2016-05-13 (0) (6618)

Қажылыққа барған ағылшын ақсүйегі

Қажылыққа барған ағылшын ақсүйегі

 

Қасиетті Ислам дінін мұсылман болуға ниетті екенін дауыстап айту арқылы оп-оңай қабылдауға болғанымен, мұсылмандыққа лайықты өмір сүру әлдеқайда қиын. Бүкіл адамзат баласына жіберілген ең соңғы Алланың ақиқи дінін қабылдап, Жаратушының жалғыз екеніне сенім білдірген танымал тұлғалар әлемде аз емес. Солардың ең алғашқыларының бірі, ағылшындар арасында қасиетті дініміздің қадір-қасиетін алғаш ұғынып, исламға бет бұрған ағылшын ақсүйегі – (Зайнаб) Эвелин Кобболд.

Леди Эвелин Кобболд (Evelyn Cobbold) – ағылшын ақсүйектер отбасынан шыққан графтың қызы (1867-1963). Өз заманында Ислам дінін ағылшын әйелдері арасында бірінші болып қабылдап, шариғат шәлісін жамылған әйел. 1867 жылы Шотландияның Эдинбург қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Чарльз Адольфус өз заманының танымал саяхатшысы болған. Әлемнің бірнеше елін аралаған, кей сапарларына қызы Эвелинді де ертіп апарған. Анасы үй шаруасындағы әйел болса да үнемі рухани ізденіс үстінде жүретін рухани бай адам. Эвелиннің ислам әлеміне деген қызығушылығы балалық шағынан басталған. Әкесінің Каир қаласында вилласы болған. Отбасымен бірге қыс айларын сол жерде өткізген. Эвелин араб тілін сол жерде жүріп үйренген екен. Достарымен мешітке жиі барып тұрған. Эвелин мұның барлығын 1934 жылы жарыққа шығарған «Меккеге сапар» кітабында баяндап береді. Кітабының алғашқы бетіне: «Ислам діні мені қай кезде, қай уақытта баурап алғанын нақты білмеймін. Бірақ, мен туылғаннан мұсылман болған сияқтымын, ішімде сондай әсер сайрап жатыр» деп жазды.  

                                                     

1891 жылы Эвелин ағылшын азаматы Джон Кобболдқа тұрмысқа шығады. Кейін араларындағы неке сәтсіз болып, 1922 жылы ажырасады. Сыртқы сұлулығымен ерекшеленіп жүретін Эвелиннің ислам дінін қабылдамай тұрған кездегі киім үлгісі өте сәнді болған. Ол көбіне француз әйелдерінің сән үлгісімен киінген. Оның ислам әлеміне деген қызығушылығы одан әрі Меккеге қажылыққа баруымен жалғасады. Меккеге баруға ниеттенгенде алдымен король кеңесшісі Абдулазиз Хафиспен ақылдасады. Арада екі апта уақыт өткеннен кейін ғана қасиетті Меккеге баруға рұқсат алады.

         

 

Меккедегі сапары кезінде ол өз есіміне Зайнаб деген араб есімін қосып, өзгерту енгізеді. Зайнаб – араб тілінде «жұпар иісті гүл» деген мағынада қолданылатын есім. Ол өзінің Меккедегі сапарында қасиетті Қағбаны тәуап етіп айналып өтіп, өзінің жаңа мұсылманша есімін бірнеше мәрте іштей  қайталаған сәтін өміріндегі ең әсерлі, ұмытылмас кез екенін жазады кітабында. «Менің жалпы ислам әлемінен, Меккедегі сапарымнан үйренгенім өте көп. Қағбаны айналып зар жылаған әйелдердің жан дауысы әлі күнге құлағымда қалып қойғандай. Осыдан кейін Мекке мен Медина қалаларында өмір сүретін мұсылман әйелдердің өмірін жазғым келді. Барынша көргенімді, білгенімді жазып шықтым» деп жазды кітабында Эвелин. Ислам дініне арнаған кітабы үшін кейін ағылшындар оны көпке дейін қабылдай алмай жүрді. Сынап жазғандары да болды. Қабылдағандары мұндай қадамға не үшін барғанын түсіне алған жоқ. Әйтсе де ол өмірінің соңына дейін өзін толық мұсылман санады. Зайнаб есімін иеленген Леди Эвелин Кобболд 1963 жылы 95 жасында қайтыс болады. Шотландияның Вестер Росс зиратында жерленген оның қабір басындағы көктасына қасиетті Құрандағы  "Нұр" сүресінің  35-аяты жазылған.

6618 рет оқылды