08:30 | Өнегелі өмір
2016-11-26 (0) (4739)

VII БӨЛІМ: ӘБУ БӘКІРДІҢ (Р.А) БИЛІККЕ КЕЛУІ

VII БӨЛІМ: ӘБУ БӘКІРДІҢ (Р.А) БИЛІККЕ КЕЛУІ

 

Алла Елшісі  () хижраның оныншы жылы зул-хижжа айында  Мединеге қажылық сапарынан оралды (кейін бұл сапар «соңғы қажылық» деп аталып кетті). Арада біршама уақыт өткеннен кейін Алланың сүйіктісі  ()  сырқаттанып қалды. Ол бұл уақытта  Усама ибн Зайдтың (р.а)  әскерін Палестина және Балка жеріне аттандыруға дайындап жүрген болатын. Өлім алдындағы осы сырқаты кезінде Пайғамбар ()  ел алдына шығып сөйледі. Бұл туралы Әбу Саид әл-Худри (р.а)   баяндайды: «Бір күні Алла Елшісі  () мешітке жиналғандарға уағыз айтты және бір сөзінде: «Шын мәнінде, Алла Өзінің құлдарының біріне осы дүние мен Өзінде бардың арасына таңдау жасау мүмкіндігін берді және ол құл Аллада құзырындығыны таңдады» деді. Бұл сөзді естіген Әбу Бәкір (р.а) жылап қалды. Ал мен өзіме: «Егер Алла Өзінің құлдарының біріне осы дүние мен Өзінде бардың арасына таңдау жасау мүмкіндігін берсе және ол құл Аллада барды таңдаса, бұл қарияның жылауына не себеп болды екен?» дедім. Асылында, ол құл – Алла Елшісі  () екен. Ал Әбу Бәкір (р.а) кез келген нәрсені бізден артық түсінетін. Алла Елшісі  () сол кезде: «Жылама, уа, Әбу Бәкір» деді де, жалғастырды: «Расында, адамдардың ішінде маған бәрінен артық игілік көрсеткен, менімен жолдас болып, менен дүние-мүлкін аямаған жан Әбу Бәкір болды, егер маған жақын дос таңдау керек болса (халил – рухани байланыстың ең жоғары деңгейін, қайталанбас ерекше достықты көрсететін сөз) Әбу Бәкірді таңдар едім, алайда, менің құзырымда Исламдағы бауырластық пен махаббат қана бар. Ендеше, мешітте Әбу Бәкірдің есігінен басқа ашық есік қалмасын (Әбу Бәкірдің бөлмесі Пайғамбар әйелдерінің есігі секілді мешітке жалғасып кететін)».

Айша анамыз (р.а)  баяндайды: «Бірде Алла Елшісі ()  өзі қайтыс болған науқаспен сырқаттанғанда, намаз уақыты келіп, азан шақырылды, ол: «Әбу Бәкірге айтыңдар, адамдармен намаз оқысын» деп бұйырды (ол әрдайым намазда өзі имам болатын). Сонда анамыз: «Расында, ол жұмсақ жүректі, сондықтан Құран оқығанда жылауын тоқтата алмайды» (басқа нұсқада: «Расында, егер Әбу Бәкір сенің орныңа тұрса, онда ол адамдарға көз жасынан ештеңе айта алмайды» - дейді. Бұл үш рет айтылса да, Пайғамбар()   үш рет Әбу Бәкірдің адамдармен намаз өткізуін бұйырады. Әбу Бәкір (р.а)  дүйсенбіге дейін намазда имамдыққа шығады. Сол күні сахабалар сапқа тұрып, таңғы намазды оқуға ыңғайланғанда Алла Елшісі  () бөлмесіндегі пердесін түріп, Раббыларының алдында тұрған мұсылмандарға қарады.... Алла жолындағы дағуаты мен табандылығының жемісін көрді. Намаздарын қызғыштай қоритын,  Алла Елшісі ()  жандарында жоқ кезде де уақытында оқитын алып үмбет пайда болды.... Көргендері оның жүрегіне қуаныш ұялатты.  Оған дейін ешбір Пайғамбарға мұндай жетістікке жету мүмкіндігі берілмеген еді. Сахабалар оның сол кездегі кейпін былай деп сипаттайды: «Пайғамбар()   Айшаның (р.а) бөлмесіндегі терезенің пердесін түріп, түрегеп тұрған қалпы бізге қарап тұрды. Оның жүзі Құран аяттары жазылған қағазға ұқсады. Ол жымиды. Пайғамбар()   намазға шығады деп ойлап, қуанғанымыздан мүдіріп қала жаздадық. Алайда, ол бізге намазды аяқтауды бұйырған белгі берді де, пердені түсірді». Намаз аяқталысымен сахабалар шаруаларымен тарап кетті. Әбу Бәкір (р.а) де қызына Алла Елшісінің ()  сырқатының беті қайтқан екен деген ойын білдірді де, Сунхадағы әйелінің үйіне жүріп кетті.

Алайда, дәл осы күні хижраның 11 жылы, раби ъал айының 12 күні, дүйсенбіде қайтыс болды. Оның ақтық демі шығар сәті туралы көп нәрсе айтуға болады. Алайда, біздің мақсатымыз Әбу Бәкірдің (р.а)  ауыр қаза кезіндегі әрекеттері мен билікке келуі туралы баяндау болғандықтан, бұл тұстарға тоқталмауды жөн көріп отырмыз.

 

            Мұсылмандардың Пайғамбар ()  қазасынан кейінгі халі

Ибн Ражаб айтады: «Алла Елшісі ()  қайтыс болғанда мұсылмандар сең соққандай күйге түсті. Кейбіреулер абыржу мен шатасу халінде еді, енді бірі аяққа тұра алмай қалды, басқалары қайғы мен таңғалыстан сөйлей алмай қалды. Ал кейбірі Алла Елшісі  ()  өлді деген хабарға сенуден бас тартты».

Әбу Бәкір ибн әл-Араби айтады: «Мұсылмандар үшін бұл өмірлеріндегі ең ауыр соққы еді. Әли (р.а) Фатиманың (р.а) үйінен ешқайда шықпай отырып қалды. Осман (р.а) сөйлей алмады... Болған жайды естіген Омар ибн әл-Хаттаб (р.а)   есінен айырылуға шақ қалды, адамдардың ортасында тұрып, мына сөздерді қайталаумен болды: «Шын мәнінде, Алла Елшісі өлген жоқ, ол қырық күн елін тастап, адамдар оны өлді деп айта бастағанда, қайта оралған Мұса (ғ.с) секілді Раббысымен кездесуге кетті. Алла Елшісі  () сөзсіз қайта оралады және оны өлді дегендердің аяқ-қолы кесіледі».

Әбу Бәкір (р.а)  Сунхадағы үйінен атпен шауып келді. Ешкіммен сөйлеспестен асығып мешітке кірді. Айшаның бөлмесіне кіріп, йемендік жамылғыға оралған Алла Елшісінің  () денесіне жақындады. Еңкейіп, Пайғамбардың ()  бетін ашты, оның маңдайынан сүйіп, жылап жіберді. Содан кейін: «Әкем мен анам сенің жолында құрбан болсын! Алла саған екі рет өлім дәмін татқызбайды, саған жазылған өлімге келсек, сені онымен жолықтың!» деді.

Осыдан соң Омардың (р.а)  сөзіне құлақ салып отырған адамдарға қарай шығып: «Уа, Омар, отыр!» деді. Бірақ, ол отырудан бас тартты. Адамдар Омарды (р.а) тастап, сөйлеуге бет алған Әбу Бәкірге (р.а) ден қойды. Ол: «Сендерден кім Мұхаммедке  () құлшылық еткен болса, білсін, Мұхаммед  () өлді, ал кім Аллаға құлшылық еткен болса, есінде сақтасын, шын мәнінде, Алла – Мәңгі Тірі, ешқашан өлмейді! Ұлы Алла айтты: «Мұхаммед бір елші ғана. Одан бұрын да елшілер өтті. Егер ол өлсе не өлтірілсе, арттарыңа қайтып кетесіңдер ме? Кім артына қайтатын болса, Аллаға ешбір зиян келтіре алмайды...» («Әли Имран» сүресі, 144-аят). Мұны естіген адамдардың көз жасы көл болды.

Омар (р.а) айтады: «Алламен ант етейін, Әбу Бәкірдің осы аяттарды оқығанын естігенде, аяққа тұра алмай қалдым да, жерге құлап түстім. Сонда ғана Алла Елшісінің  () шынымен қайтыс болғанын түсіндім».

Құртуби: «Бұл аят –  Әбу Бәкір ас-Сыддықтың (р.а)  батылдығы мен қаһармандығының ең жақсы айғағы. Өйткені, батылдық пен қаһармандық – жүректің қайғыға қарсы ұстамдылығы, ал Алла Елшісінің ()  қазасынан артық қайғыны елестету мүмкін емес. Осы трагедия барысында Әбу Бәкірдің (р.а)  батылдығы мен білімі танылды. Көп адамдар, оның ішінде Омар (р.а): «Алла Елшісі өлген жоқ!» деді, Осман (р.а) сөйлеу қабілетін айырылғандай күйде болды, Әли (р.а)  мүлде көрінбеді. Бәрі астан-кестен болды. Тек Әбу Бәкір (р.а)  Сунхадан келіп осы аяттарды оқығанда адамдар шын мәнінде не болғанын ұқты» деген.

Әбу Бәкір (р.а)  бір Алланың жәрдемімен, қиын-қыстау сәтте көшбасшыға тән қасиет танытып, күмән-күдікке бой алдырып, сасқан жұрттың жүректерін орнықтырып, сенімдерін күшейте білді. Бұл оның парасаттылығының, сабырлылығының, байсалдылығының, даналығының белгісі. Ол бір ауыз сөзбен барлық құлшылықтың Аллаға ғана араналатындығын, қандай жағдай болса да Алла дінінің жалғаса беретіндігін анық ұқтырды.

Айша анамыз (р.а) осыған байланысты: «Алламен ант етейін, Әбу Бәкір осы аятты оқығанға дейін, адамдар Алланың оны түсіргенін білмегендей кейіпте болды және жұрт бұл аятты одан қабылдап алғандай, үздіксіз қайталаумен болды».

 

Бану Саъид шатырындағы шешім

Алла Елшісінің () қазасын естіген  ансарлар бану Саъид шатырының астына жиналды. Бұл сол дүйсенбі еді. Алда Алла Елшісінің () мұрагері және мұсылман үмбетінің жаңа басшысы кім болады деген сауалды талқылау күтіп тұрды. Бәрі де хазраж тайпасының көсемі Саъд ибн Убаданың (р.а) айналасына шоғырланды. Дәл осы сұрақты Әбу Бәкірмен (р.а)  ақылдасу үшін басқа жерде жиналған мұхажирлер ансарлар туралы естіп: «Жүріңдер, ансар бауырларымызға барайық, бұл мәселені талқылауға олардың да құқығы бар» десті. Омар (р.а)  баяндайды: «Біз оларға қарай жүрдік. Жақын қалғанымызда олардың арасындағы екі жақсы кісі бізді күтіп алды. Келу себебімізді тыңдап, онда бармай-ақ қоюға кеңес берді. Айтқанымыздан қайтпай, оларға барып қосылдық. Саъд ибн Убада (р.а)  атты көсемдері сөз алды: «Біз – Алланың көмекшілері (ансарлар) және Ислам сарбаздарымыз, ал, сендер – мұхажирлер бізденсіңдер. Сендердің араларыңнан шағын бір топ келіп, бізді бұл мәселеден алыстатқысы келеді» деді. Ол сөзін аяқтағанда мен сөйлеуге бет алдым, өйткені, айтатынымды дайындаған болатынмын. Алайда «Тоқта!» деп, Әбу Бәкір мені басып озды. Оны ашуландырғым келмеді де, сөз бердім. Әбу Бәкір (р.а)   әлдеқайда сабырлы, байсалды қалыппен, құрметтілігін жоғалтпастан сөйлей жөнелді. Алламен ант етейін, ол мен дайындаған сөздердің ішінде маған ең ұнамдысының бірін де қалдырмады. Ол менің айтқым келгенін де, тіпті, одан да артығымен  айтты. Әбу Бәкір (р.а) соңғы сөздерінде: «Сендердің өздерің туралы айтқан артықшылықтарыңа келсек, ақиқатты айттыңдар. Алайда,  бұл мәселеде құрайыштардан басқа ешкімнің құқығы жоқ. Олар арабтар арасында шығу тегі бойынша  және тұрғылықты жері бойынша ең орта дәрежеде (мұнымен мұсылман үмбетінің басшысы билік және абырой тұрғысынан өзгелер мойындаған дәрежедегі ортадан шығуы керек, бұл тәртіпті сақтауға әсер етеді дегенді айтқысы келді). Егер мына екі ер азаматтың бірін таңдар болсаңыздар разы боламын. Өздерің таңдағанға серт беріңдер» деп, менің және Әбу Убайда әл-Жаррахтың (р.а) қолынан ұстады. Ол екеуміздің ортамызда отырған. Айтылған сөздердің арасында осы тұсы ғана ұнамады. Алламен ант етейін, Әбу Бәкір (р.а) бар адамдар арасында билеуші болу күнәсінан қашу үшін басымды кесіп алғандары абзал еді. Менің ешқашан билікке ұмтылуға деген құлшынысым болмаған, бәлкім, өлім алдында қазір сезінбеген бір нәрсе пайда болар... Сонда ансарлардың бірі: «Былай етейік, бізден бір билеуші, сендерден бір билеуші болсын, уа, құрайыштар» деді. Осыдан кейін шу басталып кетті. Менде адамдар арасында шашыраудың себебі болатын үлкен келіспеушілік пайда бола ма деген қорқыныш пайда болды да: «Уа, Әбу Бәкір, қолыңды соз!» дедім. Ол қолын созды. Мен оған ант бердім. Одан кейін мұхажирлер ант берді, олардан кейін ансарлар ант берді».

Омар (р.а) дәл осы оқиғаны баяндайтын басқа нұсқада: «Уа, ансарлар! Алла Елшісінің  () Әбу Бәкірге намазды басқаруды бұйырғанын білмеуші ма едіңдер?» Осыдан кейін Әбу Бәкірді (р.а) басып озуға араларыңда кімнің ар-ұяты жібереді?» дегендігі келтірілген. Сонда ансарлар: «Әбу Бәкірді басып озуға тырысудан Алла Өзі сақтасын» деп шуласады.

Ал Ахмадтың нұсқасында: «Әбу Бәкір (р.а) сөз алды және ол ансарлардың артықшылығына қатысты Алладан түскен бірде-бір аятты, Алла Елшісінің ()  олар туралы айтқандарының ешбірін қалдырмады. Ол: «Сендерге Пайғамбардың: () «Егер адамдар бір алқаппен, ансарлар бір алқаппен жүрсе, мен ансарлардың алқабымен жүрер едім» деген сөзі белгілі. Сондай-ақ, Саъд, саған Пайғамбардың () сен бар кезде: «Құрайыштарға бұл іс жүктелген, тақуалар тақуалардың соңынан ереді, ал бұзақылар бұзақылардың соңы нан ереді» дегені  белгілі» деді. Сонда Саъд (р.а): «Сен ақиқатты айттың... Біз – кеңесшілерміз және көмекшілерміз, ал сендер – көшбасшысыңдар...» деді.

Бұхари мен Муслимнің жинақтарында құрайыштардың билікке келуінің дұрыстығын нұсқайтын бірнеше хадистер келтірілген. Мәселен, Алла Елшісі (): «Бұл іс олардың тым болмаса екеуі қалғанға дейін құрайыштардың арасында болуы керек», «Ислам діні құрайыштан болған әрбір билеушінің кезінде ұлықталатын болады», «Бұл іс құрайыштарға тапсырылған және кім олармен дұшпандасса, Алла оны жүзімен Отқа тастайды, бұл олар дінді ұстана бергенше жалғасады» деген.

Әбу Бәкір (р.а) басқа да сенімді дәлелдер мен дәйектер келтірді. Ансарлар онымен келісіп, бойұсынды. Өйткені, бану Саъид шатырына жиналғандар Исламның болашағына алаңдаулы еді. Олар кез келген сәтте діні үшін өз жанын қиюға даяр жандар болатын. Сахабалар – бір көзқараста, бір ұмтылыста, бір арман, бір үмітті өмір сүретін абзал адамдар. Нәтижесінде, билік үшін ешбір талас та, келіспеушілік те болған жоқ, бәрі бір ауыздан Әбу Бәкірді (р.а) Алла Елшісінің ()  мұрагері ретінде таңдады.

Жаратылысынан қарапайым болған Әбу Бәкір (р.а) билікті қолына алуды қаламады, өйткені, мұның Алла алдында қандай жауапкершілік екендігін түсінетін. Адамдар алдында сөйлеген сөзінде: «Алламен ант етейін, мен ешқашан билеуші болуға талпынған да, қалаған да емеспін. Жасырын да, әшкере де Алладан сұрамадым. Алайда, мен бүліктен қорқамын. Және билеуші болсам маған демалыстың жоқ екендігін білемін. Тек қана Алла Тағала күш бермесе атқара алмайтын  ауыр іс жүктелді және менің орнымда бұл тапсырманы жақсы атқаратын басқа біреудің болғанын қалар едім» деген екен.Алайда, Әбу Бәкірдің (р.а) Алла Елшісінің ()  мұрагері болатындығын меңзейтін сенімді хадистерді ешкім жоққа шығара алмайды. Шынайы мұсылман Алла Елшісінің ()  әрбір сөзіне бойұсынады. Хузайфа (р.а)  жеткізген хадисте: «Қанша өмір сүретінімді білмеймін, сондықтан, менен кейін келетін екеуге ілесіңдер» делінген. Сондай-ақ,  Пайғамбарға ()  шаруасымен келген әйел келесі жолы тағы да жүгінетінін нұсқап: «Егер сені таппасам не істейін?» дейді. Сонда Пайғамбар(): «Мені таппасаң, Әбу Бәкірге бар» деген екен. Бану Саъид шатырының астында мұсылман үмбетінің ең құрметтілері мен даналары жиналған жиында Әбу Бәкір (р.а)  бірауыздан Алла Елшісінің мұрагері  ретінде таңдалғаннан кейін ертеңгі күні жалпы жұртшылықтың ант беру рәсімі өтеді. Әбу Бәкір (р.а) мінберге шықты, халық оған ант беруге ағылып жатты.

Осылайша, дінін қызғыштай қорып, оның тазалығын күзеткен, өзгеріссіз қалуы үшін күрескен, дүние қызығушылықтарына алданбаған және осы жолда қорқыныш та, жеке нәпсі қалауы да, жақындарының қарсылығы да кедергі бола алмаған батыл да, дана Әбу Бәкір (р.а) мұсылмандардың әміршісі болып тағайындалды және ақтық демі шыққанша бұл лауазымға лайық болып өтті.

Сөз соңында, бақташы мен отар арасындағы қарым-қатынаста әділдік пен мейірімділікті ту еткен Алла Елшісі ()  мұрагерінің ант беруден кейін айтқан сөзінен үзінді келтірмекпіз. Ислам ғалымдары бұл уағыздарды қысқалығы әрі мазмұны жөнінен ең көркем сөздер деп бағалаған:«Уа, адамдар! Шын мәнінде, мен сендерді басқаруға тағайындалдым, бірақ, сендердің жақсыларың емеспін және егер мен игі іс атқсарсам, көмектесіңдер, ал тура жолдан бұрылсам, қайтарыңдар. Шыншылдық –  сенім, ал өтірік – опасыздық. Егер, Алла нәсіп етсе, мен оның құқығын қалпына келтірмейінше, әлсіздер мен үшін ең күшті болады. Ал өзгелердің хақысын беруге мәжбүр етпегенімше, күштілер мен үшін ең әлсіз болады... Адамдар арасында бұзықшылық кең таралса Алла оларға қайғы жібереді... Сендерге қатысты Алла мен Оның Елшісіне  () бағынуымды доғармайынша, сендер де маған бағыныңдар. Егер мен Алланың бұйрығын орындамасам, сендер маған бағынуға тиіс емессіңдер.... Намазға тұрыңдар, Алла сендерді панасына алсын!»

 

4739 рет оқылды