Осындай қызықты мәліметті АҚШ-тың Бэйлорск университетінің ғалымдар тобы жария етті. «Құдаймен байланыс, кәсіби икемділік және жұмысқа қанағаттану» атты зерттеу осы тақырып бойынша тың деректердің көзін ашты, деп жазады Opposing Views.
Ғалымдар Құдайға және Жаратушы бір күшке сенетін 860 ересек адамға сауалнама жүргізді. Респонденттерді үш топқа: Құдайға ерекше ықыласпен сенетін, белгілі бір дәрежеде сенетін және Құдайға деген сенімі уақыт өте ұлғайып отыратын адамдарға бөлді. Атеистер мен сенімі әлсіз адамдар зерттеуге қатыстырылмады.
Зерттеу нәтижесінде, Құдайға құлдық ұрып, сенім артқан адамдардың өз жұмыстарына көңілі толатындығы белгілі болды. «Біз Құдайға сенушілер кәсіптік жұмыстарын да Жаратушымен бір байланыс ретінде ұғынып, ықтиятты қызмет ететіндіктерін анықтадық. Осылайша олар өз жұмыстарына да көңілдері толады. Үлкен ықыласпен қарайды» дейді ғылым докторы, университет профессоры, зерттеу тобының жетекшісі Блейк Кент.
Зерттеушілер өз тәжірибелеріне сүйене отырып, жұмыс берушілер қызметкерлерінің діни сенімдеріне қысымшылық жасамай, керісінше, еркіндік беру керек деген тұжырымға келді. Тіптен, әлеуметтану профессоры Кевин Доэрти қызметкерге құлшылыққа 15 минут уақыт беру оның жұмыс істеу қабілетін көтеретінін атап айтты. Сонымен қатар, зерттеушілер жұмыс орнында адамдардың құлшылық жасауына мүмкіндік беру оларды күйзелістен құтқарып, агрессиялық мінезден арылтатынын айтып отыр.
e-islam.kz