2016-05-12 (0) (6012)

Бейбітшілікке бастайтын 10 хадис

Бейбітшілікке бастайтын 10 хадис

 


Әу баста-ақ мейірімі күшті Алла Тағала: «Расында осы сендердің үмбеттерің - бір ғана үмбет. Ал Мен - Раббыларыңмын, ендеше (Өзіме ғана) құлшылық қылыңдар» («Әнбия» сүресі, 92-аят), – деп, адамдарды біртұтас қауым ретінде сипаттаған. Иә, мейірімді Алла Тағаланың өзі толықтастырып әрі қоштап, ұнатқан кемел дініміз Ислам адамзат баласын  алауыздықтан, ымырасыздықтан сақтандырып, тек бірлік пен ынтымаққа ғана шақырады.

 

1. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) бұл жөнінде: «Менен кейін (мен өлгеннен кейін) бір-біріңнің бастарыңды алатын дінсіздерге айналып кетпеңдер», – деп қатаң ескерту жасаған (Бұхари, Муслим).

Сондай-ақ, Құранда да: «Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне, соларға зор азап бар» («Әли Имран» сүресі, 105-аят), - деген қатаң ескерту бар.

 

 

Алауыздық пен бөлінуге себеп болған адамға берілетін жаза 

Ислам адамдар арасындағы алауыздық пен бөлінуді теріске шығарады және олардың жазасын Қиямет күні тозақтың оты еткен. Алла Тағала: «Ал біреу, өзіне тура жол айқындалғаннан кейін пайғамбарға қарсы шықса, сондай-ақ мүміндердің жолынан басқа жол іздесе, оны бұрылған жағына бұрамыз да, тозаққа саламыз. Ол - нендей жаман орын» («Ниса» сүресі, 115-аят), – деген.

2. Ал Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл туралы: «Кім бойсұнудан бас тартып, қауымнан бөлінетін болса, (содан соң) өлсе, онда жаһилият дәуірінде өлгендер қалай өлген болса, солай өледі», – деген (Муслим).

 

Бірлікке жеткізетін жол

 

Жоғары Мәртебелі Алла мұсылман үмбеті біртұтас бірлікте және мызғымас ынтымақта болу үшін: «Барлықтарың Алланың жібіне жабысыңдар да, одан бөлінбеңдер» («Әлі Имран» сүресі, 103-аят), – деген аяттты түсірді. (Алланың жібі дегеніміз – Құран. Бұл жерде суға кеткен адам жіпке қалай жармасатын болса, солай жармасу керектігі айтылған).

 Демек, ынтымақшыл болам деген адамға Аса Жоғары Мәртебелі Алланың әміріне бағыну мен Оның елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіндегі жөн-жораларға оралу жеткілікті.

Және бұл үмбет өздерін Исламға әкелген Алла Тағаланың мейірімін есінен шығармауы қажет. Өйткені бұл қауымның мүшелері Алла Тағаланың мейірімінің арқасында ғана келісімге және өркендеу мен гүлденуге, бірлікке жетті. Алла Тағала: «Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, Ол жүректеріңнің арасын жарастырды, сөйтіп Оның игілігімен бауырға айналдыңдар» («Әли Имран» сүресі, 103-аят), – деген.

 

3. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тіпті, өлім алдында жатқан кезінде де айтыс-тартыс пен бөлінушілікке жол бермеуге әрекет жасаған. Бір күні ол  өз сахабаларына тура жолдан адастырмайтын сөздерін жазып алуларын ұсынғанда, сахабалар жазып қалдыруы керек пе, жоқ па деген мәселенің төңірегінде өзара дауласып кетеді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олардың (дауласуын) үзіп: «Мені тыныш қойыңдар!» – деп ескерту жасаған. Мұндағы мақсат - дауласуды тоқтату және қайшылықтардың, өзара келіспеушіліктің зиянға ұрындыратынын ескерту еді.

Міне, осы себептен Ибн Аббас (Алла әкесі екеуінен разы болсын): «Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерін жазып қалдыруға кедергі келтірген негізгі қырсық - олардың арасындағы пікірталас еді», – деп жиі айтатын.

 

 

4.   Бірде Ор маңында болған шайқастан үйіне келген Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларға: «Бәну Қурайза (мекенінде) болмаса, ешкім (басқа жерде) аср намазын оқымасын», – дейді. Сонда араларындағы біреулері намаздыгер уақытында жолда болып қалса, енді біреулері: «(Олардың үйлеріне) бармайынша біз намаз оқымаймыз», – дейді. Ал тағы біреулері: «Біз (осы жерде) намаз оқимыз, өйткені бізден талап етілгені бұл емес» деседі. Ал кейін Пайғамбардан (с.а.с.) бұл туралы сұралғанда ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұлардың ешқайсысын теріске шығармай, іштей тынған» (Хадисті Ибн Омардан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) Бұхари жеткізген).

 

5. Муғаз (р.а) бір күні Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иманның ең жақсы көрінісі не?» – деп сұрағанда, Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «…өзіңе нені қаласаң, басқаға да соны қалауың, өзіңе нені қаламасаң, басқаға да соны қаламауың», – деп жауап берген (Ахмад).

Егер мұсылман діндес бауырының өз міндеттерін орындауда қандай да бір кемшілік жібергенін, не оның дінінде қандай да бір кемістік бар екенін көрсе, оны түзетуге жәрдемдесуге міндетті.

Ол өзіне басқалардан қандай әділдікті күтсе және құқығының сақталуын қалай қаласа, өзгелердің де құқығын солай сақтап, оған сондай әділ болуға әрекет жасауы керек.

 

6. «Кім көпшіліктен (жамағаттан) сүйемдей жер алыстаса, ол өз мойнындағы Исламның арқанын алып тастағандай болады» (Бұхари, Муслим).

7. «Бір-біріңе көре алмаушылық пиғылда болмаңдар, бағаларды көтермеңдер, бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе арқаларыңды қаратпаңдар, бірің-біріңнің саудасының үстінен сауда жасамасын, бір-біріңе бауыр болыңдар. Мұсылман өз бауырымен үш күннен артық араз болмасын» (Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен)

8. Мұсылманның мұсылмандағы ақысы алтау:

Онымен жолықсаң – сәлемдес, шақырса – жауап қайтар, ақыл-кеңес сұраса – кеңес бер, түшкіріп, "әлхамду лилләһ" десе – "йархамукаллаһ" деп айт, ауырса – көңілін сұра және дүние салса – (ақтық сапарға) шығарып сал".  (Муслим).

9. «Мұсылман ­– мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады»  (Бұхари, Муслим).

10. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сен мұсылмандардың мейірімділік пен махаббат және бір-біріне жанашырлық көрсетуінде (бір) денедей екенін көресің: оның қандай да бір бөлігі ауырса, дененің басқа да барлық бөліктері ұйқысыздық пен ыстығының көтерілуінен азаптанып қасірет шегеді», – деген  (Әл-Бұхари, Муслим).

Демек, бұл хадистерден шығатын қорытынды: адам өзінде бар игілікті өзгеге де қалайтын болса, өзгелермен тату-тәтті, ымырада күн кешсе, оған да өзгелер сүйіспеншілік білдіріп, жақсылық жасайды. Сөйтіп, адамдар арасында сүйіспеншілік қолдау тауып, игілік тарайды да, мінсіз қоғамның іргетасы қаланады.

6012 рет оқылды