Бір тәулікте 76 тілге аударылған қарт ананың баласына жазған мына хаты әлем жұртшылығының жүрегін елжіретті. Аяулы ананың жан тебірентер сөздері мынадай еді:
Балам, мен қартайғанда мені қараусыз қалдырмашы. Сенен көп нәрсені сұрамаймын. Маған сенің мейірімің мен жылы алақаның болса жетіп жатыр. Ол кезде мен де бейне сенің кішкентай кезіңдегідей асырауға, мәпелеуге мұқтаж боламын.
Мен қартайғанда қолдарым дірілдеп, ішер асымды киіміме жиі төгіп алуым мүмкін. Есіңде ме, сен де кішкентай кезіңде қолың икемге келмейтін сәтте тамағыңды төгіп-шашып ішетін едің ғой. Мен сенің сол қылығыңа да қуанып, мәз болатынмын. Балам, мен де қартайған сайын бала болып барамын. Өтінемін, сондай сәттерде сен сабырлы болшы.
Мен қартайғанда кейде сыртқа шығып таза ауа жұтқым келеді, құдды сенің бала күніңде арбаға салып алып сыртқа алып шыққанымдай, мені де далаға алып шығып, бір мезгіл серуендетіп тұра аласың ба? Бұл сенің қолыңнан келетін нәрсе ғой, балам...
Мен қартайғанда істеген ісімді, сөйлеген сөзімді тез ұмытып қалатын жағдайға жеттім. Бала сияқты маңызы жоқ істер үшін басыңды ауыртып ретсіз сөйлей беретін болармын, ол кезде мен не десем де сенікі жөн деп, көбірек сабыр сақтағаныңды қалаймын.
Мен қартайғаннан кейін кішкентай балаға тәрбие бергендей саған себепсіз ақыл айта беруім мүмкін, ол кезде менің айтқаным көңіліңе жақса да, жақпаса да екі құлағыңды басып тұра қашпай, өтірік болса да тыңдаған кейіп танытып жанымда отыра берші, балам. Сондай сәтте «Жарайды!» деп жай мақұлдағандай болып, басыңды изей салсаң да мен мәз болып қаламын...
Мен қартайдым... Сендерден қай күні алыстап кететінім бір Аллаға ғана аян. Осы уақытқа дейін Алла Тағаладан тек сенің ғана амандығыңды тілеп келдім. Тек саған жақсы болса екен деп қолымнан келгеннің барлығын сен үшін жасадым. Ұзақ іс-сапарларда жүргенде, отбасыңмен саяхатта болғанда, ұйықтар алдында бір сәт болса да менің де амандығымды тілеп, Алладан мен үшін де дұға тілеп жүрші, балам...