Отбасы 2016-03-02 (0) (8113)

Сен қандай перзентсің?

Сен қандай перзентсің?

 

Ей, қайырымды перзент! Ұлағатты ұрпақ! Бір сәт назарыңды сал да, төмендегі сұрақтарға жауап берші?!

 

Бізді жуындырған, дәретіміз бен бүлінген киімдерімізді еш жиіркенбей сан мың рет жуған, үтіктеуге ерінбеген анамыздың маңдайынан соңғы рет қашан сүйдік?

Біз үшін секундтар мен сағаттарын ғана емес, бүкіл өмірін арнаған анамызға жылына қанша күнімізді қидық?

Тамақты шайнап беріп, астың ең жақсысын алдымызға қойған ата-ананы бір тортпен ғана алдағымыз келе ме?

Анамыз қалам мен қасық ұстауды үйретті, ал біз оған жылына қанша рет гүл ұстаттық?

Киінуді, түйме қадауды, аяқ-киімнің бауын қадауды үйреткен анамызға жылына қанша рет орамал сатып алып беріп жүрміз?

Анамыз бізге жазу мен оқуды үйретті, ал біз оған ыстық лебіз толы хаттарды күнделікті жолдап жүрміз бе? Ізгі тілекті соңғы рет қашан айтқанымыз есімізде бар ма?

Бізді қолына көтеріп, жүрегі лүпілдеп қаншама дәрігердің есігін қағып, көмектесуін сұраған жанды арқамызға емес, тым болмаса көлігімізге отырғызып қайда апарып келдік?

Ол біз үшін жеке өмірін, қызығушылығын, денсаулығын шетке ысырып қойған жоқ па еді? Өйткені, оның өмірінің бар қызығы, қуанышы  бала еді.  Ал сіз оны жылына қанша рет қуантып жүрсіз?

 Бүгін оның қал- жағдайын білдіңіз  бе? Ал кеше ше? Қажетін сұрадыңыз ба? Бір рет болсын аяғын уқалап, ұйқыда жатқанда көрпесін жаптыңыз ба?

Баланың есендігі, жылы сөзі, қамқорлығы – ата-ананың жүрегіне қуаныш сыйлайды. Біз сол қуанышты жылына қанша рет жеткіземіз?

«Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың разылығында» (Тирмизи). Ал біз Алланың разылығын жылына қанша күн іздеп жүрміз?

 

 

8113 рет оқылды