Ел арасында ең кең тараған үлкен күнәнің бірі арақ ішу. Арам нәрсені адал сияқты көріп пайдалану ақырзаман жұртының сипаты, ақырзаманның жақындағанының белгісі. Бұл туралы хадистерде айтылады.
Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Үмбетімнен арақты адал деп есептейтіндер болады» (Бұхари).
Құран Кәрім мен хадистерге жүгінсек, арақтың нағыз харам, тыйым салынған нәрсе екендігін білеміз. Алла Тағала былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Шындығында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілікті орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?! Аллаға мойынсұныңдар әрі Оның елшісіне мойынсұныңдар, сақтаныңдар! Ал егер кері кетсеңдер, біліңдер, Елшіміздің бар міндеті анық жеткізу ғана» (Мәида сүресі, 90-92).
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) да хадистерінде арақтың харам екендігі туралы нақтылап айтып өткен.
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Барлық мас қылушы – арақ һәм барлық мас қылатын нәрсе харам» (Бұхари, Мүслім).
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Үш адам Жәннатқа кірмейді. Олар: арақ ішуші, туыстық байланысты үзуші және сиқырға сенуші. Кімде-кім арақ ішіп, мас болып өлсе, даңқты һәм ұлы Алла одан әл-Ғута өзенінен сусындатады», – дейді. Адамдар: «Уа, Расулалла! Әл-Ғута өзені деген не?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол тозақтағы зинақор әйелдердің мүшелерінен ағатын өзен. Олардың мүшелерінің исінен бүкіл тозақтықтар қатты жиіркенетін болады», – деп жауап берген (Ахмет, Әбу Яғла).
Ибн Әбу Хатим өзінің тәпсірінде Абдулла ибн Амрдан (р.а.) мынадай риуаят жеткізді: «Мен Алланың елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) арақ туралы сұрап едім, «Арақ – үлкен күнәлардың ең үлкені, азғындықтың басы. Кімде-кім арақ ішсе, намазын тастап қояды», – деп жауап берді».
Арақ ішу – мұсылмандықтан шығарып, иманнан алыстататын үлкен қылмыс. Арақ ішкен кезде адамның иманы оны тастап, одан көтеріліп кетеді. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Зинақор зина жасағанда мүмін емес, арақ ішіп жатқан кезде мүмін емес, ұрлық істеп жатқанда мүмін емес, тонаушы адам тонап жатқанда мүмін емес» (Бұхари).
Арақ қоршаған ортаға тек зиян әкеледі. Оны жасаған да, ішкен де, апарған да бірдей күнәлі болып, Құдай Тағаланың қарғысына ұшырайды.
АРАҚ-ШАРАП САТУ
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандардың арақ-шарап сатуына, оны сатып алуына, арақ-шарап саудасына делдалдық жасауына, ішуі мен құюына тыйым салған. Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шарапқа байланысты мынандай он нәрсеге қарғыс айтқан:
1. Шарап жемісін сығуды талап еткенге;
2. Оны сығушыға;
3. Шарап иесіне;
4. Шараппен сауда жасаушыға;
5. Шарапты сатып алуды талап етушіге;
6. Шарапты сатып алған адамға;
7. Шарап саудасынан пайда тапқанға;
8. Шарап ішкенге;
9. Ішушімен дастарқандас болғандарға;
10. Арақ-шарапқа;
Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырады: арақтың өзі, оны ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, әкелуші мен әкелдіруші және арақтан түскен пайданы жеуші Алла тарапынан қарғысқа ұшырады» ( Абу Дауд, Ахмад, Ибн хиббан).
Тағы бір хадисінде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл дүниеде кім шарап ішіп, ол (ісіне) тәубе қылмаса, онда оған ақыретте ол харам болады»,—деген (Бұхари).
Абдулла ибн Амрден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Қандай да бір адам арақ ішсе, оның намазы қырық түн бойы қабыл болмайды. Ал сол күйі өліп, оның несеп жолында арақтан бірдеңе қалса, ол жәннатқа кірмейді. Сол қырық күннің ішінде өлсе, нағыз надан күйде өлген болады» (Табарани, Хаким)
ИМАН МЕН АРАҚ
Арақ басқа күнәлардың істелуіне себепкер болатын азғырушы ішімдік. Абдулла ибн Амрден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Бәни Исраил патшаларының бірі бір адамды әкелдіріп, одан не арақ ішуді, не бір адамды өлтіруді, не зина жасауды, не шошқаның етін жеп немесе оны өлтіруді талап етеді. Ол адам арақ ішуді таңдайды. Арақты ішкен соң қалған істердің бәрін де істейді» (Табарани, Хаким)
Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Арақтан аулақ болыңдар! Уаллаһи, иман мен араққа мас болу бір адамның кеудесінде ешқашан қатар тұра алмайды. Ол екеуінің бірін-бірі шығарып жіберуге тырысады» (Ибн Хиббан, Бәйһақи)
Мұсылман баласына арақ ішілетін орындарда, жиылыстарда отыруға да болмайды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіне солай бұйырған. Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, арақ ішпесін! Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, арақ ішілетін дастарханның басында отырмасын» (Табарани).
АРАҚ - НӘЖІС
Шариғаттағы тазалық кітабында арақ-шарап, ішімдік денеге, киімге тисе немесе төгілсе нәжіс деп қабылданады. Қашан жақсылап тазаланғанша ондай киіммен намаз оқуға болмайды. Арақтың азы да, көбі де харам. Хадисте: «Мас қылатын нәрсенің азы да, көбі де харам», – делінген.
Арақты ем ретінде ішуге болмайды. Өйткені харам нәрседен шипа болмайды. Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисте: «Ақиқатында Алла менің үмбетіме харам қылынған нәрселерден шипа жасамайды», – деген (Ағраф сүресі, 180-аят).