09:45 | Ем болсын
2017-01-31 (0) (4770)

ОСМАН ИБН АФФАННЫҢ (Р.А) БИЛІГІ КЕЗІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ЖЕТІСТІКТЕР

ОСМАН ИБН АФФАННЫҢ (Р.А) БИЛІГІ КЕЗІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ЖЕТІСТІКТЕР

 

Бұхаридің хадистер жинағында Осман ибн Аффанның (р.а)   мұсылмандардың әміршісі болып тағайындалу тарихы туралы ұзақ хадис келтіріледі. Онда адамдардың өлім аузында жатқан Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а): «Уа, мұсылмандардың әміршісі, бізге өсиет айт және өзіңнің мұрагеріңді тағайында» дегендігі айтылады. Омар (р.а): «Мен Алла Елшісі көзі тірісінде разы болып кеткен мына бірнеше адамнан басқа мұрагерлікке лайықтыны білмеймін» деп, Османның, Әлидің, аз-Зубайрдың, Сағдтың, Талханың және Абдуррахманның (оларға Алла разы болсын) атын атайды. Алайда, көзі тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген тағы бір сахаба Сағид ибн Зейдтің атын атамады, өйткені, ол Омардың руласы болатын. Ол өзінің туыстарын бұл істен барынша алыстатты. Ол туралы: «Билікке Сағид келсе жақсы, олай болмаса, сендердің араларыңда билікке тағайындалғандарың онымен ақылдасыңдар. Мен оны әлсіздігі мен бұзақылығы үшін алыстатпадым» деген. Өзінің ұлы ибн Омардың ешқандай билікке құқығы болмауын, тек қана, куәгер болуы керектігін де тапсырады. Және соңында: «Төртінші күн туғанша сендердің жаңа басшыларың болу керек» деп алты үміткерге ақылдасуға үш күн уақыт береді.

Бұл дана әрі тәжірибелі басшы құрған тұңғыш жоғары саяси кеңес саналады. Омар (р.а) үш күннің ішінде олардың Медине тұрғындарымен де ақыласатындығын білді. Ал басқа елді мекен тұрғындары мединеліктерге сенім білдірді. Өйткені, мұнда хижраның жиырма үшінші жылына дейін де көптеген сахаба тұратын. Омар (р.а) олардың беделділерінің бәріне ақылдасып тұруға мүмкіндік болу үшін басқа жерге көшуге тыйым салған болатын.Сонымен, жаңа басшыны тағайындау үдерісі әрмен қарай төмендегіше жүзеге асты: «Омар жерленгеннен кейін кеңес қатысушылары және жоғарғы мемлекеттік кеңес мүшелері Омардың өлімінен кейін мұсылмандар үшін туындаған ең маңызды мәселені шешу үшін Айша анамыздың (р.а) үйіне жиналады (басқа нұсқада бұл Фатима бинт Қайс әл-Фихрийдің үйі болғандығы жазылған). Олар сұхбаттасты, пікірлерін айтты және Алланың рақымымен өздері де, басқа мұсылмандар да разы болған ортақ шешімге келді.

Абдуррахман ибн Ауф (р.а) басқаларға: «Билікті араларыңдағы үшеуге ұстатыңдар» деді. Аз-Зубайр (р.а): «Мен өзімді Әлиге тапсырамын» деді. Талха (р.а) айтты: Өзімді Османға тапсырамын», ал Сағд (р.а): «Өзімді Абдуррахман ибн Ауфқа тапсырамын» деді. Осылайша, үш үміткер өз еріктерімен бас тартып, тек қана үш үміткер: Әли, Осман, Абдуррахман қалады.

Абдуррахман (р.а) Осман мен Әлиге қарап: «Сендердің қайсысың бұл істі тапсырғанымызды және Алла мен Исламның алдында жауап беруді қалайсыңдар?» деді. Екеуі де үндемеді. Сонда Абдуррахман (р.а): «Бұл істі маған тапсырғыларың келе ме? Алламен ант етейін... Сендердің жақсыларыңды өзім таңдау керекпін бе?» деді. Олар: «Иә» деп жауап берді (Бұхари). Абдуррахман бұл кездесу аяқталғаннан кейін-ақ өзгелермен байланысып, кеңесуді бастап кетеді. Үш күн бойы мұхажирлер мен ансарлардың басшысы ретінді кімді көргісі келетіндігін сұрастырады. Ол беделді сахабалармен, қолбасшылармен, Мединеге сырттан келгендермен, перденің арғы бетінен жауап берген әйелдермен, балалармен, құлдармен ақылдасады. Бұхаридегі келесі бір хадисте Абдуррахманның (р.а): «Алламен ант етейін,  мен мұхажирлер мен ансарлардың бірінің де үйін қалдырмадым. Олардан сұрағанымда барлығының да Османға тең келетін ешкімді білмейтіндігіне көзім жетті» дегендігі айтылады. Тіпті Әлидің (р.а) өзінен сұрағанда оның да Османды көргісі келетіндігін біледі. Ал Осман (р.а) керісінше Әлиді (р.а) атайды. Хижраның жиырма үшінші жылы зул-хижжа айының соңғы күні таң намазынан кейін кезінде Алла Елшісі  ()  байлап берген бас киімін киген Абудуррахман (р.а) халықтың алдына шықты. Мінбердің айналасына алты үміткер жайғасты. Сол кезде Мединеде уақытша жүрген қолбасшылар Мұғауия ибн әбуСуфян, Умайр ибн Сағд, Амр ибн әл-Ас та (оларға Алла разы болсын) осы жерге шақырылады.

Абдуррахман ибн Ауф (р.а) куәлік сөздерін айтты да: «...Уа, Әли, мен адамдардың жағдайына қарадым да, олардың  Османға тең келетін ешкімді білмейтіндіктеріне көзім жетті...» деп өз шешімін түсіндіріп шықты. Содан кейін: «Алла мен Оның Елшісінің және одан кейін билік еткен екі мұрагердің сүннетіне сәйкес ант беремін» деп Османға (р.а) ант береді. Осыдан кейін мұхажирлер, ансарлар, қолбасшылар, қарапайым мұсылмандар оған ант берді. Бірнеше тарихи еңбекте Абдуррахманнан (р.а) кейін екінші болып Әлидің (р.а) ант бергендігі айтылады.

Алла Елшісінің () көзі тірісінде айтқан мына бір сөздері де Османның (р.а) бұл орынға лайықты екендігін және сайлаудың барынша дұрыс ретпен болғандығына нұсқайды: «Расында, осы түні бір шыншыл адам түсінде Әбу Бәкірдің Алла Елшісіне ілінгенін көрді, ал Омар Әбу Бәкірге ілінді, Омарға Осман ілінді», «Уа, Осман! Алланың саған көйлек кигізуі мүмкін, егер олар сенен оны шешуді талап етсе, олардың пайдасы үшін шешпе» (Тирмизи).

Алғашқы хадисті жеткізуші Жәбир ибн Абдуллаһ (р.а) сахабалардың шыншыл адамды Алла Елшісі () , ал бір-біріне ілінген адамдардың одан кейін Алла Елшісінің ()   ісін жалғастыратын адамдар екендігін толықтай мойындағандықтарын айтады. Ал екінші хадистегі көйлек «билік» ретінде тәпсірленеді.

 

Осман ибн Аффанның кезіндегі саяси-әкімшілік өзгерістер

 

Осман (р.а) өзі билікке келгеннен кейін бір жыл бойы Омар (р.а)   тағайындаған әкімдердің ешбірін де өзгертпеді. Орынбасарларға жіберген алғашқы жолдауларынан оның «олар тиісті болғанды алу және оларға міндетті болғанымызды беру» деген саясатты ұстанғандығын аңғаруға болады. Яғни, халықтан талап етпес бұрын, олардың жағдайын жасауды басты назарға қойды.

Осман (р.а) қолбасшыларға жолдаған хатында: «...Шын мәнінде, сендер – мұсылмандардың қорғаны және тірегісіңдер және Омар баршамызға белгілі болғандай, сендерге арналған ережелерді бекітті. Маған бекітілгенді өзгерткендерің туралы хабар жетпесін, өйткені, олай болса, Алла сендердің жағдайларыңды өзгертеді (бұрыс жағына). Өздеріңді бақылаңдар, расында, мен Алла мені міндеттеген нәрселерді және Ол менің құзырыма берген нәрселерді бақылаймын» деп жазған (Табари, Тарих).

Осман (р.а) мемлекетте ең беделді сахабалардан тұратын кеңес құрады. Және халыққа: «Омар сендерге қалдырған нәрседен мықтап ұстаңдар және ешнәрсе өзгертпеңдер. Егер қандай да бір мәселе түсініксіз болса, бізге келіңдер. Біз кеңесті жинап, ортақ шешім қабылдаймыз» деген жарлық таратты. Билікке келген Осман (р.а) Омардың (р.а) кезіндегі қаржы жүйесін өзгеріссіз қалдырды. Алайда, адамдарға өздерінің жеке иелегіндегі қымбат мүліктерді ұстауларына, үлкен үйлер тұрғызуға, кең жер иеліктеріне ие болуға рұқсат берді. Омардың (р.а) адамдар мен олардың қалаулары арасына деген қаталдығы өткен шақта қалды... Османның (р.а) биліктегі уақыты адамдар үшін көл-көсір молшылық пен кедейсіздік кезеңі болды.

Ол: «бұл сендердің зекеттеріңнің айы (ғалымдар мұны рамазан айы деген), кімнің қарызы болса, зекет төлемес бұрын құтылып қойсын. Ал егер кімнің мүлкі жеткіліксіз болса, одан ешнәрсе талап етілмейді. Осы айда кімнен зекет алған болсам, келер жылы тура осы уақытта келуі тиіс» деп, зекет төлеуді нақты бір уақытқа бағындырды. Османның билігі кезінде қажылықты ұйымдастыру шығындары мемлекеттің қазынасындағы қаражатпен жабылатын.

Жұмаға келген халық Мединедегі Пайғамбар ()   мешітіне мүлде сыймайтын болғандықтан, Осман ибн Аффан (р.а) сахабалармен ақылдаса отырып, мешітті толық бұзып, жаңасын тұрғызуға шешім қабылдайды. Құрылыс жұмыстарына өзі де қатысады. Сондай-ақ, Меккедегі әл-Харам мешітін кеңейту жұмыстарын жүргізеді. Бұл мәселеде Омардың (р.а)   кезіндегі үлкейту жұмыстарын үлгіге алады. Сондай-ақ, мемлекетке қосылған жаңа аймақтарға мешіт тұрғызу жұмыстары да облыстық қазынаның есебінен жүргізілді. Оның уақытында тұрғызылған ең үлкен мешіттер қатарына Александриядағы Ар-Рахма мешітін және Истахрдағы мешітті жатқызуға болады.

Мұсылмандардың тұңғыш әскери флотын тұрғызу да Османның (р.а)   кезінде жүзеге асырылды. Бұл флот Ислам үшін жаңа жерлердің ашылуына себеп болды.

          Кейбір еңбектерде Османның (р.а) сот істеріне арналған арнайы ғимарат бекіткендігі жазылады. Ол сот ісі үшін арнайы мекеме бөлген тарихтағы тұңғыш адам. Оның билігі кезінде сот үкімін шығарған ең атақты адамдар төмендегідей болды:

       Зейд ибн Сәбит (Медине);

       Әбу ад-Дарда (Дамаск);

       Кағб ибн Сиуар (Басра);

       Әбу Мұса әл-Ашғари (Басра);

       Шурайх (Куфа);

       Яғлә ибн Умайя (Йемен);

       Сумама (Сана);

       Осман ибн Қайс (Египет).

Медине шекарасы кеңейгендіктен Османның (р.а) ұйғаруы бойынша, жұма намаздың жақындағандығын білдіретін азан шақырылатын болды. Бұл одан кейін келген әміршілердің кезінде де жалғасын тапты.

Осман ибн Аффанның (р.а) кезінде Ислам жері кеңи түсті. Ибн Касир бұл туралы: «Ұлы Алла оның себебімен Ислам үшін көптеген облыс пен қаланы ашты. Ислам мемлекетінің шекарасы кеңейді... Мұхаммедтің ()   елшілігі батысқа да, шығысқа да жетті» деп жазады. Әсіресе, Затус-Сауариде болған шайқастың рөлі өте зор деуге болады. Осының нәтижесінде Кипр, Крит, Корсик, Сардиния, Сицилия, Балеар аралдары мұсылмандардың қолдарына өтті. Теңіз флотын құру жұмысы жемісті нәтиже беріп, Жерорта теңізін (Родостан Триполиға дейін) бақылау Ислам мемлекетінің құзырына берілді. Амр ибн әл-Ас бастаған әскер Африка жерлерін, Барка, Триполи, Ливия аудандарын, Нубияны ашты. Сондай-ақ, Александрия қаласын толықтай қолға алды. Шам мен Ирак тұрғындары бірлесе отырып Армения мен Әзірбайжан жерін бағындырды. Ислам үшін шығыс жерлерін ашуда үлкен еңбек сіңірген әл-Ахнаф ибн Қайс атты қолбасшыны ерекше атауға болады. Абдуллаһ ибн аз-Зубайрдың да әскери шеберліктері Османның (р.а) тұсында анық көріне бастады.

 

Османның (р.а)  ұлы істерінің бірі – Құран оқу әдістерін біріктіруі

 

Жобамыздың алғашқы кезеңінде Әбу Бәкір ас-Сыддықтың (р.а) Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) ұсынысымен Құранды бір жазбаға біріктіргендігі туралы ақпарат берген болатынбыз. Ас-Сыддық (р.а) бұл ұлы істі сахаба Зайд ибн Сәбитке (р.а) тапсырады.

Алла Елшісі  ()  Жебірейіл жеткізген әрбір аяттың реттік санын сахабаларына үйретіп отырған. Яғни, қандай сүреге, қай аяттан кейін оқылуы керектігі нақты ескертілген. Сахабалар да Құранды сол қалпы оқитын. Зайд ибн Сәбит (р.а) өзіне артылған жауапкершілік туралы: «Алламен ант етейін,  егер олар маған тауды бір жерден екінші жерге апарып қоюды тапсырса, бұл Құранды жинаудан оңай болар еді. Мен пальма жапырақтарына, тасқа, тері бөліктеріне, сүйектерге жазылған, адамдар жатқа білетін аяттарды жинай бастадым... Құранның бұл тізімі қайтыс болғанша Әбу Бәкір ас-Сыддықта сақталды, одан кейін Омар ибн әл-Хаттабта, ол қайтыс болған Хафса бинт Омарда сақталды...» деген екен.

Ол Алла Елшісі ()   тірі кезде жазылғанды және жатталғанды ғана түсірді. Егер аят тек қана жатталып, бірақ жазылмаған болса, жаттау барысында қателік кетуі мүмкін деген қорқынышпен қабылдамады. Және жатқа білетін адам аяттың Пайғамбар  ()  тірі кезде жазылғанына екі куәгер келтірмейінше де қабылдамады.

Әнас ибн Мәлик (р.а) Хузайфа ибн Ямаманың (р.а) Шам мен Ирак тұрғындары Армения мен Әзірбайжанды ашу күрестерін жүргізіп жатқан уақытта Османға (р.а)  келіп: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Христиандар мен яһудилер секілді Кітапқа қатысты келіспеушіліктерге түспестен бұрын бұл үмбетті тоқтат!» дегендігін жеткізеді. Расымен де, сол кезеңде адамдар арасында Құранға қатысты келіспеушіліктердің ұшқыны біліне бастаған. Олар бір-біріне: «Менің оқуым сенікінен артығырақ» дегенді айта бастады. Яғни, сол уақытта Құран оқудың жеті әдісі әр аймақта пайдаланылып, Құранды бұрып жіберу қаупі туды. Әркім өзі сөйлейтін тілге жақын диалектіні таңдап, бір-бірін бұрыстықта айыптайтын болды. Құран бастапқыда құрайыштардың диалектісінде түскен. Кейін жеңілдік болу үшін (адамдардың басым бөлігі сауатсыз болды) әр түрлі диалектіде оқуға рұқсат етіледі. Сонда Османның (р.а) жазбаларды көшірудегі мақсаты – бұл жеңілдікке тоқтау қойып (ол уақытта бұл жеңілдіктің қажеттілігі де болмай қалды), бір ғана диалектіде, яғни, құрайыштар диалектісінде оқуды қалыптастыру еді.

Мұсылмандардың әміршісі мұхажирлер мен ансарларды жинап, сақталған Құран жазбасын көшіріп, әкімшілік аймақтарға жіберу мәселесін ақылдасады. Үмбеттің игі жақсылары жиналған кеңесте әркім өз пікірін айтты. Олардың арасында Әли ибн әбу Талиб те (р.а) болды. Ол бір сөзінде Осман (р.а) туралы жаман пікір айтуға тыйым салып: «Ей, адамдар! Ол туралы жақсы сөзден басқаны айтпаңдар, Алламен ант етейін, оның жасағаны біздің келісімімізбен ғана болды және Алламен ант етейін, оның орнында болсам мен де осыны жасар едім» деген. Қысқасы, жиналғандар бірауыздан Османның (р.а) ұсынысына келісті, ешкім қарсылық білдірмеді. Керісінше «сенің ұсынысың керемет!» деген пікірлер айтылды. Ғалымдар мен имамдарды қоспағанда, мұның қажеттілігін қарапайым халық та мойындады.

Осман (р.а) Әбу Бәкірдің (р.а) кезінде жинақталған жазбаны сақтап отырған Хафса анамызға (р.а) адам жіберіп: «Бізге жазбаларды жібер, одан бірнешеуін жазып болғаннан кейін саған қайтарамыз» деп сәлемдеме айтады.

Хафса анамыз жазбаны жібергеннен кейін Зайд ибн Сәбитке, Абдуллаһ ибн әз-Зубайрға, Сағид ибн әл-Асқа және Абдуррахман ибн әл-Хариске (оларға Алла разы болсын) бірнеше көшірме жазуды тапсырады. Бұл төртеуі де Құран оқудың шебері, әрбір әрпін дұрыс оқушы, әрбір аяттың мағынасын жақсы түсінуші адамдар болған. Ал Зайд ибн Сәбит (р.а) Әбу Бәкірдің (р.а)   тапсырмасымен алғашқы нұсқаны жинаған жалғыз сахаба. Үш құрайыштыққа: «Егер сендер Зайд ибн Сәбитпен келіспей қалсаңдар, құрайыштардың тілінде жазыңдар, өйткені, бұл Құран солардың тілінде түскен» деп айтты. Олар бұйырғанды бұлжытпай орындады. Бәрі аяқталған соң жазба Хафса анамызға (р.а) қайтарылып, жаңа жазбалар әкімшілік аймақтарға жіберіледі де, мұнымен сәйкес келмейтін барлық жазбаларды өртеп жіберу бұйырылады (Бұхари). Осман әрбір жазбамен бірге тек қана бір әдіспен Құран оқуды үйрететін адамдарды да жіберді.

 

 

4770 рет оқылды