18:30 | Жақсы кино
Патриоттық 2014-12-10 (0) (8274)

Мұзарттағы Мұзбалақ

Мұзарттағы Мұзбалақ

Пай-пай, шіркін!

Қандай ғажап!

 Мұзбалақ осылай тамсана, таңдана өзі нышан болған осынау байтақ өлкенің аспанында ары-бері зымырап жүр. Қалықтап жүр.

 Кеше ғана керегесін керген отаудың бүгін іргелі ордаға айналғаны керемет бір жетістік еді.Ұшы қиырсыз байтақ дала, бай дала, бақыт ту тіккен бейбіт дала. Ол осыған тамсанады, таңданады.

  Осынау дарқан өлкенің шартарабын шарлағанына небәрі 20-неше жылдың ғана жүзі болса да, бір кездегі топшысы қатпаған бала қыран қазір қанат-құйрығы жетілген, тегеурінді. Көк аспанда қалықтап жүріп, бүкіл әлемге қырағы жанарымен қадала қарайды. Қанатын кере бірнеше мәрте қағып-қағып жіберіп, саңқ-саңқ етеді. Ғажап үні жер шарының шартарабына шашырап жатыр, шашырап жатыр.

 Жаратқан Иесінің ғасырлар бойы қазақ деген дана да дархан халыққа өзінегіз етіп жаратқанына дән разы. Міне, бүгін дана халықтың үшы- қиырсыз байтақ даласында нышанға айналып, көк аспанда қанаты күнге шағылысып самғап барады.

 Осылай, өзі өскен өңірдің аспанын шарлап келеді, самғап келеді.

 Кенет кідіре қалды.

 —  Бұл не?

 — Ооо!!!  Адамдар екен. Қарақұрым халық неге жиналды екен, ә!

 —Ммм!!! Есіме түсті. Бүкіл ел тәуелсіздік мейрамын тойлап жатыр.  Жүздері басқа болса да жүректері, тілдері басқа болса да тілектері бір барша жұрт арқа-жарқа. 

 —Иә, мұндай думан 23-жыл бойы біздің қазақтың даласын тербетіп келеді деп «Мұзбалақ» керіле тынысын ішіне тартты да, кенет ойлана қалды:

 —   Мұндай той-томалақ жылына неше мәрте болушы еді өзі?

 —   Жоқ. Жоқ. Есімде қалмапты.

  —Мереке-мейрам деген жетеді. Тіптен көп. Бұл халық тойсыз өмірі өтпейтін бір ғажап халық ғой деп күбірледі ол. Тыныштықтың қадірі деген осы да.

 Сөйтті де, кенет қырағы көздерін оң тарапқа бұрып еді, сонау шалғайдан андыз-андыз, қараң-құраң еткен бір нәрселерді көрді.

 —   Бұл не тағы?

 —   «Мұзбалақ» қанатын бір төңкерді де, зыр етіп жетіп барды.

 —   Қап! Әттең-ай!!!

 Күнкөріс үшін, дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып, ағылған айыр қалпақты ағайындар екен-ау! Қалқиған қалпағыңнан айналдым, ағайындарым-ай! Бір емес, екі мәрте тауы шағылып, тозып кетіпті ғой! Бізбен бір мезгілде тәуелсіздік туын көтеріп, айрандай ұйып отырған ел еді. Енді міне өлместің күйін кешкен қазақтың қайран құдайы көршісі-ай, деп қазақтың атынан қайғыра, бір ауыр күрсініп алды. Кенет кері бұрылып, өз өлкесіне қарай зулай жөнелді. Сол байырғы әдетінше бүкіл елді шарлап кетті.

 —   Ой, мынау не істеп жатыр-ей?

 —   Жібер оны!

 —   Әйелмен бірге әйел болғаны несі, дейді сәл кейістікпен.

 «Әйелдің әмиянына жағаласқан бір бейшараға бола, барды жоққа шығарып қайтейін»,— деді тағы іштей кеңінен бір толғанып. «Күріш ішіндегі бір күрмек» келелі іске кесір келтіре алмайды ғой.  Ақынның тілімен айтқанда:

 «Өмір қызық, кейде жомарт қолменен,

 Сараңдардың шайына сүт қатады.

 Кейде қызық, тұлпар жүрер жолменен,

 Есектер де кетіп бара жатады» деген осы ғой түге.

        «Мұзбалақ» басын бір шайқап, батысты бетке алып тартып кетті. Кәрі Каспиге кеп бірақ тоқтады. Көгілдір теңізге қарап тұрып:

 —   Пай-пай, шіркін! 

 Мейірімдінің мейірі тұнған қайран қазағым-ай, деп тағы бір тебіренді.  Осынша ұлан байтақ өлкедегі мамыражай тірлікке, елдің ертеңге деген сеніміне сүйініп тұрып, сәл дамылдады да, қанатын қайта қағып-қағып жіберді.

 —   Ой, ой! Анау неғылған қара түнек?

 Аспаннан жерге емес, жерден аспанға қарай атқылаған қандай бұлт деп шамалы тұрды да, тәуекел деп сол бағытқа қарай зымырай жөнелді.

 —   Ой, мынау Киев қой түтін торлаған деп, түршіге қалды. Кеп-кеше дүркіреген, атағы дардай өзінше бір «держава» еді-ау!

 —   Әй, әй! Әттең! 

 Ол, көкірегіне бір нәрсе кептеліп қалғандай күй кешті. Көршіңнің күйін, күйігін көріп тұрып, қалай ғана бей-жай тұрарсың?!...

 — Тап-таза құс жүрегімен  о, Жаратқан! Жер бетін бүліктен сақтай көр деп іштей дұға қылды да, өз елін бетке алып бірақ тартты.

  Аспанмен таласқан шыңдардың шыңындағы мұзарттан ары асып қалықтаған, қырандардың мұзбалағы мұндай кезде қайдан тыныштық тауып тұра алсын. Енді, шығысты да бір шолып шықпақ. Әлемде айдақар атанған алып елден хабар алуға асығып, жұлдыздай ағып, аспан асты елінің аспанына бірақ кірді.

 —   Мәссаған!!!

 —   Кірді де, таң қалды.

 —   Дөй-дөйт деген! Недеген құжынаған халық?!...

 — Бір шаңырақта бір баладан артық бала өсіруге жол бермеген күннің өзінде, осынша құжынап жатыр... Жақында әр отбасында екі бала тууға рұқсатты беруді заңдастырғанын мәлімдеп еді ғой. Халқын енді қайда сыйдырмақ?!...

 «Мұзбалақ» осыны ойлап, іштей бір буырқанып, бұлқынып алды. Өз өлкесін жұтылып кетеме деп, құс та болса құсалы.

 —Оу, қазақтар! Қайдасыңдар?! Битке өкпелеп, тондарыңды итке тастамаңдар! Бірігіңдер! Сендерге бірлік керек!  Шақыр анау шетте жүрген ағайыныңды. Саныңды көбейт, күшің тек бірлігіңде!

 —Қайт кейін! Орал отаныңа оралмандар!

 —Ол осыны айтып айқайлап келеді, айқайлап келеді...

 

  Келе сап, қасиетті Құрандағы мына бір аятты бар даусымен жар сала бүкіл елге жеткізуге асығып, өз мекенін тағы да шарлап кетті...

   «Түп- түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір- біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді». («Али-Имран» сүресі, 103-аят). 

 

 

8274 рет оқылды