( немесе магияның ақ-қарасы бола ма?)
Арамызда «дуалау», «сиқырлау», «магия», «көз байлау» сияқты сөздерді құлағы шалмаған адам жоқ шығар. Дегенмен, бұл ұғымның мағынасы мен астарында қандай құпия жатқанын біле бермейміз. Дуа, сиқырға қатысты білеріміз азайған сайын, күндіз-түні сиқыршы, дуакештер қоғамда ылаң салып, еркін тайраңдап, қарапайым халықтың қолындағысын алдап алуда. Бұл бір күндері сіздің де, біздің де өмірімізде ұшырасуы әбден мүмкін. Немесе жақындарымызды шырмауы мүмкін. Сонда жәрдем беру қажеттілігі туады. Қысқасы, сиқыр туралы әркім білуі тиіс мағлұматтар осы мақаламызда...
Сиқыр немесе біздіңше дуа деген не?
Араб тілінен тікелей аударғанда «сиқыр» (cuхp) сөзі – заттың ақиқи болмысының өзгеруі дегенді білдіреді. Ал дінімізде бұл ұғым сиқыршы (магиямен айналысушы) мен жын-шайтандар арасында болатын одақ деп түсіндіріліп жүр. «Дуа» сөзі негізі арап тілінен аударғанда Алладан дұға ету, жалбарыну, Алланың жәрдеміне жүгіну, сұрау деген мағынадан туады. Ал сиқыр жын-шайтанның көмегіне жүгіну. Жоғарыдағы іс-амалдарды Аллаға емес, жын-шайтанға арнау. Бірақ, өкінішке орай дуа сөзі қазіргі қоғамда дұға сөзінің антоми, яғни сиқыр (адамның көзін байлау) мағынасын беретін сөз ретінде қолданысқа еніп кетті.
Сиқыр мына көріністе жүзеге асады:
1) Сиқыр, немесе магия жасаушы тыйым салынған рәсімдерді жасап, күнә істейді, көп жағдайда Алланың жалғыздығына шәк келтіріп, ең ауыр күнәға бас ұрады. Сиқыр жасатуға келген адамға да ауыр күнә істетеді.
2) Осыдан кейін шайтан оның талаптарын орындау жолында қызмет етеді.
Алла Тағала Құранда: «Әрі олар Сүлеймен патшалығы кезіндегі шайтандар оқыған нәрсеге (сиқырға) ерді. Сүлеймен күпірлік еткен (сиқыр жасаған) жоқ. Алайда адамдарға сиқырды және Бабылдағы Һарұт пен Марұт есімді екі періштеге түсірілген нәрселерді үйреткен шайтандар күпірлік етті (қарсы келді). Ал ол екеуі (періштелер): «Шын мәнінде, біз (сендерге) сынақ үшін жіберілгенбіз, күпірлік етпе (сиқыр үйреніп, діннен шықпа)»,- деп ескертіп, сақтандырмайынша ешкімге сиқыр үйретпеді. Олар ол екеуінен ер кісі мен оның жұбайының арасын айыратынды үйренетін еді. Бірақ, олар Алланың рұқсатынсыз ешкімге зиян жеткізе алмайды. Негізінде олар өздеріне зиян келтіретін әрі пайда бермейтін нәрселерді үйренетін еді. Олар оны (сиқырды) сатып алғанға, соңғы мәңгілік өмірде (ақиретте) ешбір үлес жоқ екенін білді. Ақиқатында, олардың өз жандарын сатып, оның орнына алған нәрселері қандай жаман. Егер олар білсе»,- деген. («Бақара» сүресі, 102-аят).
Ғұламалар сиқырға қатысты осы аятты былай деп тәпсірлеген: «Кітап берілгендер (Исламға дейінгі кітап түскен қауымдар) иманға әрі пайғамбарға ерудің орнына, қарсы келу мен сиқыр жасауды таңдады. Адамдарға сиқырды шайтандар үйретті. Олар Сүлеймен Пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) жала жауып: «Ол сиқырдың көмегімен ұлы патшалыққа ие болды» деді. Алла Тағала құлдарын сынау үшін сиқыр жайлы ілім түсіріп, сол үшін екі періште адамдарға сиқыр үйретуге келді. Олар үйретуден бұрын сиқырдың үлкен зияны туралы ескертіп, сиқырдың – күпірлік екенін түсіндіріп, оны үйренбеуге кеңес беріп, сиқырдан тыйды. Сиқыр тек зиян жеткізеді. Олар сиқырды шайтандардан да, екі періштелерден де үйренді және пайғамбарлардың әкелген білімін үйренуді қойып, шайтандардың білімін үйренуге кірісті».
Сиқырдың таралу тарихы
Тәпсір ғалымы Сағди жоғарыдағы «Бақара» сүресінің 102-аятына байланысты: «Ертеректе (Алла Тағала періштелерге шайтандарды шоқ жұлдыздармен ұруды бұйырмас бұрын) шайтандар аспанға көтеріліп, періштелердің ғайып ілім, өлім және жерде болатын оқиғалар туралы періштелердің әңгімелерін есту үшін құйымшаққа отыратын. Содан кейін жерге түсіп, көріпкелдерге естігендерін баяндайтын, ал көріпкелдер адамдарға болашақты көріп келгендіктерін айтып, сендіретін. Көріпкелдер шайтандарға сенім білдіре бастағаннан кейін, олар әрбір сөзге жетпіс өтірік қосып айтатын болды. Пенделер көріпкелдердің айтқандарын кітаптарға жазатынды шығарды. Исраиль ұлдарының арасында жындар ғайыпты біледі екен деген наным тарай бастайды. Осы ауыр күнә етек жайғанда ол қауымға Сүлеймен Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) жіберіледі. Ол барлық кітапты жинап, сандыққа салады да, өзінің тағының астына көміп тастайды. Шайтан таққа жақындай бергенде жанып кететін. Сүлеймен (оған Алланың сәлемі болсын): «Егер кімде-кімнің шайтандар ғайыпты біледі екен дегенді айтқанын естісем, басын кесемін» деп жария салды. Сүлеймен және оның соңынан ерген ғалымдар қайтыс болғаннан кейін, жаңа буынның кезеңі туады. Осы уақытта шайтан адам кейпінде шығып, Исраилдің кейбір ұлдарын: «Сендерге сарқылмайтын қазынаны көрсетейін бе?» деп қызықтырды. Олар бірден «Көрсет!» деп асықты. Ол: «Тақтың астын қазыңдар!» деп бұйрық берді. Адам кейпіндегі шайтан исраилдіктермен бірге жүріп, әлгі орынды көрсетеді де, өзі алыс барып тұрады. «Сен де бері жақында» дегендерге: «Жоқ! Ол сендердің қолдарыңда! Егер таппайтын болсаңдар, мені өлтірсеңдер болады!» деп сендірді. Адамдар шұңқырды қазып, баяғы кітаптарды тауып алады. Кітаптарды суырып алғанда шайтан: «Осы сиқырмен Сүлеймен адамдарды, жындарды және құстарды бағындырды» дейді де, жоғалып кетеді. Осыдан кейін Сүлеймен сиқыршы болған деген өсек тарап кетеді, ал әлгі кітаптар Исраиль ұлдарының қолында қалып қойды» деп жазады. («Тайсир аль-Али аль-Кадир" ар-Рифа'и 1/82).
Мінеки, мәңгілік жәһаннамдық болған шайтан өзінің негізгі мақсатын орындады да (адамдарға Алланың құлшылықтағы жалғыздығын жалған етіп көрсетіп), жөніне кете барды... Содан бері сиқыр шайтанның адамдарды тура жолдан тайдыратын бір қаруы болып келеді.
Сиқырдағы жындардың рөлі
Сиқырлау рәсіміндегі негізгі рөлді оттан жаралған жаратылыстар – жындар ойнайды. «Жын», «шайтан» сөздері Құранда 29 және 85 рет аталған. Қазақта оны – пері, дию, албасты деп те атайды. Сол себепті, жындардың бар екендігіне иман келтіру әрбір мұсылманға тән сипат. «Ал жынды (адамнан) алдын, қызуы қатты (түтінсіз) оттан жараттық» («Хижр» сүресі, 27-аят) деген аят пен Айша анамыздан (оған Алла разы болсын) жеткен: «Періштелер нұрдан, ал жындар таза оттан жаратылған» (Муслим, Ахмад) хадисі сөзімізді онан сайын дәлелдей түспек. Жындар туралы толық ақпаратты «Жындар әлемінің құпиясы» деген мақаламыздан оқи аласыздар. (http://asylarna.kz/maqala/maqalainfo/77 )
Жындар сиқыршы (дуа жасаушы, магияның иесі, көз байлағыш) шынайы күпірлік жасамайынша көмектеспейді, қызмет етпейді. Сиқыршы имансыз болған сайын жындардан болған шайтан оның айтқандарын бұлжытпай орындайды. Сондай-ақ, сиқыршының сиқырының күші оның имансыздығы тереңдеген сайын арта түседі. Сиқыршы егер істеп жүрген ауыр күнәсін тоқтатса, олар да бағынудан бас тартады. Сиқыршының жүзіне үңілген адам адам оның бақытсыз екенін аңғарады. Ол жарымен, балаларымен қатынаста бақытсыз, жалғыз қалғанда тыныштық таба алмайды. Дұрыс ұйықтай алмайды, қорқынышты түстер көріп оянады. Өйткені Аса Ұлы Раббымыз: « Ал кім Менің еске салуымнан (Құраннан) теріс бұрылса, оған тар өмір болады» деп ескерткен («Та һа» сүресі, 124-аят).
Сиқыршы мен жын арасындағы келісім
Сиқыршылардың (дуа, магия жасаушылардың) көпшілігі жын тайпаларының көсемдерімен шарт жасасады. Ол тиісінше өз тайпасының ішінен біреуіне осы сиқыршыға қалтқысыз қызмет етуге бұйырады. Сиқыршыға бекітілген бұл шайтан болған істердің хабарларын жеткізеді, екі адамның арасын ажырату не қосу, күйеуінің зайыбымен қатынасын бұзу сияқты іс-әрекеттерді істеп, сиқыршының бұйырған істерін бұлжытпай орындайды.
Сиқыршы осылайша жынды өзі қалаған зымиян істерін жүзеге асыру мақсатында пайдаланады. Ал егер өзіне бекітілген бұл жын айтқанына көнбейтін болса, дереу жын тайпасының көсемімен байланысады. Бұл байланыс Алла Тағалаға серік қосатын сөздермен шақырып, дуа ету арқылы орындалады. Алланы балағаттау, Құранды аятын аяқ киімінің ішіне салып жүру, Құранды дәретхананың ішіне қойып қою сияқты т.б сайқал әрекеттер жындармен байланыс орнатудың төте жолы. Ал жындардың көсемі өз кезегінде сиқыршының әміріне бойсұнбаған әлгі жынды қатал жазалап, оны сиқыршыға бағынуын талап етеді немесе оның орнына сиқыршыға басқа жынды бекітеді.
Сиқыршының белгілері
Егер ел-жұртты шақырған емші-тәуіптің бойынан төмендегі белгілердің біреуі байқалса, ол сөз жоқ сиқыршы болып табылады деген ғалымдар.
1. Аурудан өзінің және анасының есімін сұрайды.
2. Аурудың бір затын (тер сіңген киімін, бас киімін, тарағын, тарақтығң тісін, киімінің бір бөлігін т.б.) сұрайды.
3. Кейде құрбандыққа шалу үшін белгілі бір сипаттағы хайуанды әкелуін талап етеді. Онда Алланың атымен соймайды. Құрбандықтың
қанын науқастың ауырған жеріне жағуы немесе оны алыс жерге апарып тастауы мүмкін.
4. Дуа жазып беру.
5. Құран аяттарынан бөлек түсініксіз дуа сөздер оқу.
6. Науқасқа ортасында арабша әріптер не сандар жазылған төртбұрыш суреті салынған орамал не үшбұрыш қағаз беруі мүмкін.
7. Науқасқа күн түспейтін бөлмеде біраз уақыт тұруды бұйырады.
8. Кейде науқастан қырық күн немесе үш күн бойы суға жақындамауын талап етеді. Бұл сиқыршыға қызмет жасаушы жынның христиан дінінде екендігін білдіреді.
9. Ауруға бір заттарды беріп, оларды көміп тастауын бұйырады.
10. Науқасқа бір парақшалар беріп, оларды өртеп, түтінін жұтуын бұйырады.
11. Адамға түсініксіз сөздермен сөйлейді.
12. Кейде сиқыршы өзіне келген кісінің аты-жөнін, қай елден, қандай мақсатпен келгенін өзіне айтып береді.
13. Ауруға парақшаларға Құран емес арап тіліндегі сандар мен белгісіз әріптерді жазып, оны ішірткі етіп ішуін талап етеді.
Ескерту: Дәл осы сипаттары бойынан табыла отырып ол сізге намаз оқы, таза жүр, арақ ішпе деп айтуы мүмкін. Тіпті, оның намаз оқып, Құран жаттайтынына да қанық боласыз. Қажылыққа да барып келген болуы мүмкін. Біліңіз, адам біреуді тонайтын кезде «мен тонаймын» деп алдын-ала ескертіп барып тонамайды ғой. Сондықтан олар да өздері не адамдарды сендіру үшін «арақ ішпе, таза жүр, намаз оқы» дейді. Бірақ адамдарды Алладан басқадан шипа, жәрдем сұрауға итермелейді. Ал адам бұл ауыр күнәні жасаса, оның амалының бәрі зая кетеді. «Ақиқатында, саған және сенің алдыңдағыларға (бұрын өткен әрбір пайғамбарға): «Егер Аллаға біреуді серік етіп қоссаң, амалың жойылып кетеді әрі анық зиян шегушілерден боласың» деп уахи етілді». («Зумәр» сүресі, 65-аят).
Сиқыр – ең ауыр күнәлардың қатарында
Құдіретті Алланың: «Негізінде, олардың жасағандары – сиқыршының айласы ғана. Сиқыршы қайда барса да, мақсатына жетпейді» («Та һа» сүресі, 69-аят) деген ескертуі сиқыршының Жаратушы алдындағы қасиетсіздігін көрсетеді. Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ең ауыр жеті күнәдан сақтаныңдар!» деді. Одан: «Уа, Алланың Елшісі, ол қандай күнәлар?» деп сұралғанда: «Аллаға серік қосу, сиқыр, Алла тыйым салған жазықсыз жанды өлтіру, өсімді жеу, жетімнің мүлкін жеу, (басшысы бұйырған) соғыстан қашу, ары таза пәк әйелді зинаға айыптау» деп жауап берді. (Бұхари, Муслим) Басқа хадисте: «Кімде-кім балгерді шақырып, оның айтқандарын растаса, ол Мұхаммедке түскен нәрсеге күпірлік жасаған болады» (Ахмад, Әбу Дауд, Тирмизи), «Егер адам сиқыршыға келіп, одан бір нәрсе сұраса және айтқандарына сенсе, оның намазы қырық күн бойы қабыл болмайды» делінген (Муслим, Ахмад).
Алла сақтасын, бұл насихаттар сиқыршыға тағдырын тапсырып, жәрдеміне арқа сүйеген адамның хәлінің қиындығын, Алланың мейірімінен алыстайтындығын нұсқайды.
Сиқыршы білмейді, Алла біледі...
Тіпті, қасиеті хадис мәтіндерінде астрологияны үйренген кісінің сиқырмен айналысушы болып есептелетіні де айтылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұлдыз жорамал туралы:
«Ғайыпты істерді болжауға жұлдыз-жорамалдар да жатады. Бүгінгі күні мына жұлдыздың ықпалы күшті болып, мынадай жұлдыздың астында туылғандардың жолы болады, аналардікі болмайды деген сияқты сандырақтар исі мұсылманның сеніміне селкеу түсіретін күнәлі істер» деп мәлімдеді.
(Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ҚМБД тарапынан жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабынан, 37-бет)
Өйткені, ғайыпты білу, болашақты жақсарту, адамның жағдайын өзгерту, бәле-жаланың алдын-алу тек Ұлы Алланың ғана құзырында ғана.
Лұқман» сүресінің 34-аятында әлемдердің Раббысы: «Ақиқатында, Сағаттың (Қайта тірілу күнінің) білімі Аллада. Ол жаңбырды жаудырады және жатырлардағыны біледі. Ешбір жан ертең не табатынын білмейді әрі ешбір жан қай жерде өлетінін білмейді. Ақиқатында, Алла – бәрін Білуші, бәрінен Хабардар» дейді. Иә, сіз бен біздің Иеміз «ешкім ертең не табатынын білмейді» деп айтады, ал, сиқырмен айналысушылар бізге ертең емес, келер жылы толықтай не болатындығын айтып бермекші. Әрине сиқыршының әрекеті сау ақылдың шеңберіне сыймасы хақ.
Сенсеңіз, тіпті ақырзаман Пайғамбары, әрі Елшілердің мөрі, Құдайдың ең сүйікті құлы болған Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ғайыпты болжау кереметі берілмеген. Онда қарапайым адамдарға бұл қабілет қайдан ғана дарысын?! Алла Тағала Елшісіне былай деп айтуды бұйырады: Айт: «Алла қаламайынша, мен өзім үшін пайда, зиян келтіру билігіне ие емеспін. Егер де көместі (ғайыпты) білетін болғанымда, жақсылықты көбейтіп алар едім және маған ешбір жамандық тимес еді. Мен иманға келген адамдар үшін ескертуші және қуанышты хабар жеткізушімін» де», - деген.
Логикаға салсақ, егер сиқыршыларда шынымен де Құдай дарытқан керемет болса, еліміздің қамын жақсартып, ауру-сырқаттың бәрін де айықтырар еді. Тіпті, болмағанда өзі бай болып, өз әулетінің ең бай-бақуатты жандардың қатарына қосылуына көмектесер еді?! Расында да, «өзі біреудің 1000-2000 теңгесіне мұқтаж болып, кейде астынан сыз, кейде басынан күн өтіп отырған адамға «бизнесімді, жолымды ашып бер» деуіміз – рухани тұншыққанымыз» (М. Тазабек).
Алла қаласа, мақаламыздың келесі бөлімдерінде сиқырдың жасалу барысы, сиқырдың түрлері, сиқырдың алдын алу және емдеу жолдары деген тақырыптарда сөз қозғайтын боламыз...
ЖАЛҒАСЫ БАР...