2017-09-02 (0) (19128)

БІЛІМ АЛУ, БІЛГЕНІҢДІ ҮЙРЕТУ – ЕҢ АБЗАЛ САДАҚА

БІЛІМ АЛУ,  БІЛГЕНІҢДІ ҮЙРЕТУ – ЕҢ АБЗАЛ САДАҚА

 

 

Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз – қараңғы түн сияқты. Ислам дінінде адамзат баласына қоятын ең басты талап – білім алу, оқу және іздену. Құран Кәрімнің алғашқы аяты да: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!..» («Алақ» сүресі) деп басталатыны баршамызға мәлім. 

Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы Исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. «Садақаның ең абзалы – бір мұсылманның білім үйреніп, кейін оны өзге мұсылман бауырына үйреткені». (Ибн Мәжаһ) Ислам діні білім алуға және сол алған білімді басқаларға да үйретуге шақыратын дін. Әдетте, біз садақа сөзін естігенде міндетті түрде қолдағы барымызды жарлы адамдарға үлестіру деп қана ұғынамыз. Ал, Исламда садақаның түрі көп. Сіздің адамдарға жылылық танытып, жымиғаныңыздың өзі садақа болып саналады.   Жымию Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  игі әдеттерінен. Ал, үздіксіз білім іздеу де Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үлгі аларлық игі істерінен. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға хижра жасағаннан соң, сол жерде мешіт салдырып, онда арнайы дінді үйрету мақсатында бір бөлім құрғаны және ол орында өзі ұстаздық еткені мәлім. Пайғамбарымыз  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оқу-жазуды және басқа да ғылымдарды халыққа үйретуді сахабалардың ішіндегі сауаттыларына міндеттейді. Бәдір соғысы кезінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарсылас жақтан тұтқынға түскендердің оқу-жазу білетіндеріне, мәдиналық он мұсылманның сауатын ашқан жағдайда босату шартын қойғаны Ислам тарихынан белгілі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір жағынан білімділерге білетінін білмейтіндерге үйретуді бұйырса, екінші жағынан мұқтаж аймақтарға дінді үйрететін ұстаздарды жіберіп отырды. Осылайша мұсылмандардың білім алуына өзі тікелей ұйытқы болып, үлгі көрсетті. Исламға дейін сан түрлі наным-сенімді ұстанып келген жат жерлік халықтар білімдар мұсылмандар арқылы ислам дінінің асыл құндылықтарымен сусындады.

Хадистердің тағы бірінде адам баласы қайтыс болған уақытта оның үш амалынан басқа барлық амалдары тоқтатылады: соның екіншісі ретінде «өзге адамға үйреткен білімі тоқтамайды» деп ғылымның үздіксіз жалғасып тұратындығы туралы айтылған.

Жазушы Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп айтқанындай, қай заманда болмасын ілім алу бірінші орында тұру қажет. Сондықтан бабаларымыз: «Білім инемен құдық қазғандай» деп текке айтпаса керек. Раббымыз бізге: «Раббым! Менің білімімді арттыр!» деп дұға жасауды да үйретті. («Таһа» сүресі, 114). Келесі аятта: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» – деп білім иелерін ардақтайды («Зумар» сүресі, 9).

Пайғамбарымыз: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кім білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған сол арқылы Жәннатқа бару жолын жеңілдетеді»  (Муслим) деп білім ізденушілерді Жәннатқа жақындатуға сүйіншіледі.  Кез келген адамды біліммен сусындандырушы – бір Алла.  Біз  әрбір намазда, әрбір дұға қабыл болатын сәтте Алла Тағаладан екі дүниеге пайдалы білімді сұрауымыз қажет. Алла Тағала бізді және сіздерді жақсы білімге дұрыс амал жасауымызды нәсіп етсін!

19128 рет оқылды