09:45 | Ем болсын
2017-01-20 (0) (8253)

Ояныңыз, сіздің уақытыңыз бітті!

Ояныңыз, сіздің уақытыңыз бітті!

 

Ертеде бір балықшы өте бағалы алмаз (бриллиант) тасын тауып алыпты. Қуанышы қойнына сыймаған ол асыл тасты алып зергердің алдына келеді. Зергер алмазға ұзақ қарапты да, былай депті:

– Бұл тасыңыз өте бағалы. Мен барлық байлығымды жинап сізге берсем де мұның құнының жартысын да өтей алмайды. Сізге берер бір кеңесім бар. Сіз  əділ патшаның құзырына барыңыз. Тек əділ патша ғана сіздің тасыңызға лайық баға мен байлық бере алады.

Балықшы алмазын құшақтап, əділ патшаның құзырына келеді. Əділ патша жəне оның қазынашысы балықшының тасын ұзақ зерттеп болған соң, балықшыға былай депті:

– Мына сен әкелген алмаз тас өте қымбат, тіптен бұған еш баға жетпейді. Сондықтан біз мынадай бір шешімге келдік. Біз сенің ықтиярыңа үш сағат уақыт беріп, саған қазынаханамызды тапсырамыз. Осы үш сағаттың ішінде қазынаханамыздан өзің қалағаныңша байлықты тасып алып кет. Біз разы боламыз. Үш сағаттан соң қазынаханамыздан шығарыласың...

Балықшы əділ патшаның үкіміне дəн риза болып, алғысын білдіреді. Қазынашы балықшының ықтиярына қазынаханасын үш сағатқа тапсырып, уақытты белгілеп, өзі шығып кетеді.  Қазынаханадағы алтын-күміс, інжу-маржан, дүр-гауһарларды көрген балықшы есінен адасардай болыпты. Əлі уақыт бар... Екі сағат ішінде-ақ қаншама байлықты тасып кете аламын, біраз демалып алайын, –деген оймен алтындардың үстіне жатып алып, қиялға беріліп кетіпті:

Енді дүниедегі ең бай адамға айналдым... Жан-жағымда қызметкерлер желіп-жүгіріп қызметімді қылады. Бірнеше жас əйелдерге үйленемін. Бірнеше зəулім сарайларым болады... тағысын тағы... сол секілді қиялдармен ғафлет басып, балықшы ұйықтап кетіпті. Бір кезде қазынашы балықшыны келіп оятып тұр екен:

Оян! Тұр орныңнан. Сенің уақытың бітті, қазынаханадан шығып кет! 
Балықшы абдырап:

– О сорлы басым-ай... Ғафлет ұйқысы басыпты ғой мені. Қазір, қазір... алтындарымды алып алайын, – депті. 
Қазынашы:
–Қандай алтын?
!Сенің уақытың бітіп болды. Шық бұл жерден. Ешқандай алтын алмайсың!

Балықшы:
– Тым болмаса бір уыс алтын алып алайыншы...
Қазынашы күліп:
– Бір уыс деп қояды...
Бір дана алтын да ала алмайсың. Өзіңе берілген уақыт ішінде қалағаныңша алтын алуың керек еді. Енді жоқ. Кəне шық! –деген екен. 
Балықшы бір 
түйір алтынға да ие бола салмай қазынаханадан шығарылыпты....

 

Кім кінəлі?! Шын мәнінде, біздің әрқайсысымыз мына балықшымыз. Әрбірімізде өмір атты қазынахана бар. Қалағанымызға Әділетті Алла Тағала берген нығметтердің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Ондағы алтындар мен байлықтар – Алла үшін ғибадат жəне жақсы амалдар.  Балықшыға берілгендей үш сағат уақытты Алла Тағала бізге де берді. Ол – Жаратқан Алла бізге берілген қысқа ғұмыр еді.  Ал әлгі балықшының ғафлет ұйқысы – біздің мына қызылды-жасылды дүниелік нəрселерге берілуіміз.  Қазынашы дегеніміз – өлім періштесі.  Уақыт бітіп қазынаханадан шығарылғаны – өміріміз аяқталып, бұл фəниге қол бұлғауымыз. Балықшының бір уыс алтынға жалынуы – өлім періштесі келгенде пенденің сəждеге бас қойып, намаз оқуды сұрап жалбарынуы...
Ал, сіз дәл қазір бұл дүниедегі қазынаханада ғафлет ұйқысында жатырсыз.
Ояныңыз! Мына қазынаханадан сауап пен Аллаға жағатын амалдарды (байлықты) қалағаныңызша алыңыз. Тасып алыңыз шынайы өміріңіз үшін!Қазір уақытыңыз бар, ал ертең қазынашы келіп оятқанда кеш болады. Ояныңыз!

8253 рет оқылды