22:30 | Емен-жарқын

2019 ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК 5 ЖАЗБАСЫ

2019 ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК 5 ЖАЗБАСЫ

 

5-орын

ТҰРМЫСҚА ШЫҒУ ҮШІН ОҚЫЛАТЫН ДҰҒА!

Жаратушы Алла Тағала Өзіне қол жайып дұға жасайтын пенделерін жақсы көреді және, әлбетте, Алла дұға мызға міндетті түрде жауап береді. Бұл туралы Ол «Ғафир» сүресінің 60-аятында: «Менен сұраңдар, жауап беремін, тілектеріңді қабыл етемін», - деген. Алайда, тілегіміздің қабыл болмай жүруінің бірден-бір себебі, көбінесе өзіміздің қателіктерімізден болады екен. Мысалы, дұға жасаған кезде мына әдеп, шарттарды қаншалықты сақтайсыз?

1. Дұға жасағанда Аллаға мадақ, мақтау, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтумен бастаңыз.

2. Шынайы ықыласпен дұға қылыңыз, яғни дұға жүректен шығуы керек.

3. Дұғаның қабыл болатынына анық сену керек, бұл Аллаға деген иманның кемелдігін көрсетеді.

4. Байсалдылықпен, асықпай тілеу керек.

5. Дұғаны кеңшілікте де, қиындықта да жасау керек.

6. Біреуге зиян, жамандық тілеп қоюдан аулақ болу керек.

7. Күнәларына шын өкініп, кешірім тілеу, енді қайталамауға бел буу керек.

8. Ешкімге қарыз болмауға тырысу керек.

9. Астың адал болуына, киген киім мен баратын жерлерінің таза, шариғатқа сай болуына мән беру керек.

Міне, осы бір әдептер дұғамыздың мейлінше қабыл болуына септігін тигізеді. Ал тұрмысқа шығу үшін оқылатын Құрандағы дұғалар мыналар:

1. Раббә-нәә һәб-ләнәә мин әзуәә-джи-нәә уә зурри-иәәти-нәә қурратә әъюниу уәдж-ғәл-нәә лил-муттә-қии-нәә имәәмәә.

Мағынасы: Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!
(«Фұрқан» сүресі, 74-аят)

2. Рабби иннии ли мәә әңзәлтә иләй-йә мин хайрин фәқиир.
 

Мағынасы: Раббым! Ақиқатында мен Өзің маған түсірген кез келген жақсылыққа мұқтажбын. («Қасас» сүресі, 24-аят)

Құлының тілегіне жауап қатушы (Әл-Мужииб) Алла Тағала еліміздегі әр бозбала мен бойжеткенге өз жұбын адаспай табуды, салиқалы ұрпақ сүйіп, өсіп-өнуді нәсіп етсін!

4 - орын

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫҢ МАХАББАТЫН АРТТЫРУ ҮШІН ОҚЫЛАТЫН ҮШ ДҰҒА

Махаббат деген аяулы сезімді жүрегінде тербетіп, өмірін сүйіспеншілік пен сыйластыққа көмген ерлі-зайыптылардың өмірі кім-кімді болса да сүйсіндірмей қоймайтыны анық. Мұндай адамдар үшін өмір – нағыз бақыттың базары! Иә, ешкім ертең ажырасамын деп үйленбейді, ешқандай қыз орта жолда жалғыз қаламын деп тұрмысқа шықпайды.

Онда неге кейде сезім суып, сыйластық әлсіреп, екі жастың жолы екіге айырылып кетеді? Бір ысып, бір суып тұратын махаббатты қалай тұрақтандырамыз? Отбасын сақтау үшін қандай дұға оқуымыз керек?

БІРІНШІ

Ең алғаш неке қиған күннен бастап-ақ осы бір маңызды нәрсеге мән беруге үндеген Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Егер сендерден әлдебіреуің әйелімен жақындасқысы келгенде: «Алланың атымен, иә, Алла, бізді шайтаннан аулақ ет және Сенің бізге беретініңнен де (баладан) шайтанды аулақ ет» - деп айтса, әрі сол түні ерлі-зайыптыларға балалы болу нәсіп етілсе, онда шайтан оларға ешқашан зиян тигізе алмайды”, - деген.

ДҰҒАНЫҢ ОҚЫЛУЫ:

«Бисми Лләһи, Аллаһуммә, жәннибнаш-шайтана уә жәннибиш-шайтана ма разақтана»

Демек, отбасындағы береке мен махаббаттың тұрақты болуы үшін неке қиған ерлі-зайыптылар алғашқы күннен-ақ Алла Елшісі ﷺ үйреткен жолмен жүріп, шариғатқа сай әрекет етуі керек.

ЕКІНШІ

Сахабалардың бірі ибн Масъудқа (р.а) Алла Елшісі ﷺ мына дұғаны үйреткен:
Аллаһуммә әллиф бәйна қулуубина, уә аслих зәтә бәйнина, уәһдинә субуләс-саләми, уә нажжинә миназ-зулумати илән-нур, уә жаннибнәл-фәуәхиша мә заһәра минһә уә мә бәтанә, уә бәрик ләна фи әсма’ина уә абсарина уә қулуубинә уә әзуажина уә зурриәтина. Уә туб ъаләйна, иннәкә Әнтат-таууабур-рахим. Уәжъалнә шәкирина ли ниъмәтика, муснина биһә уә қабилиһә уә әтиммәһә ъаләйна

МАҒЫНАСЫ: Иә, Алла, біздің жүрегімізді біріктіріп, қарым-қатынасымызды түзей гөр. Бізді қараңғыдан жарыққа шығарып, бейбіт жолмен жүргізе гөр. Бізді жасырын және жария болған барлық ұятсыздықтан алыстата гөр. Естуімізді, көруімізді жақсартып, жүрегімізді және жұбайларымыз бен ұрпақтарымызды туралыққа бағытта. Біздің тәубемізді қабыл ет, шынында Сен – Тәубені қабыл етуші әрі Мейірімдісің. Бізді нығметтеріңе шүкір етушілерден қыл, оларды толық алушылардан етіп, сол үшін мақтау-мадақ айтатындардан ет және оны бізге толықтырып бер.
(Әбу Дәуд 969, әл-Хаким 397, Табарани)

ҮШІНШІ

Ерлі-зайыптылардың сезім отын тұтататын үшінші дұға мынадай:
Раббә-нәә һәб-ләнәә мин әзуәә-джи-нәә уә зурри-иәәти-нәә қурратә әъюниу уәдж-ғәл-нәә лил-муттәқии-нәә имәәмәә.

МАҒЫНАСЫ: Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!

Бұл дұға қасиетті Құрандағы «Фұрқан» сүресінің 74-аятында айтылған.
Міне, бұл - ерлі-зайыптылардың махаббатын арттыруға арналған үш дұға.
Пенденің жүрегі – Алланың қолында, Ол оны қалаған жағына қарай бұра алатыны хадисте айтылған. Сондықтан сүйіспеншілік пен махаббатты сақтап қалуға тырысқан ерлі-зайыптылар соған сай әрекет жасап, еңбектене жүрумен қатар, осы дұғаларды айтып, Алладан жәрдем тілей жүргені дұрыс. Денеміз жасушалардан құралғандай, кез келген мемлекет отбасылардан тұрады. Отбасылардың беріктігі – отанымыздың беріктігі!

Ендеше, қазақтың еш шаңырағы шайқалмасын, әр ордасы бақыт пен шаттыққа толы болсын деп тілейміз.

 

3-орын

НАМАЗДА ОЙЫҢЫЗ БӨЛІНЕ БЕРСЕ...

Намаз – мұсылман пенденің бес парызының бірі, тілек тілеудің көпірі. Намаз - діннің тірегі, имандылардың жарық нұры және құл мен Жаратушысы арасындағы нәзік сыр.

Бұл – адамзаттың ең абзалы болған Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті амалы. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазды көзінің қарашығына балаған. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Пенде намаз оқиды, бірақ оған намазынан тек оннан бір бөлігі, сегізден бір бөлігі... үштен бір бөлігі немесе тіпті, жартысы ғана жазылады», - деген. (Ахмад, Әбу Дәуд, Байһақи, ибн Хиббан) Яғни бұл – намазды ерекше ықыласпен, ыждағатпен оқу керектігін білдірмей ме? Сондықтан бүгін ұлы құлшылықты атқару кезінде туатын бөтен ойлар мен одан арылудың жолдары туралы айтсақ дейміз.

1. Намаздағы бөтен ойлардан арылудың бірінші жолы – НАМАЗҒА ТИЯНАҚТЫ ДАЙЫНДЫҚПЕН КЕЛУ.

Иә, дәретті мұқият алу, ниетті дұрыстау - аса қажет дүние.
Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге күнәларыңды кешіріп, Жәннаттағы дәрежелеріңді көтеретін амалды айтайын ба?» - дейді. Басқалар: «Иә, Алла Елшісі!» дегенде: «Дәретті мұқият алыңдар...» - деген. (Муслим) Яғни, дәрет алғанда әр мүшенің дәреттегі хақысын беруіміз керек.

2. ҚУЫЛҒАН ШАЙТАННЫҢ АЗҒЫРУЫНАН СЫЙЫНУ.

Шайтанның уәсәсы, азғыруы деген дүние бар. Ол жай кезде де адамды азғырса, намаз оқып, Алланы еске алар сәтте одан да қатты жұмыс істеп, пенденің сауаптан құр қалуы үшін барын салады. Сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаз алдында: «Шайтанның дем салып, үрлеуінен, тәкаппарлығынан және оның зиянынан Аллаға сыйынамын» - деп. Алла Тағаладан пана сұрайтын болған. (Әбу Дәуд)

Және тағы бір хадисте намаз уақытында уәсуас салатын шайтан туралы: «Бұл Хинзаб атты шайтан, сен оның қатысуын сезсең, Аллаға шайтаннан сыйын да, сол жағыңа үш рет түкір», - деген. (Муслим, Ахмад)

Яғни, намаз уақытында бөтен ойлар келе бастаса, «Әъузу бил-ләәһи минәш-шайтаанир ражиим» деп сол жаққа ақырын ғана үш рет түкіресіз.

3. ЖАМАҒАТПЕН БІРГЕ БОЛУ.

Жамағатта болу шайтанның үрейін туғызады әрі Алланың разылығына жеткізеді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл туралы: «Ақиқатында, қасқыр отардан бөлінген қойды жейді» (Әбу Дәуд) және «Кім Жәннаттың ортасын қаласа жамағатта болсын: расында, шайтан бір адаммен болады, ал екі адамнан алыстайды», - деген. (Ахмад, Тирмизи)

4. НАМАЗҒА КЕДЕРГІ БОЛАТЫН БАРЛЫҚ НӘРСЕЛЕРДЕН АРЫЛУ.

Яғни тәкбір қаққанда (намаз басталғанда) бұл дүниедегі тұрмыстық мәселелеріңізді, қаржылық проблемаларыңызды, жұмысыңызды, т.б бір сәт ұмытып, Алламен байланыста екеніңізді еске алу – құлдың ең үлкен жетістігі деп біліңіз.
Намаз оқуға ниет еткен адамды дәреттің қысуы, қарнының ашуы деген секілді өзге ойлар қинамауы керек. Пайғамбарымыз ﷺ: «Тамақ қойылғанда намаз жоқ», - деген. (Муслим) Бұл дегеніміз қатты қарны ашқан адам тамақ қойылғанда алдымен тамақтан дәм татып алып, сонан соң намазға тұруына рұқсат екендігін білдіреді. Дәрет қысқан адамға да қиналып тұрып намаз оқығанша, алдымен қажетін өтеп, кейін дәретін алып келіп, намазын өтегені абзал болады. Себебі, намазда тұрып тамақты ойлау, не ыңғайсыз жағдайға ұрынып, намазды бітіруге асығу – құлшылықтың кемел түрде орындалуына зиянын тигізеді.

5. НАМАЗДА АЙТЫЛАТЫН СӨЗДЕРГЕ, ОҚЫЛАТЫН АЯТТАРҒА ОЙ ЖҮГІРТУ, МАҒЫНАСЫН ТҮСІНУ.

Иә, күнде не айтып, не оқып жүргеніңізді, ол сүренің қандай жағдайға байланысты түскенін, онда не айтылып жатқанын білсеңіз, намаздағы ықыласыңыз артып, иманыңыз қуаттала түседі. Құран – сылдыратып жатқа оқып шығу үшін емес, ой жүгірту, амал жасау үшін түсірілген кітап. Алла Тағала «Сад» сүресінің 29-аятында: «Бұл – Біз саған түсірген берекелі Кітап. (Біз оны адамдардың) аяттарын түсінсін деп және ақыл иелерінің үгіт алуы үшін түсірдік» немесе «Олар Құранға зер салып қарамай ма?...» - деген. («Ниса» сүресі, 82-аят). Сондықтан әлемдердің Раббысының алдында айтатын әрбір сөзіңізге мұқият болып, оның мәнін ұғуға талпына бастаңыз.

6. ДҰҒА ЖАСАУ.

Намазда Аллаға бойұсыну – үлкен нығмет. Ал нығмет дұғамен келеді. Жүректердің иесі – Алла, яғни Алла бермесе, ешбір кеңес сізге бұл рахаттың дәмін таттыра алмайды.

Иә, Жүректерді бағыттаушы! Менің жүрегімді Өзіңе бойұсынуға бағыттай гөр! – деп тілей жүріңіз. (Муслимнен жеткен хадис)

Арабша оқылуы: Аллаһуммә мусаррифәл-қульуб, сәрриф қульубәна ъалә таъатик.

7. НАМАЗДЫ СУТРА ҚОЙЫП ОҚУ. (яғни алдыңызға бірдеңе қою)

Әбу Дәуд келтірген хадисте: «Егер кімде-кім намазға тұрса, сутраға жақындасын», - делінген. Мұндағы даналық – сутрадан ар жаққа қарамау, адамның назары сутрамен аяқталады, сутрадан шайтанды, адамды өткізбеу.


8. НАМАЗДА ӨЛІМДІ КӨП ЕСКЕ АЛУ.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «өлімді ойлағанның құлшылығы жақсарады», - деген. Келесі намазға жетпеймін деген ой – сіздің дүниелік ойлардан арылуыңызға себеп болады. Бұрынғы ізгілер «бәлкім, бұл менің соңғы намазым шығар» деген оймен оқитын болған екен.

9. ИМАНДЫ ҮНЕМІ ҚУАТТАП, КҮШЕЙТІП ОТЫРУ.

Намаз – адам иманының өлшем бірлігі. Сондықтан иман әлсірегенде намаздағы ықылас та жоғалады. Адам тамақсыз өлетіні секілді, иман да үнемі қуатталып тұрмаса, әлсіреп кетеді. Осы ретте иманның азығы болатын мына дүниелерді айта кетсек дейміз, яғни бұлар – иманды күшейтетін амалдар:

- Құран аяттарын түсініп оқу;

- Парыз намаздарға ықыластылық таныту;

- Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір жолын оқу;

- Дұға, нәпіл құлшылықтарды арттыру;

- Иманды күшейтетін кітаптарды оқу, уағыз тыңдау.

- Жақсы ортада болу.

Міне, бұл – намаздағы бөтен ойлардан арылудың бірнеше жолы. Алла ықылас-ниетімізді арттырып, құлшылықтарымызды бүтін етсін!

 

2-орын

ПАРАСАТТЫ ПЕРЗЕНТ СҰРАЙТЫН 5 ДҰҒА

1. «Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!» ("Фұрқан" сүресі, 74-аят)

«Раб-бә-нәә һәб-лә-нәә мин әз-уәә-джи-нәә уә зур-ри-иәә-ти-нәә қур-ро-тә әъ-иу-ниу уәдж-ъәл-нәә лил-мут-тә-қии-нәә-и-мәә-мәә»

2. «Раббым! Мені және ұрпағымды намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаушы ет. Раббымыз! Тілегімді қабыл ал!»(«Ибраһим» сүресі, 40-аят).

«Раб-бидж-ъал-нии му-қиимәс со-лә-тии уәмиңң зур-ри-иәтии раббәнә уә-тәқаббәл ду-ъәә-и»

3. "Раббым, маған Өз тарапыңнан бір игі ұрпақ сыйла! Анығында, сен тілекті Естушісің!"("Əли Имран" сүресі, 38-аят)

"Рабби һәбли мил-лəдункə зурриəтəңң тойибəһ ин-нəкə сəмиъуд-ду-ъəə"

4. "Раббым! Маған ізгілерден тарту ет! ("Саффат" сүресі, 100-аят).
"Рабби һәбли минəссоолихиин"

5. "Раббымыз! Екеумізді де Өзіңе берілушілерден ет жəне ұрпағымыздан да берілуші үммет ете гөр. Бізге құлшылықтарымызды (амал, тəртіптерін) көрсетіп, күнəмізге шынайы өкініп, Өзіңе бойұсынуға қайтуымызды (тəубемізді) қабыл ет! Күмəнсіз, Сен – Тəубені қабыл етуші, ерекше Мейірімдісің" ("Бақара" сүресі, 128-аят)

"Раббəнəə уəжъəлнəə муслимəйни лəкə уə миң зуррииəтинəə уммəтəн муслимəтəн лəкə уə əринəə мəнəəсикəнəə уə туб ъəлəйнəə иннəкə əнтə əт-тəууəəбур-рахиим"

Расында, адамзат тарихында ғұмыр кешкен талай игі жақсылар, тіпті, пайғамбарлардың өздері Алла Тағаладан салиқалы, ізетті ұрпақ сұраған:
«...Шынында менің сүйегім қаусап, шашым ағарды. Сондықтан маған өз жаныңнан мұрагер бер және оны разылығыңа бөлей гөр» деп жалбарынған Зәкәрия пайғамбарды (а.с) Алла Тағала: «Біз сені Яхья деген ұлмен қуантамыз!» - деп сүйіншілеген. Ал Иса пайғамбарды (а.с) әкесіз тудырған. Ибраһим пайғамбарға (а.с) әбден қартайған шағында Исмаил мен Ысқақ (а.с) атты ұлдарды көруді нәсіп қылған. Бұл – Алла Тағаланың ризық-несібені, бақытты, нығметті себеппен де, себепсіз де бере алатынының, қалаған нәрсесін қалаған уақытта жарата алатынының айқын дәлелі. Демек, артынан қайырлы, өнегелі ұрпақ қалдырып кетуді армандаған адам Алла Тағаланың құдіретінің шексіз екендігін әсте естен шығармауы тиіс. Алла сіз бен бізге қайырлы, берекелі ұрпақ сыйлап, оның тек жақсылықтарын көруімізді нәсіп етсін!

 

1-орын

НАМАЗ БАСТАҒЫСЫ КЕЛІП ЖҮРГЕН КІСІГЕ 5 КЕҢЕС!

Көп адамдар «Менің расымен де намаз оқығым келеді, бірақ қалай бастайтынымды білмей жүрмін», «намаз оқиын десем, біртүрлі жүрексінемін, маған көмектесесіз бе?» деп жатады. Иә, мұндай сауапты іске үлкен дайындықпен, аса қатты жауапкершілікпен қараған дұрыс, әрине. Алайда, бұл намаз оқу шынымен де қиын деген сөз емес. Себебі, намаз оқу сіз ойлағаннан да оңай, негізі. Біз бүгін намазды қалай, неден бастарын білмей жүрген оқырмандарымызға мынадай қарапайым кеңестерді ұсынсақ дейміз.

Сонымен,
БІРІНШІ, намаз бастауға ниет етіп жүрсеңіз, алдымен дәрет алудың ретін үйреніп алыңыз. Себебі, дәретсіз намаз жоқ. Дәрет – намаздың кілті. Дәрет алудың үлгісін YouTube арқылы анық көріп, біле аласыз немесе кез келген намаз оқитын адамға «көрсетіп берші» деп өтініш жасасаңыз, сізге түсіндіріп береді. Бұл – өте оңай, кәдімгі беті-қолды жуу секілді құлшылық қой, 3-4 рет алғаннан кейін өзіңіз-ақ үйреніп кететініңізге сенімдіміз!

ЕКІНШІ, намазды не үшін оқиын деп жүрсіз, соған жауап беріп алыңыз. Намаз - Алланың разылығына жету үшін, Алла бұйырған іс болғандықтан орындалатын амал. Ал егер оны біреу айтқан соң немесе біреуге ұнау үшін жасайын деп жүрген болсаңыз, ол мақсатыңызға жетуіңіз мүмкін, алайда, "сауап табу" деген ең маңызды сыйдан құр алақан қалатыныңыз анық. Сондықтан, алдымен ықылас-ниетіңізді дұрыстап алыңыз.

ҮШІНШІ, көмекші ретінде «Намаз оқып үйренейік» деген кітапты алып алғаныңыз жақсы. Бұл - мешіттің жанындағы дүкендерде 200-250 тг шамасында тұратын кішкентай кітап, қалтаңызға салып жүруге де ыңғайлы.
Осы ретте бір нәрсені айта кетейік, «мен алдымен бәрін жаттап алайын» деп күтпеңіз. Себебі, бәрібір намаз бастаған кезде көңілдің толқуымен, іштегі тебіреніспен жаттап алған нәрселеріңізді де ұмытып қалатын боласыз. Одан да басында кітаптан қарап не дәптерге, плакатқа жазып алып болса да намазды бастай беріңіз. Сөйте-сөйте өзі-ақ жатталып қалады.

ТӨРТІНШІ, көп адам әлеуметтік желіде намаздың уақыттарын сұрап жүреді. Бұл ретте сізге sajda деген қосымшаны жүктеп алуға кеңес береміз. Осы қосымшаны (приложение) телефоныңызға орнатып аласыз да, ішінен өз қалаңызды таңдайсыз. Бітті! Ары қарай sajda өзі сізге қай намаздың қай уақытта кіретінін көрсетіп, керек болса, азан шақырып хабарлап тұрады!

БЕСІНШІСІ, әрі маңыздысы - басында өзгелерге ілесе алмай, қимылдарынан қате жіберіп жатуыңыз мүмкін. Ештеңе етпейді. Үйреніп кеткенше бірең-саран олқылықтар болып тұрады. Қазір барлығымзда телефон бар, көбіміз YouTube көреміз. Былтыр намаз оқығысы келіп жүрген көрермендерімізге арнап намаз оқудың үлгісін көрсететін жаңа ролик жасаған едік. YouTube порталына Бейнелі намаз ролик асыл арна деп жазсаңыз, ер адамдарға және әйел адамдарға арналған екі ролик шығады. Соны көріп, қайталап, түсінбеген жерлеріңізді имамдардан сұрап, үйреніп алыңыз.

Ал, СӘТТІЛІК!

Біз сізге жақсылық тілейміз! Алла ниетіңізді, тілегіңізді, жақсылыққа қарай ұмтылған амалдарыңызды қабыл етіп, жолыңызды ашсын! Жеңілдік берсін!

 

15483 рет оқылды