13:40 | Құран уақыты
Патриоттық 2019-12-19 (0) (4374)

ХАЛЫҚТЫ СҮРІНДІРЕТІН «СТЕРЕОТИП»

ХАЛЫҚТЫ СҮРІНДІРЕТІН «СТЕРЕОТИП»

 

Аялдамада автобус күтіп тұр едім, темекіні бұрқыратып елуді еңсерген екі ер кісі келіп тұрды. Еріксіз естіген әңгімемнің сиқы мынау болды:

– Біздің ұл туылғанда аурушаң болып еді ғой, содан әлжуаз біреу болатын шығар деп ойлаушы едім. Жоқ, қателесіппін. Балам зіңгіттей азамат болды. Мектепте разборка дейме, сондайдың атаманы бола шықты. Кеше: "Әке универде бір баланың мұрнын сындырып едім, сотқа беріп жатыр,ақша беріңіз" деп келіпті. Неге ұрдың десем, жерге бөліндік дей ме, не болса да балаң болғасын береді екенсің де - деп еді, жанындағы арық қара кісі:

– Таяқ жеп, ақша талап еткеннен, тұмсығын бұзып берген ақшаң дұрыс қой, балаңның ез болмағанына шүкір де, - деп қостап қойды.

Бұлай батыр болғанша, болмай кеткені мың есе артық емес пе дедім ішімнен. Расында, біз балаларымызға қандай тәрбие беріп жатырмыз?

Мағжан Жұмабаев өзінің "Педагогика" атты еңбегінде бала тәрбиесі жөнінде: "Бала зағип болса, баладан емес, тәрбиешiден, бала тар ойлы ақымақ болса, бала кiнәлi емес, тәрбиешi кiнәлi, бала сұлулықтан ләззат ала бiлмейтiн мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиешi жазалы. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару" - дейді.

Ал біз қандай адам шығару жолында «шаршап» жүрміз? Басшына бағынбайтын, қолдағының қадірін білмейтін, қиналып жұмыс істеп, маңдай термен тиын тапқысы келмейтін ұрпақ өсіріп отырған жоқпыз ба?

Басбұзармен мақтанудың артында не тұр?

Әке баласына иманнан артық мұра қалдыра алмайды. Асыл дініміз патшаңа бағын дейді.  Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде: "Ей, иманға келгенер! Аллаға бағыныңдар және Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ, өз араларыңнан болған билік иелеріне /басшыларға/" - делінген. Ал, біз болсақ, баламыз мектепте бұзақылық жасап, өзінше топ құрып, басшылық етіп, мектеп заңына бағынбаса, "балам батыр болды" деп қуанамыз. Сол "батыр" баламыз ертең ес жиып азамат болғанда, ел заңына бағынбайтыны айдан анық. Анасына сөзі өтпей отырған әкенің, үйде отырып үкіметті жер-көкке сиғызбай жамандағанын естіп өскен балада қандай патриоттық, қайдағы Отансүйгіштік қасиеттер болуы мүмкін?

 

Отансүйгіш баланы отбасындағы тәртіпке бағынумен қалыптастырамыз

Кешегі Кеңестік идеологияның қылышынан қан тамған дәуірде үкіметтен қысым көрген ел, бүгін етек-жеңін түріп, есін жиып, егемен ел болса да, үкіметті жек көретін «стереотиптен» неге арыла алмай келеді?  Қазір үкіметті жамандаған адамның сөзі ел арасында неге тез тарап кетеді? Өтімдің болуының мәні неде? Себебі, халық санасында ұры болсын, қары болсын үкіметке қарсы сөз айтушы шындықты айтушы ретінде қалыптасып қалған. Неге? Кезінде КСРО-ның "халық теңдігі" деген саясатты ұстанып, қазақтың адалдап тапқан мал-мүлкін тонағаны жадында қалған ел үкіметті әлі күнге дейін қанаушы, тонаушы ретінде көреді. Ал, шын мәнінде балаға әке-шешесінен артық жанашыр адам болмайтыны секілді, халыққа өз билігінен артық жанашыр жоқ.  Сабыр Адайша айтсақ, "Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың!"

4374 рет оқылды