2017-11-14 (0) (9310)

ҚИЫНДЫҚТАН ҚҰТҚАРАТЫН ДӘРУМЕНДЕР

ҚИЫНДЫҚТАН ҚҰТҚАРАТЫН ДӘРУМЕНДЕР

 

Алла Тағаладан келетін кез келген сынақты қарсы алған адам – кірпішке ұқсайды. Адам кірпіш сияқты, қиындыққа күйген сайын қатая түседі. Адам сынақ сүріндірген сайын қадамын нық басатын болады. Түрлі тауқыметке төзіп, иманы шыңдалған адам нағыз бақыттың дәмін татады. Ал, бұл – дүниеге бергісіз сезім! Әрине, адам болмысы жеңілдікке, оңайлыққа құмар. Алайда, жай тас пен жауһар тастың айырмашылығы жауһарға жұмсалған қажырлы еңбек пен сабырлылықтан байқалады. Сол іспетті, дүниелік сынаққа сабырлық танытқан адамның рухани болмысы байып, кемелдене түседі. Ал, бұл оңайлықпен келмейді.

 

Сізде игілікке жету мүмкіндігі бар!

 

Мұсылманда қиындықты дұрыс пайдалану арқылы игілікке жету мүмкіндігі бар! «Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның ісінің барлығы ол үшін жақсылық. Сондай-ақ, ол мүміннен басқа ешкімге берілмеген: егер оған бір қуаныш келсе, ол Аллаға шүкірлік етеді, ол оған жақсылық болады. Ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, ол оған жақсылық болады». (Муслим) Сөзсіз, ауру-сырқат – адамға қиындық тудырады, уайым-қайғы құштырады. Яғни, бұл – сынақ. Егер, ол басына келген дертке сабыр сақтаса, Алла туралы жақсы ойласа, Одан келетін жазадан қорқып, онан сайын Аллаға жақындай түссе, мұның соңы адам үшін жақсылыққа ұласады. Алланың басқа салғанына разы күйде Оның Даналығына, Пәктігіне зәредей шүбә келтірмей, қиындықтың соңынан екі бірдей жеңілдікті күту, сыйды дәмету – мұсылманның ең қайырлы ісі.

 

Қиындық көбейген сайын берілетін сауап та үлкен болады!

 

Хадисте: «Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар (қиындықтар) жібереді» (Бұхари); «Шындығында үлкен сынаққа, үлкен сауап бар, Егер Алла Тағала адамдарды жақсы көрсе, Ол оларды сынақтарға салады да, одан кейін оларға ризалығы ретінде игілік жібереді, ал сол кезде наразылық білдіргендер Оның  ашуына ұшырайды» делінген (Тирмизи). Алланың ең сүйікті құлы болған Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл үмбетте ең үлкен сынақты басынан кешкен жан. Ол кісінің басына қағанақ қойылды, аяқтары қанатылды, беттері жырылды, бір шатқалда құрсауға алынды. Тіпті ағаш жапырақтарын жеді. Туған жерінен қуылды, күрек тісі сынды, пәк әйелінің намысы тапталып, жала жабылды, жетпіс сахабасы өлтірілді, көзі тірі кезінде перзенттерінен айырылды. Аштықтан ішіне тас байлап жүрді. Құрастырғыш ақын, сиқыршы, балгер, жынды, өтірікші деген жалалар жабылды. Ол кісіні Алла мұндайдан сақтасын. Бұлар сөзсіз болатын бір сынақ еді. Ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) былай деді: «Бірде мен Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кірген едім, ол кісі безгектен қалтырап жатыр екен. Мен: «Я, Алланың елшісі! Безгегің неткен ауыр!» дедім. Ол кісі: «Әрине! Мен безгектен сендерден екі есе қатты азаптанамын» деді. Мен: «Бұл саған екі есе сауап берілетін болғандықтан ғой?» деп сұрадым. Ол: «Иә, ол солай» деді (Бұхари, Муслим). Қиындық қаншалықты үдеген сайын оған берілетін сауап та үлкен болады екен-ау!

 

Оған сеніңіз, арқа сүйеңіз, тəуекел етіңіз!

 

«Алла Тағала: «Кімнің дене-мүшесіне, бала-шағасына немесе мал-мүлкіне бақытсыздық келіп, ол адам жақсы сабыр етсе, қияметте одан есеп сұрауға ұяламын» деген еді (Хаким). Жеті қат аспан мен жеті қатпар жерді жаратуға Алла Тағаланың қуаты қиналмай жеткенде, сіздің жыртық жүрегіңізді жамауға күші жетпейді деймісіз?! Санаңызды жаулаған уайым мен қайғының торын бұзу Оған ауырлық танытады деймісіз?! Бақытқа жеткізіп, шаттыққа бөлеу де Оған түкке тұрмайды.  Ендеше, Жаратушыңызға сеніңіз, арқа сүйеңіз, тəуекел етіңіз!

 

Сынақ – қонақ, оны күліп қарсы алыңыз!

 

Сынақсыз өмір ұстазсыз сынып сияқты, ешнәрсе үйрене алмайсың.Осындай жағдайларда адам баласының жұбанышы – сабыры ғана. Өйткені, сабыр сақтай білу өмірдің тауқыметін жеңе отырып, жаңа ғұмырға жол ашады. Сабырлы жандар қандай қиындықты да төзімділікпен қарсы алады. Жеңіс сабырлылықпен келеді. Жеңілдік ауырлықпен болады. Сынақ – Алладан келетін қонақ. Оны күліп, қуанып қарсы алған сайын Алланың алдында дәрежеңіз өседі. Құранда: «Босаңсымаңдар әрі қайғырмаңдар, егер, иманды (мүмін) болсаңдар, сендер жоғарыдасыңдар» («Бақара» сүресі, 139-аят) делінген. Ал, сабыр – иманның жартысы.

 

 

Сіз таңның атқанын сабырмен күтіңіз!

 

Сізге лайықты болған нәрсе жазылып қойылған. Ендеше, оған қайғырып, өкінбей-ақ қойыңыз. Сіз «құлап бара жатқан қабырғаны, құлатпай ұстап қалар едім, төгілген судың төгілуіне жол бермес едім» деп мүлдем ойламаңыз. Қалай болғанда да, сіз де, мен де қаласақ та, қаламасақ та, бұйырғаны болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткендей, ешқашанда «Егер мен былай-былай жасағанымда, мынадай-мынадай болар еді» деме. Бәлкім, Алланың тағдыры сол шығар, Оның қалағаны болады» де.  Аштықтан кейін тоқтық, шөлден кейін шөлдің қануы, ұйқысыздықтан кейін қанып ұйықтау, дерттен кейін айығу бар. Кеткен адам жуырда келеді, адасқан адам жолын табады, қараңғылық сейіліп, таң атады. Сіз таңның атқанын сабырмен күтіңіз! Содан кейін...

 

Сіз ең бақытты жан болып, жеңіске жетесіз!

 

Ол суға батып бара жатқанды құтқарады, жоғалғанды қайтарады, дертке шипа береді, жәбірленгенге жәрдем береді, адасқанды жолына салады, қиналғанға жеңілдік береді. Сондай-ақ, Алла өте Жақын әрі Естуші, Қабыл алушы. Жаны қиналып, күйзелген адам жалбарынып дұға қылсаңыз, Ол қабыл алады. Қолдарыңызды көтеріңіз, алақаныңызды жайыңыз, тіліңізді дұғамен сөйлетіңіз, Одан көп сұраңыз, жалбарыныңыз. Оның мейірімін тосыңыз. Оның жеңісін күтіңіз. Оның есімін жадыңызда сақтаңыз. Және әрдайым тек жақсы ойда болыңыз. Оған шын көңілмен беріліңіз. Сонда ғана сіз ең бақытты жан болып, жеңіске жетесіз!

 

P/S: Құраннан қуат алып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен разылығы болсын) хадисін өміріне нәр еткен біздің ата-бабаларымыз ұрпағына «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп өшпестей даналық сөз қалдырған еді. Адамның адамгершілік қасиеті қиын сәтте білінеді. Ендеше өмірдің сынынан сүрінбей, сабырдың сыйына бөленуді Жаратқан Алла Сізге де нәсіп етсін! 

9310 рет оқылды