14:10 | Шам түбіндегі ертегі
14:20 | Ой-талқы
2017-06-26 (0) (23383)

Шәууал айындағы оразаның артықшылығы

Шәууал айындағы оразаның артықшылығы

Ислам дінінде кейбір уақыттардың өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері бар. Рамазан айының артынша келетін Шәууәл айының да өзіне тән артықшылықтары көп.  

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады» – деп,  бұл айда ұсталатын алты күн оразаның мол сауабын сүйіншілеген (Сахих Муслим). Бұл ораза сауабының бір жылға пара-пар келуін былайша түсінуге болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» – деген («Әнғам» сүресі, 161-аят). Ғалымдар Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Ай күнтізбесі бойынша 365 күн емес, 355-356 күн екенін ескерсек, бұл тіпті артығымен сауап десе де болады. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз. Міне, бұл да Жаратушы Иеміздің бізге деген шексіз мейірімі. Оразаның теңдессіз құлшылық екендігі жайлы Әбу Умама (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыздан жақсы бір амал сұрадым. Ол маған «Ораза ұста, өйткені, оған тең келер құлшылық жоқ», – деді. Мен екі-үш рет қайталап сұрасам да «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», – деген жауабынан танбады» (Нәсаи, Сиям риуаят еткен).

 

Сондай сауабы мол оразаның бірі – Шәууал айындағы оразаның артықшылығы қандай? Осыған қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген кейбір мәселелерге тоқталуды жөн көрдік.

 

1. Шәууәл айының оразасы нәпіл ораза болып табылады. Яғни, мұны ұстау ешкімге міндет емес, адамның өз ыхтиярында. Дегенмен, мұны ұстамаған жан жоғарыда келтірген Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисіндегі бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады.

2. Шәууәл айының нәпіл оразасы тек Шәууал айында ғана ұсталады. Және оны айт күнінің екінші күнінен бастап ұстаса болады.

3. Шәууәл айының нәпіл оразасын арасын үзбей қатарынан, сонымен қатар арасын үзіп бөлек-бөлек күндерде де ұстауға болады.

4. Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса да болады. Дегенмен, Рамазан оразасын толығымен ұстау Алла Тағаланың бұйрығы екенін ескерген жөн. Ал, Шәууәл айында 6 күн ораза тұту Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті болғандықтан алдымен оразаның қазасын өтеу абзал. Себебі, адамның белгіленген ажалы айтпай келетіндіктен, алдымен парыз оразаның қазасын толық өтеп, нәпіл оразаны одан кейін ұстаған дұрыс. Бұған қоса жоғарыда келтірілген хадисте «Рамазан оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса» делінгенін ескерсек, әуелі Рамазанның қазасын өтеудің абзалдығын ұғамыз.

5. Осы айда қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де Шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Бірақ бұл нәпіл оразаға уақыты жетпей қалғандар үшін. Әсілінде, әр оразаны жеке-жеке ұстау қажет. Бұл жоғарыда келтірілген бір жылдық сауаптың математикалық есебіне де сай келіп тұр.

6. Рамазан оразасын ұстамаған адамдарға да Шәууал оразасын ұстауына болады. Алайда, олар Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабын ала алмайды. Себебі, Рамазан оразасы – бізге парыз етілген ораза.

7. Шәууал оразасы да Рамазан оразасы секілді «таң» намазынан (Таң намазына 10 минут қалғанда ауыз бекітіледі) басталып, «шам» намазына яғни, күн батқанға дейін жалғасады.

8. Шәууал айының алты күндік оразасын әр аптада екі күнге бөліп, әсіресе, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстаса, нұр үстіне нұр. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні (апталық) істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын» деді (Тирмизи).

 

Рамазаннан кейін Шәууал айында алты күн ораза тұтудың жыл бойы ауыз бекіткенге теңестірілуі – Алла Тағаланың мейірімінің шексіз екенінің бір көрінісі. Яғни, Хақ Тағала Өзіне тән рахымымен құлының жасаған ғибадатына бірнеше есе артық сауап жазып, ақыретімізді құтқаруға илаһи мол мүмкіндік тудырады.

23383 рет оқылды