «Жарып тастаймын!» деп айғай салғаны! Алла-ай! Алла-ай! Құдай сақтады ғой! Осы кезде даладан Аманбектің кіріп келгені қандай абұйыр болды десеңші! «Өй, бұларың не-ей! Астапыралла! Өй, Құдайдан қорқыңдар!» деп арамызға тұра қалды. Қойшы! Бір-бірімізге айтпаған сөзіміз жоқ! Бала болып ол қайтпады, әке болып мен тоқтамадым!.. Қолындағы пышағын сұқпаса да, тілімен жүрегімді тілгілеп-тілгілеп шықты да кетті! Уһ-һ... қайтіп бір орыныңда отырасың?! Мен де машинама отырып кетіп қалдым. Ары жүріп, бері жүріп, сабама түсе алмаған соң, мешітке кіріп дәрет алып, намаз оқыдым. Содан әйтеуір әрең өзіме-өзім келіп үйге келсем, шешесі мен кішкентайларды алып кетіп қалыпты... Уһ-һ... Қор болғаным-ай, Ақжан, қор болғаным-ай!..

Екі қолымен басын сығымдап ұстаған Еркін еңкілдеп кетті. Естігенімнен есеңгіреп қалғандай абдырап мен тұрмын.

- Болды, болды, Ереке, сабыр етші...

- Ішім күйіп барады! Бұл қалай болғаны сонда? Әй, бала деген әке ашуланғанда айылын жимай ма екен? Әкесі ұмтылса, арқасын төсемесе де, қашып кетпей ме екен, а? Не боп барады бұ жастар?! Әй, біз әкемізге қарсы шықпақ тұрмақ, бетіне бағжиып қарап көрмеппіз... Аллам-ай!.. Өзіме де обал жоқ! Ит мінезімнің кесірі!.. Тәрбиеден жіберген қателігім ғой!.. «Жұмыс-жұмыс», «тіршілік-тіршілік» деп жүріп, балаға қарадық па? Қарынын тойдырып, киімін бүтіндегенімізге мәз болып жүре беріппіз ғой... Ал енді жемісін же! Ақымақтығың мен салғырттығыңның жемісін же!.. Жоқ әлде кезінде әкемді ренжіттім бе екен, а?.. Я, Жаратқан Ием, кешіре гөр пендеңді!..

Жаны байыз тапппаған Еркін біресе тұрады, біресе отырады. Аузыма сөз түспей мен тұрмын сілейіп. «Я, Алла, бәле-жалаңнан Өзің сақта! Бауырыма Өзің жар бол! Бала-шағасына иман бер, отбасымен біріктіріп, татулық-берекеңді бере гөр!..» деп ішімнен дұға жасап қоям. Еркін біраз сабасына түскен кезде:

- Қайда кетуі мүмкін олардың? – деп сұрадым.

- Білмеймін, Ақжан. Іздестіріп, тауып берші оларды. Бір бәлеге ұрынып қалып жүрмесін...

- Жақсы.

- «Мына армия дегенің де қиын-ау осы» деп ойлап тұрмын қазір.

- Иә-ә...

- «Әскерге барып, ысылып келді ғой. Енді бұрынғы балалық-шалалығын тастап, бір жағыма шығады ғой» деген ем. Байқаймын: қайта бұрынғысынан бұзылыңқырап келген бе?.. Қара күшке көп сенетін сияқты... Дөрекілік пен менмендігі артыпты... Намазын да қойып кетіпті... Әйтеуір темекі мен арақтан аман сияқты... Өзінің дегені болуы керек сияқты бұның ойынша... Ана жолы «тілімді ала қоймадың» деп, Сардарды ұзынынан түсірді. Сол кезде біраз сөзге келіп қалғанбыз... Түнімен қаңғып келеді де, түске дейін ұйықтайды. Алғашында «Еркелеп жүргені ғой, демалсын» деп мән бермеп ем. Қарасам: әскерден келгеніне екі-үш ай өтсе де, ұмтылған баланың түрін байқамадым; қайта қыдыруы мен ұйқысы молайып барады. «Қашанғы бүйтіп жүрмексің?» дегенімде, «Ойнап жүргеміз жоқ!» деп қорс ете қалған. Сол кезде-ақ тіксініп қалғам... Қазір жұмыстың табыла қоюы қиын екенін білем, бірақ әрекет керек қой!.. Азамат болып оралды ма десем, азғындап келген бе?.. Соның ырқынан шыға алмай кетіп отыр шешесі де. Өзімше «қатты ұстаймын» деп, ол байғұсты да жасқаншақ қылып жібергенге  ұқсаймын ғой... Басқасын күтсем де, баламнан бұны күтпеген екем... Қарғап жібере жаздадым ғой әуелі! Алла-ай! Алла-ай! Шүкір етем: ондай қателіктен сақтап қалды Жаратқан Ием... Әй, құлыным-ай, күйдірдің-ау, күйдірдің! Қайтейін... Ақжан, ол сені сыйлайды. Тауып сөйлесші!

...Екі-үш күннен кейін тауып, сөйлестім. Думан жақта пәтер жалдап тұрып жатыр екен. Сол маңда, көшеде кездестік. Жаңбыр себелеп тұр. Машинама қысыла келіп жайғасты.

- Ассалаумағалейкүм, аға!

- Уағалайкүмәссәләм! Қалайсың, Қазыбек?

- Болады, аға. Өздеріңіз?

- Шүкір. Иә? Айт әңгімеңді. Не жағдай болды?

- Не айтатыны бар, аға? Бәрі сол батяның кесірі...

- Айта бер. Мен саған ұрысайын деп келгем жоқ. Жағдайдың мән-жайын білейін, ақылдасайын деп келдім. Қысылмай айта бер.

- Мазаны әбден алып жіберді... «Тамақты тыныш отырып ішіп, тыныш ұйықтайық» деп кетіп қалдық...

- Е-ее... Әкеңе неғып жүгіріп жүрсің? Соны түсіндірші.

- Ой, ызың-ызың етіп қанды ішіп бітті ғой! Мамамды әбден қорқытып алған! Ұрсады да жатады!.. Ұйықтап жатқам, тағы да сол баяғы батяның айғайынан оянып кеттім. «Не боп қалды?» деп шықсам, мамам жылап отыр! Жаным ашып кетті... Алдында да сөйтіп жылатқанын көргем! Ой жынымның келгені-ай!..

- Содан?

- Содан сол! Араша түстім мамама... Мені боқтағанымен қоймай, орындықпен ұрмақшы! Сонан кейін пышақты алуға тура келді!.. Әй, ана Аманбек аға келіп қалмағанда, білмеймін не болатынын!.. Бәрі тек соның айтқанындай болуы керек оған салсаң! Біз де жігіт болдық қой! Армияны да көрдік! Олай істеуге болмайды ғой, аға! Қанды ішіп бітті!..

- М-мм... Мамамды қорғадым де...

- Иә. Маханға күн көрсетпейді ғой! Әбден басынып алған! Өйтіп қор қылмаймын мен!

- Е-ее... Түсінікті. Онда, Қазтай, енді мені тыңда.

- Иә?

- Бұл өмірдің сынақ екенін, Алла Тағаланың бізді түрлі жағдайларға салып сынайтынын білесің. Құран аяттарында «Сендерді жақсы-жаман күйге салып сынаймын» демей ме?

- Иә... – Жақтырыңқырамай, бірақ жуаси тіл қатты.

- Келесі бір аятта «Біріңді бірің арқылы сынаймын» дейді Жаратушы Иеміз. Яғни, жанымызда жүрген адамдар арқылы сыналамыз: олардың кей қылықтары ұнамайды, кейде ренжітеді, кейде сатып кетеді... Сол сияқты ата-анамыз да бізге сынақ болуы мүмкін. Мысалы үйленейін деген қызыңды жақтырмайды, намаз оқығаныңа қарсы болады, ауырып қалады, жұмыссыз қалады, тіпті (Құдай бетін ары қылсын!) кәпір болуы мүмкін; тіпті алжып, жынды боп қалуы да мүмкін... Мүмкін ғой?

- Мүмкін.

- Не істейміз сонда? Адам ретінде, мұсылман ретінде не істеуіміз керек?..

- Сабыр ету керек...

- Дұрыс. Сабыр ету керек және шүкір ету керек! Құранда «Маған және ата-аналарыңа шүкір етіңдер» дейді. Ол не деген сөз? «Ата-анаңды таңдай алмайсың. Сондықтан Алла нәсіп еткен әке-шешеңе разы бол! Олар қандай кісілер болса да, өзіңе тиісті міндетіңді атқар! Өйткені әркім әуелі өзі үшін жауап береді!» деген сөз... Аталарымыз не деген? Ең қиын сынақ ол кісілердің алжып кетуі ғой! Ақыл-есі орнында емес, ісінде де, сөзінде де тамтық жоқ; астына жіберіп қойып жата берсе... Қандай қиын, ә?! Бірақ аталарымыз не дейді? «Қарттар үйіне өткізіп тастап құтыл» дей ме? Жоқ! «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ!» дейді!.. Ал сенің әкең жынды ма?.. Ауру ма?.. Кәпір ме?.. Жұмыс істемей, масыл болып алды ма?.. Жо-оқ. Рас, денсаулығы сыр беріп жүр. Бірақ осы күнге дейін бәріңді асырап келеді ғой!.. Сегіз баланы бағу оңай деймісің?.. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» деген, кейін түсінесің, Қазтай...

Бір қызарып, бір бозарған Қазыбекте үн жоқ. Айтқанымды сіңіріп алсын деп біраз үнсіз отырдым. Жаңбыр төгіп тұр.

- Есіңде ме? Бір кездесіп, сендермен әңгімелескенде, Ибраһим пайғамбардың (Ол кісіге Алланың сәлемі болсын!) әкесі жайлы айтып ек қой?

- Еміс-еміс есімде, аға...

- Ол кісінің әкесі пұттарды жасап, соларды сатып, сонымен күн көрген адам еді. Тура жолға шақырған баласын «Мен сені таспен ұрып өлтірем!» деген қатігез кісі еді. Сондай адамға Ибраһим пайғамбардың қалай қайырылып, қалай сөйлегенін бізге үлгі етпеді ме Алла Тағала? Не деп еді баласы әкесіне? «Әкешім! Мен сізді шайтанға ілесіп адасасыз ба деп қорқам. Әкетайым менің, маған тура жол көрсетілді, маған ілесіңізші...» демеп пе еді? «Әке» деген жоқ, қайта-қайта «Әкешім! Әкетайым!» деген! Қандай әдеп, а?!.. – Аз үнсіздіктен соң сөзімді жалғадым.

- Енді әңгіменің төтесіне көшейік. Әкеңе жеккөрінішпен қарайтындай, ол саған не жамандық істеп еді?.. Жалпы, сенің әкең кімнен кем еді? Мас болып мазаларыңды алды ма? Біреулерге ұқсап шешелеріңмен қосып сабаған ба еді? Өзі ләйліп, сендерді аш қалдырып па еді? Жоқ әлде екі күннің бірінде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, боқтап жатушы ма еді? Айтшы!

- Жоқ...

- Рас, мінезі жеңілдеу шығар, ашуы тыз етпе шығар? Бірақ «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, ашуға себеп жоқ дейсің бе? Әкенің қалауын емеурінінен біліп жатқан бала қайда?.. Өзіңді әкеңнің орнына қойып көрші. Балаң есейіп, ер жетіп, әскери міндетін өтеп, ұшқан ұясына оралып жатыр. «Бойы өсіп, денесі толығып азамат болыпты; бір жағыма шығып, тиынымды теңге, құлынымды құнан қылады; ауыртпалығымды алып, абыройымды аспандатады» деп марқайып отырсың. «Әбден демалып алсын, бізге еркелегені ғой» деп, балаңның бір ай, екі ай түнімен қыдырап, күнімен ұйықтағанына да кеңдікпен қарадың. «Жұмыс іздеп шаршап жүр ғой, бір жерге орнықпаған соң, көңілі де орнында емес» деп, қабағын ашып сөйлеспейтінін де ақтап алдың. Бірақ, ұйқысынан тұрғанын көріп, көмекке шақырғаныңда лып етіп келе қоймаса, келгенімен кекжигені көбірек болса, ашуың келе ме, жоқ па?!.. Тұрған жұмысынан бір-екі ай болмай жатып шығып кетіп жатса, күндіз жұмыс іздеудің орнына шалжиып ұйықтап жатқанын көзің көрсе, жының келе ме, келмей ме?!.. Ал енді «қолғанатым, арқасүйерім, азаматым» деп жүрген балаң бетіңнен алып, төсіңе шауып жатса, жағаңа жармасып, пышақ кезенсе, қандай күйде болар едің, Қазтай?! Сәл ойланшы...

Басын ары бұрып алған Қазыбек күрсініп барып:

- Мен мамама араша түсейін деп ем... - деді ақталған дауыспен.

- Әй, Қазтай-ай... Олай араша түспейді ғой... Әлі-ақ, Алла нәсіп етіп, үйлі-баранды болып жатсаң, көресің: әйел кісілердің өзіне тән бір осалдығы болады. «Қисық қабырғадан жаратылған» дегені сол. Бізге, еркектерге ұқсамайды олар. Ойыңнан шыға қоймағаннан кейін кейде пенделікпен қаттырақ мәміле жасап қоясың. Бірақ артынша еркелетіп, еміреніп дегендей, түзеп аласың ол қатеңді. Кейде күндіз ұрысқанмен, жүрек жарастығы, жар төсегі деген нәрселер бар, таңертеңгісін татуласып тұрып кетесің... «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп аталарымыз бекер айтқан дейсің бе? Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырлайды. Бірақ сындырып алмау керек...

- Бірақ, аға, өзіңіз айтып едіңіз ғой ««Ер адамның ең жақсысы – жұбайына жақсы қарағаны» деген хадис бар» деп. Әкем болса...

- Әрине, мен әкеңнің кешегі қылығын «толық дұрыс» деп ақтап отырған жоқпын... Анаң екеуінің бірге өмір сүріп келе жатқанына қанша болды?

- Тәк... 25 жылдай болыпты.

- Міне, көрдің бе? Егер сен ойлағандай, өзің куә болған екі-үш жағдайдағы әкеңнің ашулы қылығына қарап ойлап қалғаныңдай, әкең нашар адам болса, қор қылып жүрген болса, осынша жыл адам бірге тұра ма?.. Бопты дейік, айына 2-3 мәрте ұрысып қалсын. Алайда 27 күн тату жүр емес пе?!.. Қайталап айтам, Қазтай, анаға олай араша түспейді. Әкесі мен анасының жарастығын ойлаған бала олай араша түспейді...

- Қарап тұрайын ба сонда? Әлде көрмегенсіп өтіп кетуім керек пе еді?

- Қажет болса, яғни сенің араласқаның от үстіне май құятынын түсініп тұрсаң, үндеме, тіпті көрмегенсі! Әрине, шатаққа араша, күнәға тоқтам керек! Бірақ, қалай? Мәселе – осыда. Арашаң араздықты арттырмауы керек, жағдайды шиеленістірмеуі керек! Кішілікпен, өз орныңды біліп, керек болса, сол адамдардың мінез-құлқын екшеп барып араша бол!.. Өзің ойлашы: сенің сол кездегі әрекетің дұрыс болды ма?.. Сен әкеңнің орнында болсаң, балаңның сол арашасына разы болар ма едің?.. Айтшы.

- Жоқ...

- Әрине, разы болмайсың! Кіндігіңнен шыққан перзентің пышақ ала жүгірсе, қалай разы боласың?! Сен ренжіме, Қазтай. Сенің ол әрекетің – араша емес, ана алдындағы перзенттік қамқорлық та емес, менмендіктің, ашуға жеңілген зор кеуденің ақымақтығы ғана! Әскерде жүріп семіріп кеткен сасық кеуденің далбасасы, жастықтың мастығы, нәпсінің өзімшілдігі ғана!..

Қазыбек төмен қараған қалпы қып-қызыл болып кетті. Ашудан гөрі ақылдың әсері екенін сезіп отырмын.

- Мен саған бір әңгіме айтып берейін. Ерасыл ағаңның айтқаны. Тура сенің жағдайыңа ұқсайды. Бірақ, сәл басқаша. Жақсылап тыңда. «Әскери борышымды өтеп келген кезім еді» дейді ағаң...

«Әскери борышымды өтеп келген кезім. Дос-жаран мен ағайын-туыстың, әсіресе, ата-ананың қадірін шетте жүріп түсінеді екенсің... Сағынып жеттім! Бірақ көп ұзамай, алып-ұшқан көңілім су сепкендей басылды. Әкем ішуін әлі қоймапты. Сол баяғы әдеті: мас болса болды, шешемді қуалайды да жүреді... Бір күні кешкісін досымыздың туған күніне барайын деп жиналып жатқам. Сырттан жеңешем жүгіріп кірді. Өңі өрт сөндіргендей.

- Ойбуй, Құдай-ай, ана әкең тағы мас! Қайттім енді?!..

Айтып ауыз жиғанша әкем де кіріп келді. Түрден түр жоқ. Алқам-салқам. Кіре сала «Ой, шешеңді...!» деп анама бас салғаны! Ол кісі сыртқа қашып шығып кетпекші болып еді, шап беріп ұстап алып, бір қолымен қойып-қойып жіберді! Әй, мұндай жыным келмес! Қапсыра құшақтап алдым да әкемді алып ұрдым. Үстіне шығып, тыпыр еткізбей басып алдым. Қайдан шамасы келсін, қолынан келгені: жеті ата-жеті пұштымнан тартып боқтап жатыр. «Әй-й, көрсетпегенің қалмады-ау, әке!..» Ызам келіп нығырлап-нығырлап қоям. Сөйтіп өзімше айызымды қандырып жатқан кезімде бетіме келіп шапалақтың тигені! Қарасам: анам!

- Ей, көргенсіз! Әкеңе қол көтерейін дедің бе?! Тексіз бе едің, а? Оңбаған! - Шапалақпен тартып-тартып жіберді! Екі көзім атыздай болып, не істерімді білмей қалдым.

- Жібер деймін саған! Ақымақ!

- Кешіріңіз! Кешіріңіз, жеңеше... – Сасқанымнан атып тұрдым.

- Жоғал көзіме көрінбей!

- Мен сізге араша түсіп...

- Бүйткен арашаң құрсын! Мен саған өстіп араша түс дедім бе?! Ел-жұрт естісе не дейді?! Құдайдан қорықпаймысың, а?! Ей, санасыз, бұл сенің әкең ғой!.. Шық үйден, ақымақ!

- Кешіріңіз! – Ұрын-перін үйден атып шықтым...»

«Ертесі әкемнен кешірім сұрадым. Содан бері әкемнің бетіне қарамауға тырысып келем...» дейді ағаң...

Көзіне жас үйірілген Қазыбек кірпігін қайта-қайта қаға берді.

- Өзің де білесің: атаң жеңешем қайтыс болған соң, «Қадіріңді білмеппін, кеш мені» деп талай жылады... Шынымен, ағамды қалай қадірлеген, ә? Атаңа нәлет сол арақтың кесірінен жеңешем 20 жыл бойы сөйтіп қашып-пысып жүрді ғой... Сонда, жаңағы әрекетін қалай түсіндіреміз?.. Өйткені, жеңешеміздің бойына бала кезінде сондай тәрбие сіңірілген... Өйткені, ер азамат үшін Жұмақтың есігі – ананың табанының астында болса, әйел кісі үшін – ерінің разылығында... Апаңның мінезіне байыптап қарасақ, біз айтып жүрген «сабыр, шүкір, кешірім, тағдырға разылық» деген керемет қасиеттердің барлығы бойында болған адам. Мысалы, ол кісі - бірде-бір атасының немесе қайныларының атын тура атамаған адам; бәрімізге «айналайын, қарағым» деп мейірін төгіп өткен, қолындағысын таратып бергенше жаны жай таппайтын керемет кісі еді! Сол мінезінің себебінен болар, Ерасыл ағаң намаз бастаған соң, «ата-анама жеткізейін» деген ниетпен барып, айтқанында, еш сөзге келместен «Парыз болса, үйретіңдер, қарғам» деп, сол күні-ақ намазға жығылғаны!..

Сәл отырып, әңгіменің түйініне көштім.

- Жарайды, өткен өтті дейік. Қазіргі мына қылығың әке-шешеңді шаттандыратын қылық па? Бөліп алып кеткендегі мақсатың не? Анаңды жесір, іні-қарындастарыңды тірі жетім қылу ма?.. Өшіңді алып жатсың ба? Өштесетіндей не болып еді? Кімнің кінәсі көбірек: әкеңнің бе, сенің бе?.. «Әке ұрысса балаға ол да – достық, бала ұрысса әкеге жараса ма?» депті ғой Абай хакім. Ұрысса, өз әкең ұрысты! Әрі-беріден кейін, сол ұрысқа лайық болып қалғаның үшін ұрысты!..

Қазыбекте үн жоқ. Мойындап отыр. Шекесін ұстай береді...

- Қазтай, өзің білесің: «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында» деген ғой Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Біле білсең, ата-анаға қарсы шығу, оларға азар беру – үлкен күнә... Ана бір сабақта айтқан Шәкәрім атаңның өлеңі де есіңде болар: «Табылды өз бойымнан екі дұшпан, бірі – іштен болғанда, бірі – тыстан» деген.

- Иә...

- Ендеше, дұшпандарыңа жем болма! Нәпсіңе «Жөніңе жүр» де, әкеңнен кешірім сұра... Қателік  қайталамау үшін, сабақ алу үшін беріледі... Бұны да «Алланың бір ескертуі» деп біл... Осы әңгімеміздің өзін «Алланың рақымы, мейірімі» деп түсін... Шүкір ет... Тәубаға кел... Қысқасы, әкеңнің алдына кешірім сұрап бар. Ақылың бар жігітсің ғой... «Ұлым бар!» деп мақтансын, «Азаматым!» деп мейірленсін!.. «Атаңа не қылсаң, алдыңнан сол шығады!» дегенді де есіңнен шығарма, Қазтай... Ал, жақсы, Алла жар болсын!..

- Жақсы... Рахмет, аға!.. – Қол алысып қоштастық.

Р.S. Құдайға шүкір! Татуласты...

 

Алғадай Әбілғазыұлы

7394 рет оқылды