08:30 | Өнегелі өмір
Руханият 2016-12-21 (0) (13285)

СИҚЫРДАН ҚОРҒАНУДЫҢ 15 ӘДІСІ

СИҚЫРДАН ҚОРҒАНУДЫҢ 15 ӘДІСІ

 

Әдетте имандылық әлсіреген аймақтарда сиқыр, дуалау секілді жайттарға адамдар жиі ұшырап жатады. Сондықтан, әрбіріміздің тарапымыздан «сиқыршылардың зиянынан сақтануға бола ма?» деген сауалдың туындауы заңдылық. Бұған ғалымдар «Иә! Әрине!» деген сүйінші лебі есетін жауап айтады. Оның кілтін паш етпес бұрын, әркімге ой салатын мына бір оқиғаны келтіре кетейік.

Сиқырды жеңген жас жігіт

«Өзінің туған өлкесінде бір Аллаға құлшылық ететін, өте иманды, айналасындағыларды Алла жолына шақыратын жас жігіт болған екен. Жігіт халықты сиқыршылар мен алаяқ емшілерден қайтарып, олардың Алла мен Оның Елшісінің жауы екендігін түсіндіреді. Дәл сол ауылда атағы көпке жеткен сиқыршы да өмір сүреді. Үйленбек болған ауылдың әрбір жас жігіті сиқыршыға келіп: «Мен пәлен деген күні үйленемін. Не қалайсың?» деп айтады екен. Сиқыршы ақша сұрайды, ал некеге ниеттенген азамат еш қарсы келместен қалағанын береді. Әйтпегенде, сиқыршы оны еркектік қуатынан айырып, әйелінің алдындағы міндетін орындауға шамасыз болып қалатын еді. Ақырында, сиқыршыға келіп, сиқырдың бетін қайтаруы үшін екі есе баға төлейтін. Ал әлгі иманды кісі сиқыршымен ашық күресетін, мешіт мінберлерінде, жиындарда оның есімін ашық айтып, адамдарды оған барудан қайтаратын. Өзі бойдақ болғандықтан, ел-жұрт оның неке күнін асыға күтеді. Себебі, сиқыршының оған қарсы қандай амал қолданатынын, жігіттің оның сиқырына қарсы қандай әрекет жасайтынын көргісі келетін.

Той күні таяғанда жігіт дінді терең түсінген үлкен білім иесінің алдына барып, оқиғасын баяндайды: «Сиқыршы маған қарсы айла-шарғы дайындауда, ал ауыл тұрғындары кімнің жеңіске жетерін аңдып отыр. Сіз маған ақыл қосыңызшы. Маған сиқыршыдан қорғанудың жолын көрсете аласыз ба? Мен оны талай рет адамдардың алдында масқаралап едім, енді маған тұзақ құру үшін барын салатыны белгілі», дейді.

Ғұлама: «Иә, егер Алла қаласа, мен саған одан қорғанудың жолын көрсетемін. Тек бір ғана шартпен. Сен оның алдына бар да: «Мен пәлен деген күні үйленемін. Қолыңнан келгеннің бәрін жаса, шамаң жетпесе, өзге сиқыршылардан таңдағаныңды ертіп кел» деп ел-жұрттың көзінше айт» дейді. Жас жігіт:

       Айтқандарыңызға сенімдісіз бе?-деді.

       Иә, сенімдімін. Жеңіс иман келтіргендерге нәсіп болады, ал күнәһарлар қорлыққа ұшырайды.

Ол халықтың көзінше сиқыршыға ғұламаның сөздерін айтады. Адамдар шешуші күнді асыға күтті. Білім иесі жас жігітке сиқырдан қорғанатын бірнеше жолды (төменде көрсетіледі) үйретеді. Және Аллаға дұға жасап, жәрдем сұрайды. Нәтижесінде, ол үйленгенде, сиқыршының сиқыры әсер етпей қалады. Адамдар қайран қалады. Міне, осылайша, ақиқаттың мәртебесі үстем болып, күнәһардың бетпердесі ашылады.

 

Алланың қалауынсыз ешкім сізге зиян тигізе алмайды...

 

Ақиқатты орнатқан Алла Тағала: «Олар ол екеуінен ер кісі мен оның жұбайының арасын ажырататын (істі) үйренетін еді. Бірақ олар Алланың рұқсатынсыз ешкімге зиян жеткізе алмайды» («Бақара» сүресі, 102-аят) дейді. Сол себепті, бұл дүниеде имансыздардың зұлымдығынан және Алланың жазасынан сақтану үшін адам баласы күнәларына тәубе жасап, ықыласпен Аллаға бет бұруы қажет: «Айт: «Таңның Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауыңды тілеймін, жаратқан нәрселеріңнің жамандығынан әрі қараңғылықтың жамандығынан, ол жапқан кезде және түйіндерге үрлеушілердің жамандығынан әрі хасадшының қызғанған (хасад қылған) кездегі жамандығынан» («Фалақ» сүресі).

Мәселен, осы сүредегі үрлеушілер (наффасат) сөзі әйел тегінде келгенімен үрлеушілердің демдері дегенді де білдіреді. Және бұл наффасат сөзі «үрленетін дем» деген мағынаны да білдіруі мүмкін, онда бұл сөз еркектер мен әйелдерді бірдей қамтиды. Сиқыр жасаушы арқан, жіпті және басқа нәрселерді түйіп, сол түйіндерге шайтандардың (жынның шайтандарының) аттарын қамтыған түсініксіз сөздерді айтып үрлейді, сөйтіп, сол арқылы адамға зиян келтіруді мақсат етеді.

Жаратушы жаратылыстарының Одан пана сұрағанын жақсы көреді және дұғаларына жауап береді. Ол: «Алла Өзінің құлына жеткілікті емес пе? Ал, олар сені Одан өзгелермен қорқытады» («Зумәр» сүресі, 36-аят). Ендеше, мұсылманның сиқырдан, дуадан қорқуының жөні жоқ, өйткені, бұл әлсіз шайтанның айла-тәсілі. Кім Аллаға тәуекел етсе, Ол оны сиқырдан да, көз тиюден де, шайтанның басқа да тұзағынан да, имансыздардың зұлымдығынан да сақтайды. Пенде де өз тарапынан Алланың алдындағы міндеттерін орындап, намазына бекем, оразасына тиянақты, садақада жомарт, ізгі істерде озық, мал-мүлік те, бала да көмектеспейтін Ақыретке деген қорқынышы басым болуы тиіс. Ал Аллаға бой ұсынбағанды шайтан өзіне оп-оңай құл етіп алмақ. Мұндай жағдай кейде Алла бекіткен парыздарды орындап жүргенімен, Алланы көп еске алмайтын, құлшылығына ыждағатсыз мұсылманнның басына да түсуі мүмкін. Ендеше, төмендегі шайтанның әрекеттерін, сиқыршыдан қорғанудың жолдарын ӘРБІР ЖАН білуі тиіс.

 

1.     Алланың есімін ауызға алу.

Жын адам денесіне қатты ашуға берілген кезінде, тым қатты сасқалақтағанда, қатты қорыққанда, қатты қуанғанда, пенде Алланы ұмытқанда кіреді. Мұндай қалыпқа түскенде бірден ауызға Алланың есімін алып, дұға жинақтарында келетін зікір (Алланы еске алу) сөздерін айтуы тиіс. Өйткені, жындар Алланың есімі еске алынғанда қысылып қалады, бұл сәт олардың өмірі үшін ең қауіпті саналады.

Адам есінегенде міндетті түрде қолымен аузын жабуы тиіс, себебі, шайтан адам денесіне ауыз арқылы енеді. Бұл туралы хадисте: «Егер кімде-кім намаз уақытында есінесе, мүмкін болғанша аузын қалқаласын (қолымен), әйтпегенде (ауыз арқылы) шайтан кіріп кетуі мүмкін» (Муслим).

 

2.     Тазалықтан шайтан шошиды.

Мұсылман үнемі таза жүргенді, дәрет алуды әдетке айналдырғаны дұрыс. Мұндайда оны періштелер қорғайды. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Бұл тәндеріңді тазалаңдар, сонда Алла сендерді тазалайды. Расына, құл дәрет алып ұйықтаса, оның жейдесіне періште түнейді және түнде оның: «Я, Алла, Өзіңнің құлыңды кешір, өйткені, ол тазаланған күйде ұйықтады» демеген бірде-бір сағаты болмайды» (Табарани).

 

3.     Таңертең құрма жеу.

Мүмкіндігінше таңертең аш қарынға жеті мединелік сығымдалған (прессованный) құрма жеген дұрыс. Ғалымдар егер Мединенің құрмасын табу қиын болса кез келген құрмамен алмастыруға болатындығын айтады: «Кім таңда жеті сығымдалған құрма жесе, оған күні бойы у да, сиқыр да зиянын тигізе алмайды» (Бұхари).

 

4.     Жамағатпен болу.

Парыз намазды жамағатпен орындаудың да үлкен пайдасы бар. Өйткені, мұсылмандардың бірлігі шайтанға тосқауыл, керісінше болған жағдайда ол адамды оп-оңай билеп алады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл туралы: «Ақиқатында, қасқыр отардан бөлінген қойды жейді» (Әбу Дәуіт) және «Кім Жәннаттың ортасын қаласа жамағатта болсын: расында, шайтан бір адаммен болады, ал екі адамнан алыстайды» (Ахмад, Тирмизи) дейді. Келесі хадисте «Бір ауылдағы немесе шөлдегі үш адам жамағат болып намаз оқымаса, шайтан оларға билік жүргізеді. Сондықтан да, намазда жамағатпен болыңыздар, қасқыр да отардан бөлінген қойды жейді» деп хабарланады (Әбу Дәуіт, Тирмизи).

 

5.     Намаздарға ыждағаттылық.

Мұсылман таң намазын қалдырмай оқуы тиіс.  Ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) айтады: «Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көзінше бір адам туралы: «Ол күн шыққанша ұйықтады» деп айтылды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шайтан оның құлағына дәрет сындырды» деген (Бұхари). Сондай-ақ, түнгі намаздың рахатын сезініп, жамбасын жылы төсектен көтеруді әдетіне айналдырған адам да үлкен жетістікке жетеді. Ұйқы алдында үтір намазын оқыған адам да сый-сауапсыз қалмайды: «Егер адам таң атқанша үтір намазын оқымаса, оның мойнында жетпіс шынтақтың ұзындығындай ноқта пайда болады» («Фатх-әл-Бәри»).

 

6.     Әжетханаға кірер алдында дұға айту.

Әжетханаға кірер алдында: «Алланың атымен. Я, Алла, шын мәнінде, шайтандардың еркегі мен ұрғашысының (кесірінен) Өзіңе сыйынамын» («Бисмилләһ, Аллаһуммә иннии әъузуу бикә минәл-хубси уәл-хобәис») (Бұхари) деп айту қажет. Әжетхана шайтандардың мекені болғандықтан, адам бұл лас жерге кіргенде шайтан оның тәніне кіріп кетуден тайсалмайды. Ізгі ғұламалардың кітабында шайтанның: «Алла сендерге бізді жеңе алатын ұлы қару берді, алайда, сендер оны қолданбайсыңдар. Ол – Пайғамбардың зікірлері» дегендігі келтіріледі.

 

7.     Намаз бастаудан бұрын истифтах дұғаларын айтуды әдетке айналдырған жөн.

Жубейр (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің намаз оқығанда: «Аллаhу әкбару кәбиран, уәл-хамду лилләhи кәсиран, уа субханәл-ләһи букратәу уә әсыйлә (Алла аса ұлы! Аллаға сансыз мақтау-мадақ! Алланы ертелі-кеш кемшілік атаулыдан пәктеймін)» (3 рет), Әъузу бил-ләhи минәш – шайтан:  уә нәфхиhи, уә нәфсиhи уа hәмзиh (Шайтанның (дем салып) үрлеуінен және оның тәкаппарлығынан және оның зиянынан Аллаға сыйынамын)"  деп 3 рет  айтатындығын жеткізеді.

 

8.     Үйленгенде айтылатын дұғаны ұмытпау.

Жаратқандарының бақытты болу жолын бәрінен артық білетін Жаратушы мен Оның Елшісі бұйырған кез келген амалда береке, игілік бар. Күйеу жігіт қалыңдықпен некесін қиғаннан кейін, оң қолын оның маңдайына қойып: «Алланың атымен!» деп айтады да, мына дұғаны оқиды: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сіздерден біреулеріңіз үйленсе немесе қызметші алса былай десін: «Я, Алла! Расында, мен Өзіңнен оның игілігін, оны не үшін жаратқан болсаң соның игілігін сұраймын және оның кесірінен Өзіңе сыйынамын» («Аллааһуммә иннии әс-әлукә хайраһәә уә хайра мәә жәбәлтәһәә ъаләйһи уә әъуузу бикә мин шәрриһәә уә шәрри мәә жәбәлтәһәә ъаләйһ»). Содан кейін екеуі бірге екі рәкәт намаз оқиды.

Сондай-ақ, «Аллаһумма бәрик ли фиһә уа қыйһа шарра хасидин изә хасад, уә сахирин изә сахар, уә мәкирин изә мәкәр» («Я, Алла! Мені онда берекелі ет, күншіл күндеген кезде, сиқыршы сиқырлаған кезде, зұлым зұлымдығын ойластырған кезде оны сақта») (Әбу Дәуд) деп айтуға да болады.

 

9.     Жыныстық қатынас алдында Алладан пана сұрау

 Ибн Аббастың сөздерінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Егер сендерден әлдебіреуің әйелімен жыныстық қатынас жасағысы келіп: «Алланың атымен. Я, Алла, бізді шайтаннан аулақ ет және Сенің бізге беретініңнен де (баладан) шайтанды аулақ ет», - деп айтса, әрі (сол) ерлі-зайыптыларға балалы болу нәсіп етілсе, шайтан ешқашан оған зиян тигізе алмайды».     («Бисми Лләһи, Аллаһуммә, жәнниб-на-ш-шайтана уа жәнниби-ш-шайтана ма разақтана»).

Жындар өмірін зерттеген ғұламалардың бірі Ислам дінін қабылдаған жынның бір еркектің тәніне кіріп, онымен бірге жыныстық қатынасқа қатысқанын мойындаған. Өйткені, ол осы дұғаны айтпаған екен. Аллаға мадақ!  Алла Тағала бізге қандай керемет қазыналарды тарту еткен десеңізші! Қадіріне жете алмай қалмасақ екен...

 

10.                       Ұйқы алдында дәрет алып, Алланы еске алып жату

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, ал «Бақара» сүресі оқылатын үйге шайтан кірмейді» деген. (Ахмад, Муслим). Ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) айтады: «Кімде-кім түнде «Бақара» сүресінен он аят оқыса, ол үйге шайтан кірмейді: басындағы төрт аят, Аятул-Күрсі, оған дейінгі екі аят және соңғы үш аят». Келесі хадисте «Аятул-Күрсіні оқығанға таңға дейін шайтан жақындай алмайтындығы да айтылады. Кім «Бақара» сүресінің соңғы екі аятын түнде оқыса, оған жеткілікті». (Бұхари). Яғни, барлық жамандықтан сақтауға жеткілікті делінген. Басқа ғалымдар «Шайтанның жамандығынан сақтауға жеткілікті», «Адамдар мен жындардың жамандығынан сақтайды» деп тәпсірлеген.

 

11.                       Үйге кіргенде және шыққанда айтылатын дұғаны тастамау.

Әрбір мұсылман тамақты ауызға алмас бұрын «Бисмилләһ», яғни, «Алланың атымен бастаймын» деп айтуы қажет. «Кісі үйіне кіргенде және тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алса, шайтан: «Бізге (бұл үйде) түнейтін орын да, кешкі ас та жоқ» дейді. Ол (үйіне) кіргенде Алланы есіне алмаса: «Біз түнейтін орын таптық» дейді. Ал тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алмаса (шайтан): «Біз түнейтін орынды да, кешкі асты да таптық» дейді. (Муслим). «Үйге кіргенде айтылатын дұға: «Алланың атымен кірдік, Алланың атымен шықтық. Раббымызға тәуекел еттік» («Бисмилләһи уәләжнә, уә бисмилләһи харажнә, уа ъалә раббинә тәуәккәлнә» (Кейін үй ішіндегілерге сәлем берсін делінген).

Үйден шыққанда айтылатын дұға: Әнастан (оған Алла разы болсын) Алланың Елшісі (оған Алланың игілі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім үйден шығарда: «Алланың атымен Аллаға тәуекел еттім. Алланың күш қуатынан асқан ешқандай күш қуат жоқ» (БисмиЛләһ, тауаккальту ‘әлә-Ллаһ, ла хаулә уә лә қуууата иллә биЛләх) десе оған: «Сен тура жолдасың , құтылдың әрі қорғаулысың» деп айтылады. Сол кезде шайтан ол адамнан қашады да басқа шайтанға барып: «Сен тура жолдағы, құтылған әрі қорғалған адамға не істей  аласың?», деп айтады» деген. Осы xадистегі "құтылды" деген сөз туралы ғалымдар: «Ол адам, адамға екі дүниеде уайым салатын нәрсенің бәрінен құтылады» деген (Әбу Дәуд).

 

12.                       Баланы барлық жамандықтан сақтауды сұрайтын дұға.

Бұл дұғаны дем салудан кейін, бала сыртқа шығарда, қонаққа барғанда, кез келген уақытта жамандықтан Алладан пана сұрау үшін оқыңыз: Ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Ол: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Хасан мен Хусейн үшін Алладан пана сұрап: «Шын мәнінде сендердің бабаларың (Ибраһим) мұнымен Исмаил мен Исхақ үшін пана сұрайтын: «Әъузу би кәлимәтилләһит-тәммәһ, мин кулли шайтанин уә һәммәһ, уә мин кулли ъайнил-ләммәһ (Әрбір шайтаннан және улы жәндіктерден, сондай-ақ әрбір сұқ көзден Алланың кәміл сөздерімен пана сұраймын)» деп айтатын», - деген. (Бұхари).

 

14. Құрандағы соңғы 3 сүреге бекем болу.

Әбу Хабис (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Уа, Әбу Хабис! Мен саған Алладан қорған іздеген адамның айтатын ең жақсы сөзін хабарлайын ба?». Ол: «Иә, Алла Елшісі!. Ол: «Айт: «Таңның Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауын тілеймін...» («Фалақ» сүресі, 1-аят) және «Айт: «Адамдардың Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауын тілеймін» («Нас» сүресі, 1-аят) – осы екі сүре Алладан пана тілеушілерге» деді». (Нәсаи).

-  Әбу Сағид әл-Худри (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың адамдар мен жындардың кесірінен Аллаға сыйынатын, кейіннен Аллаға сыйынып, қорғау тілейтін сүрелер түсіріледі де, ол қалған дұғаларды қалдырып, осы сүрелерді айтатын болғанын жеткізеді. (Тирмизи). Тирмизиден жеткен басқа хадисте осы үшеуін таңертең және кешке оқу барлық нәрседен құтылу үшін жеткілікті делінген.

 

15. Таңғы-кешкі зікірлерді тастамау.

Мәселен, таңда және кешке айтылатын мына екі дұғаның мағынасына назар аударсаңыз, расында, дұғаның мұсылманның үлкен қорғаны екендігіне көз жеткізесіз: «Бисми-Лләһи-лләзи лә ядурру мә’а-смиһи шәи ун фил-әрды уә лә фис-сәмәәи уә һууәс-Сәми’ул-’Алим» (3 рет). («Алланың атымен. Оның есімімен көктер мен жерде ешбір нәрсе зиян тигізе алмайды, өйткені Ол – Толық Естуші, Аса Білуші!»). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы дұғаны кешке 3 рет айтса, таңға дейін еш жамандық орнамайды, кім оны таңертең айтса, кешке дейін еш жамандық орнамайды» деген (Тирмизи).

«Ә’узу би-кәлимәти-Лләһит-тәммәти мин шәрри мә халәқ». («Алланың кемел сөздерімен Оның жаратқан мақұлықтарының кесірінен Оған сиынамын» (Бұл сөздерді кешке үш рет айту керек). Муслимнің жинағында бір адамның Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алла Елшісі! Сен кеше мені сарышаян шаққанда қандай қиындық көргенімді білсең ғой!» дегендігі айтылады. Сонда ол: «Егер сен түнде жатарда: «Алланың кемел сөздерімен Оның жаратқан мақұлықтарының кесірінен Оған сиынамын деп айтқаныңда саған зиян тимейтін еді» деген екен. 

 

Қашқанның да, қуғанның да, әлсіздің де, күштінің де, зұлымның да, ізгінің де Раббысы болған, барлық нәрсеге күш-құдіреті жетуші Алла Тағаладан пана сұраймыз! Өйткені, Ол қаламаса, күллі әлем жиылып келсе де, бізге ешкім зиян тигізе алмайды. Ал егер, ол бізді бір жамандыққа ұрындырса, оны Одан өзге ешкім кетіре алмайды. Мейірімді Жаратушы тілі зікірден құрғамайтын, иманы мығым, тәуекелі тастай құлдардың қатарынан болуымызды нәсіп етсін!

 

13285 рет оқылды