«Ислам діні Омардың күндерінде үнемі алға жылжушы адам секілді болған, Омардың өлімінен кейін ол кері шегіне бастады және әлі күнге дейін шегініп келеді». (Хузайфа ибн Яман (р.а) )
Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) кім? Оның Исламдағы орны қандай? Міне, осы тектес сауалдардың бәріне Хузайфа ибн Яманның (р.а) жоғарыдағы бір ауыз терең мағыналы сөзі жауап беретін секілді.
Иә, Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) – Пайғамбардың ﷺ
көзі тірісінде оның ең жақын сахабаларының бірі болып, Ислам дінінің өркендеуі үшін жан аямай еңбек етсе, Алла Елшісі ﷺ мен оның тұңғыш мұрагері Әбу Бәкірдің (р.а) қазасынан кейін мұсылмандар үмбетінің үздік көшбасшысы атанып, біртұтас мемлекетті басқарды. «Мұсылмандар әміршісі» деген лауазым алғаш сол кісіге қолданыла бастады және соған лайық ғұмыр кешті. Адамзат тарихында осыншама иман, ықылас, әділеттілік, табандылық, тақуалық, қамқорлық жинақталған тұлғаның өмірін кездестіру қиын-ақ. Өйткені, ол Мұхаммед Пайғамбардың ﷺ аузынан: «Менен кейін Пайғамбар болса Омар болар еді» деген сөзді естіген жалғыз жан. Өйткені, ол: «Сендерге дейін өмір сүргендер арасында Ұлы Алла жігерлендіретін адамдар болған, менің үмбетімде ондай адам болса, ол – Омар» деп Пайғамбар ﷺ айтқан ақиқаттың арқауы болған жалғыз тұлға.
Жобамыздың екінші бөлімі осынау асқақ қаһарманның дүниеге келуінен бастап, ақтық демі шыққанға дейінгі аралықтағы әр мұсылманға өнеге боларлық кейбір тұстарын қамтып өтуді мақсат тұтып отыр. Білімі мен Даналығы шексіз Алладан жәрдем сұраймыз!
1-БӨЛІМ. САХАБА ОМАР ИБН ӘЛ-ХАТТАБТЫҢ (Р.А) ЖЕКЕ ӨМІРІ
Шыққан тегі және сыртқы келбеті
Толық аты – Омар ибн әл-Хаттаб ибн Нуфәйл ибн Абдуль-Узза ибн Риях ибн Абдуллаһ ибн Қурт ибн Разах ибн Ъәдии ибн Кәъб ибн Луәий әл-Қурайши. Мұхаммед Пайғамбар ﷺ екеуінің ортақ бабасы – Кәъб ибн Луәий саналады.
Әбу Хафс деген куньясы және Фәәруқ деген лақап аты болды. «Фәәруқ» сөзінің мағынасы – ажыратушы, айырушы. Ол арқылы Алла Тағала иман мен имансыздық арасына шекаралық сызық жүргізді.
Ол піл оқиғасынан соң 13 жылдан кейін Мекке қаласында дүниеге келген. Яғни, Алла Елшісінен ﷺ 13 жас кіші болған.
Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) ақ құба, сұлу жүзді, арық, шымыр денелі, биік бойлы, алып білекті, табанды адам болатын. Өте қуатты және қатал еді. Ақ шалған селдір шаштары, сақалымен біріккен ұзын, бірақ, сирек мұрттары болған. Оларды қынамен бояп қоятын. Бір іс жайлы ойланғанда сақал-мұртын сипап отыратын. Адымдары қысқа болғанымен өте жылдам жүретін, жаяу жүргенінің өзін атпен кетіп бара жатқандай көретіндер болған. Ал атқа мінгенде тап сол аттың үстінде туылғандай көрінетін. Даусы жуан, қатты шығатын, соққысы өте күшті еді. Солақай болса да, жұмысты екі қолымен бірдей епті атқаратын.
Абдулла ибн Иса (р.а): «Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) жүзінде жылаудан қалған екі қара жолақ бар еді» деген.
Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) жанұясы
Атасының есімі – Нуфәйл ибн Абдуль-Узза. Құрайыштар туындай қалған таласты мәселелерде төрелік айту үшін оған келіп жүгінетін болған.
Әкесінің есімі – әл-Хаттаб ибн Нуфәйл. Құрайыштың Ади тайпасынан шыққан.
Анасының есімі – Хантәмәһ бинт Һишәм. Құрайыштың Мәхзум тайпасынан шыққан. Кейбір деректерде оның Әбу Жәһлдің туған әпкесі болғандығы айтылса, екінші деректер немере әпкесі болғандығын нұсқайды.
Омардың (р.а) әйелдері: Зәйнәб бинт Мәъзун, Муләйкә Хузәъия, Умму Хукәйм, Жәмилә бинт Ъасим, Умм Кулсум бинт Фатима, Луһәйтә, Ъатикә бинт Зәйд. Исламға дейін жалпы жеті әйелі болған, кейін оның төртеуін ғана қалдырды.
Омардың (р.а) жалпы 13 ұл-қызы болды. Ұлдары: Үлкен-Зәйд, кіші-Зәйд, Асим, Абдуллаһ, үлкен-Абдуррахман, ортаншы-Абдуррахман, кіші-Абдуррахман, Убайдуллаһ, Ъияд. Қыздары: Хафса, Рұқайя, Зәйнәб, Фатима.
Омар (р.а) нәпсісін қанағаттандыру үшін емес, Алла Тағала оған өзін еске алатын ұл-қыздарды нәсіп ете ме деген ниетпен үйленгендігін бірнеше рет айтқан.
Исламға дейінгі қоғамдағы орны
Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) жарты ғұмыры Исламға дейінгі дәуірде өтті. Тайпаластары секілді өскенімен, сауаттылығымен ерекшеленді (ол кезде сауаттылар қатары тым аз болатын). Оның алғашқы ұстазы – Әбу Суфиянның әкесі Харб ибн Умайя болды. Бала кезінен жауапкершілікке бейімделді, тым қатал тәрбие көрді. Салтанатты да, байлықты да көрмеді. Өйткені, әкесінің мінезі қатты, дөрекі болған. Омар (р.а) кейбір сөздерінде бір істі дұрыс істемеген жағдайда әкесінің үнемі ұрғандығын айтады. Жүннен тоқылған киім киген Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) жазық далада әкесінің және анасы жақтан туыс болып келетін әпкелерінің түйесін баққан. Кейде ағаш отап, терумен айналысатын. Омар (р.а) қой емес, түйе бақты. Ал бұл үлкен физикалық күшті, сабырды талап ететін. Балалық шағында күреспен, атқа мінумен айналысты, араб поэзиясымен танысты және өзі де өлең шығарды. Өз елінің тарихына қызығушылық білдірді. Ең танымал деген жәрмеңкелерде болып, түрлі ақындардың аузынан тарихи, батырлық жырларды еститін. Кейіннен өзі де саудамен айналысып, Меккенің ең бақуатты адамдарының қатарына қосылды.
Исламға дейін-ақ, даналығымен, шешен тілділігімен, байсалдылығымен, зеректігімен ерекшеленетін. Таласты жағдайда өз дәлелдерін нақты келтіріп, пікірін қорғап шыға алатын. Осындай қасиеттері себепті құрайыштардың елшісі атанып, бірнеше рет басқа тайпалармен болған келісімдерді жүргізді. Құрайыштар мен өзге тайпалар арасында келіспеушіліктер туған жағдайда немесе мазаққа, келекеге ұшыраған жағдайда да мәселені шешу үшін Омарды (р.а) жіберетін. Оның үнемі лайықты жауабы болды. Құрайыштар бастарына іс түкенде Омарға келіп жүгінетін.