18:30 | asylarna.kz
2017-01-12 (0) (7057)

ОМАР ИБН ӘЛ-ХАТТАБТЫҢ (Р.А) БИЛІГІ КЕЗІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

ОМАР ИБН ӘЛ-ХАТТАБТЫҢ (Р.А) БИЛІГІ КЕЗІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

 

«Уа, Алла, шын мәнінде, мен қаталмын, ендеше, мені жұмсарт, мен әлсізбін, ендеше, мені қуатта, мен сараңмын, ендеше, мені жомарт ет... Расында, Алла мені сендермен, сендерді менімен сынады...».

Бұл Құдайдың құрметті құлы Омардың (р.а) әмір болып сайланған кезде айтқан алғашқы сөздері еді. Содан кейін мінберге шығып, Әбу Бәкір (р.а)  отырған орынға жайғасуға ыңғайланды. Кілт тоқтап: «Бұл өзімді Әбу Бәкірдің орнына отыруға лайықтымын деген ойымның көрінісі секілді болып қалмасын» деп, төменірек түсті. Сол сәттен бастап он жылға жуық уақыт Алла берген сынақтан сүрінбеуге барын салды, жұмсақ та, қуатты да, жомарт та бола білді.

Омар (р.а) енгізген алғашқы өзгеріс, яғни, алғашқы бұйрық – діннен бет бұрғандармен болған соғыста тұтқынға  түскен әйелдер мен балаларды жақындарына қайтару еді. Бұл батыл қадам мұсылмандардың тізе біріктіруіне, Алланың шариғаты алдында тең екендіктеріне сенімдері артуына себеп болды. Сондай-ақ, жаңа басшы діннен қайтқандардың арасында тәубеге келгендерге әскерге қосылуға рұқсат берді және олар Омардың (р.а)  уақытындағы жер кеңейту үшін болған күрестерге қатысты.

«Кеңесу жолымен шешім қабылданбаған істе береке жоқ», «Бір адамның пікірі – бір әлсіз жіп секілді, екі адамның пікірі – өрілген екі жіп секілді, үш адамның пікірі – оларды үзу қиынға соғатын өрулі жіптер секілді» деген Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) саяси, әкімшілік, экономикалық, әскери, діни істерде Алла Елшісінің сахабаларымен, тәжірибелі мұсылмандармен, тіпті, жастармен де ақылдасатын.  Омардың (р.а) тақуалығы мен әділеттілігіне қаныққан адамдар ойларын еркін білдіретін.

Ол мұсылмандардың қолына өткен халықтарға Ислам дінін қабылдауға байланысты зорлық көрсеткен жоқ, мәжбүрлік те жасамады. Оларды басынуға, кемсітуге тыйым салды. Мұсылмандар тарапынан тек жақсылықты көрген көптеген адам кейін өз еркімен кәлиманы айтып жатты.

Хижра бойынша күнтізбені қолданған ең алғашқы адам – Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) саналады. Бір күні Омарға (р.а) қарызды өтеп біту уақыты шағбан екендігі есептелген ұзақ тізім әкелінеді. Омар: «Мұнда қай шағбан нұсқалады? Өткен, болашақтағы әлде қазір жүріп жатқан?». Осыдан кейін сахабаларды жинап, осы мәселеге байланысты ақылдасты. Біреулер византиялықтардың күнтізбесін пайдалануды ұсынды, енді бірі парсылардың күнтізбесін айтты... Нәтижесінде, есепті Алла Елшісінің ()
қоныс аударуынан бастап жүргізуге шешім қабылданды. Кейбір нұсқада бұл ұсынысты Әлидің (р.а) білдіргені, ал Омардың (р.а) құптағандығы туралы айтылады. Негізінде, Алла Елшісі () Мединеге раби-ғал-әууал айында келген, алайда, ол дайындықты зул-хижжа айында Ақабада болған анттан кейін мұхаррам айында бастаған.

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) қаланы аралап, тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін түнгі бақылаушыларды сайлады. Бұл – ең алғашқы пайда болған полиция еді. Омардың (р.а) өзі де түнде Асламмен немесе Абдуррахман ибн Ауфпен (р.а) бірге шығып, иеліктегі тіршілікті бақылайтын.

Омар (р.а) мұсылмандарға арналған оқу жүйесін қалыптастырды. Сауат ашу үдерісінің ең жақсы үлгіде ұйымдастырылуын қадағалады. Мұсылмандардың орталығы болған Медине қаласында білім иесі атанған 130 сахаба болды. Мединеге дүниенің басқа бұрышындағы білім ізденушілер келетін. Омардың (р.а) себебімен, ол жіберген сахабалардың негіз қалауымен Мекке мектебі, Медине мектебі, Басра мектебі, Куфа мектебі, Шам мектебі, Египет мектебі деген ұғымдар қалыптасып, әр аймақта білім беру үдерісі қызу жүргізілді.

Омар (р.а) жалқаулық пен жүйесіздікті жақтырмайтын, «керек адам керек жерде болуы тиіс» деген қағиданы ұстанып, Құранды жақсы білетіндерді жергілікті тұрғындарға, басып алынған аймақтардағы адамдарға Құран үйретуге тағайындады, әскер ісін жақсы меңгергендер сарбаздықтан танбады, сауда білгірлері экономиканы дамытуға қатысты. Әр облыстағы ең үздік оқушыларға сыйлықтар тағайындалды. Араб тілін үйрету етек алып, сауатты адамдар күрт көбейді. Сондай-ақ, поэзияға көңіл бөліп, дарынды ақындарды шабыттандырып отырды. Ол өлеңдерді тыңдап қана қоймай, түзеп жіберетін. Бала күнінен поэзияға жақын болып, өзі де өлең шығарумен айналысқандықтан кіл жүйріктерді жазбай танитын.

Омар (р.а) Алла Елшісінің () мешітін үлкейтті, нәтижесінде Аббас ибн ӘбдулМутталибтің үйі мешіттің бір бөлігіне айналды. Бұл жер кірпіштен қайта тұрғызылды. Намаз оқушыларды жаңбырдан қорғау үшін сапалы шатыр жасалды. Бұрын топырақтан болған еденге ұсақ тастар төседі. Сондай-ақ Меккедегі әл-Харам мешітіне де аздаған өзгерістер енгізді. Мешіт айналасындағы үйлерді сатып алып, бұздырып, мешіт аймағын кеңейтті. Намаз оқушыларға ыңғайлы болу үшін Ибраһим мақамын қазіргі тұрған орнына көшірді. Надандық дәуірінде Қағба жамылғысы теріден болған, Омар (р.а) оны алғашқыда иемендік киімнен тігуді бұйырды, кейін Египеттен әкелінген жұқа ақ матаға ауыстырды.

Омардың (р.а) кезінде Куфада, Басрада, Фустатта үлкен мешіттер соғылды. Әр облыстар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдету үшін ескі жолдарды жөндеді.

Ұн, сауик (сапарға арналған бидай, арпа жармасы, бал және құрмадан жасалатын тағам), құрма, жүзім және басқа да азық-түліктерге арналған қойма құрды. Бұл Мекке мен Мединенің арасына орнатылып, ол жерден жолаушылар, мұқтаждар, туған жерінен алыс қалғандар көмек алуға мүмкіндік алды.

Үнемі жаңа жерлер ашыла бастағандықтан, жаңа бөлімдер мен әскери қалалар ашу қажеттілігі туды. Бұл жерлерде алғашында әскерлер тұрақтағанымен кейін базарлары мен мешіттері бар үлкен қалаларға айналды. Басра, Куфа, Мосул, Фустат, Гиза қалалары осы қатарға жатады. Омар (р.а)  жаңа қалалалардан Мединеге жететін жолдың барынша жеңіл (өзен, теңіз кедергісі болмау керек) қадағалады. Сарбаздар қалаға келгенде алыстағы отбасыларын алдыртатын.

Мемлекеттің шекарасы кеңу нәтижесінде Омар (р.а) басқару жеңілдігі үшін елді облыстарға, әкімшілік аймақтарға бөлді. Әр облысқа әкім тағайындады. Олар тақуалығы, адалдғы, әділеттілігі, даналығы сыналған, тәжірибелі мұсылмандар еді. Сол кезеңдегі облыстар мыналар еді:

1.     Мекке

2.     Медине

3.     Таиф

4.     Йемен

5.     Бахрейн

6.     Египет

7.     Шам

8.     Ирак және парсылар жері

 

Алғашқы билеушілер – Алла Елшісі () мен Әбу Бәкір сот істерін өздері жүргізетін. Омардың (р.а) кезінде халық саны көбейіп, шаруа да шаш етектен асатындықтан, бұл іске үлгермей жатты. Сол себепті, әр облыстың өзіне ғана тән сот үкімін шығарушысын тағайындады. Кейбір аймақта бұл қызметті әкімдер (Омардың орынбасарлары) атқарды.

Омар (р.а) жүргізген ұзақ жылдық жорықтар нәтижесінде Парсы мемлекеті (Сасанидтер империясы) құлап, Византия мемлекетіне ауыр соққы берілді. Қаншама халық жапа шеккен екі ел арасындағы соғыс тоқтады. Қытайдан бастап Мағрибке дейінгі аймақ мұсылмандарға тиесілі болды. Бұл аймақты бір ғана билеуші бір ғана заңмен әділетті басқарды. Арабиямен шектесетін елдер Ислам дінін қабылдады және Омардың (р.а) билігі кезінде бірде-бір бүлік болмады.

Сирия, Мысыр, Ирак, Ливия, Арменияның оңтүстігі, Анадолының шығыс бөлігі, Әзірбайжан, Парсы шығанағы, Қорасан, Палестина толығымен бағындырылды. Бұл ретте Намарик, Барсум, Каскар, Бувайба, Кадисия (Ирак пен Парсы жерін мұсылмандарға толық ашты), Нахаванда («жеңістердің жеңісі» аталған, Иракты бағындырудың төртінші кезеңі) жеріндегі шайқастар шешуші рөл атқарды.

Ғалымдар Омардың (р.а) кезіндегі мемлекеттің жер көлемі 2251030 шаршы километрге жеткендігін айтады. Ол соғысып алынған жерлерді мемлекеттікі деп жариялап, жергілікті халықтың қолына беріп, салықты азайтты. Жазалау құқығын ретке келтіріп, тұрақты және тәртіп әскерін құру ісін қолға алды. Мемлекеттік қызметкерлерге қатысты жарлықтар қалыптастырды.

Әбу Убайда әл-Жаррах, Халид ибн Уалид, Сағд ибн Әбу Уаққас (оларға Алла разы болсын) секілді қолбашылар әрдайым Омардың (р.а) бұйрығы мен ұсынған әдістерін, жоспарын басшылыққа алып, жоғары деңгейде ерлік көрсетті. Омардың (р.а) кезінде бағындырылған жерлерді иеленуде осы қолбасшылар мен оларға бағынған сарбаздардың еңбегі зор.

     Мұсылмандардың әміршісі әрбір шайқаста, әрбір маңызды кездесулерде сарбаздарымен бірге қобалжып, жан-тәнімен тілеулес болды. Ол әрбір қолбасшының іс-әрекетін қадағалап, тапсырмаларын беріп отырды. Олардан хабар жеткізетін шабармандарды уайыммен күтетін. Төрт күнге созылып Парсы әскері мен қолбасшысы Рустамды ойсырата жеңіліске ұшыратқан Кадисиядағы шайқас туралы мына бір оқиғаны айта кетейік.

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) әр таң сайын Мединенің сыртына шығып шабарман әкелетін соңғы жаңалықты күтетін, тек күн қатты ысыған уақытта қайтатын. Осылайша бір күні Медине сыртынан жеңіс туралы хабарды арқалап келе жатқан шабарманды алғаш болып өзі күтіп алады. Омар (р.а)  алыстан шауып келе жатқан аттының алдынан жүгіріп шығып: «Сен қайдан келесің?» деп сұрайды. Ол Сағд ибн Әбу Уаққастан (р.а) екендігін айтады. «Уа, Алланың құлы, айтсаңшы енді!» деді Омар (р.а). Шабарман: «Алла Тағала имансыздарды ойсыратты!» деп айқайлады да, Мединеге қарай шауып кетті. Ол алдында тұрған адамның мұсылмандардың әміршісі Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) екендігін білмеді. Омар (р.а) да оның артынан асығып жүрді. Омардың (р.а) қарапайымдылығы сол, ол жол бойы аттымен жарыса жүгіріп шайқас туралы білетін барлық хабарды сұрастырады. Артынан келе жатқан адамды халық мұсылмандар әміршісі деп қуана қарсы алып жатқанын байқағанда қатты қысылған шабарман: «Алла сені рақымына алсын! Неге маған бірден айтпадың?» деді. Сонда қуанған Омар (р.а): «Ештеңе етпейді, бауырым менің...» деді.

Мұсылмандарға мейірімі мен қамқорлығын төгіп, қаншама жеңістерді сыйлаған Ұлы Алла сынақтан да ада еткен жоқ. Бұл Оның өзгермейтін заңдылығы. Омардың (р.а) кезіндегі ел басына туған ең ауыр сынақ – хижраның 18 жылы орын алған жұқпалы ауру мен Араб түбегіндегі құрғақшылық нәтижесінде орын алған аштық пен мал індеті еді.

Аштық пен жұттан қорыққан бәдәуилер қалаға жақын жерге шоғырлана бастады. Осы жағдайда Омар (р.а) төмендегі қадамдарды жасады:

        Адамдарға үлгі көрсетіп, өзгелер секілді тамақтанды. Ет, сүт, сары май қымбаттағандықтан, ол да бұл тағамдардан бас тартып тек нанмен, өңделген өсімдік майымен қоректенді. Аз уақыттан кейін адамдар оның арықтап кеткендігін байқады;

       Аштықтан зардап шеккендерге арналған мекемелер ұйымдастырды. Аштық күшейгенде онда келетіндер саны 60 мыңнан асып кетті. Бұл жерде тамақ таратылып, түрлі көмектер көрсетілді. Омар (р.а) өзі де қатысып, ұн салынған қаптарды тасыды, тамақ әзірлеп, адамдарға таратты, киім үлестірді;

       Мемлекеттің ең бай аймақтарына шабармандар жіберіп, көмек сұратты. Египеттің әкімі Әмр ибн әл-Ас (р.а)  оған ұн тиелген мың түйеден құралған керуен, ұн, май, бес мың киім артылған жиырма кеме жіберді. Ал Ирак пен Шамның әкімдері азық-түлік артылған бірнеше мың түйе жіберді. Омар (р.а) келген көмектің барлығын Араб түбегіндегі аштыққа ұшырағандарға таратып берді.

       Зекет алуды уақытша тоқтатып, аштық аяқталғанда жинап алды;

       Ұрылардың қолын кесу туралы жазаға уақытша жеңілдік берді. Өйткені, малдың терісімен, үгітілген сүйекпен тамақтануға көшіп, қатты ашыққан халық арасында ұрлық көбейді.

       Аллаға үнемі дұға жасаумен болды. Барлық орынбасарларына бір күнде шығып, Аллаға дұға жасауды тапсырды. Және өзі де қатысты. Ол Алла Елшісінің () шапанын киіп, ұзақ уақыт қолын көтеріп, жылады, кешірім сұрады. Табанды түрде Жаратушыдан жаңбыр сұрады. Тағы бір хабарда Алла Елшісінің () көкесі әл-Аббастан (р.а)  дұға жасауды сұрағандығы айтылады. Өйткені, ол Пайғамбарға () өте жақын болатын. Осыдан кейін жел көтеріліп, бұлт жиналады, артынан жел басылып, берекелі жаңбыр жауады.

Дәл осы жылы «Амаваса індеті» аталып кеткен аса қайғылы оқиға орын алды. Бұған себеп болған – Шамдағы византиялықтар мен мұсылмандар арасында болған соғыстан қалған өте көп мәйіттер еді. Кейбір деректерде індеттен жиырма мың мұсылманның (сол кездегі Шамдағы мұсылманның жартысына жуығы) қаза болғандығы айтылады. Осы кезде византиялықтар шабуылды бастағанда мұсылмандарға қиынға соғар еді. Алайда, Алла Тағала мұндай қиындықтан сақтады. Қиын-қыстау күндерде мұсылман үмбеті өздеріне қымбат та қадірлі болған екі жаннан айырылып қалды. Олар – көзі тірісінде Жәнннатпен сүйіншіленген сахаба Әбу Убайда әл-Жаррах пен дін білгірі Муаз ибн Жабал (оларға Алла разы болсын).

Жаңадан басталған індетті естіген Омар (р.а) Әбу Убайданы (р.а)  өзіне шақыртады. Алайда, ол өз халқымен бірге қиындықты соңына дейін көретіндігін айтып, қайтудан бас тартады. Хатты алған Омар (р.а)  көзіне жас алды. Муаз ибн Жабалдың (р.а) алдымен ұлы қайтыс болады, кейін өзі де жан тапсырды. Ол кезде небәрі 38 жаста болатын. Адамдар оны өмірінің соңғы сәтіне дейін Алланың дінінде табанды, бойұсынушы халде көрді. Оның қазасына күллі мұсылман қайғырды. Өйтені, олар ұлағатты ұстаз, тақуа, ықыласты бауырдан ғана айырылған жоқ, онымен бірге білімі де қаза болған еді.

Аллаға жасалған көптеген дұғадан кейін мұсылмандар биік аймақтарға, тауларға көтерілді. Осыдан кейін індет басылады. Сұмдық оқиғаның беті қайтқанда Омар (р.а) Шамға өзі келіп зардап шеккен халыққа көрсетілетін көмекті бақылауына алады.

 

7057 рет оқылды