10:15 | Құран уақыты
10:35 | Ем болсын
10:45 | Жұма уағызы
Руханият 2014-12-10 (0) (21254)

Алланың әйелге сыйлаған тәжі

Алланың әйелге сыйлаған тәжі

Айналайын, қарындасым! Алланың аманаты!

Сенің бойыңдағы қарапайымдылық, ұят, иба – Жаратушының саған берген артықшылығы әрі иманыңның белгісі. Бұл нығметті сақтау, қиянат жасамау – сенің парызың. Біз білеміз, сен аса Мейірімді Алланы жақсы көресің. Ол да сені жақсы көреді және Жәннат бақтарыңда болғаныңды қалайды. Сол үшін де саған: «Әрі иманды әйелдерге айт, көздерін төмен қаратсын, жыныс ағзаларын қорғасын және көрініп тұрғаннан (сырт киімдерінен) басқа көріктерін көрсетпесін. Жаулықтарын көкіректеріне түсіріп жапсын және көріктерін көрсетпесін...» («Нұр» сүресі, 31-аяттың мағыналық аудармасы) деп бұйырды.

Орамал – сенің тазалығыңның, пәктігіңнің белгісі.

Білесің бе, бүкіл әлем жамылғыда! Біз өмір сүретін жер ғаламшары атмосфера және озон қабатымен қорғалған. Жаңа піскен жемістердің де қабығы бар. Қабығы жоқ алма тез шіруге бейім, банан да түсін лезде өзгертеді. Көк сия да қаптамасыз кеуіп кетер еді. Ең құнды кітаптардың қалың мұқабасы болады. Ал әйел ше?

Абай атамыз: «Әйел адам – гүлмен тең» деген. Әдемі гүлді әркім үзгісі келеді. Сол себепті қыз баласы өзін лайықты киіммен қорғауы керек.

Орамал –  сенің асқақтығыңның, құндылығыңның көрінісі.

Алла Тағала құнды еткен дүниелердің барлығы да қолжетімсіз келеді. Қане, айта ғойшы, аяқ астында жатқан гауһар тасты, алтынды көрдің бе? Олар жер қойнауында жасырын жатыр. Інжу тас та мұхит түбіндегі қабыршақтың құшағында емес пе? Ал сенің тәнің – барлығынан да бағалы. Сондықтан, әрдайым жабық киінгенің абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Оның басындағы орамал – осы дүниеден және ондағы барлық нәрседен жақсы» деген. (Бұхари).

Орамал – оттан қорған.

Бір тал шашын көрсеткен әйел үшін жаза бар екендігін білуші ма едің? Ал Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тозақтағылардың басым бөлігі әйелдер екендігін айтқан. Сұр үріліп, Қиямет басталғанда, күн төмен түсіріліп, адамдар қорқыныштан жылап, терлей бастағанда, таразылар құрылып, есеп басталады. Сонда сен өз тәніңнің сұлулығы Алла рұқсат бермеген адам алдында көрсетпегенің үшін мақтанатын боласың. Әйел затына сұлулығын тек қана Тәңір қосқан жан-жарыңа көрсету қайырлы болмақ. Себебі, күйеуің – сенің жұмағың.

Орамал – адамның емес, Алланың саған берген тәжі.

Әйел затын ер адамнан үш есе артық еткен Алла Тағаланың саған разы болғаның қалайсың ба? Олай болса, адамдардың емес, бұйрықтарын орындау арқылы Алланың разылығын іздеуге тырыс! Сені адамдардың көзқарасы, құрбыларыңның әрекеті алдамасын! Керісінше, оларға үлгі бола біл! Шариғат шәлісін жамылған әйел – үнсіз уағыз екенін есіңнен шығарма. Сен – исламды таныстырушысың, мойныңа артылған жауапкершілікті абыроймен атқаруыңды сұраймыз!

Орамал – сенің қорғаның, панаң.

Алла Тағала Құранда: «Ей, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және имандылардың әйелдеріне айт: жаулықтарын үстеріне түсіріп жапсын. Бұл олардың танылуына жақын. Сөйтіп, олар қорлыққа ұшырамайды» («Ахзаб» сүресі, 59-аят) дейді. Иманды адам өзгелерден беттегі мең секілді ерекшеленіп тұруы керек. Сенің пәк әрі тәрбиелі қыз екеніңді білген адамдар арыңа қол сұқпайтын болады. Керісінше, күллі ер азаматтың құрметіне ие боласың! Сен – нәпсінің, құмарлықтың, сәннің емес, Алланың құлысың!

Орамал – Әлемдердің Раббысының бұйрығы.

Айналайын, қарындасым! Сенің суретіңді рұқсатсыз жариялаған адамға қаншалықты ашуланар едің? Алайда сен Алланың берген аманатын рұқсатсыз жария етіп жүргеніңді ұмыттың ба?

Орамал – тән сұлулығының кепілі.

Жыл сайын қаншама адамдар тері ауруларына душар болып жатады. Ал екінші бірі шаштың зақымдалуына шипа іздеп жүреді. Мінеки, Алла Тағаланың орамалды бұйыруында үлкен даналық жатыр. Жастайынан орамал таққан қыздың тән сұлулығы ұзақ жылдарға сақталып, ерте қартаю қаупінен ада болады. Жаратылысты Жаратушысынан артық кім білген?

Орамал – сенің адалдығыңның белгісі.

Айналайын, қарындасым! Ашық-шашық киініп шыққанда қаншама ер адамның күнә жасауына жол ашатыныңды білгенде, есіктен ешқашан жалаңбас шықпайтыныңа сенімдімін. Саған мойнын бұрып қараған жігіттің ақыретте сені танымайтындығын да ұмытпа. Әркім өзі жасаған іске жауап береді емес пе?

Орамал – салиқалы әйелдің белгісі.

Мың жігіттің көз құрты емес, бір жігіттің жан-жары болған әйел қандай керемет! Сен – күйеуіңнің иманының жартысына, абыройына айналасың. Сұлулығыңды жұмағың болатын жарыңа ғана көрсетсең, сенен салиқалы келіншек болмас еді. Сен – ел тұтқасын ұстар ұрпақ тәрбиелеушісің, ошағыңның берекесі боласың. Балаларыңның мақтанышы болғың келе ме, олай болса, сыртқы және ішкі дүниеңді «шариғат шәлісімен» көркемде!

Әлемдегі ең әдемі әйел – Алла разылығы үшін оранған әйел. Ал Алла разы болған адам мәңгілік рахатқа кепіл беретін Жәннаттың тұрғыны болмақ. Қарындасым, Жәннатқа жаулықпен асық!

 

 

 

21254 рет оқылды