08:30 | Өнегелі өмір
2016-12-08 (0) (7789)

Тегіне қарап үйлену қаншалықты маңызды? (үйленейін деп жүрген жігіттерге кеңес)

Тегіне қарап үйлену қаншалықты маңызды? (үйленейін деп жүрген жігіттерге кеңес)

 

       Исламда әрбір тұлғаның тәрбиесіне отбасының алғашқы кірпішін қалаудан, яғни, үйленуден бастап мән беріледі. Үйленумен табиғи сұраныс орындалады. Сондай-ақ, бұл қоғамды бүлдіруші аурулардан, бұзықтықтардан ада етеді. Балаларды тәрбиелеуде ерлі-зайыпты арасында ынтымақтастықты нығайтып, олардың жүректерінде әкелік, аналық сезімді оятады. Сондықтан үйлену, өмірлік жар таңдау мәселесінде діндар, текті және бұрын тұрмыста болмаған қызды таңдау – негізгі қағидалардың бірі.

Ислам дінінің ерлі-зайыптылар бір-бірін таңдауда белгілеген ережелерінің тағы бірі—өмірлік жолдасын жақсылығы, көркем мінезділігі, тегіне қарап таңдау. Өйткені, адамдар кен қазбалары сияқты өзара араларында ұлықтығы мен төмендігі, жақсылығы мен жамандылығы әр түрлі болады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдар жақсылық пен жамандықта кен сияқты. Олардың жаһилият кезінде жақсы болғандары, Исламда да жақсы болады. Егер Ислам білімдерін үйренсе»,—деген. Сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйленбекші болғандарды тегіне, жақсылығына, ұлықтығына қарап таңдауға үндеген. Мәселен, Әбу Саъид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сіздер көңдегі жасыл шөптен сақ болыңыздар»,—дейді. «Ей, Алланың елшісі, көңдегі жасыл шөп не?»—деп сұрағанда, «Жаман жерде (отбасында) өскен сұлу қыз (әйел)»,—деп жауап берген.

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ұрықтықтарыңызға орынды таңдаңыздар және теңдестеріңізбен тұрмыс құрыңыздар»,—десе, тағы бір хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ұрықтарыңызға орынды таңдаңыздар. Себебі, тектегі текке өтеді»,—деген. (Ибн Мәжа)

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ұрықтарыңызға орынды таңдаңыздар. Себебі, әйелдер аға-інісіне, әпке-сіңлісіне ұқсайтындарды туады»,—деп айтқан. (Ибну Ади)

Көріп отырғанымыздай, бұл хадистердің баршасы үйленбек болғандарды тегі, құрметі бар ұлы аталар нәсілінен бастау алатын тәрбиелі отбасында өскен әйелді таңдауға үндейді.

Осы негізге сүйене отырып, Осман ибн Әби әл-Ас әс-Сақафи өз балаларына текті жерден таңдауға, жаманынан сақтануға кеңес бере отырып: «Ей, балаларым! Үйленіп жатқан адам, бейне бір ағаш отырғызып жатқан адам тәрізді. Сондықтан әркім ағашын қайда отырғызатынына мән берсін. Нашар тұқымның жақсыны дүниеге келтіруі сирек кездеседі. Олай болса, біраз уақыт өтсе де, таңдаңдар»,—деген.

Осындай таңдау болу керектігін Омар ибн әл-Хаттабтың (Алла оған разы болсын) бір баланың «Баланың әкесіндегі хақы не?» деген сұрағына: «Анасын таңдауы, жақсы есім қоюы және оған Құран үйретуі»,—деп жауап бергендігінен де көруге болады.

Ислам дінінің елшісі Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  үндеген бұл таңдау – ғылыми шындықтан, тәрбиелік мәні бар теориялардан тұрады. Өйткені, тұқым қуалау ілімі жас сәбидің туылғанынан бастап әке-шешесінің мінез-құлқындағы, дене-бітіміндегі, ақыл-ойындағы сипаттарды алатынын анықтады. Сондықтан әйел немесе еркек тегіне, құрмет-беделіне, жақсылығына қарай таңдалса, балалардың түзу, жақсы күйде өсетіні даусыз. Сондай-ақ, бала өмірінде жақсы тұқым қуалау мен лайықты тәрбие астасып жатса, ол көркем мінез-құлықты, Құдайдан қорқатын иманды, биязы болып жетіледі.

Ақын Абай:

 «Жасаулы деп, малды деп байдан алма, 

Кедей қызы арзан деп құмарланба. 

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар 

Ата-ананың қызынан қапы қалма», - деген екен.

       Ендеше, отау құрмақ болған әрбір жан ұрпағының адал әрі иманды болуын қаласа, өмірлік серігін жақсылап таңдасын!

 

7789 рет оқылды