11:10 | «Маңызды мәселе» – Қайталау
2017-01-20 (0) (6794)

ОСМАН ИБН АФФАННЫҢ ЖЕКЕ ӨМІРІ, ҮЙЛЕНУІ

ОСМАН ИБН АФФАННЫҢ   ЖЕКЕ ӨМІРІ, ҮЙЛЕНУІ

АСА ҚАМҚОР, ЕРЕКШЕ МЕЙІРІМДІ АЛЛАНЫҢ АТЫМЕН!

 

Жобамыздың үшінші кезеңі Ислам дінін қабылдауы көктем таңындағы гүлдің тынысындай қанық әрі нәзік болған, Әбу Бәкір ас-Сыддықтың (р.а) ақиқатты құлағына сыбырлауынан-ақ жүрегі ашылған фитрасы (болмысы) тұнық жан, қараңғыдағы нұр, үмбет көшбасшысы әрі имамы, тақуалардың, бейкүнәлардың, тәубе етушілердің, көркем құлшылық атқарушылар мен бойұсынушылардың, түндерін Раббысының алдында өткізушілердің бірі әрі бірегейі, таза, жомарт та, ұялшақ, жұмсақ та, текті, кең, сүйікті, шыншыл, «екі нұрдың иесі», «екі рет қоныс аударушы», «екі қыблаға да қарап намаз оқушы» Осман ибн Аффанның (оған Алла разы болсын) өмір жолына арналады. Ол – Әбу Бәкір (р.а) мен Омардан (р.а) кейінгі бұл үмбеттің ең абзалы. Екіжүзді, қара пиғылды адамдар оның өмір жолын барынша тұманды, ұсқынсыз етіп көрсету үшін көптеген құйтырқы әрекетке барды. Оның өмірінің соңғы жылдарын ғана насихаттауға ден қойды. Нәтижесінде, кейінгі ұрпақ, яғни, сіз бен біз ол туралы көптеген ақиқат пен құнды ақпараттан көз жазып қалдық. Сол себепті, алдағы бөлімдерде ислам ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, Осман ибн Аффанның (р.а)   тұлғалық қасиеттерін, ислам діні үшін сіңірген еңбегін, үлгі тұтарлық істерін, құлшылықтарын тілге тиек етпек ниетіміз бар.

 

 

І. БӨЛІМ. ОСМАН ИБН АФФАННЫҢ   ЖЕКЕ ӨМІРІ, ҮЙЛЕНУІ

 

Есімі, лақап аттары, дүниеге келуі

 

Толық есімі – Осман ибн Аффан ибн Әбу әл-Ас ибн Умайя ибн Абд-Шамс ибн Абд-Манаф ибн Қусайй ибн Киләб әл-Умауи әл-Қураши. Алла Елшісі  екеуінің ортақ аталары – Абд-Манаф.

Надандық дәуірінде адамдар Османды (р.а) Әбу Әмр деп атайтын. Кейіннен Алла Елшісінің қызы Рұқия оған Абдуллаһ есімді ұлды сыйлағаннан кейін Әбу Абдуллаһ аталып кетті. Сондай-ақ, оның көпке танымал «Зун-нурайн», яғни, «Екі нұрдың иесі» деген лақап аты бар. Абдуллаһ ибн Омар ибн Абан әл-Жуфи жеткізеді: «Анам жақтан туыс болып келетін көкем менен: «Османды неліктен екі нұрдың иесі атап кеткенін білесің бе?» деп сұрады. Мен: «Жоқ, білмеймін» деп жауап бердім. Сонда ол: «Өйткені,  Адам Пайғамбардан бастап осы уақытқа дейін пайғамбардың екі қызына бірдей үйленген адам болмады және болмайды. Сондықтан, оны «екі нұрдың иесі атаған»» деген болатын». Ал басқа бір нұсқаларда оның түнгі намазда Құранды көп оқығандығы себепті осылай аталғаны айтылады. Құран – нұр және түнгі намаз да – нұр.

Ең сенімді деректер оның «піл оқиғасынан» кейін алты жылдан кейін Мекке қаласында дүниеге келгендігін нұсқайды. Алла Елшісінен  шамамен бес жас кіші болған.

 

Сыртқы келбеті

 

Осман ибн Аффанның (р.а) сыртқы келбетіне келер болсақ, орта бойлы, жұқа терілі, ұзын және қалың сақалды, кең иықты, буындары үлкен, қалың шашты жан болды. Сақалын сары түске бояйтын. Аз-Зухри айтады: «Осман орта денелі, көрікті шашты, әдемі жүзді, басының қасқасы бар, бүркіт мұрынды, сирақтары мықты, ұзын білекті адам болды. Оның күлкісі әдемі еді және шашы құлағының астына түсіп тұратын. Ең сенімді деген нұсқада оның аққұба жүзді болғандығы айтылады. Алайда, кейбір нұсқалардан бидай өңді болғандығын оқимыз».

 

Жанұясы

 

Анасының есімі – Аруа бинт Курайз ибн Рабиға ибн Абд-Шамс ибн Абд-Манаф. Оның анасының есімі – Умм Хаким әл-Байда, ол Әбдул Мутталибтің қызы, яғни, Пайғамбардың әкесі Абдуллаһтың туған әпкесі болған. Аз-Зубайр ибн Баккар олардың егіз болғандығын да айтқан. Сонда, Осман Пайғамбардың әпкесінің қызының ұлы болды. Османның анасы Ислам дінін қабылдады және өзінің билігі кезінде қайтыс болды. Анасын қабірге қойғандардың арасында өзі болды. Ал әкесі надандық дәуірінде қайтыс болып кеткен. Османның (р.а) Әмина атты туған қарындасы болды. Ол Мекке толықтай мұсылмандар қолына өткенде Һинд бинт Утбамен бірге кәлиманы айтып, иман келтірді.

Османның (р.а) жалпы сегіз әйелі болған. Барлық некесі Ислам дінін қабылдағаннан кейін қиылған. Алдымен Алла Елшісінің  Рұқия атты қызына үйленеді. Одан Абдуллаһ есімді баласы болады. Кейін ол қайтыс болғаннан кейін Рұқияның туған әпкесі Умму Күлсімге үйленеді. Сондай-ақ, атақты қолбасшы Утба ибн Ғазуаның әпкесі Фахита бин Ғазуа да Османның әйелі болған. Басқа әйелдерінің есімдері: Умму Әмр бинт Жундуб, Фатима бинт әл-Уалид ибн Абд-Шамс, Умму әл-Бәнин бинт Уяйна ибн Хисн әл-Фаззари, Рәмла бинт Шейба ибн Рабиға, Нәйлә бинт әл-Фарафиса.

Османның тоғыз ұлы, жеті қызы болды. Ұлдарының есімдері: Абдуллаһ (6 жасында қайтыс болған), кіші Абдуллаһ, Әмр, Халид, Аббан (фиқһ ілімі бойынша имам атанды), Омар, Сағид (Хорасан басшысы болды), Абдулмәлик, Анбаса.

Қыздарының есімдері: Мәриям, Умм Сағид, Айша, Мәриям, Уммул-Бәниннен тағы бір қызы болды.

 

Исламға дейінгі сипаттамасы

 

Осман ибн Аффан (р.а) надандық дәуірінде де құрметті, абыройлы адамдардың қатарында еді. Бақуатты болған. Ұялшақ келетін, үнемі тек жақсы сөйлейтін. Руластары оны жақсы көрді, құрметтеді. Құрайыштардың оны ауыздарынан тастамайтындығы сондай, аналар балаларына бесік жырын айтқанда: «Аса Мейірімдімен ант етейін, мен сені құрайыштар Османды жақсы көргендей жақсы көремін» деген жолдарды қосады екен.

Исламға дейін ешқашан пұттарға табынбады, бұзақы, жиіркенішті нәрселерді жасамады, шарап ішпеді. Ол: «Шарап адамды ақылдан айырады. Ал, ақыл – Алланың адамға берген ең үлкен сыйы, адам онымен күреспеуі керек, керісінше, ақылы арқылы дәрежесін көтеруі тиіс» деп айтқан. Арзан сауық, мағынасыз әуеннен алыс болды. Әуретті жерлерін әрдайым жауып жүретін. Өзі туралы тағы бірде: «Мен ән салмадым, тыйым салынған нәрселерден алыс болдым, Алла Елшісіне  ант бергеннен кейін оң қолымен ұятты жерлерімді ұстамадым, Исламға дейін де, кейін де шарап ішпедім, Исламға дейін де, кейін де зина жасамадым» деген.

Арабтарда жоғары бағаланғандай, білімге құштар болды: араб шежіресі, мақалдар, тарих тұрғысында білім алды. Шам және Эфиопия жеріне барып жүріп, өзге елдерге көп саяхаттады, әр түрлі халық өкілдерімен қарым-қатынас жасап, олардың мәдениетін үйренді, бұл жағынан оған тең келетін ешкім жоқ еді.

Әкесінен мұрагерлікке қалған саудасын барынша дамытып, сауда шеберліктерін, әдістерін меңгеріп, өз ортасының ең табысты адамына айналды.

 

 

6794 рет оқылды