Бірнеше күн мазамды қашырған бұл ойларымның тамыры – «Асыл арна» телеарнасындағы «Мәміле» ток шоуына қатысқан кейіпкердің бірауыз пікірінен басталады. Алты жыл бойы әлеуметтік желіге қамалған жігіт өзінің де, өзгелердің де жылулық іздегендіктен ғаламторды шарлайтынын айтты. Ондағылардың бәрі сыпайы, «сіздесіп» сызылады, қалыңызды сұрайды, қамқорлық танытады дейді желіге желімделген жігіт.
Сіз не дейсіз? Ойлана тұрыңызшы... Мен де пікірімді білдіріп көрейін...
Айналамда қамқорлықты аңсап, мейірімге шөлдеп жүрген жандар көп. Жасырып қайтемін, соның бірі – мен. «Неге олай?» деп өзіме сауал қойып та көрдім. Соңғы кездері ең жақсы көретін адамдарыммен сыналып, өмір бойы бірге болатындығымызға шынайы сенген дос-бауырлармен біржола айырылысқанда.. арқа сүйеп жүрген жалғыз адам теріс айналғанда... сені түсініп, сырласатын адамдар қалмағанда... Әлгі «Ешқашан ешкімге қатты сеніп кетпе, тіпті, сені көлеңкең де тастап кетеді» деген әдемі сөзді қайта-қайта мойындаумен болдым. Жә, мені қойшы. Ер адамнан 99 есе нәзік келетін қыз баласы онсыз да әлсіз ғой. Жылт еткеннен жанашырлық іздеп, жылы сөйлегеннен қамқорлық күтіп тұрады. Біреу қатты сөйлесе жаның жараланып, жылы сөйлесе қуаныш көзден жас болып төгіліп... Бұл – қамқоршысын іздеген қыздың халі. Әйелді гүлге теңеуші емес пе еді? Гүлге су құймасаң, өліп қалатыны секілді, қыз баласы да қамқорлықсыз, жақын адамның назарынсыз солып қалады. Оны түсіндіріп жатудың қажеті де жоқ.
Бірақ, ер адамдар ше? Ер адамдар да жылулыққа мұқтаж екен-ау... Рухтың бұл сұранысы адам өмірлік серігін тапқанда, бала-шағалы болғанда қанағаттанады деп ойлайтынмын. Алайда, ондай отбасылы адамдар да әлі күнге дейін жылулыққа шөлдейді екен. Ойындағысын ешкім бере алмағандықтан реніш те, ұрыс та пайда болады. Иман әлсіреп, күйзеліске түседі. Адамдардың мерекелер мен туған күндерді асыға күтетіндіктерін дәл осы көңіл-күймен байланыстырдым. Өйткені, ол күні бәрі саған назар аударады, ең жылы сөздерін арнайды, сыйлықтарын ұсынады.
Сөйтсем, адамдар бұл әлемдегі мейірімге қанағаттана алмайды екен ғой. Және оны екі аяқ, жұмыр бас ешқашан жаны қалап тұрған нәрсені толығымен бере де алмайды.
Хадисте Алла Тағаланың 99 мейірімі бар екендігі айтылады. Оның бірі ғана осы дүниеге төгіліп, қалғаны Жәннатқа нәсіп болған. Ал адамға жан о баста Жәннаттағы тіршілікке лайықталып берілген еді ғой.
Солай, сіз бен біздің рухымыз Жәннаттағы мамыражай, сөзбен айтып жеткізе алмайтын керемет күй үшін жаралған. Енді ойлаңызшы, 99 мейірімнің шуағы төгілген әлемге лайық адам жаны бар болғаны бір мейірімнің сәулесіне қалай қанағаттансын? Өйткені, сол бір ғана мейірімнің арқасында бұ дүниедегі пенделер бір-біріне жанашыр болып, жақсылық жасайды. Осы себептен жабайы жануар өз баласына рақымшылық танытады. Рухқа қажетті мейірімді әлемдердің Раббысы беретін болса, жай ғана топырақтан жаралған адамнан не күте аламыз?
Таласым жоқ, бұл өмірде де адам әрдайым Алланың мейірімі мен қамқорлығының құшағында. Әйтпегенде мен мұны жаза алып, сіз оқи алып отырар ма едіңіз? Алла әр пендесін жақсы көреді, оның тәубесі мен құлшылығына қуанады, жақсылықты қалайды. Сізді ешбір адам, тіпті, анаңыз да дәл осылай сүйе алмайды.
Алайда, түн ішінде төсектен жамбасың ажырап, керегіңді сұрау үшін қос қолыңды байлап, Раббыңның алдына барғанда, аққан жастан сәждең сел болғанда әлі де Аллаға деген яқин (шынайы) сенімнің жоқтығын еріксіз мойындайды екенсіз. Иә, егер біз үнемі Алланың назарында екенмізді шын білгенде адамдардың әрекеттеріне бола қынжылмас едік қой. Сынақтар, дүниенің жетіспеушілігі бізді қажытпас та еді. Әл-Уәлии (Қамқор), әл-Мәулаа (Жақын құлдарына Қамқоршы), әр-Роууф (Мейірбан, Есіркеуші), әр-Рафииқ (Дос, Жұмсақ) болған Раббымызды шын танығанда адамдардың арасынан қамқоршы, дос, мейірбанды іздеп шарқ-ұрмас еді қой.
Адам бәрібір де жалғыз. Жалғыз дүниеге келеді, Жаратушысына жалғыз сапар шегеді, сауапты жалғыз тереді, жалғыз қабірге кіреді, жалғыз есеп береді...
«Бақара» сүресін оқыған сайын тура жолдағылар мен мұратына, арман-тілектеріне жетушілердің алғашқы сипаты «ғайыпқа сенеді» екендігін біліп таңғалатынмын, ойланатынмын. Сөйтсем, ғайыпқа, яғни, Алланың барлық сипатына, Оның періштелері мен жындар әлеміне шынайы сенген адамның жағдайы ғажап екен ғой! Тіпті, Алланың барлық нәрсеге күш-құдіреті жетуші екендігін білген адам Алладан басқа ештеңеден қорықпайды.
Ал мен оны әлі сезіне алмағаныма қатты қайғырдым...
Солай, адамның бұл өмірдегі қиындықтарының ең басты себебі – Жаратушысын дұрыс тани алмауы екендігіне зәредей күмәнім қалмады. Тіпті, ғалымдар бұл дүниеде Алланы танудан артық ләззат жоқ деген екен. Алланы тану – мәңгілік рахаттардың бесігі болған Жәннаттың есігін ашу. Оны еске алу, білу – бұл дүниенің пейіші.
Ендеше, жылулық іздеп, жаурасаңыз рухыңызға қажетті нағыз жылу мен қамқорлықты бере алатын Жалғыз Раббыңызбен танысуға асығыңыз... Асығайық...
Кәусар АбдулХаким