1) ИМАН
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Егер де ол мекендердің тұрғындары иманға келіп, тақуалық еткендерінде (Алланың жазасынан қорқып, сақтанғандарында) онда Біз оларға аспаннан да, жерден де береке есіктерін ашып қоятын едік», - деген. («Аъраф» сүресі, 96-аят)
2) ҚҰДАЙДАН ҚОРҚУ (тақуалық)
Кім Алладан (Оның тыйғандарынан) қорқып, сақтанса, Ол оған бір шығатын жол пайда қылады. Әрі оны ойламаған жерден ризықтандырады. («Талақ» сүресі, 2,3-аяттар)
3) АЛЛАДАН КЕШІРІМ СҰРАУ (истиғфар)
Бұған Құрандағы Нұх пайғамбардың (а.с) cөзі дәлел: «Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол – Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді. Сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды. Сендерге бау-бақшалар өсіріп және сендер үшін өзендер пайда қылады» («Нұх» сүресі, 10-12-аяттар)
4) ШҮКІРЛІК
Себебі, Алла Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін», - деп уәде берген. («Ибраһим» сүресі, 7-аят)
4) АЛЛА ЖОЛЫНДА ҚАРЖЫ ЖҰМСАУ, САДАҚА БЕРУ
Алла Тағала: «...Сендер не жұмсасаңдар да, Алла ол жұмсағандарыңның орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы», - деген. («Сәба» сүресі, 39-аят )
6) ҮЙЛЕНУ (НЕКЕ)
Алла Құранда: «Әрі араларыңдағы некеге тұрмағандарды және құлдарың мен күңдеріңнің түзулерін үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла оларды Өз кеңшілігімен байытады», - дейді. Қазақтың «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды», - дейтін мәтелі, міне, осы аятқа негізделсе керек.
7) АЛЛАҒА ҒАНА СЕНІМ, ҮМІТ АРТЫП, ОҒАН ҒАНА ТӘУЕКЕЛ ЕТУ
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер, Ол сендерді таңертең аш кетіп, кешке қарындары тойып қайтатын құстарды ризықтандырғандай, ризықтандырар еді», - деген. (Тирмизи) Ал Құранда Алла Тағала: «...Кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші...»(«Талақ» сүресі, 3-аят), - дейді.
8) ТУЫСТЫҚ ҚАТЫНАСТЫ САҚТАУ
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде кім ризығының кеңеюі мен өмірінің ұзаруын қаласа, ол туыстарымен қарым-қатынасын үзбесін», - деген. (Бұхари)
9) ҚАЖЫЛЫҚ ПЕН УМРА ЖАСАУ
Хадистердің бірінде: «Қажылық пен умраны көбейтіңдер, себебі, екеуі кедейлікті кетіреді және темірден татты кетіргендей күнәларды жояды» - делінген.
(Сахих әл-Жәми, 2901)
10) ӘЛСІЗДЕРГЕ ҚОЛ ҰШЫН БЕРУ
Алла елшісі (ﷺ): «Әлсіздерді іздеңдер, өйткені сендерге көмек пен ризық сол араларыңдағы әлсіздеріңнің арқасында беріледі», - деген. (Әбу Дәуд)
Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): “Сендерге әлсіздеріңнің арқасында жеңіс пен ризықтарың сыйланады емес пе? ” – дейді. (Бұхари)