06:35 | asylarna.kz
2016-12-06 (0) (12031)

ТЕКТІЛІКТІ САҚТАУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

ТЕКТІЛІКТІ САҚТАУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

 

Қазақ - қашаннан ұрпағымен, баласының саналы тірлігімен мақтанған халық. «Я, Аллам, бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деген сөз – соның дәлелі. Еліміз қашаннан соңында қалған тұяғының есті, тәрбие көрген текті болуын қалаған. Ал тектілік деген не?

Тектілік деген – адам бойындағы бар ізгі қасиеттердің, көркем мінездің жиынтығы. Тектілік дегеніміз – ең алдымен, өзіңді өмірге әкелген ата-анаңды сыйлау, оларды жаман атқа қалдырмау. Тектілік дегеніміз – туған туыстарыңа қарайласып, айналаға мейірімді болу, қай істе болсын ірілік таныту. Мұны басқаша өзгелердің қателігіне кешіріммен қарау, яғни «таспен атқанды аспен ату» деп түсіндіруге болады.  

 

Тектілік қанмен келе ме, әлде оны адам өзі қалыптастыра ма?

Бұл сұрақтың кез келген адамды ойландыратыны анық. Адам бойындағы ізгі қасиеттер, ең алдымен ананың сүті, атаның қаны арқылы бойға дариды. «Қанмен сіңген сүйекпен кетеді», «қанына тартпағанның қары сынсын» деп қазақ бекер айтпаған. Тіпті, Бұхар жыраудың өзі

Жақсыдан жаман туса да,

Жаманнан жақсы туса да,

Тартпай қоймас негізге... – деп жырлаған екен. Демек, тектіден тектінің туатыны, тектілік тұқым қуатыны – ақиқат нәрсе. 1822-1915  жылдар аралығында өмір сүрген Бекасыл атты ақын:

Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,

Өлімге басын қияды.

Жақсы, жаман деместен,

Жанына жұртын жияды... – депті.  Демек, текті дегеніміз – халқы үшін басын өлімге қиятын, жұрты үшін жайылып төсек, жиылып жастық бола алатын адам. Ал мұндай мінез адамға, біріншіден,  ата-анасынан, бабасынан жұқса, екінші жағынан, тәрбиемен келеді. Өз-өзін тәрбиелеуі арқылы да адам жақсылық жасай алады, ізгілікті тарата алады. Әркім – өз амалының тұтқыны десек, кішкентай жақсылықтары арқылы да өзгелерге көл-көсір пайда тигізіп, тектілік, көргенділік танытуға болады.

 

Тектілікті байлап тұратын «темір қазық» немесе тектілікті қалай сақтауға, қалыптастыруға болады?

Тектілікті сақтап тұратын бірден-бір темір қазық – иман. Себебі, бабасы қаншалықты текті болса да, олардың ұрпағы иманмен сусындамаса, әлгі қасиеті сұйылып, ақыр соңында жоқ болып кетуі әбден мүмкін. Иманы бар адам ата-анасын ренжітпейді, отбасына жайлы болады, еліне еңбек етеді, өзгелерге пайдасын тигізеді. Ол күншілдік, қызғаншақтықтықтан аулақ болады. Өзгелерге жомарттық танытады. Көргені көп қазақтың «Жиғаным емес, иманым пайда берер», «Иманнан басқа нәрсені – Құдайдан көп сұрама» деуі сондықтан.  

Тектілікті сақтаудың бірден-бір жолы – жеті атаға дейін қыз алып, қыз беріспеген ата-бабамыздың салтында жатыр.  Бірде Жәнібек хан емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынан: «Қандай ауруды емдеу қиын?» - деп сұрайды. Сонда емші: «Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын»,- деп жауап береді. «Оның алдын алуға бола ма?» - деген ханның екінші сұрағына Өтейбойдақ: «Болады, бірақ ол үшін жеті атаға дейін туыс адамдар өзара қыз алыспау керек,- деген екен. Осыны ескерген Жәнібек хан жеті атаға дейін үйленуге тиым салып, заң бекіткен деседі.

 

«Жігіттің жақсысы — нағашыдан…»

Тектілікті сақтаудың, қалыптастырудың тағы бір жолы – оның анасын дұрыс таңдау.  Келін таңдаудағы қазақтың қырағылығына таңданбасқа болмайды. Қазақ келешек құдасын орынды, құрметті жерден, аталы, іргелі ауылдан қараған, ұрпақ жалғастырушы әйелдің көргенді, өнегелі, биязы, тәрбиелі болуын қалаған.Себебі, алма сабағынан алыс түспейді. Түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы қалыптаспақ. Кезінде Омар ибн әл-Хаттабтан «Баланың әкесіндегі ақылары қандай?»  деп сұрағанда халифа: «Анасын таңдауы, жақсы есім қоюы және оған Құран үйретуі», - деп жауап берген екен. «Анасын көріп, қызын ал», «Анасын сүйгеннің баласын сүй», «Шешеге қарап қыз өсер», «Ана көрген тон пішер», т.б. деген мәтелдерде терең мағына жатыр.
Демек, текті ұрпақ қалыптастыруда ананың атқаратын рөлі зор.

12031 рет оқылды