10:45 | Жұма уағызы
2017-01-25 (0) (7313)

Осман ибн Аффанның (р.а) Ислам дінін қабылдауы

Осман ибн Аффанның (р.а) Ислам дінін қабылдауы

 

Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а) Османды (р.а) Исламға шақырғанда оның жасы 34-те болатын. Ол ақиқатты шайқалмастан, ешбір күдіксіз қабылдады да, ең алғашқы мұсылмандардың қатарынан болды. Ғалымдар оның Әбу Бәкірден (р.а) кейін Ислам дінін қабылдаған алғашқы ер кісі екенін айтады. Яғни, Әли мен Зейд ибн Харисаны қосқанда төртінші болып иман келтірді.

Ол Алла Елшісінен  () алғаш рет Құран аяттарын тыңдап, мұсылмандардың міндеттері мен оларға берілетін сый туралы естігеннің алдында ғана Шам жерінен сапардан келген болатын. Сонда Маған (Иордания) және аз-Зарка аймақтарының арасына аялдағанда бір жаршы: «Уа, ұйқыдағылар, ояныңдар! Расында, Меккеде Мақтаулы (Мұхаммед сөзінің мағынасы) пайда болды!» деп жар салады. Осы оқиға Османның жүрегіне із қалдырып үлгерген еді, кейін Меккеге жете салысымен Әбу Бәкірді (р.а) жолықтырғанда онан сайын ойланады. Жалпы, Осман (р.а)   барлық мәселені асықпай-аптықпай ойланып, салқынқандылықпен зерттейтін жан болатын. Осы жолы да өз әдетінен айнымады. Өзіне де, өзгеге де пайда келтіре алмайтын пұттарға табынып, өлген малдың етін жейтін, адамгершілік қағидасын ұстанбайтын, қантөгісті адалдап алған тайпаластарына бір ой жүгіртті. Содан кейін, өзінің адалдығымен, шыншылдығымен танылған әл-Әминді есіне алды. Ол ешқашан да зұлымдық жасамаған, өтірік пен бұзақылықтан ада жан болғандықтан жүрегі бұра бастады. Екінші жағынан, Мұхаммед оны бір ғана Аллаға сенуге, Оған ғана арқа сүйеуге, Одан ғана жәрдем күтуге, барлық құлшылықты Оған ғана арнап, қажеттілікті Одан ғана сұрауға, туыстық қатынасты ұстануға, намаз оқып, ораза ұстауға шақыратын еді. Кім тура жолда? Таңдауға кім лайық? Осман (р.а) көп ойланбай, ақиқатқа жан-тәнімен берілді.

 

 

Османның (р.а) Алла Елшісінің ()  қызына үйленуі

 

Кезінде Алла Елшісі ()  қыздары Рұқия мен Умму Күлсімді Әбу ЛәҺәбтің ұлдары Утба мен Утайбаға атастырып қойған болатын. Кейіннен «Мәсад» сүресі түскеннен кейін Әбу Ләһәб пен оның әйелі Умму Жәмил өздерінің Тозақта болатындығын хабарлаған Алла Елшісіне () ашуланып, ұлдарына талақ беруге талап қояды. Олар ата-аналарының бұйрығын орындады. Осылайша, Алла Пайғамбарының ()  қыздарын құрметтеп, Әбу Ләһәбтың ұлдарын қорлап қойды. Алайда, олар Мұхаммедтің отбасын қайғыға ұшыраттық деп қуанған болатын. Мұны естіген Осман (р.а) бірден Алла Елшісіне ()  барып Рұқияға құда түседі. Пайғамбар ()  бірден келіседі. Хадиша анамыз (р.а) қызын Османның үйіне өзі алып барады. Осман да өте сымбатты, Рұқия да оған лайықты болғандықтан бұл неке туралы: «Рұқия мен күйеуі Османнан артық керемет жұпты ешкім көрмеді» деген жыр жолдары кең тарап кетеді.

Алла Елшісі ()  бірде қызы Рұқияның (р.а) жары Османның (р.а)   басын жуып жатқан кезінде кіріп келіп: «Қызым! Әбу Абдуллаһқа жақсы қарым-қатынас жаса, шын мәнінде, барлық сахабаларымның арасында оның мінез-құлқы маған ең жақыны» деген екен.Осман ибн Аффанға (р.а)   Пайғамбардың ()  екінші рет күйеу баласы атану бақыты да бұйырды. Рұқия қатты сырқаттанып, Алла Елшісі  () және сахабалар Бәдірде болған кезде Османның (р.а)  қолында қайтыс болады. Пайғамбар ()  Османға екінші қызы Умму Күлсімді (р.а) де ұзатты. Айша анамыз (р.а) екеуінің үйлену туралы оқиғасын: «Қызы Умму Күлсімді ұзатқалы отырған Алла Елшісі ()  Умму Аймағанға (Пайғамбардың  () тәрбиешесі): «Менің қызымды дайында да, Османға алып бар және оның алдында жүріп, бубен соқ» деді». Өзі үш күннен кейін қызына кіріп: «Уа, қызым, күйеуіңді қандай адам екен?» деп сұрайды, сонда ол: «Керемет жар!» деп жауап береді». Умму Күлсім (р.а)   Осман ибн Аффанмен (р.а) хижраның 9-жылы шағбан айында ауыр сырқаттан қайтыс болғанша бірге өмір сүреді.

 

 

Османға (р.а) кездескен сынақтар және Меккеден қоныс аудару

 

Сахабаларға Алланың даналығымен алып таулар көтере алмайтын түрлі сынықтар берілді. Сынақ өздерін, отбасын, мал-мүлкін шарпып өтті. Алла Елшісінің ()  туыстары, отбасы да бұл кезеңнен айналып өткен жоқ. Осман ибн Аффанды (р.а) әкесі жақтан ағасы  әл-Хакам ибн әбу әл-Ас ибн Умайя байлап тастап, әбден қинайды. «Қайдағы жоқ жаңа дін үшін ата-бабаларыңның дінінен бас тартпақсың ба? Жаңа діннен бас тартпайынша мен сені шешпеймін» деп азаптауын жалғастыра береді. Алайда, Осман: «Алламен ант етейін,  мен бұдан ешқашан бас тартпаймын!» деп, айтқанынан қайтпай тұрып алады. Оның ешқашан берілмейтініне көзі жеткен ағасы босатып жібереді. Сынақ үдей түсіп, сахабаларының қиналғаны Пайғамбардың  () жанына бата түскенде Алладан бұйрық келіп, мұсылмандар Эфиопия жеріне қоныс аударуға дайындалады. Олардың арасында Алла Елшісінің ()  қызы мен күйеу баласы Осман ибн Аффан (р.а)  бар еді. Олар пайғамбарлықтың бесінші жылы ражаб айында Эфиопияға жетеді. Алла Тағала Құранда олар туралы: «Ал өздеріне әділетсіздік жасалғаннан кейін Алла үшін қоныс аударғандарды осы дүниеде жақсылыққа (жайлы қонысқа) жайғастырамыз әрі соңғы, мәңгілік өмірдің (ақыреттің) сыйы одан да үлкен, егер олар білетін болса» деген («Нахл» сүресі, 41-аят).

Осман ибн Аффан (р.а)  тарихта әйелімен (отбасымен) қоныс аударған тұңғыш ер кісі болып қалды. Алла Елшісі  () бұл туралы: «Сендерге Алла жар болсын... Расында, Осман – Лұттан (ғ.с) кейін отбасымен бірге Аллаға қоныс аударған ең алғашқы адам» деген болатын. Кейіннен Мекке тұрғындары Ислам діні қабылдады деген сыбыс кең тарап, Эфиопияға қоныс аударғандар отандарына оралады. Тек кіруге аз қалғанда ғана мұның жалған ақпарат екенін біледі, шегінерге жол жоқ, Осман мен Рұқия бар топ қалаға кіреді. Көп уақыт өтпей-ақ, олар Алла Елшісінің ()  рұқсатымен Мединеге қоныс аударады.

 

7313 рет оқылды