07:50 | Құран құндылықтары
2017-01-31 (0) (12962)

«Осы хатты оқып, он адамға жіберсең, бақытты боласың!»

«Осы хатты оқып, он адамға жіберсең, бақытты боласың!»

 

Осыдан сәл бұрын қағаз жүзінде бір хаттар келетін. Онда: ''Осы хатты оқып, бірнеше адамға таратсаң бақытты болып,  мал-жаның артады. Ал, егер таратпасаң қайғыға ұшырап, жолың болмайды'' – деген сөздер болатын.

        Иә, «бақытты боласың» деген мәтін кімді болса да ойландырары сөзсіз. Бақыттан кім бас тартады  дейсіз?...  Өкінішке орай, бүгінгі таңда бұл нәрсе әлеуметтік желілерде қайнап жатқан мәселенің біріне айналып отыр Бұл әрекет ел назарына түсе алмай, ерігіп жүрген бәз біреулердің, жер өртеп болса да атын шығаруға құлшынған қылығы сияқты. Яғни, пиар-акция. Психологиялық тұрғыдан алып қарағанда, адам өз өнімінің  елге таралуынан ләззат алады. Хатта баяндалған оқиғалар ойдан шығарылған,   негізсіз, құр сандырақтар деуге болады.

       Әйгілі адамдардың «жұлдызының жануын» осындай ораш-олақ хатқа байланыстырып қоюдың өзі – санаға сыймайтын тірлік.

       Біріншіден, бұл дегеніміз, жалған наным-сенімнің жетегіне еру. Яғни, «жүз адамға, жиырма адамға жіберсең» деген сияқты сандардан қасиет іздеу - нумерологияға сүйенудің көрінісі.

        Ал адам тағдырына белгілі бір сандар, уақыт немесе сол сияқты пенденің  шала ойынан шыққан шарт-талаптар еш әсер ете алмайды. Адам тағдыры тек қана, Алла Тағаланың тарапынан белгіленетіні исламда ашық айтылған. Яғни Алла қаламайынша, еш нәрсе өзгермейді. Барлық нәрсе Алла Тағаланың қалауымен ғана болады.

        Бұл жайлы Құран Кәрімде:«Әлемдердің Раббысы Алла қаламайынша, сендер қалай алмайсыңдар», - делінген. («Әт-Тәкуир» сүресі, 29-аят).

        Ендеше, адам тағдырын жалған сенімдерге тәуелді етіп қою, күнәнің көмескі бір көзі екені айдан анық.

        Екіншіден, «таратпасаң қасіретке ұшырайсың» немесе «жақсылық болып, байып кетесің» деген сияқты жалған сөздермен адамның өз қолынан жасалған бір парақ қағазға және бірнеше сөйлем сөздерге байлап-матау Алла Тағалаға серік қосуға апаратын аса қатерлі қадам.

           «Зумәр» сүресінің, 38–аятында Алла Тағала: «Сендер Алла Тағаладан өзгеге табынғандарың жайлы ойладыңдар ма? Егер, Алла маған бір зиян тигізуді қаласа, олар (Алла Тағаладан өзгеге табынғандарың) Оның зиянын кетіре алады ма? Әлде, Ол маған бір игілік қаласа, олар Оның игілігін тоса алады ма, деп айт»,—деген.

        Ендеше, адамның тағдырына әсер етіп, бақытты не амалына сай бақытсыз ететін Алла Тағаладан басқа ешбір күш-құдірет иесі жоқ.

Соңғы кезде ғаламтор арқылы дәл осындай жалған ақпараттарды тарату, тіпті, Пайғамбарымыздың () атынан сөйлеп, жалған хадистер ойлап шығару жиі белең алуда. Осы істің алдын алу және мұндай өтіріктен елді сақтандыру мақсатында белгілі уағызшы, имам Ерсін Әміре:  «Кімде-кім Рамазан айымен бірінші болып құттықтаса немесе Рамазанның басталуын бірінші болып өзгелердің есіне түсіретін болса, ол адамға тозақтың оты харам болады» деген сөз. Бұл – Пайғамбарымыздан () келген сөз емес. Бұл әлсіз, даъиф хадистер былай тұрсын, тіпті, тоқыма (өтірік) хадистердің ішінде де жоқ. Демек, бұл сөздерді Пайғамбарымыздың () хадисі деп айтуға және таратуға мүлдем болмайды. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде «оразаның әр күні мынадай сауаптар аласыз» деген секілді мәтіндегі  отыз күнді тізбектеп шыққан кейбір сөздер бар. Тіпті, «бірінші күні ораза ұстасаңыз, Тәуратты толық оқығандай сауап аласыз, екінші күні ораза ұстасаңыз, Інжілді оқығандай сауап аласыз», - деп келетін сөздер де жоқ емес. Пайғамбарымыз ()  бұл кітаптарды оқуға ешқандай нұсқау бермеген. Пайғамбарымыз (): «Кімде-кім менің атымнан біле тұра әдейі, жалған сөйлейтін болса, ол өзіне тозақтан орын дайындай берсін», - деген. Ендеше, осындай жалған ақпараттардан сақ болайық!», - дейді.



       

Сондықтан, құрметті оқырман, осындай хаттар сізге қағаз арқылы немесе электронды ақпарат түрінде келсе де, еш қорықпастан жойып жіберуіңізге әбден болады.Ол тағдырыңызға түймедей де өзгеріс енгізе алмайтындығына нық сеніңіз. Сізді бақытты қылатын тек  жалғыз ғана хат бар. Ол –Алла Тағаладан келген Құран.  Ендеше, бақыттың кілтін өтірікпен өрілген хаттардан емес, Алланың сөзі Құраннан ғана іздеңіз!

 

12962 рет оқылды