2016-08-18 (0) (8745)

Ұшты-күйлі жоғалған бала немесе «Апамды қарттар үйіне өткізейікші!»

Ұшты-күйлі жоғалған бала немесе «Апамды қарттар үйіне өткізейікші!»

Ұшты-күйлі жоғалған бала немесе «Апамды қарттар үйіне өткізейікші!»

3-бөлім

Күндер сырғып, айлар адымдап өтіп жатты. Баласының әзірге ауруы білінбей, тек баланың мінезін  ғана көрсете білді. Ауру анасы да бірде күлім еткен аяулы әже, бірде адам танымас кейуана. Үй тірліктері бар, апасы мен баласының тағдыры бар, әр нәрсеге шүкір еткен Бибі кейде қатты күйзеліске ұшырап жүрді. Әр намазын қаза етпеген отбасының күні-түні тілейтіні – жақындарының амандығы.  Осылай күндер өте берер ме, күндердің бір күні бесігін тербетіп отырған ақ әже есінен кетіп, тәтті ұйқыда жатқан немересін шешіп алып, көтере далаға алып шықса керек. Аязды күні сиыр сауып қорада жүрген Бибінің көзіне түспестен, үй күзетші иттің үйшігіне апарып қойса керек. Бибі сүтке тола шелекті көтере кірді.  Үйдің ішінде отырған әже қуанышты жүзбен бос бесікті тербете, ыңылдап отыр. Сүтті қабырғаға тақай қоя сала, бесікке жүгіріп барған Бибі баласын іздей, шыр айналды.

- Апа, апатайым, немереңіз қайда? Бала қайда? Апа бірдеңе деңізші. Азамат қайда?,-деп апасына сан сұраулы жүзбен қарай берді. Ендігі бәрін ұмытып қалған Батырдың анасы, есіне еш нәрсе түсіре алмай, бәйек болды. Шырылдап жылап баласын іздеген ана үй ішінің түкпір-түкпірін төңкере, алас ұрды. Жоқ, бала үшті- күйлі жоқ. Батырбек те жұмыстан орала, мән жағдайды біле анасына бір қарап, жарына бір қарап, баласының жағдайын ойлап мәңгүрт бола қалды. Итте шәүілдеп үріп тынышсыз болып кетті. Мына итке не болды деген оймен  сыртқа шыққан Батырдың құлағына еміс-еміс сәбидің ыңылдаған даусы келгендей болды. Құлақ түре тыңдаса, дауыс ит үйшігінің ішінен шықса керек. Жүгіре барып қарады. Құндақталған күйде, тоңып біраз әлсіреп қалған баласы жатыр. Азаматты құшағына алып, үйге қарай жүгірген Батырбектің көзі жасқа толып кетті.

-Бар екен, бар екен-ау батырым, Азаматым, қайда жүр екен? Аман ба екен,-деген Бибіге қарамастан, ыстық пештің жанына бара, баласының киімдерін шеше, денесін ысқылады.

- Балаларыңыз, аман тек кішкене суық тиіп қалған. Бес- алты күнде жазылары хақ. Еш уайымдамаңыздар, Алланың құдіретіне шек барма, мына иттеріңіз баланың қасына жатып, бауырына баспағанда, жағдай басқаша болар еді, - деген дәрігердің сөзі бұларды біраз сабырға келтіргендей болды.

Үй іші жым-жырт. Шытырлап жанған пеш пен оның үстінде сарқылдап қайнап жатқан су ғана тыныштықты  бұзып тұрғандай болды. Батырбек те жатқан жерінен ары домалап, бері домалап мазасы кетіп отырғаны анық. Баласын ұйқтатып, терең тыныс ала, ойға шомып отырған Бибі мен еш қамсыз ұйықтап жатқан әже. Сырт көзге ең бақытты отбасы болып көрініп отырған бұлардың әрбірінің жүрек жарасы бар еді. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, әлпештеп өсірген анасы мен туыла сала ауыр сырқатты ала келген баласы. Осы екеуінің тағдырын ойлап Батырбектен маза кетіп жүр.

- Бибі, - деді ол орнынан атып тұрып, бір байламға келгендей:

- Мен не деп шешім қабылдасам да, үй тыныштығы мен баланың қамы. Алла бізді қатты сынға алып отыр. Күндердің күнінде, бүгін болмаса да ертең, анам бір қатерге ұшырап, баланы да ұшыратып қоя ма деп қорқам. Ауру да дес бермей бара жатқан анамның бүгінгі тірлігі әрине құптарлық емес, әйтсе де, бұның қайталанбайтынына кім кепіл? Мен сендерді асыраймын деп бірде түзде, бірде үйдемін. Түз адамы маған сендерге қамқорлық таныту борышым. Өз шешімімді айтсам... Қала орталығында анамның жағдайындай сырқаты бар қариялардың үйі бар екен. Ол жерде дәрігердің қарауында болып, дәрілерін уақытында қабылдап, күтім жасалады. Анама сол жерді лайық көріп отырмын. Бұлай күндер өте берсе, баламыздың бір жері майып болар,-деген Батырбектің көзі Бибінің ашулы келбетіне түсіп кетті.

- Жұмақ – ананың аяғында. Ал сіз болсаңыз анаңызды қарттар үйіне апарам дейсіз. Сіз Раббыңыздың ашуына тиетін сөздер айтып отырғаныңызды түсінесіз бе? «Әке –шешең жынды болса да байлап бақ» деген қазақта нақыл бар. Ал сіз Алла тарапынан жіберген ауруға да шүкір етпейіз бе? Мен үзілді-кесілді қарсымын. Апам да, балам да өз жанымда қалады. Сынаққа сабыр ете алмасам, Алланың назарынан тыс қалармын. Баламның жағдайы да, анамыздың жағдайы да мені алаңдатады, әсте мен бұл үшін шүкір етем. Анамды да баламды да ешқайда жібермеймін, - деп Бибі де тоқетерін айтып, орынан тұрып  сыртқа шығып кетті. Бұдан кейін Батырбек бұл жайды жылы жауып қойып, сөз қозғамауға тырысты.

 

Қуаныштың көз жасы деген, міне, осындай болады!

Күн артынан күн шығып, түн артынан түн жамылып, уақыт тоқтасын ба. Бибі мен Батырбек көздеріненен таса етпей анасын да, баласын да қарайлап жүрді. Баланың туылғаннан білінбеген  сырқаты сыр беріп, өз көріністерін көрсетіп жатты. Кейде қатты дауысқа қарамай тып-тыныш отыра беретін бала, тықыр еткен дыбыстан шошып айғайлап жылайтын еді. Кейде басын шайқай, аузындағы сөзін айта алмай, қатты қиналатыны бар. Азамат деген дауысқа қуана жүгіріп келсе, кейде қорқып бұрышқа тығыла қалады. Кейде тіпті тұйықталып, жеке әлемге кетіп қалатын еді. Бұл ауру, Бибінің жанын жегідей жеп, мұңайтатын – аутизм деген ауру еді. Үш жастан бастап алғашқы белгілері біліне бастағанда-ақ, жай ғана болжам болар деген ойы Батырбек пен Бибіні томсыратып жіберді. Иә, алғашқыда дәрігердің айтқаны болжам еді. Бибінің аяғы ауыр кезінде-ақ көптеген стресс алып, түтінге де тұншығып қалғанын дәрігерлер біліп, осылай болжам айтқан еді. Енді, міне, сол болжамы тура келіп, бұлардың қабырғасын қайыстырып жібергендей болды. Алла өз сүйген құлына көтере алатын сынақты ғана беретінін біліп, көп шүкір еткен Бибі бір күні тағы да ана атанатынын біліп, бір қуанды. Сәбидің әсем үнін естіп, иіген көкірегін аузына тосып, бесік жырын айтқысы келді тағы да. Онысын асыл жарына айтқанда, Батыр да бір қуанып, бір томсарды. Қуанғаны - әке деген үнді тағы да естігісі келсе, мұңайғаны  қазіргі баласының жағдайы мен анасы еді. Алда талай қиыншылық бар екенін сезсе, де бір Аллаға тәуекел етті бұлар.

Бірде есін біліп, немересіне еміреніп отырған анасы Батырды шақырып, оған өз мұңын шақты.

- Балам, менің есім бірде бар, бірде жоқ. Мен кейде не істеп, не қойғанымды да біле бермеймін. Тағдырдың маңдайыма жазғаны сол болар, осы ауруыммен көз жұмармын. Кесірім мына тәтті немереме тиіп кетпесін деймін. Ана келінжанның да аяғы ауыр, өзі әрең тыныс алып жүргенде, мен де жүк болдым. Балам, бірде сенің Бибіжанға айтқан сөзіңді құлағым шалып еді. Ана қала орталығындағы қарттар үйіне апарып таста мені. Ол жерде сен айтпақшы күтімім де жақсы болар. Ай сайын келіп, немерелерімнің маңдайынан бір иіскетіп кетсеңдер болды. Бибіге де разымын, сен айтқанда үзілді-кесілді қарсылық танытып еді. Бірақ бұлай отыра беру жөн емес екен, қарағым. Маған бір, мына балаға бір қарап, енді алда туылатын балаға қарау оңай шаруа емес. Сен болсаң түз адамысың. Бір әйелдің басына бәрін үйіп-төгіп қойма. Мені апар сол жаққа, - деді. Үнсіз отырып қалған Батыр тізерлей отыра анасының аяғын құшақтап:

- Анашым, апатайым мына ойы таяз балаңды кешіре гөр. Мен ол кезде қандай ойда болғанымды білмеймін. Лағнет атқыр шайтан сыбырлап, осылай дұрыс болар дегендей болды. Бірақ қазір сізді ешқайда да жібере алмаймын. Анашым, сол сөздерім үшін мына балаңды кешірші. Олай айтуға мына ауыздың қалай барғанын да білмеймін. Анашым, ешқайда да кетпейсің, сіз менің барымсыз. Ақыреттік амалымсыз. Сізді қандай жағдай болмасын, бар асылымды беріп бағамын. Анашым, мені апар деп енді айта көрмеңіз. Кешірші мені, апа! - деп өксігін баса алмай, анасын құшақтаған күйі ұзақ отырды. Ана мен баланың бір-бірімен сыр шертісіп, мұңын ақтарып отырған мына көрінісін көрген Бибі де көзіне жас алды. Өз анасындай көріп кеткен енесінің ешқайда кетпейтінін біліп, қуаныш сезімімен терең тыныс алды.

Айлар жақындап, Бибінің де айы, күні жетіп қалды. Бұл айлар ішінде Бибі де, Батыр да көп қиыншылық көрді. Анасы тағы жоғалып, ауыл сыртындағы ескі үйде ұйықтап жатқан жерінен сол маңайда жүрген балалар тауып алып келген болатын. Одан қала бере, сырқаты бар Азаматтың да үнсіз бір нүктеге қарап отырғанын көрген әжесі, баланың шашын қысқартпақ болып, ұстарамен тырнап бас құйқасын қан-жоса етіп тастағанын көрген бұлар, жедел жәрдем шақырып тағы бір қиналған еді. Осылай қиын- қыстау кезеңдерге де шүкір етіп, сабырмен келе жатқан Бибінің ендігі қимылы баяулап, жақын күндері ана болуға дайындалып жүрген кезі. Батырбектің де кейінгі кезде жұмыстан қолы босамай кетті.

- Балам, бүгінше сол жұмысыңа бармай-ақ қойшы. Ана келінжанның күні таяп бүгін, ертең деп отыр. Сен жоқта мен есімнен адасып, бір бәлеге душар болмайын. Жүрегім тынышсызданып тұрғаны-ай, - деп жүрегі бір нәрсені сезгендей, баласын жолдан тоқтатпақ болып әрекеттенген анасына Батырбек:

-   Апажан, сары уайымнан аулақ бола тұрыңыз. Мен кешке келемін. Ал келініңіздің уақытына әлі бақандай бір апта бар. Қорықпаңыз, сіз әлі шөберелеріңіздің қолыңызға су құйғанын көресіз деп, - анасын құшырлана иіскей, аяғын жылдам басып жұмысына шауып кетіп еді. Анасының айтқанына елең етпеген Батырбек кейін өкініп қаларын сезбеген де еді...

***

- Жүр, балам, ана сатыағашқа шығамыз. Саған аспанды көрсетейін, - деп әжесі үні шықпайтын немересін қолынан ұстаған күйі қора сыртына алып кетіп барады. Мұны ешкім байқамады да. Байқайтын Бибі де үй ішінде ас әзірлеумен әлек. Бір уақыт айнала тыныш күйге енгенді сезген Бибі, бір бәлені сезгендей, іштей күбірлеп сыртқа атып шықты.

- Осы сатыағашты алып тастамасам, апам бір жағдайға ұшырап қалмасына кім кепіл? -деп айтып аузын жиғанша, Бибінің көз алдында көлбеңдеп әжесі мен жан-жаққа жалақтаған баласы тұрды. Олар ендігі шатырдың үстінде еді. Жүрегі аузына тығылған Бибі жан ұшыра жүгіріп, ол да шатыр үстіне шығып кетті. Шатырдың су ағар теміріне аяғын салбыратып қойып, ешнәрседен бейхабар, бейғам кейіпте отырған Азамат пен оның жанында жан-жағына қарап қорқақтап, есін еміс-еміс біліп тұрған әжесі. Екеуі де сәл қалт қимылдаса төменге құлдилай кетейін деп тұр. Бұл жерде оқыс қимыл да екеуін шошытып, бәлеге ұшаратуы мүмкін екенін сезген Бибі жайлап, аяғын ақырын басып бұлардың жанына жақындады.  Мұны көрген енесі жымиып, аяғын артқа баса жылжи түсті. Енді бір аттаса енесінен айрылып қалатыны хақ. Қолын жылдам созып, Бибі де тез әрекетке көшіп, төменге қарай иіліп бара жатқан апасын ұстап қалды. Қапсыра құшақтап алды. Сәл сабырға келе, алдаусыратып шатырдан төменге түсірді. «Уһ» деп демін ала, баласына қарай асықты. Бір орнында тапжылмай, бір нүктеге қарап қалған баланы түсіру оңай болар деп ойлады. Әсте, ойының қате екенін кеш ұққандай болды. Аяғын аңдап баса, оның жанына келді. Ештеңеден қамсыз отырған ұрпағы қандай нәзік еді. Аты жаман ауру деп те айта алмайсың. Бейкүнә келбеті мен жүрегі, ақкөңіл мінезі мен сүйкімді күлкісі. Бұл баланы ауру деп кім айтты? «Менің періштем» деп көз жасына ие бола алмай Бибі баласын қапсыра құшақтап алды. Жүрегінің жұбанышы, алданышы өмірдің. Маңдайға жазылған тағдырға кінә бар ма? Бұл да Алланың жаратқаны ғой деп қатып қалған құшағынан жібіте, баласына жүр дегендей кейіп танытты. Әншейінде тыңдай кететін Азамат бұл жолы еш көңіл білдірмей, отыра берді. Анасына да қарамаған, бұның көңілінде не барын ұқпаған анасы енді көтеруге кірісті. Белі айнала, қампиған ішімен үш-төрт жасар баланы көтеру де ана үшін қиын шаруа. Бар күшін жинап, баланы құшағына алып көтере кетті. Үнсіз бала да соны күткендей тып –тыныш көне берді. Енді аяңдап шатырдан түсу керек. Қолына Азаматты көтерген күйі сатыағаштың жанына келе, баланы шатырдың жиегіне отырғыза, Бибі баяулата бір аяғын төменге түсірді. Теңселіп тұрған сатығашқа қарап екінші аяғын қойып, баланы енді қолына ала бергенде... бітті. Бала мен ана сатыағашты өздерімен бірге ала төменге құлдилай кетті. Ары қарай ештеңені сезбеген Бибі, арқасымен жерді сүзіп, басының тасқа тие  түскенін білді. Ал Азаматы болса бұның ішіне құлап, еш жарақатсыз орнынан қайта тұрып кетті. «Балам, балаларым» деп сыбырлай демі әлсізденіп, Бибінің көзі жұмылып бара жатты...

***

Үйдің ауласы у-шу. Батырбек те бүгін жұмысынан ерте келіп, анасы мен баласының тәтті қылықтарын қызықтамақшы еді. Енді оның көз алдында бір бұрышта жасын сығып, өксігін баса алмай отырған анасы мен ештеңеден хабарсыз болып, жүйкесі сыр беріп, елең-елең етіп, жалтақтап отырған баласы тұрды. Ең сорақысы жерде жатқан жарының  аузы мен құлақ тесіктерінен шым-шым қандар сырғи ағып бұның табанына келіп тірелді. Көрші-қолаңдар жедел жәрдемін шақырып та қойды. Көлік әндетіп Бибіні ала  жүріп кетті...

- Біз қолымыздан келгенді жасадық, енді тек Жаратушыға жалбарынып, дұға етіңіздер. Жарыңыздың өмірі қыл үстінде тұр, - деген дәрігерлердің сөздерінен кейін Батырбек еңкілдеп жылай берді, жылай берді. Басына қара бұлт үйірілгендей, өмірден баз кешіп, тек дұға етумен болды. «Иә, Аллам, мына бір пендеңнің дұғасын қабыл ете гөр. Жан жарымның өмірін сақта, артында қалған егіз сәбиінің аузынан ана сүтін ала көрме. Балаларымды анасыз қалдырма, я, Раббым» деп әр құлшылығында мұрны қусырылып, кемсеңдеп, тұншыға жылаған Батырбектің бір мезетте-ақ алпамсадай денесінен құр сүлдері ғана қалғанын өзгелер сезіп жүрсе, де бұл сезбеді. Бибінің ішін жарып, өмірін сақтап қалған екі бүлдіршін сәбидің іңгәлап жылағанын көргенде, әкелері одан сайын езіле қиналды. Алжып қауқары кеткен анасы, сырқаты дендеп, жүйкесі тозған баласы, енді келіп өмір мен өлімнің арасында жатқан жан жары мен дүние есігін жаңа ашқан, анасын іздеп жылаған қос сәбиі. Бұлардың бәрін көре тұрып, езілмеу мүмкін емес еді.  Батырбектің ендігі үміт етері –бір Алла ғана. Одан басқа сенері де,  сүйенері де жоқ.

- Әттең, сол күні анамды бір тыңдасам етті, - деп анасының айтқан сөздерін ой елегінен өткізіп, көкірегі қарс айырыла іші күйіп, Бибінің жатқан бөлмесінің есігін күні-түні күзетумен отырған Батырбекті дәрігердің даусы шошытып жіберді.

- Қуаныштымыз, жарыңыздың беті бері қарайын деді. Жүрек соғысы, қан қысымы орнына келіп жатыр. Көзін ашып, есін жиып келеді, енді уайымдамасаңыз да болады,-деді бөлмеден шыққан дәрігер қыз қуанышты жүзбен. «ШҮКІР Алла, мың да бір шүкір» деп, Батырбек жерге тізерлей отырып сәжде жасады. Көз жасын сүртіп, Бибінің бөлмесіне кірді. Тынысы әлсіз, қолдарының тамырларына тығылған инелер мен бетіндегі тыныс алу аппаратын көрген Батырбек өз-өзіне ие бола алмады. Ішінен құса болып тұрған жарын көрген Бибі көзін бір ашып бір жұмып, тілі күрмеле сөзге келді:

- Батыр, апам, балам қайда? Ішім, құрсақтағы балам? - деп сұрады.

- Баламыз аман, қымбаттым! Анам да Азамат та сені сағынумен күтіп жүр. Ал екі кішкентай бүлдіршіндеріміз осында, балалар бөлмесінде. Сенің ақ сүтіңді асыға күтуде. Бірі – балпанақтай батыр болса, екіншісі – сұлу ханшайым.

- Біз егізді болдық па? Иәәә, Раббым кеңшілік иесі ғой. Мына жай қуантып қойды ғой. Шүкір, Аллам, шүкір. Әр қиындықтың артында қуаныш бар екен, - деп Бибінің көзінен бір тамшы жерге қарай домалап түсті.

 

Арқанға таңылған ана

Күндер өтті. Дәрігерлердің нұсқауымен Бибінің енді орнынан тұрып жүруі керек болды. Мейірбикенің көмегімен төсек жиегін ұстап жатар жерінен тұрмақ болған Бибі екі аяғын сезбей, жерге құлай кетті. Аяғым ұйып қалса керек, қазір қайта тұрайын деп талпынған ісіне шара болмады. Қайта сұлқ құлады. Аяғын ұстай, уқалап тұруға әрекеттенген Бибі тағы да қасарысты. Әсте аяғы еркіне бермей, қозғалмай қойды. Төсегіне жатқызып, жүгіріп кеткен мейірбике сәлден кейін дәрігермен ере кірді.

- Менің аяғым жүрмей жатыр. Ұйып қалса керек. Дәрі егіп, орнымнан тұрсам деп ем. Мен тұруым керек, - деп жыламсыраған Бибіге:

-Кешіріңіз, біз қолдан келгенді жасадық. Сіз шатырдан құлағанда бел омыртқаңызға зақым келген еді. Жүре алмау қаупі бар деп топшылағанымыз дәл келіп тұрған сияқты, кешіріңіз, біздің қолдан келер шара болмай тұр. Сіздің аяғыңыз енді жансыз, -деді.  Бар арманы көкке ұшып, жаны шартарапқа кетіп, көңілі құлазыған Бибі үнсіз қалыпқа еніп, өмірден баз кешкендей болды.

- Жоқ, мен жүре аламын. Жүруім керек, менің анам, жарым, балаларым бар. Оларға қарайласуым керек. Менсіз олардың күйі не болмақ? Есік сыртынан дәрігер мен жарының сөздерін естіп тұрған Батыр да тұрған орнында мелшиіп қатып қалды. Сынақ артынан сынақ болып, жүрек тұсын біреу қылышпен осып жібергендей, бір шаншып, көкірегі өксікке тола, сыртқа жүгіре кетті. Еркекке жылау жараспас, әсте, бұны елең қылған Батыр жоқ. Сырттағы орындыққа отыра, тұншыға бетін екі қолымен тұмшалай жылап отыр, жылап отыр. Қанша отырғаны белгісіз, тіпті қасына жайғасқан қарияны да байқамады.

- Балам, өмір – өткінші. Өмір – сынақ. Тағдыр әу баста-ақ жазылып қойған. Алла пендесіне көтере алмайтын сынақ бермейді. Не жағдай болмасын, сабырлық алтыннан да қымбат. Қазіргі жағдайыңа сабыр етіп,талпынсаң, ертең жемісін көргенде, Жаратушыңа алғыс айтасың. Ер жігітке жер болған жараспас. Бұл өткінші жалған дүниеде, тағдырға кейіп, сын айту –Жаратқаныңның жазмышына шек келтіру. Аллаға сен, Одан ғана сұра. Ол – сенің ең жақының. Ол саған береді, тек сұрай біл.  Бетін төмен салып отырған ол жанындағы серігіне қарады. Қария ұзап кетіп қалған екен. Кетіп бара жатып артына бір қарады да, сәл жымиып, оң қолын жүрек тұсына қойып, басын изеді. Өзіне құлшылықты үйретіп, көп сабырлылық пен шүкіршілікті үйреткен әкесі елестеп, жүрегі жібіп, жымиған Батыр да жүзін қуаныш жайлай, Бибісіне қарай жол тартты...

***

Екеуі де үнсіз.  Бірі қоларбада, бірі сол қоларбаны сүйреп келе жатыр. Екеуінің де ішқұса болып келе жатқаны көзге көрініп тұр. Батыр ғашықтардың тіл табысар орны болып кеткен сонау биік қара ағаштың жанына келді. Жарын қолына көтеріп, ағаш жиегінде тұрған орындыққа отырғызды. Өзі де жайлап қасына отырды. Үнсіз ғана орамалын орай таққан Бибінің басынан сипап, қолынан ұстады.

-        Менің аманатым, жан жарым, балаларымның анасы, анамның келіні, сенің құлазығаныңды білдірткің келмесе де, мына мұңды көздерің бәрін айтып тұр. Қымбаттым, Раббымыз пендесіне сынақ берсе, ол Оның сүйікті құлы болғандығы. Сенің бұл сынаққа төтеп бере алатыныңа мен сенімдімін. Қазір жүре алмасаң, келешекте, әлбетте, жүресің. Бір Алладан пана сұраймын. Сенің амандығың керек. Бұдан былай, ештеңеден қам жеме. Тағдырдың алда қандай тосын сыймен сүйіншілеп тұрғанын кім біледі? Раббымызға ғана үміт етейік. Мен ерік-жігері мықты, тым сабырлы, салиқалы жарымды қайта көргім келеді, -деп Бибінің мұң басқан жанарына қарады. Көзінің жасы бетін жуып, одан ары саусақтарына тамып отырған Бибінің жүзіне күлкі үйірілгендей болды.

-        Мен Алла осындай сынақ бергеніне шүкір етем. Осындай жағдаймен менің сабырымды тексерсе, оған разы болмағанда, айтар шерім жоқ. Тек, мазалайтыны – сенің тынысың. Әйелің – мүгедек, анаң –қария, бір балаңның жүйкесі жұтаң, енді, міне, егіз қозың бар. Олардың амандығын ойлаймын деп тым жүдеп кетіпсің. Менің жүрегімдегі мұңды айтасың, өзіңнің жүрегің талан-таражға түсіп, кескінделіп кеткен сияқты. Менің арқа сүйерімнің көңілі құса болса, жазмышқа сенген менің нем қалды?! Тек мойымашы, Жаратқаннан төзім сұрап, асқар таудай әке болшы. Тілерім сол, - деді Бибі.  Екеуі ұзақ сөйлесті. Күлді. Келешекке қол ұстаса бірге аттанбақ болды.

Күндер өтіп жатты. Анасының жағдайы күннен-күнге нашарлап жатқандай. Кейінгі кезде  есін бұрынғыдан да көп жоғалтып, не істегенін ұмытып, бұларға біраз қиындық туғызып жатты. Қыстың қақаған суығында ит үйшігіне апарып, біраз суықтатып алған баласының бұл күндері сол жағдайдан қалып кеткен көк жөтелі бар. Жөтелгенде демі тартылып, біраз әбігерге де түседі. Мағжан мен Маржан. Егіз құлыншақтар ана сүтін ішіп жарытпаса да, бұларға күлкі сыйлап, жандарын жадыратып өсіп келеді. Батырдың бір қорқатыны бар. Бұл жоқта балаларға ие бола алмай, анасы Азаматты далаға алып шыққандай, бір жағдай орын алып қалмаса игі.

-       Балам, балам, бері кел, есім барда айтып қалайын, - деген анасының дауысына, Бибінің тірлігіне қол ұшын созып отырған Батырбек дереу жетіп келді.  Ұзын арқан жіпті ұстаған анасын көргенде ол тұрған орнынан тапжыла алмай тұрып қалды.

-        Кел, балам, мына арқанды ал, мына тұрған терезе жақтауындағы тесіктен шығарып алып, мына мені байла. Келін жүре алмайды. Менің тірлігім мынау. Бір күні болмасын, бір күні тағы бір нәрсе бүлдірермін. Мен шеше алмайтындай қатты байла. Немерелерімнің амандығын ойласаң, анаңды тыңда, - деді.

-       Апа, не айтып тұрсыз, байлағаны несі? Ондай іске мына балаң қалай бармақ? Мені сынағың келді ме, апатай? Мені неге қинайсыз?

-        Батырым, арысым, сендер үшін мына қаусаған кәрінің пайдасы бар ма? Сендердің көз алдымда ойнап жүргендерің – бір бақыт. Мені байла, балам. Сол кезде разы болайын. Құлдығың болайын, құлыным. Сендердің қамдарың үшін ғой бұл, - деп апасы қояр да қоймай бұған арқанды ұстатты да, қолын берді. Батыр да қинала-қинала, қолы бармай, арқанды анасының белінен бір айналдырып, қысып кетпеуіне мән беріп, сол қолын ақырын ғана таңып, арқанның бір ұшын есік жақтауындағы тесіктен шығара байлады. Демін ішіне тарта, еңкілдеп жылаған Батыр анасын құшақтап, аяғын сүйіп ұзақ отырды.

-       Кешірші, анашым. Кешірші, сені байлап бағам дегенім үш ұйқтасам да түсіме кірген емес. Сенің бұл ауруыңа ем таба алмағаным үшін кешірші. Бәрі үшін кешірші, анашым, - деп көзінің жасын көлдетіп егіле жылады. Анасын байлап, бір бөлмеде қамап ұстау бұның жанына батты. Бибі де болмайтынын айтып емеурін білдіргенімен, кейін оған да көнді. Бір бөлменің ішінде белінен байланған әженің астын тазалап, оны жуындырып, ас-ауқатын беру Бибі мен Батырға ауырлық қылмады. Бұған ана да мәз. Немереме кесірім тиіп кетпесін деген ол, бір орында тапжылмай отыра берді. Кейінгі кезде, Батырды көрсе, марқұм болған жұбайын көп есіне түсіретінді шығарған.

-        Қарағым-ай, мені күт. Ақырет те жақын, - деп кейде өзінен өзі тіл қатып отыратынды шығарды. Жағдайы күннен-күнге әлсіреп бара жатқан апасының жағдайын көріп, Бибінің де жаны езілді.

-       Аяқтың да істемей қалғаны-ай, апамның қиналысына қарашы. Батырымның көз қуанышының жан айғайын кім түсінер екен? Қайран, апам-ай, өзіңнің қызым деген тәтті сөзіңді тағы бір естісемші, - деп тілге келе алмай жатқан анасына қарап Бибі ұзақ отырды.

***

Толассыз жауған жаңбырдан да мезі болған жұрт Батырбектің үйінен кіріп-шығып, аласапыран болып жатты. Анасын жоқтап жылаған дауыс та елді езілтіп, бастарын шайқалтып жатты. Тек Батырбек пен Бибі ғана үнсіз. Бұлар аналарының кеткеніне еш сене алмай, тұңғиықта отыр. Келімді-кетімді кісілердің күбір-күбір әңгімелерінің бірін де миына тоқып жатқан жоқ. Бірі:

-       Анасын байлап ұстапты, байғұс қайтсін, балаларының қамы ғой, - десе, екіншісі:

-       Енді қайтсін, бірі мүгедек, бірі сал не күн көрмеді бұлар?  - деп жатты.

Батыстан келіп қоюланған қап- қара бұлт күннің бетін жауып, бұлардың көз жасымен төгілген аспаннан жауған жаңбыр да еш толастамастан үшінші күнге дейін жауып тұр. Ақтық сапарға дайындап, жаназасы оқылып жатқан анасына қарап, Батырбек те ұзақ дұға жасады. Енді міне ақ бесікке сала, ақ кебінге оралған денені көтере халық та жүріп кетті. Әкесінің жанынан қазылған көр де сұп-суық түрімен мен мұндалап тұрғандай-ау. Жер қойнына тапсырып, қара жерді аудара, үйілген топыраққа ұзақ  қараған Батырбек анасының соңғы демі таусыларында айтқан бір ауыз сөзін есіне түсірді. «Ризамын, балам, сендерге» деген сөзі. Содан кейін-ақ ұзақ тыныс ала, көзі жұмыла, мәңгі ұйқыға кетті. Енді міне анасы да жоқ...

 

(жалғасы бар)

8745 рет оқылды