2017-06-25 (0) (23758)

АЙТҚА БАЙЛАНЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

АЙТҚА БАЙЛАНЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

 

1.     Бүгін тарауих намазы оқыла ма?

Мұсылман күнтізбесі бойынша түн күндіздің алдында жүретіндіктен, бүгін тарауих намазы оқылмайды. Себебі, бүгін ақшам намазы кірген уақытттан бастап айт күні деп есептеледі.

2.     Айт күні сәресін ішеміз бе?

Әбу Са’ид әл-Худри (р.а) былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салатын». (Әл-Бұхари 3/280, Муслим 2/577). Имам ән-Нәуауи және ғұлама Сыддық Хасан Хан: “Ораза және Құрбан айт күндерінде ораза ұстауға тыйым салынғанына барлық ғалымдар бірауызды келіскен”, - деген (“Шарх «Сахих» Муслим” 8/15, “әр-Раудату-ннәдийя” 1/566)

Демек, бұл күні ораза ұсталмайды, ал ораза ұстамасақ, демек, сәресін де ішпейміз деген сөз.

Алайда, айт намазына барардың алдында бір нәрсе жеп шығу – сүннет амал. Әнас (р.а): “Ораза айты күні Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан айт намазына бірнеше құрма жемей шықпайтын. Әрі әдетте ол тақ сан құрма жейтін”, - деген. (Әл-Бұхари 953).

Айт күні үйден құрма немесе ол болмаса, кез келген үйде бар тамақты жеп шығу Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне бойұсынуды білдіреді. Әрі Алла Елшісі тыйған амалдан тыйылып, ол жасаған істерді жасау – сауабы мол құлшылық болып жазылады.

3.     Айт намазына әйелдер мен бала-шағалардың баруы міндет пе?

Айт намазына әйелдердің де барғаны жақсы, себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл намазға шығуды баршаға: балалар мен қарт кісілерге де, ерлер мен әйелдерге де бұйыратын. Ибн `Аббас (р.а): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз қыздары мен әйелдеріне екі Айт намазына шығуды бұйыратын», - деген. (Ахмад, Ибн Мәжаһ, әт-Табарани.1/231)

4.     Айт күні жеті үйге айттау міндетті ме?

Шариғатымызда адам жеті үйге кіріп айттауы керек, егер бұдан асып кетсе, немесе жетпей қалса, ол күнәлі болады деген тыйым, я болмаса бұйрық жоқ. Бұл – мұсылмандардың Алла Тағала мен Оның Елшісі  заңдастырып берген ұлық мерекесі. Сондықтан шама келгенше көп үйге кіріп,  амандық-саулық сұрасу, қуанышпен бөлісіп, мерекелік көңіл-күй сыйлау, әрине,  абзал болатыны анық.

5.     Айт намазына барған адам сол жолмен емес, басқа жолмен қайту керек деген пікір қаншалықты дұрыс?

Сахабалардың бірі Жәбир (р.а):  “Айт күні Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен қайтатын”, - дейді. (Бұхари 986).

Ғалымдар Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазынан басқа жолмен қайтуының мәні мен даналығы неде болғандығы туралы түрлі пікірлер айтқан. Мұндағы бірінші даналық, басқа жолмен жүрген адам өзге де көрмеген адамдарын кездестіріп, оларды құттықтауына мүмкіндік алады. Ал екінші жағынан, бұл, яғни өте көп адамдардың мешітке жиналуы, олардың бір-бірін құттықтап, арқа-жарқа,  мәз-мейрам болысуы - Исламның күші мен ұлылығын көрсетеді.  Үшінші жағынан, Қиямет күні адамның басқан әрбір қадамдары мен ол жүрген жолдар оған куә болады!

6.     Ораза айт мейрамы қанша күн тойланады?

Ораза айт мейрамының уақыты – бір күн. Алайда, адам мерекені ары қарай жалғасырып, екінші, үшінші, тіпті, төртінші күндері айтшылап жүргісі келсе, оған айып жоқ. Сондықтан осы бір күндік айт мерекесінен кейін Рамазан айының қазасын және шәууал айының оразасын ұстай беруіңізге әбден болады.

7.     Айт намазына үлгермей қалған адам не істейді?

Айт намазына үлгермей қалған адам оның қазасын өтемейді.

8.     Қазасы бар адам шәууал айының оразасын қай кезде ұстайды?

Қазасы бар адам ең алдымен Рамазан айының оразасын өтеуі  керек. Парыз оразаны өтеп біткен адам ғана келесі шәууал айының оразасын жалғастыруына болады. Айта кетерлік жайт, Алла Тағала құлдарына жеңілдікті қалайды. Сондықтан дінімізде қаза болған оразаны да, шәууал айының оразасын да бөліп-бөліп осы айдың ішінде ұстауға рұқсат етілген. Алайда, шәууал айының алғашқы онкүндігінде ұстау – абзалырақ іс.

9.     Шәууал айының оразасын қаза болған оразамен біріктіріп ұстауға бола ма?

Жоқ. Парыз болған Рамазан айының оразасы жеке, шәууал айының оразасы жеке ұсталады. Себебі, біріншіден, Рамазан айының қазасы – парыз, ал шәууал айының оразасы – нәпіл құлшылық. Екіншіден, хадисте келгендей, Рамазан оразасын тұтып, кейін шәууал айының оразасын алты күн тұтса, ол адам бір жыл бойы үздіксіз ораза ұстаған адам секілді сауап алады. Хадисте «Рамазаннан кейін» деп айтылған. Ал қазасы бар адам Рамазан айының оразасын әлі аяқтаған жоқ. Сондықтан алдымен Рамазан айының қазасын өтеп, кейін шәууал айының оразасын тұтуы керек.

Айт мерекесі баршаңызға құтты болсын!

23758 рет оқылды