2018-07-19 (0) (71911)

ҚАРЫЗДАН, УАЙЫМ-ҚАЙҒЫДАН ҚҰТЫЛУ ҮШІН ОҚЫЛАТЫН ДҰҒАЛАР

ҚАРЫЗДАН, УАЙЫМ-ҚАЙҒЫДАН ҚҰТЫЛУ ҮШІН ОҚЫЛАТЫН ДҰҒАЛАР

 

Құранда адам баласының әлсіз жаратылғандығы айтылады. Ауырса шипаға, қиындыққа ұшыраса қорғанға, құтқарушыға, қарызға батса, ақшадан тарықса байлыққа, қателессе тәубеге мұқтаж. Және мұның бәрі де адамға уайым-қайғы сыйлайды. Жүрегінің тыныштығын алады. Ал ой мен жүрек тыныш болмаса, барлық нәрсенің берекесі қашады.

Мұсылман сондай бақытты жаратылыс! Ол кез келген қиындықта қолын жайып, бойсұнып Алладан сұраса, мұқтаждығы өтеледі. Өйткені, Алла – адамға Қамқоршы, Жауап қатушы, Сый Беруші, Қайыр есіктерін ашушы, Ризық Беруші, Шипа Беруші, Сақтаушы, Көмектесуші, Амандық Беруші.

Сондай-ақ Алла Тағаланы еске алып, дұға жасау – жан-тәннің шаршағанын басып, көңілді жайландырады, уайым-қайғының, қорқыныш пен күдіктің қою бұлты сейіледі.


 Дұға – мұсылманның қаруы, құлшылықтың өзегі. Алла қолын жайып сұраған пендесін бос қайтаруға ұялады. «Мен  жауапты ойлап,  уайымға салынбаймын, өйткені, менің ісім – Оған дұға жасау. Егер маған дұға жасау бұйырылса, жауап та онымен бірге келеді» деген екен Омар ибн әл-Хаттаб. «Алла Тағала сені сынаса – үніңді естігісі келгені, ал дұға жасауға мүмкіндік берсе – жауап бергісі келгені». Ендеше, қиындықтарыңды дұға деген қарумен жеңіп шық!

 

Қиындықтағы мұсылманның бірінші амалы

 

«Мықты діндар, Алла алдында әлсіз діндардан жақсы әрі Аллаға сүйкімді, дегенмен екеуінде де хайыр (игілік) бар. Өзіңе пайда әкелетінге талпын да, әлсіз болмай Алладан көмек сұра. Егер саған бір қайғы келсе: «Әттеген-ай осылай да осылай істесем еді..» – деме, бірақ: «Бұл Алланың жазмышы, Алла қалағанын істеді», - де. Өйткені «егер де..», деген сөзің шайтанның ісіне жол ашады» (Муслим)

 

Дұғаңды Алланың көркем есімдерімен жаса!

 

Алланың көркем есімдерімен дұға жасаған адамның дұғасының қабыл болу мүмкіндігі жоғары. Мәселен, ризық сұрағысы келген адам «Я, Раззақ!», шипа сұрағысы келген «Я, Шәфи», көмек сұрағысы келен «Я, Насыр» деп сұрайды. Хадисте, әл-Қайиум», «әл-Хайю», «Зуль-жәләли уә әл-Икрам» есімдерімен дұға жасаудың абзалдығы айтылады: «Аллаға әрдайым және жиі мына сөздермен дұға жасаңдар: «Я, ұлылық пен жомарттық Иесі…» (Зуль-жәләли уә әл-Икрам) (Тирмизи).

 

Қайғыға тап болып, осы дұғаны айтқан адамға одан да қайырлы нәсіп болады!

 

Мүміндердің анасы Умм Салам (оған Алла разы болсын) былай деді:

     Мен Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер Алланың құлдарының бірі қайғыға тап болып:

«Расында, біз Аллаға тиесіліміз және Аллаға қайтарыламыз! Я, Алла, мені қайғымда сауапты ет те, маған одан жақсысын бер!» /Инна ли-Лаһи уа ина иләйһи ражиъуна! Аллаһумма-журни фи мусыбати уа хлюф ли хайран минха!/, - десе Алла Тағала міндетті түрде оның қайғысы үшін сауап жазады және оған (айрылғанының) орнына одан да жақсысын береді», - деді. Әбу Салама өлген кезде, мен Алланың елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт дегенін айттым, сонда Алла оны маған одан да жақсысымен ауыстырды - (яғни) Алланың елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) (Муслим).

 

Қарыздан құтылғысы келген адам мына дұғаны оқысын!

 

Бiр күнi Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешiтке кiрген бетте Әбу Умәмә есiмдi ансарлардан болған бiр кiсiні көрiп, оған: «Ей, Әбу Умәмә, сенi намаздың уақытынан тыс кезiнде мешiтте мына күйде отырғаныңды көретiндей не жағдай болды?» деп сұрағанында, ол: «Я, Расулуллаһ! Бұған себеп басымдағы қарызым мен күйзелiсiм» деп жауап бердi. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «(Олай болса) таңертең және кешке (Алла Тағаладан): «Я, Тәңiрiм! Күйзелiс және қайғыдан, әлсiздiк пен жалқаулықтан, қажырсыздық пен сараңдықтан, қарызға бату мен адамдардың ашуынан өзiңнен пана тiлеймiн)»  деп дұға ет дедi. Осы оқиғадан кейiн Әбу Умәмә былай дедi: “Мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанындай қылдым. Алла Тағала уайымдап, абыржығанымды кетiрiп, қарызымды өтеуiмдi нәсiп еттi. (Әбу Дәуіт).

Дұғаның оқылуы: 


 Аллаһумма! Инни әъузә бикә минәл-һамми уәл-хузни, уә әъузә бикә минәл-ъажзи уәл-кәсәл, уә әъузә бикә минәл-жубни уәл-бухл, уә әъузә бикә мин ғоләбәтид-дайн, уә қаһрир-рижәәл.

 

Қарыздан құтылу үшін Алладан көмек сұрайтын басқа да дұғалар:

 

«Я, Алла! Мені хәлал еткен нәрселерің арқылы харам еткен нәрселеріңе жүгінуден сақтай гөр, әрі Өз кеңшілігіңмен мені Өзіңнен басқаларға мұқтаж етпе!»

«Аллаһуммә, кфи-ни би халәликә ‘ан хәрамикә уә әғнини би фәдликә ‘аммән сиуәк!»

 

«Я, Алла! Расында, мен Саған уайым-қайғыдан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сарандық пен қорқақтықтан, қарыздың ауыртпалығы мен адамдардың қыспағынан Өзіңе сиынамын!»

«Аллаһуммә, инни ә’узу бикә минәл һәмми уәл-хәзәни, уәл-’ажзи уәл-кәсәли, уәл- бухли уәл-жубни, уә долә’и-д-дәйни уә ғаләбәтир-рижәл» (Бұхари).

 

Мазасыздықта, уайым-қайғыда оқылатын басқа да дұғалар:

 

«Я, Алла, шын мәнінде, мен Сенің құлыңмын. Сенің құлың мен күңіңнің ұлымын. Менің тағдырым Сенің қолында. Сенің шешімің маған міндет әрі маған шығарған үкімің әділ. Саған тән болған барлық есімдеріңмен, Өзінді атаған немесе Кітабыңда түсірген, немесе жаратылғандарыңның біріне үйреткен, немесе Өзіңнен басқаға құпия еткен барлық есімдеріңмен Өзіңе жалбарынамын: Құранды жүрегімнің көктемі, кеудемнің нұры, әрі мазасыздығым мен уайымымды әкетуші ете гөр!»

 

«Аллаһуммә, инни ‘абдукә, ибну ‘абдикә, ибну әмәтикә, нәсыйяти би-йәдикә, мәдын фийә хукмукә, ‘адлун фи-йә қадоукә, әс-әлукә би-кулли исмин һууә ләкә, сәммәйтә биһи нәфсәкә, әу әнзәлтәһу фи китәбикә, әу ‘алләмтәһу әхәдән мин халқикә, әу истә'сәртә биһи фи ‘илми-л-ғайби ‘индәкә, ән тәж’алә-л-Қур'әнә раби’а қалби, уә нура садри, уә жәлә-ә хузнии уә  зәһәбә һәмми!» (Ахмад).

 

Ерекше Байсалды әрі Ұлы Алладан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Ұлы ‘Аршының Раббысы – Алладан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ, көктер мен жердің Раббысы әрі Ардақты ‘Аршының Раббысы – Алладан басқа құлшылыққа лайықты Құдай жоқ».

«Лә иләһа иллә-Ллаһу-л-’Азыйму-л-Халиму, лә иләһа иллә-Ллаһу, Раббу-л- ’Арши-л-’азыйми, лә иләһа иллә-Ллаһу, Раббу-с-сәмәуәти уә Раббу-л-арды уә Раббу- л-’Аршил-кәрими» (Бұхари).

 

«Я, Алла! Сенің рахымыңа үміт етемін. Мені бір мезетке болса да өз нәпсіме тастама, әрі менің барлық жұмыстарымды оңда, Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ!»

«Аллаһуммә, рахмәтәкә әржу, фә лә тәкилни илә нәфси тарфәтә ‘айнин, уә аслих ли шә’ни кулләһу, лә иләһа иллә Әнта!» (Әбу Дәуд).

 

«Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Сен (кемшілік атаулыдан) Пәксің. Расында, мен (өзіме) зұлымдық жасаушылардан болдым»

 

«Лә иләһа иллә Әнта, субхәнәкә, инни қунту минә-з-золимин!»  (Тирмизи)

 

«Алла, Алла, Ол менің Раббым, Оған ешкімді серік етіп қоспаймын!»

 

«Аллаһу, Аллаһу, Рабби, лә ушрику биһи шәй-ә!» (Әбу Дәуд)

 

  «Я, Алла, мен үшін менің барлық ісімде маған қорған болатын дінімді реттеп бер (Яғни, дінді дұрыстап ұстағанға жердем бер), сондай-ақ мен өмір сұріп отырған осы дүниені реттеп бер (Яғни, осы дүниеде керектің бәрін маған хәләл етіп бер), сондай-ақ мен оған оралатын мәңгілік өмірді реттеп бер, сондай-ақ маған өмірімді тек игілік әкелетін еткіз, сондай-ақ мен үшін өлімімді барлық зұлымдықдықтан  құтылдырушы еткіз!

 

«Аллаһумма, аслих ли дини алләзи хува 'исмату амри, уә аслих ли дунйайа алләти фи-ха ма'аши, уә аслих ли ахырати алляти фи-һа ма'ади, уа-дж'али-ль-хайата зийадатан ли фи кулли хайрин, уа-дж'али-ль-маута рахатан ли мин кулли шаррин!» (Муслим)

 

Әбу Умам (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаға көптеген дұғалар жасайтын да, оларды біз есімізде сақтай алмайтынбыз, сосын бірде біз оған: «Я, Алланың елшісі, сен Аллаға көптеген дұға жасап, оларды біз есімізде сақтай алмадық!», - дедік. Бұнымызға Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Сендерге осының бәрін біріктіретінді үйретейін бе? Былай деңдер: «Я, Алла, мен Өзіңнен Сенің пайғамбарың Мұхаммад (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), сұраған игілікті сұраймын және Өзіңнен Сенің пайғамбарың Мұхаммад (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), сыйынған барлық зұлымдығынан сыйынамын! Көмекті Өзіңнен ғана сұрау қажет, ал дұғаны қабыл етуді Өзің ғана шешесің және Алладан басқа ешкімде күш қуат жоқ!»

«Аллаһумма, инни ас'алю-кә мин хайри ма са'аля-кә мин-һу набийу-кә Мухаммадун, салля-Ллаху 'аляй-һи уа салләма, уа а'узу би-кә мин шарри маста'аза мин-һу набийу-кә Мухаммадун, салля-Ллаху 'аляй-һи ва салләма! Уа Анта-ль-муста'ану, уа 'аляй-кә-ль-баләгу уа ля хаулә ва лә қууата иллә би-Ллаһи!» (Тирмизи).

71911 рет оқылды