Қағба – аса ұлы Алланың жер бетінде адамдар үшін белгілеген бірінші құлшылық орны. Бұл мешіт қасиетті жерде орналасып, жаратылғандарға үлкен игілік пен пайда әкеледі. Алла Тағала өз іс-амалдары үшін жауапкер әрі баруға мүмкіндігі бар әрбір құлына қасиетті Қағбаға барып қажылық құлшылығын өтеуді парыз етті.
Ғұламалар, Алла оларға рахым етсін, мына шарттар түгел болған жағдайда ғана мұсылманның қажылық парызын өтеуі міндет саналатынын атап көрсеткен:
1. Адамның ислам дінінде болуы;
2. Ақыл-есінің дұрыс болуы;
3. Балиғат жасына жеткен болуы;
4. Бостандығы (азат болуы) және мүмкіндігі жетуі.
1) Адамның ислам дінінде, яғни мұсылман болуы
Бұл – құлшылықтың барлық түрінде де міндетті шарт. Мұсылман болмаған адамның құлшылығы қабыл емес. Өйткені, Аллаға иман келтіру ‒ ең бірінші парыз. Алла Тағала: «Негізінде, олардың жұмсаған дүниелерінің /садақаларының/ қабыл етілуіне Аллаға және Оның елшісіне күпірлік етулері /жүрекпен сенбеуі/ кедергі болды», («Тәуба» сүресі, 54-аят) деп Аллаға және пайғамбарға сенбеудің себебінен құлшылық та қабыл етілмейтінін білдірген.
Ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) жеткен хадисте, Муъаз (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мені (Йеменге) жіберіп тұрып: «Расында, сен кітап иелері қатарындағы бір қауымға барасың. Оларды Алладан өзге құлшылыққа лайықты ешбір құдайдың жоқтығына және мен ‒ Алланың елшісі екеніме куәлік беруге шақыр. Егер олар бұған бойсұнса, оларға Алла әр күні бес (уақыт) намаз (оқуды) парыз еткенін жеткіз. Егер олар бұған бойсұнса, оларға Алла байларынан алынып, кедейлеріне қайтарылатын садақа (зекет) парыз еткенін жеткіз. Егер олар бұған бойсұнса, (олардан зекет ал, бірақ) олардың таңдаулы мал-дүниелерін (алудан) сақтан және зұлымдыққа ұшырағанның дұғасынан қорық. Өйткені Алла мен оның арасында перде жоқ» деп айтты», – деген. Демек, мұсылман емес адамның ең әуелі исламды қабылдауы қажет. Кейін оған намаз оқу, ораза тұту, қажылық өтеу, садақа жұмсау тиісінше парыз етіледі.
2) Ақыл-естің дұрыс болуы
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына үш жағдайдағы адамның жауапкершілікке тартылмайтынын, яғни олардың амал дәптерлеріне амалдары жазылмай, қаламның көтеріліп тұратынын айтқан-ды: Ұйқыдағының оянғанынша, сәбидің балиғатқа толғанынша және ақыл-есі кемнің есі кіргенінше. (Әбу Дауд, Ибн Мәжәһ, Тирмизи, Хаким)
3) Балиғат жасына жеткен болуы
Балиғатқа жетпеген балаларға қажылық парызын өтеу міндет емес. Бірақ, егер бала өзінің қамқоршысымен қажылық жасайтын болса, оның қамқоршысына да, балаға да сауап жазылады. Бұл қажылық бала үшін нәпіл ғибадат болып саналады.
Бірде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдина қаласының жанындағы мекен – әр-Рауха деген жерде аттылы кісілерді жолықтырып: «Бұл адамдар кімдер?» – деп сұрайды. Олар: «Мұсылмандар», – деп жауап береді де: «Өзіңіз кімсіз?» – деп сұрайды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың елшісімін», – дейді. Сонда бір әйел оған жас баланы көтеріп (көрсетіп): «Мынау үшін қажылық (есептеле ме)?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, ал саған сауап бар», – деп айтқан. (Хадис Ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын), Муслим)
Ал Бурһануддин әл-Марғинани «әл-Һидая» кітабында: «Қажылық жасау шарттарының бірі – балиғат жасына толу», – деген. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ал, саған сауап бар», – дегені – қажылық кезінде ананың баласы үшін тап болатын қиындықтарына берілетін сауапты білдіреді.
4) Бостандықта, азат болуы
Құлдар, түрмедегілер мен тұтқындар үшін қажылық ғибадаты парыз емес. Өйткені, құлдың өз иесі алдындағы міндеттері оған парыз саналса, ал басқалары үшін мүмкіндік жоқ.
5) Мүмкіндігі, шамасы келуі
Құран Кәрімде Раббымыз: «Алла адамдарға Үйге қажылық жасауды, оның жолына /Қағбаға баруға/ шамасы келгендер үшін міндеттеді», – деген. («Әли-Ъимран» сүресі, 97-аят)
Мұндағы «шамасы келгендер» – денсаулық тұрғысындағы және қаржылай, материалдық мүмкіндігі бар мұсылмандар.
а) Денсаулық тұрғысындағы мүмкіндік – қажылықтың бекітілген парыздарын атқару, қажылық сапарына барып-келу барысындағы қиындықтарға төтеп бере алатындай шамасының болуы.
ә) Қаржылай, материалдық мүмкіндік – Қажылыққа барар және қайтар жолын төлеуге, қажылықты орындау кезіндегі қажеттіліктеріне, қалып бара жатқан, яғни асырауы тиіс болған өз қамқорлығындағы жандардың мұқтаждықтарын да қамтамасыз етуге шамасы жетуі.
Өтелмеген қарызы барлар Қажылық өтесе, ғибадаты дұрыс есептеледі, алайда қарызы барларға қажылық ғибадаты міндет емес.
Әйел адамдар үшін қажылық ғибадаты қасында алып жүретін махрам кісінің болуымен ғана дұрыс әрі парыз. (Әйел адамға махрам саналатындар – күйеуі, туған әкесі, балиғатқа жеткен, ақыл-есі сау ұлы, туған інісі не ағасы, әкесінің және анасының туған ағасы не інісі...) Әйелге әпкесінің не сіңлісінің күйеулерімен бірге Қажылық өтеуіне тыйым салынады. Себебі, олар әйелге махрам болып есептелмейді.
Егер мұсылманның денсаулығы және қаражаты тұрғысынан жеткілікті шамасы болатын болса, ол адамға қажылық ғибадаты – парыз. Ал, денсаулығы жарамайтын және қаржылай шамасы келмегенге қажылық парыз емес.
Ал, егер, мұсылманның материалдық мүмкіндігі жеткілікті болып, бірақ денсаулығы жарамаған жағдайда;
– Егер ол сауығып кетуге үміті бар науқас болса, онда Алланың өзіне шипа бергенін күтуі және жазылып кеткенінен соң қажылық парызын орындауы ләзім.
– Егер қажылық парызын өтеуге: ауруы себепті шамасы жоқ, сауығып кетуі мүмкін еместей ауыр дертке шалдыққан немесе кәрілік себепті еш мүмкіндігі болмаған жағдайда, олар үшін қажылықты басқа адамдар өтейді. Себебі, Қажылық ғибадатының парыздық үкімі олардың (яғни, материалдық шамасы болып, бірақ денсаулығы жарамаған адамдардың) мойындарынан түспейді.
Бұған Бұхариде келген мына хадис дәлел бола алады. Бірде әйел кісі Алла елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала құлдарына қажылық жасауды парыз еткен кезде, менің әкем шамасы жоқ қарт кісі еді. Ол көлік үстіне отыра алмайды. Менің ол (әкем) үшін қажылықты өтеуім міндетті ме?» – деп сұрайды. Сонда, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә», – деп жауап берген.
Мұнда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), материалдық шамасы жететін, бірақ әл-қуат тұрғысынан мүмкіндігі жоқ әлгі әйелдің әкесіне де қажылықты өтеу парыз болып саналатынын жеткізген.
...Ислам діні – жеңіл дін. Дінде зорлық жоқ. «...Ол сендерге дінде ешбір қиындық жасамады» («Хаж» сүресі, 78-аят)
Иә, аса Мейірімді Раббымыз бізге қолымыздан келмейтін нәрсені міндеттеген жоқ. Әрі ауыр болғанда жеңілдетуге кеңшілік берді.
Алла Тағала барша мұсылмандарға құлшылықтарын құнттап, құпталғандай орындауға жәрдем етсін, қажылық ғибадатын өтеушілерге жеңілдік беріп, толық орындалуын, Өз құзырында қабыл болуын және Өзі уәде еткеніндей, қабыл болған қажылықтың сыйы – Жәннатты нәсіп етсін деп тілейміз...